Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 24(320)

Рубрика журнала: Педагогика

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5

Библиографическое описание:
Абитова С.М. ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕР – БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАЛЫ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 24(320). URL: https://sibac.info/journal/student/320/382394 (дата обращения: 14.07.2025).

ИНТЕРБЕЛСЕНДІ ӘДІСТЕР – БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ТАНЫМДЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІН АРТТЫРУДЫҢ НЕГІЗГІ ҚҰРАЛЫ

Абитова Сабина Мұзафарқызы

студент, педагогика факультеті, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті,

Қазақстан, Қарағанды қ.

АННОТАЦИЯ

Қазіргі білім беру жүйесінде оқушылардың танымдық белсенділігін арттыру – білім сапасын жақсартудың басты бағыттарының бірі болып отыр. Әсіресе, бастауыш сынып – оқушы тұлғасының қалыптасуы мен танымдық қабілеттерінің дамуына негіз болатын маңызды кезең. Осы жастағы балалардың оқу процесіне деген қызығушылығын ояту, белсенді әрекетке тарту – мұғалімдер алдында тұрған өзекті міндеттердің бірі. Бұл мақсатқа жетуде дәстүрлі оқыту әдістері жеткіліксіз бола бастағандықтан, оқытудың интербелсенді әдістерін қолдану қажеттілігі туындайды. Осы тұрғыдан алғанда, интербелсенді оқыту тәсілдерінің бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттырудағы рөлі – педагогика ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі.

 

Кілт сөздер: интербелсенді оқыту, танымдық белсенділік, жигсо әдісі, INSERT әдісі, рөлдік ойындар, миға шабуыл, ойлан–жұптас–бөліс, дебат, пікірсайыс, топтық ынтымақтастық, коммуникативті дағдылар.

 

Интербелсенді оқыту – бұл білім алушы мен мұғалімнің, сондай-ақ оқушылардың өзара әрекеттесуіне негізделген, диалог пен бірлескен жұмыс арқылы жүзеге асатын оқыту әдісі. Мұндай оқытуда оқушылар тек тыңдаушы немесе бақылаушы рөлінде болмай, оқу процесінің белсенді қатысушысына айналады. Яғни, олар өздігінен ізденіп, талдап, сұрақ қойып, пікір білдіріп, топпен немесе жұппен жұмыс істеп, білімді бірлесіп құрастырады. Мұндай өзара әрекет барысында оқушылардың танымдық белсенділігі артады, өз ойын еркін жеткізу, дәлелдеу, салыстыру, қорытынды жасау дағдылары дамиды [1].

Оқытудың мұндай белсенді сипатта болуы жайлы ежелгі Қытай данышпаны Конфуцийдің «Маған айтып берсең – ұмытамын, көрсетсең – есімде сақтаймын, өзіме істетсең – үйренемін» деген сөзі осы әдістердің негізін сипаттап бергендей. Бұл қағида оқушының оқу әрекетіне тікелей араласуы арқылы ғана білімнің терең әрі тұрақты меңгерілетінін білдіреді. Демек, интербелсенді оқыту әдістері – Конфуций айтқан тәжірибелік, әрекеттік білім алуға мүмкіндік беретін тиімді жол [4].

Интербелсенді оқыту барысында қолданылатын әдістердің түрлері алуан түрлі. Олардың қатарына «Жигсо», «Инсерт», «Рөлдік ойындар», «Миға шабуыл», «Балық қаңқасы», «Дебат», «Пікірсайыс», «Ойлан – жұптас – бөліс» сияқты стратегиялар жатады. Мәселен, мәтінмен жұмыс істеу барысында қолданылатын INSERT әдісі – мәтінмен жұмыс жасау барысында оқушылар ақпаратты белгілі, жаңа, қызықты және түсініксіз деп белгілеп, оқу процесіне саналы қатысады. Бұл әдіс арқылы балалар тек оқып қана қоймай, мәтінге деген көзқарасын білдіреді, оның мазмұнын саралап, тұжырым жасайды.Сондай-ақ, топтық ынтымақтастыққа негізделген Жигсо әдісі де бастауыш сыныпта жоғары нәтиже береді. Бұл әдісте әр оқушы белгілі бір тақырып бөлігін меңгеріп, оны өз тобына түсіндіреді. Мұндай тәсіл балалардың жауапкершілік сезімін арттырып, өз ойын жүйелі жеткізе білуге баулиды. Сонымен қатар, бұл әдіс сабақ барысында пікір алмасуға, бір-бірінен үйренуге, ұжымдасып жұмыс істеуге мүмкіндік береді [1].

Оқу әрекетін жандандыратын келесі тиімді тәсіл – рөлдік ойындар. Бұл әдіс арқылы оқушылар белгілі бір жағдаятқа еніп, түрлі рөлдерде әрекет етеді. Мысалы, мұғалім мен оқушы, сатып алушы мен сатушы, дәрігер мен науқас рөлдерін ойнау арқылы балалар өмірлік жағдаяттарды меңгеріп, сөйлеу мәдениетін дамытады, қарым-қатынас жасауға бейімделеді. Рөлдік ойындар оқушының тек танымдық емес, эмоционалдық және әлеуметтік дағдыларын да қалыптастырады.

Сонымен қатар, бастауыш буында жиі қолданылатын «Ойлан – Жұптас – Бөліс» әдісі оқушылардың ойлау дағдыларын белсендендіріп, өз пікірін еркін жеткізуге мүмкіндік береді. Мұндай әдістер баланы өздігінен ойлауға, қорытынды жасауға және салыстыруға жетелейді. Бұл әдіс арқылы балалар берілген сұраққа жеке ойланып жауап іздейді, кейін жұптасып пікір алмасады және соңында сыныппен бөлісіп, ортақ пікірге келеді. Мұндай әрекет баланың танымдық белсенділігін арттырумен қатар, өз ойын дәлелдеп, тыңдай білу қабілетін де дамытады. Оқыту процесінде осындай әдістерді жүйелі қолдану оқушылардың оқу материалын терең меңгеруіне, білімге деген қызығушылығының артуына, сөйлеу мәдениетінің қалыптасуына септігін тигізеді. Бұл әдістер арқылы балалар өз ойларын дәлелдейді, тыңдайды, сұрақ қояды, жаңаша ойлау мен шешім қабылдауға машықтанады. Мұғалім бұл жағдайда бағыттаушы, ұйымдастырушы рөлін атқарып, оқу әрекетінің барысына жағдай жасайды [3].

Қорытындылай келе, интербелсенді оқыту әдістері – бастауыш сынып оқушыларының танымдық белсенділігін арттыруда маңызды рөл атқаратын, білім алушыны тұлға ретінде дамытуға ықпал ететін тиімді педагогикалық құрал. Мұндай әдістер арқылы балалардың логикалық ойлауы, сөйлеу мәдениеті, шығармашылық қабілеті, ынтымақтастықта жұмыс істеу дағдысы дамиды. Бұл қазіргі білім беру жүйесінің алға қойған мақсаттарына толықтай сай келеді. Сондықтан интербелсенді әдістерді сабақта кеңінен қолдану – оқушының білімге деген ынтасын оятудың, оның оқу үдерісіндегі белсенділігін арттырудың басты кепілі болып табылады.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Губайдуллина Г.Н. Педагогиканы оқыту әдістемесі. – Алматы, 2011. – 122–123 б.
  2. Айқынбаева Г.М. Заманауи білім. – 3-шығарылым. – С. 4–5.
  3. Бастауыш сынып оқушыларының сабақтан тыс жұмыстар арқылы танымдық қызығушылығын қалыптастырудың өзекті мәселелері. – Монография. – 2011. – №2. – 6–7 б.
  4. Әлімов А.Қ. Оқытудағы интербелсенді әдіс-тәсілдер: оқу құралы. – Алматы, 2014. – 137–140 б.

Оставить комментарий