Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: LXXXII Международной научно-практической конференции «Современная психология и педагогика: проблемы и решения» (Россия, г. Новосибирск, 15 мая 2024 г.)

Наука: Педагогика

Секция: Инклюзивное образование: актуальные вопросы отечественной теории и практики

Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции

Библиографическое описание:
Еркебаева Ш.К., Аутаева А.Н. КІШІ МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ СФЕРАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ // Современная психология и педагогика: проблемы и решения: сб. ст. по матер. LXXXII междунар. науч.-практ. конф. № 5(79). – Новосибирск: СибАК, 2024. – С. 166-175.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

КІШІ МЕКТЕП ЖАСЫНДАҒЫ ПСИХИКАЛЫҚ ДАМУЫ ТЕЖЕЛГЕН БАЛАЛАРДЫҢ ЭМОЦИОНАЛДЫ СФЕРАСЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Еркебаева Шахризада Куанышовна

магистрант, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті,

Қазақстан, Алматы

Аутаева Акбота Нурсултановна

канд. пед. наук, ассоц. профессор, доцент, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті,

Қазақстан, Алматы

EMOTIONAL SPHERE OF CHILDREN WITH MENTAL RETARDATION OF PRIMARY SCHOOL AGE

 

Akbota Autaeva

Candidate of psychological Sciences, Professor, Kazakh National Pedagogical University named after Abaya,

Kazakhstan, Almaty

Shakhrizada Erkebayeva

Master’s student, Kazak National Women’s Teacher Training University

Kazakhstan, Almaty

 

АҢДАТПА

Бұл мақалада кіші мектеп жасындағы психикалық дамуы тежелген балалардың педагогикалық-психологиялық сипаты туралы, оларды зерттеген ғалымдардың еңбектері және даму бұзылыстарының түрлері мен себептері көрсетіледі. Мұндай балалардың эмоционалдық сферасының қалыптасу ерекшеліктері, даму сатылары оның оқудағы жетістікке тигізетін  ықпалы туралы қарастырылады. Психикалық дамуы тежелген балалар мен қалыпты дамудағы балалардың эмоционалды даму ерекшеліктерін  ашып көрсетеді. Эмоциялар адамға оның қалыптасуына көмектеседі. Олар адамды іс-әрекетке шақырады, оқу, жұмыс, шығармашылықтағы қиындықтарды жеңуге көмектеседі. Эмоциялар мен сезімдер көбінесе адамның мінез-құлқын, олардың белгілі бір өмірлік мақсаттарды қоюын анықтайды. Психикалық дамуы тежелген балаларда эмоционалдық сферадағы өрескел өзгерістердің болуы психопатологиялық сипаттың қалыптасуына, оның жаңа жағымсыз қасиеттеріне ықпал етеді, бұл психикалық ақауды түзетуді күрт қиындатады. Автор бастауыш сынып оқушыларының психикасындағы эмоционалдық сферасын дұрыс қалыптасуы олардағы оқу мотивтерінің пайда болуына  және танымдық іс-әрекетке толық қатысуға мүмкіндік беріп ғана қоймай, оқу жағдайларына бейімделуді және толық әлеуметтенуді арттырады деп түсіндіреді.

АННОТАЦИЯ

В данной статье описаны педагогическая и психологическая особенностей детей с задержкой психического развития младшего школьного возраста, работы ученых, их изучавших, виды и причины нарушений развития. Рассмотрены особенности формирования эмоциональной сферы таких детей, этапы развития и ее влияние на успеваемость. Выявлены особенности эмоционального развития детей с задержкой психического развития и детей с нормальным развитием. Эмоции помогают правильно формировать человека. Они побуждают человека к действию, помогают преодолевать трудности в учебе, работе, творчестве. Эмоции и чувства часто определяют поведение человека, постановку им тех или иных жизненных целей. Наличие грубых изменений эмоциональной сферы у детей с задержкой психического развития способствует формированию психопатологического характера, его новых отрицательных качеств, что затрудняет коррекцию психического дефекта. Автор поясняет, что правильное формирование эмоциональной сферы в психике учащихся младших классов не только способствует возникновению мотивов обучения и полноценному участию в познавательной деятельности, но и повышает адаптацию к условиям обучения и полную социализацию.

ABSTRACT

This article describes the pedagogical and psychological characteristics of children with mental retardation of primary school age, the work of scientists who studied them, the types and causes of developmental disorders. The features of the formation of the emotional sphere of such children, the stages of development and its impact on academic performance are considered.Reveals the features of the emotional development of children with mental retardation and children with normal development. Emotions help to form a person correctly. They encourage a person to act, help overcome difficulties in study, work, creativity. Emotions and feelings often determine a person's behavior, the setting of certain life goals. The presence of gross changes in the emotional sphere in children with mental retardation contributes to the formation of a psychopathological character, its new negative qualities, which makes it difficult to correct a mental defect. The author understood that emotional disorders in the psyche of younger schoolchildren interfere with their development and do not allow them to participate adequately in cognitive activity, make it difficult to adapt to learning conditions and full socialization.

 

Түйін сөздер: эмоция, кіші мектеп оқушысы, психикалық дамуы тежелген, эмоционалдық сфера.

Ключевые слова: эмоция, начальный класс, задержка психического развития, эмоциональная сфера.

Keywords: emotion, primary school age, mental retardation, emotional sphere.

 

Кіріспе. Қазіргі таңда өсіп келе жатқан жас ұрпақтың білімі мен тәрбиесінің көрсеткіші үздіксіз білім берудің маңыздылығын айқындайды. ҚР Білім туралы заңында білім беру деңгейлерінің сабақтастығын қамтамасыз ететін білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ете отыра, әрбір адамның зияткерлік дамуы, психикалық-физиологиялық және жеке ерекшеліктері ескеріле отырып, халықтың барлық деңгейдегі білімге қолжетімділігі қарастырылуы тиіс делінген.[1] Үнемі өзгеріп отыратын ғылым мен білім саласындағы көптеген зерттеулердің көрсеткіштеріне сүйенетін болсақ, психикалық дамуы тежелген балалардың жан-жақты дамуына оларда кездесетін түрлі бұзылыстар мен даму ерекшеліктерін ескере отырып қана қол жеткізуге болады және осының негізінде білім алу мен оқытуға жағдай жасалады. Мектептегі бастауыш сыныптың мемлекеттік білім беру стандарты аясында әрбір бала әлеуметтік мінез-құлық, үлкендермен және құрдастарымен қарым-қатынастың өнімді формалары, бейвербалды ақпаратты адекватты түрде қабылдау дағдыларын дамытуға бағытталған арнайы құзыреттерді меңгеруі керек.[2] Сондықтан психикалық дамуы тежелген кіші мектеп жасындағы балаларды тәрбиелеуде мұндай құзыреттіліктерді дамыту тікелей эмоционалды сфераны қалыптастыруға негізделуі қажет. Бастауыш сыныпқа қадам басқан әрбір ерекше білім беруді қажет ететін баланың, алдымен әлеуметтік статусы өзгереді, қоршаған ортамен, айналадағылармен қарым қатынасы кеңейеді, жүйелі білім беру үрдісіне тап болады және бұл оның болашақ өмірінің негізгі баспалдағы ретінде көрініс табады. Осы орайда әрбір баланы жеке тұлға ретінде қабылдай отыра, олардың түрлі ерекшеліктеріне қарамастан, оларды кез келген ортаға бейімдеп, эмоционалды тұрақтылығын және тұлғалық өсуін қамтамасыз ету арнайы педагогтың міндетіне жүктелмек.

Психикалық дамуы тежелуінің алғашқы клиникалық классификациясын 1967 жылы Т.А. Власова және М.С. Певзнер ұсынған болатын [3]. Осы классификация бойынша психикалық дамудың тежелуін екі нұсқаға бөліп қарастырады. Оның біріншісі психикалық және психофизикалық инфантилизммен байланысты болады, ол жағдайда эмоционалдық-еріктік сфераның дамуының артта қалуы және балалардың жеке жетілмегендігі бірінші орында байқалады. Екінші, психикалық дамуы тежелуін когнитивті бұзылыстардағы тұрақты церебральды астениямен байланыстырады, ол зейіннің бұзылуымен, алаңдаушылықпен, шаршағыштықпен, психомоторлық қозғыштықпен сипатталады.

М.С.Певзнер орталық жүйке жүйесіндегі шамалы органикалық өзгерістер мен эмоционалды-еріктік сфераның жетілмегендігін дұрыс терапиялық және түзету тәрбие жұмыстарының арқасында оң нәтижеге жетуге болады деп есептеді[3].

Психикалық дамуы тежелуінің негізгі классификациясын 1980 жылы К.С. Лебединский енгізді [4]. Ол әдебиетке этиопатогенетикалық классификация ретінде енді. Осыған сәйкес психикалық дамуы тежелуінің конституционалды, психогенді, соматогенді, церебралды-органикалық деп төрт негізгі түрге бөліп қарастырады. Біздің жүргізген зерттеулеріміздің нәтижесінде психикалық дамуы тежелген кіші мектеп жасындағы балалардың арасында дәл осы церебралды органикалық түрі жиі кездесетініне көз жеткіздік.

Қоғамның қазіргі дамуының осы кезеңінде психикалық дамуы тежелген балалардың саны күннен күнге көбеюде, осыған сәйкес мінез-құлық ерекшеліктері мен пайда болу себептері де, оған қоса бұзылыстарды анықтау мен түзету жолындағы түрлі әдіс-тәсілдердің көлемі де ұлғаюда. Зерттеулер көрсеткендей мұндай балалардың саны әрбір 100ші баланың 12(14)-17(20) шамасына жуықтайды. Мұндай көрсеткіш бір орында тұрмайды және ол үнемі көбею үстінде, оның нақты және объективті себебін төмендегідей бөліп қарастыруға болады:

Біріншіден, бүкіл әлем бойынша ана мен бала денсаулығының нашарлауы;

Екіншіден, әлемдегі экологиялық жағдай және химиялық түрлендірілген азық-түлік өнімдерінің біздің өмірімізге енуі;

Үшіншіден, дифференциалды диагностика теориясы мен тәжірибесінің жетістіктері балалық шақтағы бұл бұзылысты кең ауқымда дәлірек табуға және зерттеуге қаншалықты мүмкіндік бере алатынына байланысты.

Осыған орай психикалық дамуы тежелген балалар санының көбеюі педагогтар мен психологтардың алдында білім берудің жаңа әдістері мен құралдарын іздеу және осы санаттағы кіші мектеп балаларын оқыту міндеттерін қояды.

Психикалық дамуы тежелуінің церебралды органикалық бұзылысы кезінде балалардың көбінесе эмоционалды-ерікті сферасының және танымдық белсенділігінің бұзылуының жарқындығы мен тұрақтылығы айқын көрініс табады.  Әдебиеттерде дәл осы түрдегі психикалық дамуы тежелген балалардың эмоционалды-еріктік сферасының қалыптасуы ойын әрекетінің когнитивтік қызығушылықтардан басым болуымен, эмоционалдық тұрақсыздық пен тез ашушаңдығымен, өзінің іс-әрекетін басқара алмауымен, ақыл-ой күш-жігерін қажет ететін тапсырмаларға теріс көзқарас танытуымен ерекшеленетінін айқындайды [5, 392-б.].  

Соңғы кездері педагогика мен психологияда мұндай бұзылысы бар балалардың эмоционалдық сферасын зерттеу жұмыстары қарастырыла бастады, өйткені дәл осы эмоционалды сфераның дұрыс қалыптаспауы кіші мектеп оқушысының оқуға дайындығын тежейді десек те болады. Міне, сондықтан да психикалық дамуы тежелген кіші мектеп оқушысының эмоционалдық сферасын дер кезінде анықтап, қалыптастыру ерекшеліктерін зерттеу аса маңызға ие. Осы себепті психикалық дамуы тежелген балаларды оқыту мен дамытуға байланысты арнайы әдістемелік нұсқаулықтарды әзірлеу қажеттілігін тудырады.

Материалдар мен әдістер. Эмоционалды сфераны қалыптастыру бойынша психологиялық-педагогикалық жұмыс келесі кезеңдерді қамтиды: диагностикалық, түзете-дамытушылық және консультативті-ағартушылық жұмыстар. Диагностиканы жүргізу барысындағы көрсеткіштердің критерийлері Е.И. Изотова еңбектеріне сәйкес таңдалды [6,21-б.], оның ішінде эмоционалды күйлерді адекватты қабылдау ( көрсеткіш ретінде – негізгі эмоционалдық күйлерді қабылдау, эмоционалды белгілерді анықтау және атау: мимика, ым-ишара және дыбыстық) және эмоционалды көріністердің сипаты (көрсеткіш ретінде – балаларда эмоционалдық көріністердің болуы, эмоционалды мазмұнның экспрессивті белгілерін ажыратуы). Эмоционалды сфераның даму деңгейлері осы критерийлер мен көрсеткіштердің негізінде көрініс табады.

Эмоционалды сфераның қалыптасу деңгейі бірнеше көрсеткіштердің нәтижесі арқылы айқындалады (1кесте). Сол көрсеткіштер арқылы баладағы өзінің ішкі эмоцияларын сыртқа көрсете алу немесе басқалардың эмоцияларын түсіне алу деңгейін болжай аламыз.

Кесте 1.

Сфераның қалыптасу деңгейінің көрсеткіштері

Жоғары (оңтайлы)

Бала эмоционалды экспрессивті жағдайды таниды, біледі оның сыртқы көрінісінің белгілерін сипаттайды. Жауаптар толық эмоционалдық мазмұнына сәйкес келеді.

Орташа (қолайлы)

Эмоциялар туралы түсініктері жартылай қалыптасады. Эмоционалдық күйлерді анықтауда қателіктер жібереді. Жауаптар эмоционалдық мазмұнға ішінара сәйкес келеді.

Төмен (сыни)

Бала негізгі эмоционалдық күйлерді атамайды, эмоционалды сфераның кейбір күйлерін танымайды, суреттерге, сызбалар мен кескіндерге қарап, олардың сыртқы ерекшеліктерін сипаттай алмайды. Жауап эмоционалдық мазмұнға сәйкес келмейді.

 

Бастапқы зерттеу сараптамалары, түзету процесінде ағымдағы бақылау жұмыстары, тағы да басқа атқарылатын жұмыстар бойынша диагностикалық кезең барысында баланың динамикасын бақылауға мүмкіндік туады. Жүйелі түрде жүргізілген диагностика анықталған кемшіліктерді бақылауға және түзетуге мүмкіндік береді [7,38-б]. Осы мақсатта психикалық дамуы тежелген баланың эмоционалды сферасын зерттеуге арналған бірқатар диагностикалық әдістер таңдалып алынды. Олар:«мектепке дейінгі және кіші мектеп жасындағы балалардың эмоционалдық күйлерді тану қабілетін зерттеу» (Л.Ф. Фатихова, А.А. Харисова), «баланың эмоционалды сферасын зерттеу» (В.М. Минаева), «адамның бет-әлпетіне қарап эмоцияны анықтау әдістемесі» (Л.Ю. Субботина).

Нәтижелер және талдау. Ғылыми зерттеу жұмыстары №147 және №172 гимназия мектептерінде жүргізілді. Анықтаушы эксперимент жүргізу барысында 7-9 жас аралығындағы психикалық дамуы тежелген 18 бала алынды. Әрбір баланың жас және жеке ерекшеліктерін ескере отыра, жоғарыда атап өтілген әдіс-тәсілдерді жүйелеп, әр балаға жеке тапсырмалар беру арқылы диагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргіздік. Мәселен, Л.Ф. Фатихова, А.А. Харисованың әдістемесінің жүргізілу барысына талдау жасаймыз. Бұл әдістің мақсаты қарым-қатынас барысында басқалардың эмоционалды күйін қабылдау және талдау арқылы басқаларға деген эмпатиялық қабілетін зерттеу [8, 80-б.] . Бұл әдіс 3топқа бөлінген тапсырмалардан тұрады.

  1. белгілі бір эмоционалдық күйді бейнелейтін 6 портреттік сурет, атап айтқанда: 1) қуаныш; 2) ашу; 3) қайғы; 4) қорқыныш; 5) тосын сый; 6) жан тыныштығы (ұлдар мен қыздарға арналған жеке жиынтықтар);
  2. кейіпкерлер белгілі бір эмоционалдық күйді білдіретін 12 сюжетті сурет (жоғарыда көрсетілген эмоционалдық күйлердің әрқайсысына 2 суреттен);
  3. Сюжетті суреттер үшін 12 әңгіме.

Бірінші топтағы тапсырмалар бойынша психикалық дамуы тежелген балалрдың басым көпшілігі тек негізгі эмоциялық күйлерді ажырата алатындығын анықтадық. Мұндай балалар ашу, мұңайу сияқты күйлерді дұрыс анықтай отырып, қуаныш (көңілді) және қорқыныш эмоцияларын дұрыс немесе шамамен дұрыс атай отырып, бірінші қатардағы тапсырманы жақсы орындады. Таңдану және тыныштық сияқты эмоционалдық күйлерді анықтауда қиындықтар туындады. Бұл екі күйді де балалар «жақсы», «көңілді», «мейірімді» деп анықтады. Екінші топтағы тапсырмалар бойынша мұндай балалар күрделі эмоционалдық күйлерді анықтауда және басқа адамның эмоциясын түсіне алу қабілеті бойынша төмен және орташа көрсеткішті көрсетті. Яғни олар белгілі бір эмоционалдық күйді тудыратын ситуациялардың себептерін түсіндіре алмайды. Үшінші топтағы тапсырмалар бойынша сюжетті суреттерді әңгімелеуде қиындықтар кездесті, бала көбінде үлкендердің көмегін қажет ете отырып, эмпатиялық қабілетті танытуы төмен деңгейді көрсетті. Ол дегеніміз мұндай балалар сөздерді және мимиканы қолдана отырып өзінің эмоционалды күйлерді сезінуін, эмоционалды мазасыздық күйін айтып жеткізе алмайды.

Фатихова Л.Ф. әдісі бойынша анықтаушы эксперименттің нәтижесінде балалардың 70% эмоционалды сфераның қалыптасуының төмен деңгейін, қалған 30% орташа деңгейді көрсетті. Бұл көрсеткіштерге сүйенетін болсақ, психикалық дамуы тежелген кіші мектеп оқушыларының өнімділігі төмен екендігін, бұл балалардың жартысында стресстік реакциялардың ауырлығымен және жағымсыз эмоциялардың үстемдігімен байланыстылығын анықтаймыз. Кейбір оқушылардың эмоционалды көріністері тұрақсыз және кенет өзгерістерге ұшырайды. Мінез-құлқында агрессивтік элементтер кездесті. Зерттеу нәтижелеріне сүйене отырып, психикалық дамуы тежелген кіші мектеп жасындағы балалардың эмоционалды сферасын қалыптастыру бойынша мақсатты және жүйелі түрде түзету жұмыстарын жүргізу қажеттілігін туындайды.

Түзете-дамытушылық кезең бойынша психикалық дамуы тежелген кіші мектеп оқушысының эмоционалды сферасын қалыптастыруға байланысты әр түрлі ертегілерді бейнелі рөлдік ойын арқылы көрсету көзделді. Мақсаты мимиканы, пантомимикалық, сөйлеу моторикасын, ым-ишараны дамыту сияқты эмоцияны көрсету тәсілдерін үйрету болып табылады. Сюжеттік рөлге кірмес бұрын, кіріспе ретінде түрлі эмоционалды күйлерді сыртқа шығаратын ойындар ұйымдастырылды. Мұндағы негізгі мақсаты балалардың мәтінді қабылдауға дайындықтарын, көңіл-күйі мен қызығушылықтарын оята отырып эмоционалдық сезім тудыру болды. Негізгі бөлімдегі сұрақтар балалардың жас ерекшеліктері мен және олардың алдыңғы жинақтаған білім қорымен анықталды. Бұл кезеңде мынадай тәсілдер қолданылды:

  1. Тақырыпқа байланысты жұмбақтар, өлеңдер оқу, сюжетті суреттерді көрсетеміз.
  2. Ертегіні оқу. Балалар тыңдауға шақырылады, ертегінің аты хабарланады. Ертегі эмоционалды түрде балаларға түсінікті әрі жеңіл айтылады.
  3. Оқыған ертегі бойынша әңгімелесу. Балаларға сұрақтар қойылады және оқылған материалдағы оқиғалар есте сақтау үшін суреттерді ретімен көрсетеміз.
  4. Ертегіні рөлдік бейнелі образда ойнау. Балалардың жас және жеке ерекшеліктеріне, қызығушылық танытуына байланысты рөлдерді бөліп береміз. Психикалық дамуы тежелген балалар шынайы эмоцияда болып, босаңсуы үшін біз сабақтарымызға эмоционалдық, сенсорлық және сөйлеу тәжірибесін байытуға қатысты арнайы ойындар мен жаттығулар енгіздік.

Қорытынды. Арнайы білім беру жағдайында психологиялық-педагогикалық жұмыстар теориялық және практикалық сипатта болады [8, 360-б.]. Бірінші жағдайда консультативті-ағартушылық жұмыстар бойынша ата-аналар мен мұғалімдерді психикалық дамуы тежелген баланың эмоционалдық сферасының ерекшеліктері туралы ақпараттандыру, балалардың эмоционалдық дамуындағы ауытқулардың алдын алу, эмоционалды-экспрессивті ауытқулардың, белгілердің себептері, олардың пайда болуын, одан әрі дамуының салдарын көрсету. Баланың дамуы (эмоционалдық, физикалық, ойын және т.б.) жақын адамдарымен тұрақты және әр түрлі қарым-қатынас пен өзара әрекеттесуі нәтижесінде жүзеге асады [9, 9-б]. Әрбір жас кезеңінде бала үшін ата-ана ең жақсы тәрбиеші болып табылады.

Екінші жағдайда баланың эмоционалдық күйін тану әдістерімен танысып, эмоционалды тапсырмаларды бірлесіп орындауға арналған әдістемелік нұсқаулықтар әзірлеп, түзете-дамыту шараларын іске асыру қажет. Дамудың сезімтал кезеңдерін ескере отырып, дамудағы артта қалушылықты психологиялық-педагогикалық тұрғыдан ерте анықтап, түзету шараларын дер кезінде іске асыру арқылы баланы қолдап отыру қажет. Ол үшін кез келген бастауыш білім беру процесінде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі жүйелі түрде ұйымдастырылып, баланың эмоционалдық сферасын қалыптастыруға арналған арнайы әдіс-тәсілдер қоры жинақталуы тиіс.

Осылайша жүйелі түрде ұйымдастырылған жұмыстың нәтижесінде жағымды эмоционалды сфераны қалыптастыру арқылы баланың жан жақты дамуына және оның қоғамда табысты қызмет етуіне зор ықпалын тигізе аламыз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319 Білім туралы Заңы, 3бап.
  2. «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы.
  3. Т. А. Власова М. С. Певзнер «О детях с отклонениями в развитии» Москва, 1967ж
  4. Лебединская К. С. Актуальные проблемы диагностики задержки психического развития детей. - М., 1982.
  5. А.П. Жавнерко «Особенности понимания эмоций детьми с задержкой психического развития младшего школьного возроста в контексте социализации эмоций». Казанский педагогический журнал, №2, том2, 2016
  6. Изотова Б. И., Никифорова Е.В. Эмоциональная сфера ребенка: Теория и практика. – М.: Академия, 2004.
  7. А. Н. Аутаева «Психикалық дамуы тежелген балалардың сөздегі дыбыстық-буындық құрылымын дамытудың тиімді жолдары» Абай атындағы ҚазҰПУ, Хабаршы-Вестник, «Арнайы педагогика» сериясы 69 (2), 2022.
  8. Фатихова Л.Ф. Диагностический комплекс для психолого педагогического обследования детей с интеллектуальными нарушениями. Уфа: ИЦ Уфимского филиала ГОУ ВПО «МГГУ им. М.А. Шолохова», 2011.
  9. Ерсарина А.К., Куттыбаева Ж.К., Токарева А.Н. «Опыт применения семейно-центрированного подхода в работе с детьми раннего возраста с особыми потребностями». Абай атындағы ҚазҰПУ, Хабаршы-Вестник, «Арнайы педагогика» сериясы, №4(59), 2019.
Удалить статью(вывести сообщение вместо статьи): 
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

Оставить комментарий

Форма обратной связи о взаимодействии с сайтом
CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.