Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: LXXXIX Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 09 декабря 2024 г.)

Наука: Искусствоведение

Секция: Музыкальное искусство

Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции

Библиографическое описание:
Даржан Ш.Ж. АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ // Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки: сб. ст. по матер. LXXXIX междунар. науч.-практ. конф. № 12(75). – Новосибирск: СибАК, 2024. – С. 60-67.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

АСЫЛДЫҢ СЫНЫҒЫ

Даржан Шолпан Жарқеткенқызы

Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,

Қазақстан, Алматы

АҢДАТПА

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді атам қазақ. Әкесінің және бүкіл Жетісуға, қазаққа ортақ Кенен шығармаларын сақтап келген менің ұстазым, Төрткен  Кененқызы – асылдың сынығы, Кенен мен бүгінгі күннің арасындағы алтын көпір. Сол себепті ұстаз туралы жазу, бір жағынан, шәкірттік парызым болса, екінші жағынан, Төрткен Кененқызымен өмірде де жиі кездесіп, сырласатын, алдынан өнер үйренген етене жақындық қақым қолыма қалам алғызды.

Төрткен апа, ең алдымен, бәріміз бұрыннан білетіндей, Кенендей өнер шебері өзі баулып, тәрбиелеген, үйреткен еңбегін адалынан ақтап келе жатқан перзент. Ұсынылып отырған мақаланың мақсаты өз әлінше әнін шырқап, өлеңін өрістетіп, кітаптарын шығаруға атсалысумен қатар, қасиетті шаңырақтан өсіп-өнгенін танытатын ұлағатты ұстаздың кәсіпқойлық сырларын ақтаруын сипаттау болмақ.

 

Кілт сөздер: Кенен, Төрткен, өнеге, аманат, ұстаз.

 

Жыр жампозы, дана Кененнің өзі «Төрткенімді бермеймін тоғыз ұлға, Қырсығымды кескен төл басым» деп бағалап, төбесіне көтерген Төрткен апа жасынан зерек, құймақұлақ, домбыра үніне үйірсек болып өседі. «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деп жатамыз. Бірақ неге екені белгісіз, Төрткен титтей кезінен шешесінен гөрі әкесіне жақын болды. Оның шуақты мейірімі мен ыстық ықыласына бөлене жүріп, өзінің жүріс-тұрысымен де, сөйлеген сөзімен де әкесіне ұқсап баққысы келді»[1]. «...Кішкентайынан әкесі Кененмен бірге ел ішін аралап, оларға ән сыйлап, тақпақ айтып өскен елгезек қыз көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. Алатаудың ақиығы Кененді ел қалай күтсе, тілі бал, қылығы тәтті, өнері сүйкімді Төрткенді де солай күтті» [5]. Кененнің ән мұрасын былай қойғанда, өмір мен өнер жолындағы қилы тағдырын, әр шығармасының қалай туғанын, одан қала берді, адамдық, азаматтық келбетін шынайы қалпында, жан-жақты, егжей-тегжейлі Төрткен апамыздың айтуынан, жазуынан көбірек білеміз. «Атам ән мен өлең шығарғанда тыныштықты қалайтын, табиғатты тамашалап атпен жүргенді ұнататын.  – Маған самолеттің дауысынан шыбынның ызылына шейінгі дыбыстардың бәрі де ән тудырады, – деп отырушы еді», [4]  деп жазады Төрткен апа.  Әке жолы, әке мұрасы, әке аманаты Төрткеннің өмірінің мақсат-мұратына, мәніне айналған. Қандай ардақты парыз! Осы мақсаттың үдесінен шыға алғаны Төрткен өмірінің де мәні ақталғаны емес пе?! Біздің осы еңбегіміздің өзі  осының дәлелі. Төрткен Кененді елге молынан жеткізіп, перзенттік парызын ақтады, елге де қызмет етті, Төрткеннің өзінің өмірі қазаққа үлгі-өнеге. Әрине, өмірің Кенендей тұлғадан бастау алып, соның өнерімен өріліп тұрса, Төрткеннің басқаша болуға қақысы да жоқ еді. Төрткен апаны білетіндер оны «Кенен атаның маңдайына біткен жұлдызы, қыз да болса құндызы» деп бағалайды. «...Ол кезде Төрткеннің жас кезі, Құдай сақтасын, әкесінің нелер бір биік әндерін бірінен соң бірін шырқағанда, ғажап, тапжылмай тыңдадық. Кенекең торығып отырып қалды да: «Құдайым маған осы қызды ұл ғып бермегені-ай! Төрткендей менің әндерімді бұзбай айтатын адам жоқ...» деп армандап бетінен сүйді. Төрткенді аса жақсы көретін еді» [13], деп жазады белгілі қоғам қайраткері, ғалым Мырзатай Жолдасбеков.

Төрткенді Кенен «күндіз мойнынан, түнде қойнынан тастамай» тәрбиелеп, құлағының құрышын өзінің және қазақтың қара өлеңі мен қоңыр әнімен қандырып өсірді. Қазақтың әрлі-бергі тарихынан да сыр шертіп, ой-өрісін кеңейтті. Бұл, біздің ойымызша, Төрткеннің бір бағы болса, екінші бағы – төрінен кісі үзілмеген Кенен атаның қасиетті дастарханынан кімдер келіп, дәм татпады десеңші?! Қазақтың кіл игі жақсылары Кененнің төрін суытпай, кейде жеке-дара, кейде жиналып алып, қазақтың ұзын-сонар тарихынан небір әңгімелер айтып, сыр шертісетін. Бұл – Төрткеннің Төрткен болып қалыптасуына үлкен үлес қосқан дерек. Осындай кездесулер туралы Төрткеннің өзі де кезінде көп жазды. «Балуан Шолақ пен Кенен» [7], «Әкемнің Әуезові» [8], «Сағынып күтіп жүрем Сәбеңімді» [9], «Кенен мен Бауыржан» [10], «Кенен мен Нұрғиса» [11], т.б. мақалалары – осының дәлелі.

Төрткен апаның анасы Насиха да текті жердің қызы, Кененмен 55 жыл отасқан, 9 бала тәрбиелеп өсірген ана, жар, қазақтың нағыз бәйбішесі бола білген жан. «...Терең ойлы, аз сөзді, аспайтын-саспайтын, әкемнің жазушы інісі Ғ.Мүсіреповті «кербез қайным»,өзі сері, жүрген жері ойын-күлкі, ақын Т.Жароковты «ерек қайным», аңқылдаған ақкөңіл, арманшыл ақын Х.Ерғалиевті «аусар қайным», сазгер Б.Ерзаковичті «орыс қайным», өзімен қатарлас С.Мұқановты «Сәбең» деп құрметтеуші еді. Қашан келсе де, бұл кісілердің сыбағалары сақтаулы, құрақ ұшып құрметтеп, сыйлаудан жалыққан емес-ті», [12] деп жазады анасы туралы Төрткен апа. Анасы, әкесі туралы жазғандарын оқып отырып, Төрткен Кененқызындай тұлғаның, ұстаздың алдынан дәріс алған біз қазақтың осы бір киелі шаңырағына қандай бір қатысымыздың болғанына қуанамыз. Ұрпақ пен ұрпақтың арасын қосып тұрған көзге көрінбес нәзік алтын жіптің бір саласы жоғарыда аты аталған қазақтың марқасқаларынан, Кенен шаңырағынан бастау алып, біз, шәкірттері  арқылы көпке тарап, ғасырларға кететінін үнсіз топшылаймыз, сапалы ұрпақ тәрбиелеу деген ұлы мақсаттың мүддесі үшін осы жіптің үзілмеуін тілейміз.

1967 жылы Жамбыл облысынан Алматыға көшіп келгеннен кейін Төрткен апамызға Кенендей әкесінің мол мұрасын ел арасына насихаттауға, әке аманатын адалынан атқаруға жаңа мүмкіндіктер ашылады. Бірте-бірте әндерін сахна, радио, теледидар арқылы орындап, халыққа жеткізген, шығармаларының баспасөз беттерінде жариялануына үнемі атсалысқан. Радио, теледидарға жиі шақырылып, өзі де халық арасына танымал бола бастайды. Кененнің «Келінжан» деген әнін эфирден орындап, ол халықтың көңілінен шығады. Тіпті көпшіліктің сұрауы бойынша осы әнді теледидар арқылы  үйретуге тура келгенін өзі жыр ғып айтады.

Төрткен апа әке шығармаларын өз аузынан орыс әрпімен жазып отырған (Кенен тек арабша жазған). Негізі, Төрткен апаның өзінің айтуында, Кененнің жүзден астам әнді нотасыз-ақ есінде сақтағандығы, оған қоса көптеген халық әндерін, басқа да композиторлардың шығармаларын орындап, елге жеткізуге мұрындық болғандығы таң қалдырмай қоймайды. Ал біз соның бәрін өнер кені Кененнен тікелей үйреніп, бізге жеткізген Төрткен апаға тәнтілігімізді білдіріп, оның атын төрге оздырмақ ниеттеміз. Өз жазбаларында Кенен атасынан ән үйренгенін Төрткен апамыз былайша жеткізеді: «...Өлеңдерім, дастан-поэмаларым біршама болса да жарияланып, жарық көрді. Ал енді әндерімнің «Бозторғай», «Көкшолақ», «Базар-Назар» сияқты бірнешеуі болмаса, көбін әлі ел естіген жоқ. Нота білмеген соң, бәрі тек есімде сақтаулы. Кім білсін, олай-бұлай болып кетсем, ең болмаса сен біліп қалсын деп жатқаным ғой» деп, бір жаңа ән шығарса алдымен маған үйретуші еді. Мен де әкемнің ән сарыны құлағыма сіңгені соншама, тез қағып алатынмын, дереу домбыраға салып, өзіне қайта айтып бергенде, жаны жай тауып, ризашылығын білдіруші еді. Мен де әкем сияқты нота білмеймін, музыкалық білім алуға еш мүмкіндігім болмады, тек үйренгендерімді есіме сақтадым, кейбірін магнитофонға жазып қойып жүрдім» [2].

Елге танымал боп келе жатқан шағында тамағына ота жасатып, ән айту қиынға айналады. Сондағы Төрткен апаның уайымы өзінің денсаулығы емес, әке аманатының жарты жолда қалары, елге жеткізгенінен гөрі жеткізбегенінің көп екендігі болады. Өзі атам деп атаған Кененнің ақылымен өнертанудың майталманы Б.Ерзаковичке барып, Кенен шығармаларының көбін тек өзі ғана білетінін, соларды нотаға түсіруге көмектесуін өтінеді. Ақыры Ерзаковичтің қамқорлығымен күніне екі-үш әнді ыңылдап айтып жүріп, нотаға түсіріп, осы әндерді және одан да ертеректегі әндерін қосып, 1976 жылы «Бозторғай» деген әндер жинағын жарыққа шығартады. Оған дейін кітап шығарып көрмеген Төрткен үшін бұл жұмыс оңайға түспейді. Әрі жинақтың сапасы төмен әрі өзі тым аз данамен шығады. Сонда да болса, Төрткен апа бұл туралы өзі былай деп жазады: «Өз басым осыған да қуандым, әйтеуір әкемнің әндерінің түпнұсқасы шықты ғой, ендігісін тағы көре жатармыз деп біраз тыншыдым» [2]. Төрткеннің әкесінің мол мұрасын тасқа басқызып, ел есінде қалдыруға, болашақ ұрпақтың да несібесіне айналдыруға үлес қосқаны тек бұл емес. 1984 жылы Кененнің 100 жылдығына арнап шығарылған екі томдықтың редакция алқасында болды. 2000 жылы «Екі Кенен тумайды» естеліктер жинағын, 2005 жылы ақынның 120 жылдық мерейтойына арнап «Кенен ата» кітабын шығаруға атсалысты. «Елорда» баспасынан шыққан «Аңыздар сыры» кітабы да осылардың қатарында. Кененнің орындауындағы, өзі орындаған әндердің үнтаспаларын да жарыққа шығарып, тыңдармандарына жеткізді. Кененнің аз да болса саз күйлеріне жоқшы болды.

1998 жылы Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне Төрткен апа сабақ беруге шақырылды. Мен ол кезде колледждің ІІ курс студенті едім. Төрткен апамнан осы уақытқа мүлдем жетпей қалған Кененнің 60-70-ке жуық әнін үйрендім. Әрбір әнді, олардың әр иірімін, әр нақышын қалт жібермей тыңдап, ең алдымен, Төрткен апамыздың орындауында көкейге түйіп алуға тырыстым. Әннен әнге, шығармадан шығармаға көшкен сайын саф алтынның кенін тауып, қазып жатқандай үлкен әсерде болдым, оларды үйренуге бар ынтаммен, құныға кірістім десе де болады. «...Әке аманаты. Ақынның, әншінің қызы. Осы бір сөздер Төрткен апайға жүктелген жауапкершілік салмағын ауырлатпаса, жеңілдетпейді. Оған ол еш қынжылған емес...». «...Колледжде оқытушы бола жүріп,  «Кенен», «Кенен ата» атты естеліктерді өз авторлығымен шығарды». «...Әкесінің әнін халық арасына таратып қана қоймай, оның жұртқа белгісіз шығармаларын нотаға түсіруге де ықпал етті. Бүгінде Кенен Әзірбаевтың жүзден аса әндерін тікелей осы Төрткен апайдың айтуы бойынша нотаға түсірілді» [1]. Кенен жайлы халыққа беймәлім болған мәліметтерді, Кененнің ән шығару тәсілдерін ақынның өз аузынан үйренген перзенті Төрткеннен біздің үйренуіміз – қазақ өнері үшін де, біз, яғни шәкірттері үшін де зор олжа, таптырмас мүмкіндік.

Өнер қонған ордада ардақты әкесі Кенен мен ақылдың кені анасы Нәсиханың тәрбиесінен тәлім алған Төрткен Кененқызының бар ғұмыры өскелең еліміздің өсер ұрпағына өнегелі жолдың озық үлгісі іспеттес. Еңбек пен өнерді қатар ұштастыра жүріп, қарапайым халық арасында өнерімен жарқырап көрініп, әке арманын алыстарға ән қанатымен самғатып келе жатыр. Осындай өнер кенішінің, Кенендей асылдың көзі, алтынның сынығы – Төрткен апамыздың ортамызда болғандығы – біздің үлкен несібеміз, маңдайымызға біткен бақ деп білем. «Иә, ол әртіс деген ресми атақ алмаса да, ауыл-аймағы, ел-жұрты, қызметтес жолдастары оны «Бұл - Кенекеңнің сүйікті қызы әнші Төрткен дейді. Оған бұдан асқан атақ, абыройдың қажеті де жоқ» [1].

2000 жылдан бастап ҚР Мәдениет министрі мен Жамбыл облысының әкімі екі жылда бір рет Кенен Әзірбаевтың музыкалық шығармаларына арналған «Шырқа, даусым!» атты республикалық байқау өткізіп тұру керек деген шешім шығарған. Содан бері Тараз қаласында бұл байқау өз уақытында тұрақты өткізіліп келеді. Осы байқаудың өтуіне ұсыныс жасап, ұйымдастырып жүрген де – Төрткен апамыз. Ең бастысы – әр байқауға Төрткен апа өзі қатысып, шәкірттерінің Кенен әндерін халыққа өз нақышында жеткізуіне тікелей мұрындық болып жүр. «Байқау сайын сапа да артып келеді. ...Бұл бір жағынан менің Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің халық бөлімінде Кенен әндерінен сабақ берген сегіз жылғы еңбегімнің жемісі деп те айта аламын...», [3] деп жазды байқауға баға берген Төрткен Кененқызы.

Төрткен апа – қазақ тілі мен әдебиетінің маманы. Қырық жылға жуық білім беру саласында еңбек етумен қатар, көркемөнерді жанына серік еткен адам. Қандай жерде жұмыс істесе де, ұжым арасында өнер шараларын ұйымдастырып, өзі де халық алдына шығып, ән айтқан, жастарға үлгі-өнеге болған, үлкендерден үнемі бата алған кезі аз болмаған. Әкесі Кененнің әндерімен қоса, Абайдың, Майраның, халық әндерін орындап, талай сахнаның сәнін кіргізгеніне көрермендері куә. «Қызының өнерге деген талпынысын алғаш боп байқаған әкесі: «Қызым, «Алтын пышақ қында жатпас» деген бар, күй білмесең де домбыраңды тарта бер, тарта бер. Егер бойыңда шынымен бірдеңе болса, әйтеуір сыртқа бір шығады» деуші еді. Болашақты көздейтін әке баланың бетін ешқашан қаққан емес» [1].

Қалай болғанда да, Төрткен Кененқызын Кенен әндерінің тек насихаттаушысы ғана емес, ең алдымен, жалпы Жетісу ән-жыр дәстүрін қалыптастыруда да өзінің үлесін қосып жүрген ұлағатты ұстаз деп білем. Осындай ұстаздан дәріс тыңдағаным, тәлім-тәрбиесін алғаным – мен үшін баға жетпес байлық. Кенендей өнер тұлғасының асыл мұрасын сақтап, келешек ұрпаққа жеткізу сияқты зор міндеттің бір пұшпағында жүру үлкен жауапкершілік екенін жақсы сезінем және осы жолда абыройлы болуға барымды салып келемін. «Менің сендерден өтінерім – Кененнің әндеріне қылау түсіруге, бұзып айтуға болмайды. Біз өзі бір көңілшек, не болса соған еліктегіш халықпыз ғой. Кеңес заманында бәріміз Құдайды ұмытып,  молданың сақалын қырқып, мешіттерді құрттық. Ал енді тәуелсіздік келгенде түгел молда болып шыға келдік. Сонда әлгі шала молдалар сияқты Кененнің әндерін бұзып айтатын әншілерден сақтаныңыздар дер едім. Кенен әндерінің тұнығынан, тереңінен тартып айтатын Төрткеннің барында үйреніп қалу керек» [13] деген Мырзатай аға Жолдасбековтің сөздері бізге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Бір өзі қазақтың тұтас бір ән-жыр мектебіне айналған Кенен шығармаларындағы автордың қолтаңбасын, өзіндік ерекшелігін өзгертпей, айна-қатесіз сақтаудағы Төрткеннің рөліне баға жетпейді. Ортамызда жүрген, көзі тірі құндылық десе болғандай. Кенен жайлы, Төрткен туралы жазылған еңбектерде мұның дәлелін көптеп кездестіруге болады. Мысалы,  жазушы Марал Сқақбаев «Тәкен сал мен Әлмен ақын» деген мақаласында «Кенен Әзірбаевтың «Ойжайлау» деген атақты әнін өз қызы Төрткеннен артық шырқайтын әзір ешкім жоқ. Төрткен орындағанда бұл әннің қайырмасындағы ырғақ иірімдерінен тек Кенен үнін, Кенен мәнерін сезінесіз, өзгемен шатыстырмас нағыз өрнекті айқын аңғарасыз» деп жазды. [14]

Төрткен апа маған, басқа да шәкірттеріне, жалпы айналасына әке аманатын адал атқарған перзент, шәкірт тәрбиелеген ұстаз есебінде  ғана емес, екі қыз, екі ұл тәрбиелеп өсірген ардақты ана ретінде де үлгі-өнеге тұтар, өмір жолымызда жарық түсірер шамшырақ іспеттес. Бұл күнде ұл-қыздарынан өрбіген бір әулет немере-шөбереге аяулы әже болып отырған Төрткен Кенеқызының өмірі кім-кімге де үлгі болғандай.

Зейнетке шыққаннан кейін де Төрткен Кененқызының қол қусырып отырған сәті сирек. Колледжде ұстаздық еткенінен бөлек, қоғамдық жұмыстардың қайнаған ортасында жүрді. Өзі тұрған Алматы облысы Іле ауданында Төрткен апа араласпаған рухани, мәдени іс-шара болмайтын десе артық айтқандық емес. «Аудан орталығы «Энергетический» деп аталушы еді, оның «Өтеген батыр кенті» аталуына да, осы орталықта ашылған «Мұқалғали Мақатаев» атындағы қазақ орта мектебінің және «Қуат» қазақ балабақшасының ашылуына да, ауданымызда Наурыз сияқты көптеген мерекелердің өз дәрежесінде өтуіне, тағы да толып жатқан істерге атсалысып жүргені. Сондықтан да аудан еңбеккерлері оны 1999 жылы Іле аудандық мәслихатының депутаты етіп сайлады. Ал 2001 жылы Тәуелсіздігінің 10 жылдығына орай «Іле ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. [6] Осы ауданда «Ардагерлер» ансамблін ұйымдастырып, оның өз уақытында «Халық ансамблі» атағына лайықты деп табылуына сіңірген Төрткен Кененқызының еңбегі өз алдына бір төбе. 2006-2013 жылдар аралығында Аудандық ардагерлер қоғамының төрайымы болып та еңбек етті. Аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі. Ұзақ жылдар бойы аудандағы ономастикалық комитеттің де құрамында болды. Осылайша әке аманатынан басталған перзенттік парызы Төрткенді қоғам қайраткері деңгейіне дейін жеткізді.

Биыл Төрткен Кененқызы 89 жаста. Әлі күнге дейін білмегенімді сұрап, бағыт-бағдар алып тұрамын. Төрткен апаның төл шәкірті болғаным үшін өзімді бақытты санаймын. Соның арқасында Жетісу ән-жыр мектебін бүгінгі күнде өзім жүргізіп, шәкірт тәрбиелеудемін. Шындығында да, ана сүтін арда емген, қазақтың біртуар талантты ұлы Кенен Әзірбаевтың есімі мен өлмес мұрасы оның дәстүрін жалғастыратын өнерлі ізбасарларының орындауында уақыт өткен сайын жаңарып, жарқырай бермек. Осы топтың бастауында тұрған Төрткен Кененқызының шоқтығы биік, жұлдызы жоғары.

Бұл мақалада Жетісудың әйгілі әншісі Кенен Әзірбаевтің шығармашылығының беймәлім тұстары Төрткен Кененқызының естелік әңгімелеріне негізделе айшықталады. Мақала нәтижелері «Қазақ музыкасының тарихы» мен «Орындаушылық өнер тарихы» пәндеріне қосымша дереккөзі бола алады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Роза Айдарбекова. «Іле таңы» газеті, 04 ақпан 2011 жыл
  2. Шолпан Даржанова. «Кенен Әзірбайұлы ән мектебінің өзіндік көркем тілі мен үйрету әдістемесі»  магистрлік  диссертация.
  3. Төрткен Кененқызы. «Ақ жол» газеті, 11 тамыз 2015 жыл
  4. Өнегелі өмір өрнектері. «Дулат» баспасы, 2016 жыл, 99-100-беттер
  5. Ержан Қосбармақов. «Егемен Қазақстан» газеті, 2006 жыл, 15 наурыз
  6. Өнегелі өмір өрнектері. «Дулат» баспасы, 2016 жыл, 13-бет
  7. «Жас Алаш» газеті, 2004 ж, 29 мамыр
  8. «Егемен Қазақстан» газеті, 1997 жыл, 26 қыркүйек
  9. «Жетісу» газеті, 2010 жыл, 28 тамыз
  10. «Іле таңы» газеті, 2010 жыл, 29 қазан
  11. «Жетісу» газеті, 2010 жыл, 3 шілде
  12. Шолпан Даржанова.  Кененнің жұлдызы // Қазақ КСР – нің Халық әртісі Гүлжиhан Ғалиеваның өмірі мен қайталанбас мол рухани мұрасын дәріптеуге арналған «Қазақ эстрада өнері және кәсіптік білім саласындағы жаңа технологиялар» атты Республикалық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары. –Алматы 2017.- Б. 96-102.
  13. «Үкілім-ай» халықаралық журналы. 2006 жыл, №2 саны
  14. «Қазақ әдебиеті», 1989 жыл, 16 маусым
Удалить статью(вывести сообщение вместо статьи): 
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

Оставить комментарий

Форма обратной связи о взаимодействии с сайтом
CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.