Статья опубликована в рамках: XCIII Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 09 апреля 2025 г.)
Наука: Искусствоведение
Секция: Музыкальное искусство
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
ҚОРҚЫТ АТА МҰРАСЫ ЖӘНЕ СЫР БОЙЫНЫҢ ЖЫРШЫЛЫҚ-ЖЫРАУЛЫҚ ДӘСТҮРІ
ANOTASIA
Мақалада Сыр бойы жыраулық мектебінің байырғы тарихи тамыры мен ортақ түркілік байланыстары қарастырылады. Автор, өз зерттеу мақаласында ортақ түркі халықтарына тиесілі жыраулық өнердің шығу тегін Қорқыт ата жыраулық дәстүрімен байланыстырып, оның таралу аймағы мен XIX ғасырдың екінші жартысына дейінгі жалғастығын талдайды. Мақаланың мақсаты, Сыр бойы жыраулық мектебінің тарихи шығу тегіне анықтама бере келе, ортақ түркілік дүниетанымның қайнар көзі ретінде түсіндіру, сонымен қатар, қазақ халқының жыршылық дәстүріндегі жыраулардың кейінгі мәдени трансформациясына талдау жасау болып табылады. Автор бұл мақсатқа қол жеткізу үшін арнайы әдебиеттер мен тарихи деректерді, көрнекті жыршылардың шығармаларынының нұсқаларын пайдаланған. Нәтижесінде зерттеу мақаласы Қорқыт ата дәстүрінен жалғасын тауып келе жатқан жыраулық өнердің қазақ жеріндегі жалғасын көрсете келе, оның өзгерістері мен өзіндік сарынын зерделеп, нақты тарихи жырлармен айшықтайды. Сонымен қатар, Сыр сүлейлері шығармаларының эстетикалық, педагогикалық, философиялық қайнар көзі Қорқыт ата жыраулық дәстүрінен тарқайтыны дәлелденеді. Қорытындылай келе, автор Сыр сүлейлерінің дәстүрлі жыраулық өнерінің бастауы ретінде Қорқыт ата мұрасын көрсете отырып, жыршылық дәстүрдің жергілікті өңірде жан-жақты жетіліп, жалғасқанын көрсетеді. Оны XIX–XX ғғ. Мұса Байзақұлы, Құлан Алдабергенұлы, Шәдітөре Жаһангерұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, Мансұр Бекежанұлы, Ешнияз Жөнелдікұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Оңғар Дырқайұлы, т.б. ақын-жыраулардың шығармаларындағы сарынмен түсіндіреді.
Кілт сөздер: Қорқыт ата, жыршылық-жыраулық дәстүр, мәдениет, өнер, Сыр бойы, түркі халықтары, тәрбие.
Кіріспе
Сыр бойы қазақтарының жыршылық-жыраулық дәстүрінің ерте тарихын, оның даму үрдістерін қарастырғанда көптеген тұжырымды зерттеулер мен арнайы еңбектер бар. Бұл жыршылық дәстүрдің басқа өңірлерден ерекшеленетін тұстары өте көп. Мұндай ерекшеліктерді қазіргі Сыр сүлейлерінің бізге жеткен мұрасын қарастыра отырып, көне замандарда бұл дәстүрдің тарихының тереңде екенін аңғартады. Осы ретте «Қорқыт ата кітабының» жыраулық өнердің алғышарты ретінде қарастыру тарихи және мәдени тұрғыда да ақылға қонымды.
Көне Оғыз заманынан жалғасып келе жатқан дәстүрлі өнерді Сыр бойы қазақтарының жыраулық өнерінен бөліп қарастыру мүмкін емес. Мұны зерттеу мақалада XIX ғасырдағы жыраулардың мысалында жан-жақты талданды. Сонымен қатар, Қорқыт ата кітабын арнайы дерек ретінде көрсету тарихнамалық және методологиялық тұрғыда орынды. Себебі, түркі халықтарының барлығына ортақ мұраның дерек ретінде қолданылуы зерттеу мақаланың шынайылығын арттырады. Қорқыт ата мұрасын Сыр бойы жыршылық өнерінің көне дерегі ретінде талдау сол замандағы Махмут Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік» сынды еңбектерімен салыстырып, сол кездегі Түркістан-Тұран аймағының мәдени әлеуетінің жоғары болғанын көрсетеді. Ал, түркі жұртына ортақ мұраның Сыр бойында сақталуы күрделі мәдени транцформациядан өткен мәдениеттің көрнекті үлгісі ретінде қарастыруға болады. Бұл аймақта (Сырдария мен Әмудария ортасын) мекендеген халықтардың бір кездері мәдени оқшаулану жағдайында болғанында көрсетеді. Себебі, Арал-Каспий аймағы, Атырау-Алтай сияқты территориялық өлшемдерді ұстанғанда мәдени ошақ ретінде түркілік мұраның Сыр бойында сақталып қалғаны қызықтырады.
Материалдар мен әдістер
Мақаланың материалдық базасын екі топқа бөліп қарастырылады. Деректік материалдың алғашқы тобына «Қорқыт ата кітабы» (Қорқыт ата кітабы, 1986), Махмуд Қашқаридың «Диуани лұғат ат Түрік» атты еңбегіндегі ортақ түркілік нақыл сөздер мен мысалдар келтіріледі (Қашқари, 1993). Сонымен қатар, XIX ғасырдағы жыраулар шығармалары беріледі. Мысалы, Базар Оңдасұлының «Мәжілісін қыздыр алқаның», «Әр нәрсенің парқы бар», «Әр кемелге бір зауал», «Бұ дүниенің қызығы», «Өсиет», «Түбі туыс байтақ ел» т.б. толғау – термелері, Ақын Жүсіп Ешниязұлының «Әлеумет келді жиналып», «Адамдық пен надандық», «Сыр бойының сүлейлері», «Өмір сырлары», «Өсиет», т.б. толғау – термелері, Ақын Омар Шораяқұлының «Сөйле, тілім жосылып», «Ұстаздарым», «Әділ іс», «Өмір өрнектері», «Есіңе ал келешекті, жора – жолдас!», т.б. толғау – термелері дерек ретінде қарастырамыз. Берілген деректерді талдау үшін жалпы ғылыми әдістерді пайдаланылды. Соның ішінде пәнаралық байланысты қажет еткендіктен тарихнамалық талдауды қажет етеді. Мұнда тарихи салыстырмалы әдіс, зерттеудің дискурсивті әдістері, этнографиялық зерттеулер мен материалдарды сараптау, эпикалық шығармалардағы сюжеттердің шынайылық тұрғысында сыни талдаудан өткізу, Қорқыт ата кітабындағы деректер мен қазақ халқының жыр дастандарындағы өзара ұқсастықтар мен ерекшеліктердің жалпы түркілік дүниетаным тұрғысынан талдау басты назарға алынды.
Тақырыптың зерттелуі
Қазақтың жыршылық-жыруалық дәстүрінің терең тамырына зерттеу жүргізген еңбектердің саны жетерлік. Соның ішінде жыраулық дәстүрді Қорқыт есімімен байланыстарытын зерттеулер әр кезде өз жалғастығын тауып отырды. Мысалы, «Қорқыт ата кітабын» алғаш зерттеушілер қатарына В.В. Бартольдтың «Китаби Коркуд. Борьба богатрыя с ангелом» (Бартольд, 1894: 203–208), В.М. Жирмунский «Огузский героический эпос и «Книга Коркута» (Жирмунский, 1962) сияқты ғалымдар өз еңбектерінде Қорқыт ата кітабын деректанулық тұрғыдан талдады. Ал XX ғасырдың екінші жартысында қазақ ғалымдарының ішінде Ә. Марғұланның «Дана Қорқыт туралы» (Марғұлан, 1970), Ә. Қоңыратбаевтың «Қорқыт кітабы» жырлары (Қоңыратбаев, 1987: 168–178), «Қорқыт», (Қоңыратбаев, 1991: 86–91), «Эпос және оның айтушылары» (Қоңыратбаев, 1975: 14–19), Х. Сүйіншалиевтің «Қорқыт ата кітабы» (Сүйіншалиев, 1978: 38–40) сияқты көптеген зерттеу еңбектері мен мақалалары жарық көре бастады. Бұл зерттеу еңбектерінде Қорқыт ата кітабының мазмұны, оның фольклор тарихындағы орны мен маңызы түсіндірілді. Сол сияқты Ә. Марғұланның «Халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрі» атты еңбегінде музыкалық мәдениеттегі мен Қорқыт дәстүрінің маңыздылығы оның тарихылығы талданды (Марғұлан, 1985). Қорқыт ата кітабы түркі жұртына ортақ мұра болғандықтан оның тарихи дерек ретінде түрікмен, әзербайжан және басқа да көптеген халықтар өз тарапынан зерттеулер жүргізді. Мысалы, Х.Г. Көроглы өзінің «Стилистические ососбенности «Книга моего деда Коркута» мақаласын жариялады (Короглы, 1975: 55–68). Сол сияқты Ф. Зейналов пен С. Ализаденің «Неисчерпаемая сокровищница» мақалалары жарияланды (Зейналов Ф., Ализаде С., 1988: 5–28). Ал қазіргі кезде қорқыттану тұрғысынан А. Айдососвтың «Бессмертные наследие Коркут аты» (Айдосов А., 2000: 68–70), С. Алиеваның «Дастаны Книга моего деда Коркута» как объект исследования русско-советского востоковедения (в свете современных достижении коркутоведения)» зерттеу жұмыстары ғылыми көпшілікке таныстырылды (Алиева, 2014: 348–353). Сонымен қатар, соңғы кездері түркиялық авторлардың Қорқыт ата кітабына арналған зерттеулері бар (Köse, 2020: 71–81).
Талдау
Әлем өркениетінің тарихи-географиялық кеңістігіндегі түркі халықтарының фольклоры мен әдебиеті мұралары арқылы адамзат ұрпақтарын адамгершілік – имандылық қасиеттер ықпалымен тәрбиелеп қалыптастыру, өркендету үздіксіз жалғасып келеді. Сөз өнері мұралары арқылы ата – бабалық тектілік қасиеттерімен (адалдық, еңбексүйгіштік, жомарттық, қайырымдылық, татулық, т.б), үлгілі мінез – құлық психологиясымен (жігерлілік, сабырлылық, төзімділік, қанағатшылдық, т.б), сұлу өмір сүру ұлағатын насиқаттау тұрақты дәстүр болып қалыптасқан.
Сөз өнерінің поэтикалық – педагогикалық ұлағатымен әңгімелеу және жырлау ықпалымен ұрпақтарды тәрбиелеуде түркі халықтарының фольклоры мен әдебиеті мұралары ғасырлар бойы белсенді қызмет еткендігі – тарихи шындық. Түркі өркениетінің ғұлама зерттеушісі Махмуд Қашқаридың «Түркі тілдерінің сөздігі» («Диуани лұғат ит түрк») атты кітабындағы мақал-мәтелдер жалпытүркілік тәлімгерлік – тәрбиешілік өнеге бастаулары болғандығы ақиқат:
«Құс қанатымен, ер атымен. Батыр – соғыста, қорқақ – жанжалда. Еңбекқордың еріні майлы, жалқаудың басы қанды. Айламен арыстан ұстар, күшпен құрт та ұстай алмас. Адам аласы ішінде, жылқа аласы сыртында. Белгі болса, жолдан адаспас, білімді болса сөзден жаңылмас. Қонақ келсе құт келер. Батыр жігітті қорлама, сәйгүліктің арқасын жауыр қылма. Тай өссе ат тынығар, ұл өссе әке тынығар. Кеңесті білім оңалар, кеңессіз білім бұзылар. Қарға қазға еліктесе, бұты (сирағы) сынар. Үлкенді сыйласа құт болар. Тезек қарда жатпас, жақсы мен жаман қосылмас. Қарияның сөзі бекер болмас, жалғыз шыбық бақша болмас. Құстың жаманы-сауысқан, ағаштың жаманы-азған (итмұрын),жердің жаманы қаз (ыл) ған, адамның жаманы барсыған (дықтар). Қырдағы қырғауылды аулаймын деп, үйдегі тауығыңды ұмытпа. Ақылды сөз алтын табаққа жеткізер, атаның ұлы атасына тартып туар. Кішкентай үлкенге қарсы тұрмас, қырғи сұңқарға қарсы шыға алмас. Тау тауға қауышпас, кісі мен кісі қауышар. Көрпеден артық көсілген аяқ үсір. Арыстан күркіресе, аттың аяғы солар. Жаттың майлы бөкпенінен жақыныңның қанды жұдырығы жақсы. Құлан құдыққа түссе, құрбақа айғыр болар. Арыстан қартайса, тышқанның інін аңдыр. Кең (тігілген) тон тозбас, кеңесілген іс бұзылмас. Сүзеген сиырға Тәңірі мүйіз бермес. Хас батыр өткінші жаңбырдай, білімді мірдің оғындай. Екі қошқардың басы бір қазанда піспес (қайнамас)» (Қашқари, 1993: 33–71). Жалпытүркілік дүниетаным бастаулары болып саналатын мұндай мақал-мәтелдер туысқан халықтардың кейінгі ғасырлардағы ақын-жырауларының шығармашылығына көркемдік негіз болғандығы – тарихи дамудың жемісі. Әсіресе, барлық туысқан түркі халықтарының ортақ абызы-қайраткері, ақыны-жырауы, композиторы болып саналатын Қорқыт Ата шығармашылығының (Қорқыт ата кітабы, 1986) көркемдік негізі де аталған халық даналығының үлгілері болғандығы айқындалады.
Өткен мыңжылдықтар белестерінде көшпелілік пен отырықшылық мәдениет тұтастығы дәстүрімен өмір сүрген жалпытүркілік тарихи кеңістіктеде қазақ өркениетінің сөз өнері мұралары эстетикасының ықпалымен халықтық – педагогикалық тәлім-тәрбие беру дәстүрі үздіксіз жалғасып келеді. Ұлы Даланың негізгі иесі – қазақ халқы. Түркі халықтарының бәрінің де Атажұрты – қазақ даласы. Әлем поэзиясының классигі Мағжан Жұмабаевтың «Түркістан» өлеңіндегі қамтылған Тұран-Түркістан тарихнамасы – жалпытүркілік сөз өнері мұраларының алтын арқауы. Тұранның – Түркістанның кең-байтақ далалары, өзендері (Оқыс, Яксарт-Жейхун, Сейхун, т.б.), көлдері (Теңіз (Балқаш), Арал), таулары (Тянь-Шань, Хантәңірі, Тарбағатай, Памир, Алтай, Қазығұрт), патшалары-қағандары(Афрасиаб патша, Шыңғыс қаған, Ақсақ Темір, Қасым хан, Хақназар, Әз-Тәуке, Абылай, Кенесары,т.б), ғалымдары (Әл-Фараби, Ибн Сина Әбуғали, Ұлықбек, т.б.) – қазақ сөз өнері шығармаларының арқауы болып келеді. Мағжанның осы өлеңіндегі «Көп түрік енші алып тарасқанда қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?»-деген тармақтар (Жұмабаев, 1989: 175) түркі халықтарына ортақ Атажұрттың тұғырын даралай көрсетеді. Сырдария өзені жағалау атыраптарын ғасырлар бойы мекендеп келе жатқан ежелгі Тұран-Түркістан кеңістігіндегі жыршылық – жыраулық дәстүрдің өнернамалық болмысын бағалауда біз осы тарихи сабақтастық өзектілігін анық көреміз.
Мәдениеттану, өнертану, фольклортану, әдебиеттану, тарих, этнология – этнография ғылымдары салалары зерттеулері нысанына жыршы – жыраулар шығармашылығыныңда алынып келе жатқандығы мәлім. Бұл – қазақ даласының барлық өңірлеріндегі жыршылық – жыраулық дәстүр аясындағы эпик орындаушылық өнер мектептерінің қалыптасуы мен дамуы кезеңдеріне негіз болып кележатқан тарихнама. Түркі өркениетіндегі жыршылық-жыраулық өнер тарихнамасының бастау тұлғасы – Қорқыт Ата. Оның дәстүрі әуелде Сырдария және Әмудария өзендері аралығындағы және Арал теңізі атыраптарындағы ауылдарда негізі қалыптасты. Халықтың тыңдаушылық қабылдау психологиясы ықпалымен Ұлы Даланың кең-байтақ кеңістігіне таралған Қорқыт Атаның жыршылық-жыраулық дәстүрі алтын бесік Алтай, Солтүстік Шығыс, Оңтүстік Шығыс, Азия елдеріне кеңінен таралып танылды. Оның абыз-ақылман, тәрбиешілік – кеңесшілік қайраткерлігі, суырып салма ақындығы – жыраулығы, жыршылығы және қобыз әуендерімен тұтастыра толғап жырлау дәстүрі Еуразия кеңістігіндегі жалпытүркілік жыршылық – жыраулық өнер құдіретімен жалғасып келеді. Өнертанушы ғалымдар зеттеулері бойынша Қорқыт Ата қобызының үлгісімен әлемдегі әралуан үлгідегі ішекті аспаптардың (скрипка, виоленчель,т.б.) дамығаныда дәлелденуде.
Мыңжылдықтар бойы Азия, Еуропа, Америка құрлықтары халықтарының эстетикалық дүниетанымы дамуына ықпал – көмек жасап кележатқан Сыр бойы Қорқыт Ата дәстүріндегі жыршылық – жыраулық өнер болмысының поэтикалық-өнернамалық мынадай көркемдік – эстетикалық жүйесі саралана көрінеді:
-біріншісі – Қорқыт Атаның педагогикалық – философиялық, поэтикалық-психологиялық көркем мағыналы афоризмдері-нақыл сөздері («Қорқыттың нақыл сөздері») (Қорқыт ата кітабы, 1986) негізіндегі толғау – термелердің жырлануы;
-екіншісі – «Қорқыт Ата кітабындағы» он екі сала қаһармандық эпос сарынындағы батырлық жырлардың дәстүрімен қаһармандық – батырлық жырларды, сонымен бірге ғашықтық қисса – дастандарды жырлау.
Сыр бойындағы жыршылық-жыраулық өнер осындай тарихи негізділігімен ерекшеленеді. Сырдария өзенінің жоғарғы, орта және төменгі ағыстары жағалау өңірлеріндегі, Қаратау атырабындағы, Арал теңізі жағалау алқаптарындағы ақындардың толғау-термелері мен эпикалық дастандарды Қорқыт Ата мұралары сарынымен жырлауы – тарихи-поэтикалық дәстүрдің көрсеткіші.
Сырдария өзенінің жоғарғы, орта, төменгі ағыстары жағалау атыраптарындағы ақындар қазақ әдебиеті тарихынын көрнекті шығармашылық тұлғалары. Сырдария өзенінің жоғарғы, орта ағысы өңірлеріндегі ақындар (Майлықожа Сұлтанқожаұлы Мәделіқожа Жүсіпқожаұлы, Құлыншақ Кемелұлы, Молда Мұса (Мұсабек) Байзақұлы, Құлан Алдабергенұлы, Шәдітөре Жаһангерұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, Мансұр Бекежанұлы; Ешнияз Жөнелдікұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Оңғар Дырқайұлы, т.б.), Арал теңізі төңірегіндегі ақындардың, жыршы –жыраулардың (Мұсабай, Жаңаберген, Нұртуған, т.б.) толғау – термелері мен эпикалық дастандары XIX-XXI ғасырлар белестеріндегі жыршы-жыраулардың орындаушылық өнері арқылы ұрпақтар дүниетанымын дамытумен келеді.
Қазақ өркениеті тарихындағы ақын, жырау, жыршы тұлғаларының шығармашылық ерекшеліктерін тарихи –поэтикалық, фольклорлық –этнографиялық тұрғыда қарастырған көрнекті ғалымдарымыздың (Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, Е. Исмайылов, М. Ғабдуллин, Р. Бердібаев, М. Мағауин, А. Қыраубаева, Б. Абылқасымов, т.б.) іргелі зерттеу еңбектерінде аталған шығармашылық тұлғаларға ортақ ерекшеліктер де, әрқайсысының даралықтары да арнайы саралана бағаланғаны мәлім. Бұл арада, Сыр бойындағы жыршылық – жыраулық өнер тұтастығының айрықша сақталып келе жатқандығын айтамыз. Сыр бойындағы жыршылық-жыраулық өнер тутастығы дәстүрін бағалауда көрнекті ұстаз-ғалым, академик Рахманқұл Бердібаевтың ғылыми тұжырымын негізге алуды жөн көреміз: «Жыраулық әрі ақындық, әрі эпикалық толғаулар шығарғыштық қабілеті өнер иесі атауылының бәрінде бірдей кездесе бермейді. Сондықтан кейінгі замандарда өз жанынан өлең шығармаса да, ежелгі батырлық эпосты көп білетін жыршыларды да жырау деп атау орын тепкен. Сыр бойында, Қарақалпақстанда күні бүгінге дейін белгілі жыршыларды жырау деп атайды. Шындығында бұларда ежелгі жыраудың көпқырлы қасиеті табыла бермейді, өнерінің басым сипаты жыршылық болып келеді. Рас, кей жағдайда жыршылардың ақындық дарыны да қатар келген жерде олар «жырау» атағына жақындайды. Дегенмен, қазіргі жыршы –жыраулар ұғымы жыраудың классикалық анықтамасынан қаншалық алыстап кеткендігін көрмеуге болмайды. Мұның өзі терминнің эволюциясын, өзгерісін байқатса керек.
Осы жағдайды ескере келгенде, эпосты жатқа айтатындарды жыраулар демей, жыршылар деп атаған анағұрлым әлдірек болмақ. Тіпті болмағанда жыршы – жыраулар деп қосарлап тіркеп көрсеткен жөн» (Бердібаев, 1980: 12–13). Демек, біз де ғалым – ұстаздың осы жыршы – жыраулар терминдік атауының Сыр бойындағы сөз арқауындығы көрнекті ақындар шығармаларын халық ортасында жырлаушыларға лайықты екендігін дұрыс көреміз.
Қазақ әдебиетіндегі адамгершілік – имандылық қасиеттер ұлағатын шығармалардың идеялық-композициялық арқауына алуда Сыр бойында өмір сүрген Қорқыт Ата афоризмдерінің-нақыл сөздерінің көркемдік негізділігі анық: «Тәңіріне сыйынбаған адамның тілегі қабыл болмайды. ... Менмен тәкәппар адамды Тәңірі сүймейді. ... Күлді қанша үйгенмен төбе болмас. Қара есектің басына жүген таққанмен тұлпар болмас. Күңге сары пай шапан жапқанмен- бәйбіше болмас. ... Тозған мақта бөз болмас, ежелгі жау ел (дос) болмас. ... Мыңғырған мал жиғанмен, адам жомарт атанбас. Анадан өнеге көрмеген қыз жаман, атадан тағылым алмаған ұл жаман. ... Қолына қобыз ұстаған ұзан елден-елге, бектен-бекке барады. Кімнің батыр, кімнің бақыл екенін жырау білер » (Қорқыт ата кітабы, 1986: 7–8).
Сыр бойы ақындарының жыршы – жыраулары жырлап келе жатқан толғау – термелердің көркемдік негізі осы Қорқыт Ата нақылдарынан-афоризмдерінен бастау алып, Алтын Орда, Қазақ хандығы дәуірлеріндегі жыраулардың (Сыпыра, Асан Қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Марғасқа, Жиембет, Үмбетей, Бұқар, т.б) шығармашылығымен жалғасты. Бұл дәстүр қазақ даласының барлық өңірлеріндегі жыршы – жыраулардың, ақындардың шығармашылығымен жалғаса дамып келеді.
Сыр бойы жыршы – жырауларының орындаушылық дәстүрі арқауында Майлықожа ақынның философиялық, дидактикалық, толғау-термелеріндегі («Не жүйрік өтті дүниеден», «Жолдас болсаң жақсымен», «Әдемі сөз жайылсын», «Биікке шықсаң бекінгін», «Ілімге толсын көкірек», «Ажал бір келмес болсайшы», т.б.) адамгершілік – имандылық қасиеттердің ұлықтала насихатталуы – ғасырлар ұрпақтары жалғасуының берік сақталуына ықпал етуімен маңызды. Майлықожа терме – толғауларын орындаушы жыршы-жыраулар ақынның педагогикалық – философиялық сарындарын әуезді мақам- саздармен өрнектей жырлауымен жаңа буын ұрпақтарды еңбексүйгіщтікке, халыққа адал қызмет етуге үндейді. Білім, ғылым негіздерін игеруді, атаны, ананы құрметтеуді, отбасы берекесін сақтауды, ағайынды, ауылдасты құрметтеуді, мағыналы сұлу өмір сүруді насихат етеді:
... Өсіріп көңіл күш қылма,
Өлмеймін деп іс қылма.
Кәріпті көрсең қадір тұт,
Қалжыңдап салма мысқылға.
Қоғамды болғын халқыңа,
Жыландай шағып ысқырма.
«Жаз өтпес» деп, жалқау боп,
Қыс қалтырап қысылма!
...Өтірік жалған сөйлесең,
Қысқарар халыққа тіліңіз.
Бас кетсе де шын сөйле,
Бәрінен артық мұныңыз.
Әдеп, тәлім, үлгі алып,
Ғалымдармен жүріңіз.
Ауыл, әйел, мал, перзент,
Аға менен ініңіз.
...Туғаныңнан қуанған,
Дүние, малын бұланған,
«Есен болса екен» деп,
Алладан медет сұранған.
...Жыласаң көңілі жүдеген,
Қуансаң тасып үдеген.
Көрігіңе көңілі өсіп,
Құдайдан өмір тілеген.
Атаңдай құбыла қамқоршың,
Табылмас мынау дүниеден.
Мейірбаның жан ата,
Атаң да өлмес болсайшы,
Қасіретті көңілге,
Қапа да келмес болсайшы (Майлықожа, 2005, 84–88).
Қорқыт Ата мұрасы дәстүрі аясындағы шығармашылық өнер иелері болып танылған ақындарды, жыршы – жырауларды Сырдария өзенінің төменгі ағысы өңірлеріндегі халық арасында «Сыр сүлейлері» деп атау тұрақты сақталып келеді. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» анықтамасы бойынша: «Сүлей: жыршы, суырып салма, жырау» (Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі, 2008: 750). Сыр сүлейлері мектебінің көшбасшысы Базар Оңдасұлының толғау – термелері («Мәжілісін қыздыр алқаның», «Әр нәрсенің парқы бар», «Әр кемелге бір зауал», «Бұ дүниенің қызығы», «Өсиет», «Түбі туыс байтақ ел» т.б.) де ұрпақтарды ата-бабалық қасиетті дәстүрлер рухымен тәрбиелеу ұлағатын насихат етеді. Сол арқылы халықтың қабылдау ықыласын иеленгені мәлім. Жыршы-жыраулардың орындаушылық өнерімен тыңдаушыларының жан ділі әлемін баураған Базардың толғау-термелері – халықтық-педагогикалық ықпалымен маңызды:
...Алмас қылыш сыналмас,
Айқасқан жерден аршындап.
Қиялай тартып шаппаса,
Ақберен мылтық сыналмас.
Сығалай көздеп сұр мерген,
Асырымнан атпаса.
Сыналмайды ер жігіт,
Ерте тұрып, кеш жатып,
Күнара зорға нәр татып,
Қабағы әбден қатпаса.
Аңсыраған қыранға-
Айнадай болар жер дүние-
Аспанда ұшып қалықтаса.
Еңбексіз тапқан дүниенің,
Қадірі болмас кісіге,
Жоқтықтың зарын тартпаса.
...Ердің атын шығарар,
Алған жары ақылды,
Өзіменен тең болса.
Жігіттің басын кемітер,
Жаман туса баласы,
Әйелі шайпау өр болса.
...Жақсыменен бас қосып,
Сұхбаттассаң тарқайды,
Көкіректе шер болса.
...Ер жігітке қол байлау,
Айдар малдан кем болса.
Жақсыға жаман теңелер,
Айдарына мал болса (Базар жырау, 1986: 23–27).
(«Құмарын тарқат алқаның »)
Ақын Жүсіп Ешниязұлының толғау – термелері («Әлеумет келді жиналып», «Адамдық пен надандық», «Сыр бойының сүлейлері», «Өмір сырлары», «Өсиет», т.б.) де жылдар бойы ұрпақтар тәлім-тәрбиесінің қуатты құралы қызметін атқарып келеді. Адамдардың әлеуметтік – қоғамдық ортадағы тұрмыстық қарым – қатынастары жүйесіндегі адамгершілік қасиеттерін бағалаушы халықтық көзқарастар ақынның философиялық тұжырымдарымен өрнектеле жырланған. Жыршы – жыраулардың ақын толғау – термелерін әралуан жастағы көпшіліктің ортасында сөз бен саз – мақам тұтастығымен орындауы арқылы халықтық тәлім – тәрбие ұлағаты тыңдаушылардың санасын сәулелендіре түседі:
Көңілім – гүл, өмірім – бақша, тілім – бұлбұл,
Адамзат осы үшеуімен жайнайды гүл.
Өмірі адамзаттың жаз бен қыстай,
Гүлденіп тұрады ол жасап жыл – жыл.
Жапанның жайсыз жатқан даласындай,
Көрінед өткен өмір бұлдыр – бұлдыр.
Бұлтартпай сол бұлдырмен жүргеніңде,
Ордаңдап ор қояндай өмір зырғыр.
Өң бермей өтінішке өте шығар,
Жалынып десең-дағы «Өмір құрғыр!».
Қызылдың жол асатын қиясындай,
Артында талай заман қалар қыр – қыр.
Сүргінде соныменен жүргеніңде,
Аяққа айырылмастай түсер шылбыр.
Тотыдай торға түскен отырарсың,
Рас сөз, ақылыңмен аңда, шын біл.
Қызықты қызық көрер шағың осы,
Ертерек, есің болса, мұны бір біл.
«Темірді қызған кезде соқ!» - деген бар,
Жастарым, ойна да күл, ойла да біл!» (Кете, 2003: 22–23).
(«Өмір сырлары»)
Ақын Омар Шораяқұлының толғау – термелерін («Сөйле, тілім жосылып», «Ұстаздарым», «Әділ іс», «Өмір өрнектері», «Есіңе ал келешекті, жора – жолдас!», т.б.) де Сыр бойы жыршы – жыраулары жылдар бойы халық ортасында тұрақты жырлап келеді. Ақынның толғау – термелеріндегі ұрпақтардың жақсылық пен жамандық қасиеттер қайшылықтары, қақтығыстары ортасынан өнегелі өмір сүру жолын таңдай білуді насихаттаған ойларын жыршы – жыраулар өнер қуатымен ұрпақтардың санасына сіңіріп келеді:
Әділ іс – ағын судың арнасындай,
Әділ сөз – болат семсер алмасындай.
Пайда етпе өне бойы өтірік айтып,
Жаласы қалмас бір күн жармасылмай.
... Жалған сөз жасырынбас жапсаң-дағы,
Шулаған өлімтіктің қарғасындай.
Қараулық қолыңдағы ескектей-ақ,
Әділ сөз алыс жолдың арбасындай.
Алғанға ақыл артық айнымайтын ,
Шаң соқпас сабат жердің ордасындай.
Ашудың арты ашық өткіншідей,
Түнеріп жаумай тынбас бұрқасындай.
Аса артық ақымаққа ашу бітер,
Арнаның бұрып аққан ормасындай.
Және де жағымпаздық, құр қошемет,
Жалған сөз жалдаптардың жарнасындай.
Жігітке жаңғалақтық жараспайды,
Сиырдың тайында емген ардасындай.
Түпсіз ой, тұрақсыз іс, білімсіз күш,
Қалбиған қарақшының жалбасындай.
Білгенге білім – байлық бағасы артық,
Салмағы сан жетпейтін қорғасындай.
Үйренсең, өрен, білім – өшпес мұра,
Таусылмас тау кенінің қордасындай (Шораяқ, 1995: 19-20).
(«Әділ іс»)
Сыр бойы ақындарының классикалық әдеби дәстүрлерді игеруінің көш басындағы көрнекі ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің толғау – термелері («Адамдық іс», «Қайрама халыққа тісіңді», «Қайтсең де өз халқыңа қызмет қыл», «Қамын ойла халқыңның», «Арқаңның ауруы не қозбайтұғын?», «Әр елдің бар бұлбұлы», «Шөлмек», «Адам», т.б.) де ХХ ғасырдың екінші жартысы мен қазіргі ХХІ ғасыр басындағы қазақ ұрпақтарына адамгершілік асыл қасиеттері ұлағатын ұлықтау жырлары болып танылды. Сыр бойы жыршы – жырауларының орындаушылық өнері арқылы барлық жастағы адамдардың әлеуметтік – қоғамдық ортасында үздіксіз жырланып келе жатқан Тұрмағамбет ақынның толғау – термелері ұлттық тәлім – тәрбие берудің қуатты құралы болуы қызметімен айрықша даралана бағалануда:
Күн шықса, нұр қашады Айдан-дағы,
Жарлы артық, қайыры жоқ байдан-дағы.
Бұрынғы қариялардан қалған нақыл,
«Бұл сөзді таптың, - деме – қайдан тағы?».
Тұлпардың тұқымының туымы бар,
Белгілі ат болуы тайдан-дағы.
Алда – аға, артта – іні болып тұрса,
Жігітке ол бір құрал, саймандағы.
Деген бар: «Төртеу түгел – төрге шығар!»
Төрің сол – бақыт құсы айналғаны.
Алтау боп – аузын ала бола қойса,
Дұшпанға құл боп анық байланбағы.
Кейбіреу сәл бақытқа мас болады,
Шабақтай шалпылдаған қайраңдағы.
Адамдық иісіңе жұрт аңсап тұрсын,
Не керек, қарныңның құр майланғаны?!
Көңіліне: «Мен де адаммын!» деп жүрген көп,
Кілегей майға ұқсаған айраңдағы.
Ер болсаң, елің үшін ет қызмет,
Сыбанып білегіңді сайлаң-дағы (Ізтілеуов, 1972: 27).
(«Адамдық іс»)
Арал теңізі төңірегіндегі ақындар мектебінің көшбасшысы Нұртуған Кенжеғұлұлының толғау – термелері («Жыр бастау», «Адамгершілік туралы», «Адам болсаң, сыпайы бол!», «Жақсы мен жаман туралы», «Қадірін шайырлықтың бағалайық», «Адалдық пен арамдық», «Болады ер бағына өнер серік», «Домбыраңды қолға алшы!», «Кәнекей, сөйле, қызыл тіл!», «Адаспайды ақылды», «Жігіттерге өсиет», «Құлақ салып, сөз тыңда!», т.б.) де талай буын ұрпақтарға адамгершілік асыл қасиеттердлі ұғындыру насихатын танытып келеді. Арал теңізі атырабындағы Сыр сүлейлерінің өнер мектебінен түлеген жыршы – жыраулардың орындаушылық өнері арқылы ата – бабалық тәлім – тәрбие ықпалын арқау еткен Нұртуған ақынның толғау – термелері тыңдаушылардың жан ділін айрықша баурайды:
Құлақ салып сөз тыңда,
Бұл жайында аға – іні – ай!
Асылзатты айтайын,
Әрқайсысын өз алдына-ай.
Назбедеу атта күй болмас,
Беде жемге бағылмай.
Кезеген өркеш, астау бас
Тарта алмайды азыңды.
Сырымасаң қалыңнан
Жабу, белдік, жазымы.
Құлжа мойын, бөкен сан
«Төбет» деп бақпа тазыны.
Аршын мойын сұңқарды
Аңға салма қайырмай.
Он екі түн от жағып
Ұйқысынан айырмай.
Ақ ирек алмас қылышты
Құр сақтама қырында –ай.
...Әр ұлттарда адам бар,
Атағы шыққан дауылдай.
Данышпан небір көсем бар,
Болған қамқор қауымға.
Жаман тума таласар
Сол ерлердің бағына.
Мезгілдік жерге жол жүрсе,
Ере алмайды шаңына.
Құр кеудесін көтерер,
Белбеуін ұстап ауылда.
...Жүйрік, жүйрік болмайды
Думанда байтақ шабылмай.
...Кәнекей, сөйле, қызыл тіл,
Өнеріңді көрем деп,
Тұс – тұстан халқың ағылды – ай! (Кенжеғұлұлы, 1994: 236–237).
(«Құлақ салып сөз тыңда»)
Қорқыт Ата дәстүрін дамыта жалғастырған Сыр бойы жыршы – жырауларының шығармашылығында олардың дастандарды орындайтын жыршылығы айрықша орын алады. Көп ғасырлық тарихы бар түркі халықтарының Атажұрты Ұлы Даланың жыршы – жыраулары фольклор мен әдебиет мұралары құрамындағы эпикалық туындыларды жырлау дәстүрін дамытып, қазіргі біздің дәуірімізге жалғастырып отыр. Осы арада көрнекті түркітанушы – шығыстанушы ғалым Әуелбек Қоңыратбаевтың «Эпос және оның айтушылары» атты еңбегінде академик Әлкей Марғұланның оғыз – қыпшақ эпосын дәуірлеген жүйесінің ( «1) Атам заманғы эпос (VІ – XIІ ғғ). 2) Тарихи дәуірде туған эпос(ХІІІ – ХІVғғ). 3) Ноғайлы эпосы (XIV – XVIғғ). 4) Жоңғар соғысымен байланысты туған эпос (XVIIIғ). 5) Ішкі қанаушы мен хандарға қарсы күресті суреттейтін эпос. 6) Совет заманында туған эпос») историзмге негізделгенін мақұлдайды. Ғалым – ұстаз эпостың тегін тайпа этногенезінен бөліп қарауға болмайтынын да ескертеді (Қоңыратбаев, 1975: 17–18). Біз ғалым – ұстаз Ә.Қоңыратбаевтың қазақ эпосын тегі мен жанры жағынан топтастырған жүйесіндегі эпикалық сюжеттердің Сыр бойы жыршы – жырауларының орындаушылық өнері қорында тұрақты сақталып келе жатқандығын назарға аламыз: «І. Ертегілік эпос («Ер Төстік», «Құла мерген», «Талас бай мерген», «Дотан», «Мұңлық – Зарлық»). ІІ. Түрік қағанаты дәуірінде туған жылнамалық эпос («Орхон жазулары», «Кюль – Тегин» жайындағы жырлар). ІІІ. Оғыз эпосы (Кітаби дадам Қорқыт жырлары). IV. Тайпалық эпос («Алпамыс», «Қобыланды», «Қамбар»). V. Ноғайлы эпосы («Ер Тарғын», Мұрын Сеңгірбаев жырлайтын «Қырымның қырық батыры»). VІ. Тарихи эпос («Бекет», «Досан батыр», 1916 жыл поэзиясы). VІІ. Лиро – эпос («Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман – Шолпан»). VІІІ. Шығыс дастандары («Рүстем Дастан», түрліше қиссалар). ІХ. Авторлық эпос («Еспембет», «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Нарқыз»). Х. Совет эпосы (Амангелді, Мәлік, Төлеген жайындағы жырлар)» (Қоңыратбаев, 1975: 18). Ұстаз – ғалымның осы ғылыми жүйелеуінің жалғасындай көрнекті әдебиеттанушы Алма Қыраубаеваның «Шығыстық қисса – дастандар» атты еңбегіндегі ғылыми жүйелеуінің де Сыр бойы жыршы – жыраулары шығармашылығының басты арқауында болып келе жатқанын айтамыз: «...біз ХІХ – ХХ ғасырдағы қисса – дастандарды «Мың бір түн», «Тотынама» желілері; «ШаҺнама» желілері және Орта Азиялық желілер деп бөліп қарастырғанды жөн көріп отырмыз» (Қыраубайқызы, 1997: 6).
Эпостанушы көрнекті ғалым – ұстаздарымыздың осы аталған жүйелеулеріндегі эпикалық дастандарды Сырдария өзенінің жоғарғы, орта, төменгі ағыстары жағалау атыраптарындағы ақындар шығармашылығынан оқимыз. Жазбаша және ауызша поэзия дәстүрін қатарлас ұстанған ақындардың эпикалық дастандарын Сыр бойы жыршы – жыраулары жылдар бойы үздіксіз жырлауды жалғастырып келеді.
Ұлы Даланың кең – байтақ кеңістігіндегі ауылдардағы қазақ халқы ұрпақтарының өзге халықтардан айрықша дараланатын қасиеті – жүздеген, мыңдаған жыр жолдарынан тұратын эпикалық дастандарды апталар, айлар бойы жалықпай тыңдайтындығы. Жырлаушылар мен тыңдаушылар арасындағы қарым – қатынас мәдениетінің өнернамалық – психологиялық хал – ахуалы арқылы эпик жыршылық өнердің құдіретті болмысы айқындалады. Эпикалық шығармалар құрылысындағы сюжеттік бөліктердің поэтикалық – психологиялық жағдайларына сәйкес жыршы – жыраулардың алуан әуенді – әуезді мақамдармен – саздармен өрнектеп жырлауынан тыңдаушылар эстетикалық рухани ләззат алады. Тыңдаушылар кейіпкерлермен бірге шаттанады, күйзеледі, айбарланады, айбаттанады, қуанады, ренжиді, өкінеді, үміттенеді, тебіренеді, толғанады. Өткен мен бүгінді, болашақты жалғайтын өршіл оптимизм рухымен жігерленеді, қуаттанады. Бұл – ақындардың эпикалық дастандарын жыр мен әуез және көңіл – күй құбылыстарын қоса өріп жырлайтын жыршы – жыраулардың орындаушылық өнер құдіретінің көрсеткіші.
Қорқыт Ата өзінің он екі салалы батырлық дастандарын өз заманында осылай жырлағанын елестете сезінеміз. Сол киелі дәстүрді жалғастырған Сыр бойы ақындарының эпикалық туындыларды жырлау дәстүрі жыршы – жыраулар өнері арқылы бүгінгі ұрпаққа жетті. Сөз арқауындағы аталған ақындар шығармашылығындағы эпикалық дастандарды атап көрсетеміз. Мысалы, Майлықожаның «Патша мен ұры», «Жақсы найып», «Зәйіт ұры», «Әмір Әмзе», «Зарқұм», т.б. дастандары; Базар Оңдасұлының «Айна – тарақ», «Әмина қыз», «Мақпал – Сегіз» дастандары; Жүсіп Ешниязұлының «Сұрмерген», «Шаһзада», «Мекер қатын», «Раунақ» дастандары; Омар Шораяқұлының «Жарлы Тәліп», «Қара шекпен», «Һақ Сүлеймен», «Маймыл», «Үш күлше», «Әбу Шаһыма»; Тұрмағамбет Ізтілеуұлының «Мәрді дихан», «Данышпан қарт», «Тұтқын қыз», «Рауа бану», «Шаһнама» дастанының бөліктері («Әшкәбус», «Сам батыр», т.б.); Нұртуған Кенжеғұлұлының «Қарасай – Қази», «Тағаймұрат», «Мәулімнияз – Едіге», «Орақ – Мамай», т.б. Сыр бойы жыршы – жыраулары жалпы түркілік фольклорлық эпостағы «Көрұғлы», «Алпамыс батыр», «Манас», т.б. Қазақ фольклорындағы «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын да жырлайды.
Сыр бойы жыршы – жырауларының толғау – термелері мен эпикалық жырларды орындауында тыңдаушылардың жан жүйе психологиясын баурайтын басты ерекшелігі – өлең мәтіндеріндегі жеке сөздердің, сөз тіркестерінің поэтикалық мағыналық қуатын айқын, ашық үнмен айтатындығы. Жеке сөздер мен сөз тіркестерінің өлең тармақтарындағы ұйқасуына, үндесуіне сәйкес сан алуан иірімді, толғанысты – тебірнеісті мақамдармен – саздармен бөлеп жырлау арқылы жыршы – жыраулар тыңдаушылардың ризалық ықыласын иеленгені – қалыптасқан жағдай.
Нәтижелер
Сыр бойы жыршылық дәстүрінің қайнар көзі ретінде қарастырылып отырған Қорқыт ата мұрасы XIX ғасырдың екінші жартысында-ақ ғылыми қоғамға кеңінен таныс бола бастады. Ал, Қорқыт мұрасын алғашқылардың бірі болып В.В. Бартольд түсіндірген болатын. Ол өзінің «Книга моего деда Коркут» атты еңбегінде көне деректі біраз талдады. Бұл еңбекті редакциялап, тақырыпты өрбіткен В.М. Жирмунский оғыздың батырлық эпостарына және Қорқыт ата мұрасына тоқталды. Бұл зерттеу жұмыстарында Қорқыт мұрасы ортақ түркі халықтарының төл мұрасы екені деректанулық тұрғыда ғана қарастырды.
Жалпы, XIX ғ. зерттеулердің көпшілігі деректанулық тұрғыда, алғашқы зерттеу тақырыбы ретінде зерделенді. Осы кезеңде тарихи деректер талданып бастап жатқанда, Сыр бойында Мұса Байзақұлы, Құлан Алдабергенұлы, Шәдітөре Жаһангерұлы, Ергөбек Құтымбайұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы және т.б. ақындық-жыршылық мектептері қалыптасып жатты. Тарихи кезеңдеу арқылы қарастыратын болсақ, екі ұқсастық пен мәдени байланыстың арасында IX–X ғ. уақыт қамтылды. Бұл тарихи сәйкестік кейінгі XX ғасырда зерттеушілердің назарына ілінді. Мысалы, Қорқыт ата кітабын дерек ретінде қарастырып отырған В.В. Бартольд, В.М. Жирмунскийлер Сыр бойы қазақтарының Қорқыт мұрасын жалғастырушысы екенін сезе қойған жоқ. Алайда, XX ғасырдың екінші жартысында Ә.Х. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаеыв, Х. Сүйіншалиев сияқты авторлар Сыр бойы қазақтарының Қорқыт ата жыраулық мұрасының жалғастырушысы ретінде қарастыра білді. Мысалы, Ә.Х. Марғұланның «Халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрі» (Марғұлан, 1985) арнайы зерттеуінде Қорқыт ата мұрасының халық музыкасындағы көрініс табуына тоқталды. Ал, Ә. Қоңыратбаев болса бұл пікірді екінші жағынан қарастырып, «Қорқыт», «Эпос және айтушылары» (Қоңыратбаев, 1975) сияқты мақалаларын жазып, Қорқыт ата мұрасынынң тарихылығын қарастырды. Бұл зерттеулерді қоса алғанда Р. Бердібайдың жыршылықтың жалғастығы, оның дәстүрі тұтас жыраулықты қамтығанын көрсетті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінде Қорқыт ата мұрасының жыраулық өнердегі көрінстері өз зертеу өзектілігін жойған жоқ, керісінше өз этномәдени бірегейлігін тани бастаған қазақ халқы үшін көне тарихи деректерді жан-жақты талдау өзекті тақырыпқа айналды. Мысалы, 1994 жылы Қорқыт ата мұрасына арналған арнайы бибилиографиялық көрсеткіш дайындалды (Қорқыт ата, 1994: 31). Бұл Қорқыт ата кітабының мазмұнына, оның педагогикалық, философиялық мәніне арналған еңбектермен зерттеулерді топтастырды. Кейінгі жылдары М. Жолдасбеков, Г. Шадиеваның «Қорқыт ата кітабын» қазақшалаған нұсқасы жарық көрді. Бұл кітапқа түркиялық зерттеуші Э. Алкая сын-пікір жазды (Алкая, 2020: 91–95).
Жалпы, Қорқыт ата мұрасының сақталған негізгі ошағы Сыр бойы қазақтарының жыршылық өнері болып табылады. Зерттеу мақалада Қорқыт ата мұрасының Сыр бойы жыршылық өнеріндегі көрінісі, оның қазақы дәстүрлі өнерге тасымалдануы мен бейімделу үрдістері анықталды. Бұл қазақ жыршылық өнерінің тамырының тереңде екенін көрсетіп, қазіргі жаһандану заманында да өміршең екенін анықтайды.
Қорытынды
Қорыта айтқанда, Қорқыт ата мұрасы Сыр бойы жыраулық мектебінде жалғасын тапты. Бұл жалпы түркілік өркениеттің асыл қазынасы ретінде өз өмір сүру кеңістігін Сыр сүлейлері шығармаларынан орын тапты. Оны Мұса Байзақұлы, Құлан Алдабергенұлы, Шәдітөре Жаһангерұлы, Ергөбек Құттыбайұлы, Мансұр Бекежанұлы, Ешнияз Жөнелдікұлы, Жүсіп Ешниязұлы, Омар Шораяқұлы, Тұрмағамбет Ізтілеуұлы, Оңғар Дырқайұлы, т.б. ақын-жыраулардың шығармаларындағы сарыннан байқауға болады.
Бұл дәстүр Қазақстан тарихында ұрпақтан ұрпаққа ұласып жалғасын таба береді. Келешекте осы сабақтастық жан-жақты пәнаралық байланыста зерттелуі қажет. Себебі, ортақ мұраның сақталуы мен өнерпаздар арасындағы мәдени тасымалдануы зерттеушілер назарынан тыс қалмауы тиіс. Бұл ұрпақтар арасындағы тарихи жадының жаңғыртып, дәріптеуге қолданылуы тиіс. Қорқыт мұрасының Сыр бойы қазақтарының жыршылық өнеріндегі сабақтастықты одан әрі дамыту жас жыршылық мектептердің, жаңа буын өкілдерінің алдында тұрған басты үндеуі деп түсінуіміз керек. Бұл қазіргі күнге дейін жалғасқан дәстүрдің келешекте үзілмей жалғасуын қамтамасыз етеді.
Әдебиет:
- Айдосов А., 2000. Бессмертное наследие Коркут-Аты (к 1300 летию «Книга моего деда Коркута») // Мысль. №2. С. 68–70.
- Алиева С., 2014. Дастаны «Книга моего деда Коркута» как объект исследования русско-советского востоковедения (в свете современных достижении коркутоведения) // Ученые записки Таврического национального университета имени В.И. Вернадского. Серия филология. Социальные коммуникации. Том. 27. № 3. С. 348–353.
- Алкая Э., 2020. Қазақ тілінде жаңашаланған «Қорқыт ата кітабы» // Turkic Studies Journal. Vol. 2. P. 91–95.
- Базар жырау., 1986. Шығармалары. Алматы: Жазушы. 200 б.
- Бартольд В.В., 1894. Китаби Коркуд I. Борьба богатыря с ангелами смерти // Записки Восточного отделения Русского археологического общества. СПб. Т. VIII. С. 203–208.
- Бердібаев Р., 1980. Жыршылық дәстүр. Алматы: Қазақстан. 64 б.
- Köse S., 2020. Dede Korkut Kitabı’nı Kaos ve Kozmos Bağlamında Okuma // Milli Folklor. Sayi 125. 71-81.
- Жирмунский В. М., 1962. Огузский героический эпос и «Книга Коркута» // Книга моего деда Коркута: Огузский героический эпос / Сост. В. М. Жирмунский и А. Н. Кононов. М.; Л. 299 с: ил.
- Жұмабаев М., 1989. Шығармалары: Өлеңдер, поэмалар, қара сөздер. Алматы: Жазушы. 448 б.
- Зейналов Ф., Ализаде С., 1988. Неисчерпаемая сокровищница «Книга моего деда Коркута». Баку: Язычы. 268 с.
- Кенжеғұлұлы Н., 1994. Кәнекей, тілім, сөйлеші (Екінші кітап). Алматы: Қазақстан. 448 б.
- Кете Жүсіп., 2003. Өлең – толғаулар, дастандар мен айтыстар. Алматы: Арыс. 236 б.
- Короглы Х.Г., 1975. Стилистические ососбенности «Книга моего деда Коркута» // Советская тюркология. №2. С. 55–68.
- Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 2008. Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов. Алматы: Дайк – Пресс. 968 б.
- Қашқари М., 1993. Түбі бір түркі тілі («Диуани лұғат ит түрк»). Алматы: Ана тілі. Б. 192.
- Қорқыт Ата кітабы., 1986. Оғыздардың батырлық жырлары: Эпос. Аударған Ә.Қоңыратбаев. – Алматы: Жазушы. 128 б.
- Қорқыт ата., 1994. (Библиографиялық көрсеткіш). Алматы. 31 б.
- Қоңыратбаев Ә., 1975. Эпос және оның айтушылары. Алматы: Қазақстан. Б.14–19, 40.
- Қоңыратбаев Ә., 1987. «Қорқыт кітабы» жырлары // Қазақ эпосы және түркология. Алматы. Б. 168–178.
- Қоңыратбаев Ә., 1991. Қорқыт // Қазақ фольклорының тарихы. Алматы. Б. 86–91.
- Қыраубайқызы А., 1997. Шығыстық қисса-дастандар. Алматы: Рауан. 140 б.
- Майлықожа., 2005. Шығармалар. Жинап, зерттеп, жариялай жүріп құрастырған әдебиетші Ә. Оспанұлы. Алматы: Атамұра. 864 б.
- Марғұлан Ә., 1970. Дана Қорқыт туралы // Лениншіл жас. 20 қаңтар.
- Марғұлан Ә., 1985. Халық музыкасындағы Қорқыт дәстүрі // Марғұлан Ә. Ежелгі жыр, аңыздар. Алматы. Б. 212–228.
- Сүйіншалиев Х., 1978. Қорқыт ата кітабы // Ғасырлар поэзиясы. Зерттеулер. Алматы. Б. 38–40.
- Шораяқтың Омары., 1995. Сөйле, тілім, жосылып: Өлеңдер, дастандар, айтыстар. Алматы: Рауан. 301 б.
- Ізтілеуов Т., 1972. Назым: Таңдамалы шығармалар. Алматы: Жазушы. 264 б.
дипломов
Оставить комментарий