Статья опубликована в рамках: LXXXVI-LXXXVII Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 09 октября 2024 г.)
Наука: Филология
Секция: Литература народов стран зарубежья
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
АБАЙ МҰРАСЫ-ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ МӘДЕНИ КАПИТАЛ
ABAY'S HERITAGE-UNIVERSAL CULTURAL CAPITAL
Aubakir Zhandos Magazbekuly
Candidate of Philological Sciences, Associate Professor, Director of the research institute "Abai Academy",
Kazakhstan, Astana
АННОТАЦИЯ
Бұл мақала Абай Құнанбайұлының шығармаларына арналып, оның ұлттық сана-сезімді қалыптастыру мен ұрпақ тәрбиесінде алатын орнын талдайды. Автор Абайдың ғылым мен білімге ерекше көңіл бөлгенін, халқының болашағы үшін ғылымды терең меңгеруді насихаттағанын баса айтады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» атты мақалаларына сүйене отырып, Абайдың мұрасы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтпайтынын атап өтеді. Мақалада Абайдың еңбектеріндегі білімге, ғылымға деген құштарлықты арттыру идеялары және оның халыққа пайдалы болу жолындағы маңызы қарастырылады.
ABSTRACT
This article is devoted to the works of Abai Kunanbayuly and analyzes his role in the formation of national consciousness and the upbringing of generations. The author emphasizes that Abai paid special attention to science and education, promoted deep knowledge of Science for the future of his people. Based on the articles of Kassym-Jomart Tokayev "Abai and Kazakhstan in the XXI century" and "Abai is a spiritual reformer", he notes that Abai's legacy does not lose its relevance today. The article discusses the ideas of Abai's works to increase the desire for knowledge, science and its importance for the benefit of the people.
Кілтті сөздер: Абай Құнанбайұлы, білім, ғылым, ұлт тәрбиесі, рухани жаңғыру, Қасым-Жомарт Тоқаев, ұлттық сана, Абай мұрасы, даналық, тәрбие.
Keywords: Abai Kunanbayev, Education, Science, Education of the nation, spiritual revival, Kassym-Jomart Tokayev, national consciousness, Abai's heritage, Wisdom, Education.
Абай шығармаларының басты идеологиялық қазығы – «қалың елі, қайран жұрты қазағының» бойындағы кемшіліктерді жойып, ғылым-білімді меңгерген, «ақыл, қайрат, жүректі» бірдей ұстанған, «бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық» болған, береке-бірлігі жарасқан, ой-өрісі дамыған халқының болашағы, тәлім-тәрбиесі, ғылым-білімі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» бағдарламалық мақалаларында айтылғандай: «Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз.
Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты» [1].
Қ.К.Тоқаев мақалаларында Абай мұрасының өскелең ұрпақ пен ел болашағы жастарға тигізетін пайдасы жайында ой өрбітіп, ұлы ақын шығармашылығының қай кезеңде де өзектілігін жоймай, замана жүгін көтеріп, Абай ұлағаты барша адамзат игілігі үшін рухани азық екенін де атап өткен болатын.
Біз бүкіл әлемді ақыл-ой мен парасатты пайым арқылы ғана мойындата аламыз. Заман талабына сай білім алу интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жол ашады.
Ғылым-білімді терең меңгеру – болашағы мәңгілік елдің маңызды бағытының бірі. Рухани кемелділік те, ұлттық таным мен тәрбие де біліммен молая түсері хақ.
Сол білімге бастар, келешек ұрпаққа да, бүгінгі замандастарымыз баршамызға да «өшпес өмір, таусылмас мал берелік» [2, 31] темірқазықтай жол көрсетер «білімді данышпанымыз» тұр емес пе?! Ендеше Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай «ақылын тегінге сатқан» Абай мұрасына үнемі сүңги берсек, тереңге бойлай түсеріміз анық. Рухани байлық та, кемелділік те сол тереңдікте. Ақынның өзі:
Малда да бар жан мен тән,
Ақыл сезім болмаса.
Тіршіліктің несі сән
Тереңге бет қоймаса , –[3]
дейді емес пе?! Ал сол тереңдік Абай мұрасында жатыр ғой...
Сондықтан да ұлтымызды жаңғырту ісінде хакім еңбектерін басшылыққа алуымыз, ол мұраны ұтымды пайдаланып, Абай сөзінің бүгінгі заманымыз үшін көкейкестілігін, сондай-ақ ақын шығармаларынан халқымыз мол тағылым алу қажеттігін назардан тыс қалдырмауымыз керек.
Хакім өзі: «Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулімен өлшеусізді білуге болмайды», – [4, 127] деп айтқанындай, әрине, мұхиттай терең Абай тұңғиығына бойлау мол білімді, зор ақылды қажет етеді. «Қазақтың бас ақыны» деп Абай ұлылығына тағзым жасаған Ахмет Байтұрсынұлының: «Абай сөздері жалпы адамның түсінуіне ауыр тиетіні рас. Бірақ ол ауырлық Абайдың айта алмағанынан кемшілік емес, оқушылардың түсінерлік дәрежеге жете алмағанынан болатын кемшілік.
Олай болғанда, айып жазушыда емес, оқушыда», – [5, 217] дегеніндей адамзаттың Абайын әлі де болса толық тани да алмай, таныта да алмай жатсақ, ол ақынның кемшілігі емес, біздің, ұрпақтарының кемшілігі.
Хакім Абай айтқан әр сөз, құнды ой өміршеңдігімен маңызды. Қанша уақыт өтсе де, замана көшінің әр кезеңде де маңыздылығы артып келе жатқандығы анық. Шындығында да: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ рухына сонша жақындармыз» [6, 251].
Қазіргі таңда да «Оқыған білер әр сөзді» дегендей ғылым-білімге ден қоюымыз қажет.
«Ғылым таппай мақтанбауымыз, Өнер таппай баптанбауымыз» керек. «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп кітап құмарлығымызды арттырып, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап», – деп тек білімге, ақылға, еңбекке сенуіміз қажет. Сол себептен де қазіргі нарықтық заманда бос жатпай «Егіннің ебін, Сауданың тегін, Үйреніп ойлап, мал ізде», – дегеніндей жанталаса еңбек ету қажет. «Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек» керек. «Адал бол – бай тап, Адам бол - мал тап», – дейді Абай. Ал мал табудың да негізі – білім мен ғылымда екендігі ақиқат.
Ақын айтқандай: «Біз ғылымды сатып мал іздемек емеспіз», «Керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керекпіз»; «Дүние де өзі мал өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» емес пе қазіргі таңда да.
Түбінде баянды еңбек – егін салған
Жасынан оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған.
Ал олай болса ғалымдық жолдың алғашқы бастамалары қалай болмаққа керек?!
Абайдың айтқаны ең алдымен ғылымды меңгерудің, білімді болудың басты мақсаты «прошение жазуға» емес, яки болмаса «я тілмаш, я адвокаттық» емес, қазіргі заманның тілімен айтсақ құр жалпы білім алып қана қоймай, «пайда ойламай, ар ойлаған» терең ғылым жолына бет беру, өркениеттің көкжиегіне білім мен ғылым арқылы бару.
Ғалым болмай, немене,
Балалықты қисаңыз.
Болмасаң да ұқсап бақ
Бір ғалымды көрсеңіз.
Ондай болмақ қайда деп,
Айтпа ғылым сүйсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Міне, ғылым жолын таңдаған адамның баспалдақтары осылай басталары хақ. Және де:
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл.
Біреу үшін үйренсең,
Біреу білмес, сен білсең
Білгеніңнің бәрі – тұл.
Абай ұлағатының ерекшелігі жалпы білімді болуды емес, терең ғылым ізденуді насихаттау.
Және оны жеке басыңның қамы үшін емес, адами қасиеттер негізінде халқыңа пайдасы тиер болуы шарт. Әрі ол білгеніңді ешкімге ары үйретпесең, не қажетіңе жаратпасаң құр мақтан үшін білгеннің құндылығы жоғы баса айтылған.
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Осы айтылғандар қара сөздерінде де кеңірек айтылған. Отыз жетінші сөзінде: «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген кұлының бірі боласың»,– дейді [3] .
Абай Хакімнің: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас», – деп басталатын отыз екінші қара сөзі осы білім-ғылымды таза меңгеру жолдарына арналған.
Ең әуелі: «Білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп ізденбекке керек»,- дейді. Яғни ең алдымен білмекке деген құштарлықтың, ішкі махаббаттың мол болуы шарт. Білім мен ғылымға құмарлық пен ынтықтықтың нәтижелі болмақ.
Білген дүниеге рахаттанып, білмегенді махаббатпен ізденгенде ғана көңіліңе ғибраттанып сақтайтының да анық. Шынында да: «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды».
«Екіншіден – ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмекке үшін үйренбек керек. Бахасқа бола үйренбе, азырақ бахас көңілді пысықтандырмақ үшін залал емес, көбірек бахас адамды түземек түгілі бұзады», – дейді Абай.
Келесі шарттардың бірі – «әрбір хақиқатқа тырысып ижтиһатыңмен көзің жетсе, соны тұт, өлсең айрылма». Яғни білгеніңді өзің толық құрметтеп өзіңе қондырып алу, бойыңа сіңіріп беріктендіру. Егер өзің құрметтемесең өзгенің де құрметі болмасы анық.
«Төртіншіден, – дейді Абай, – білім-ғылымды көбейтуге екі қару бар адамның ішінде: бірі – мұлахаза қылу, екіншісі – берік мұхафаза қылу. Бұл екі қуатты зорайту жаһатінде болу керек. Бұлар зораймай, ғылым зораймайды».
Бесіншіден ақыл кеселі деген төрт нәрседен қашық болу керек дейді. Осы ақыл кеселіне, яғни естіген нәрсені ұмытпастыққа қатысты отыз бірінші қара сөзде айтылған болатын.
«Әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұщынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайталап ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нарселерден қашық болу керек», – дейді Хакім.
Ой кеселдеріне уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу жатады. Осы төрт дүние ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер дейді ақын.
«Алтыншыдан – ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады. Сол мінез бұзылмасын! Көрсеқызарлықпен, жеңілдікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалы қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады.
Онан соң оқып үйреніп те пайда жоқ. Қоярға орны жоқ болған соң, оларды қайда сақтайсың?
Қылам дегенді қыларлық, тұрам дегеніңде тұрарлық мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын», – дегендей ең бастысы «тоқтаулылық, қалыпты шыдамдылық» болып, мінез беріктігі бұзылмас мықты болғанда адам да нәтижелерге қол жеткізеді.
Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек.
Ақылда ашуда жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап, қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз
Ғылым сол үшеуінің жайын білмек.
Абай Құнанбайұлының осы өнер-білімге қатысты айтқандары, ғылымды үйренбекке талап қылушыларға берген ақыл-кеңесі, ақын ғибраты қанша уақыт өтсе де маңызын да, құндылығын да еш жойған жоқ, жоймайды да.
«Көкірегі сезімді, тілі орамды жастарымыз» талаптанып, Абай ұстанған жолды басшылыққа алса, ғылым-білімді терең меңгерсе еліміздің де болашағы жарқын болары сөзсіз.
Сыналар, ей жігіттер келді кезің,
Сәулең болса, бермен кел талапты ерің.
Жан құмары дүниеде немене екен
Соны білсең – әрнені білгендерің, –
дегендей «білмекке құмарлық» негізгі ұстаным болмаққа керек.
Абай мұрасының ұлттық сананы жаңғыртуға тигізер әсері зор. Ақын шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктету идеясы басты назарға алынған.
Сондықтан қазіргі Қазақстанның дамуында Абай мұрасын басшылыққа алып, ұтымды пайдаланған дұрыс.
Абайдың да басты мақсаты мен арманы да – тәуелсіз еліміздің биік өркениет қатарында болуы, халқымыздың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» қасиетімен даралануы.
Ғылым-білім жолына үндеген, адамзаттың бәрін махаббатпен сүюге шақырған, толық адамның қасиеттерін негіздеген, Алланың хикметін сезу жолдары айтылған Абай мұрасының даралығы да, даналығы да әлем бойынша алдағы уақытта жарқырай берері хақ!
Әдебиеттер:
- Тоқаев Қ.К. Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан // Егемен Қазақстан, 9 қаңтар, 2020 жыл.
- Құдайбердіұлы Ш. Шығармалары: Өлеңдер, дастандар, қара сөздер.- Алматы: Жазушы, 1988. –560 б.
- Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы.- Алматы: Жазушы. –Т.1: өлеңдер мен аудармалар. –2005. – 296 б.
- Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы. Шығармаларының екі томдық жинағы.- Алматы: Жазушы. –Т.2: өлеңдер мен аудармалар. –2005. – 336 б.
- Байтұрсынов А. Ақ жол: Өлеңдер мен тәржімелер, публ.мақалалар және әдеби зертту/ Құраст. Р.Рымғалиев. –Алматы: Жалын, 1991. – 464 б.
- Дулатов М. Шығармалары: Өлеңдер, қара сөздер, көсемсөз. –Алматы: «Жазушы», 1991. – 384 б.
дипломов
Оставить комментарий