Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 26(280)
Рубрика журнала: Педагогика
Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3
Ы. АЛТЫНСАРИН ШЫҒАРМАЛАРЫН ОҚЫТУ АРҚЫЛЫ БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ ОҚУ ДАҒДЫЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ
АННОТАЦИЯ
Бұл мақалада Ы.Алтынсарин тұлғамыздың болашақ жас ұрпаққа асыл қасиеттерді, тәрбиелік мән мен адами құндылықтарды дәріптеу болып табылады. Ұлы ағартушының тәрбиелік дана қасиеттері әр жас жеткіншектің бойынан табылу керек деп ойлаймыз.
Түйінді сөздер: мотивация, тәрбие, ағартушы, ынталандыру, қасиет.
Кіріспе
Ұлы ағартушы дарқан дарынды Ы.Алтынсарин елім деп еңіреп туып, қазақ ұлтының тәлім-тәрбиелік асыл қасиеттерін айқын зерттеп, сол арқылы халықты кемелдендіру жолдарын іздеп тауып, халық ағарту ісінің болашағына жолбасшы болды.
Ы.Алтынсарин қазақтан шыққан тұңғыш ағартушы, халық педагогикасын қазақ арасынан алғаш қағазға түсіріп, жинастырған,білім дәрежесінде қалыптастырған адам.
Оқу іс-әрекеті үрдісінің негіздерін қажырлы еңбектерімен қастерлеп қалаған Ыбырай өзі аса зор сеніммен бастаған ұлағатты ұстаздық еңбектерінің бастау бұлағы ұстаздықтың даналық дариясына айналғанын өскелең ұрпақ көрсетіп отыр. Ендігі ұрпақ сол игілікті істің керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктете беруге міндетті.
Ы.Алтынсарин әрбір өскелең жас ұрпақтың бойында адамгершілік, имандылық,парасаттылық, қайраттылық секілді асыл қасиеттер болғанын қалады. Ыбырай жақсы тәрбиеші ғана емес, озық-ойлы, тәжірибелі ұстаз еді. Ол кез-келген пәннің ғылыми және практикалық негізінде оқытылып, ақыл ойы мен сезім дүниесіне әсер етуін баса айтты.
Ыбырай Алтынсарин шығармаларының құндылығы өте жоғары болып табылады. Оның әдеби, шығармалары және мақалалары қазақ халқының көптеген қалыптасушылық, философиялық ерекшелеріне жоғары көмек көрсетеді. Ол қазақ өнері мен мәдениетіне білім беру арқылы көмектесіп келген. Ы.Алтынсариннің шығармалары білімге, адамгершілікке, мемлекеттік басқарудың нысандарымен кәсіби деңгейде жетілуіне толықтай қолдау көрсетті.
Ұлы тұлға қазақ балаларын дарынды тұрғысынан зерек етіп бейнелейді. Өмірдегі қатал тағдыры, еңбекші отбасында өскен қазақ балаларының ақыл-ойына әсер етті, тапқырлығы, білуге құмарлығы жетілді. Қазақ балаларының оқитын шығармалары шиеленіскен, қисынды немесе күшті қарама-қарсылық болса, міне, осындай мазмұндағы әңгімелерді жақсы көрді. Өз тіліндегі қарапайымдылық, дәлдік, жинақтылық, батырдың басындағы күйініш, сүйініш, мұндай әңгімелерінде талапты ақылмен, жігерлілікпен алға қойған мақсатын жеңіп шығу жолында шиеленісіп жатады [5, 76 б].
Ы..Алтынсарин өз заманының адамы болатын және ол саяси мәселелерден алыс, тек елге қызмет ете отырып, қазақ халқына пайда келтіруді ойлайтын.
Ағартушы-педагог Ы..Алтынсариннің бастауыш сынып оқушыларына арналған “Қырғыз хрестоматиясында" халық ауыз әдебиеті үлгілері, шағын әңгімелер, мақал-мәтелдер және ертегі-аңыздар оқушының дүниетанымын кеңейтіп, ой-өрісін дамытып, ,адамгершілікке тәрбиелейді. Хрестоматияға енген материалдар оқушыларды адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, әділдікке, туған елін, жерін, табиғатын сүюге баулиды. Біздің көзқарасымыз бойынша ағартушының шығармалары бүгінде өміршеңдігімен бастауыш сынып оқушыларының тұлға ретінде қалыптасуына өзіндік әсерін тигізуде.
Ыбырай Алтынсарин алғаш халық мұрасына, салт-дәстүріне, ұлттық ерлік және жауынгершілік тәрбиесіне мән бере отырып, өзінің алғаш “Қазақ” хрестоматиясы оқулығында “Қобыланды батыр” жырынан “Қобыланды және Тайбурыл” деген атпен үзінді енгізген. Осыдан келіп қазақ халқы тек батырларын ғана құрметтеп қоймаған, сонымен қатар батырлардың серігі, астына мінген аттарының қасиеттерін жақсы суреттеген [2, 146 б].
Ыбырай балалар әдебиеті тақырыбына жазылған орыс классиктерінің шығармаларын қазақ тіліне аударды, оларды жас ұрпақтарымызға үлгі етіп ұсынды. Бұл қазақ халқы үшін, әсіресе, оның жас ұрпақ балалары үшін аса игілікті іс, жаңа бастама еді. Л.Н.Толстойдан «Силинчі ханым», «Мүңсыз адам», «Данышпан қазы», «Жамандыққа жақсылық», «Үш ұры», «Айуанның естісі көп, бірақ адамдай толық ақылы жоқ» әңгімелерін, К.Д.Ушинскийден «Үнді», «Сауысқан мен қарға», «Түлкі мен ешкі», «Қарға мен құрт» әңгімелерін, И.И.Паульсоннан «Әдеп», «Әдеп», «Алтын шеттеуік», «Дүние қалай етсең табылады», «Тәкаппаршылық», «Аурудан аянған күштірек», «Бір уыс мақта», «Тышқанның өсиеті» әңгімелерін аударды. Бұларға қоса Паульсонның оқулығынан И.А.Крыловтың «Қарға мен түлкі», «Жапан даладағы адам» (аудармада «Ақымақ дос») мысалдарын, Шмиттің, Дальдің бірнеше әңгімелерін аударды т.б. [1, 18 б].
Ұлттық тәлім-тәрбие құралы негізінен әдебиет екенін айқындап бағалай білген ұстаз өзінің тәлім-тәрбие жұмыстарына ауыз әдебиетінің таңдаулы үлгілерін пайдаланып, тәрбие құралы ретінде ондаған әңгіме жазды. Әдебиетті ұлттық тәрбиеге кеңінен пайдалану үшін Ыбырай бастауыш сынып балаларының жаттап алуына лайықты өлеңдер жазды, балалар қызығып оқитын қызықты қысқа әңгімелер жазды. Бұл ұлттық педагогиканың әдістемелік құралы екенін көрсетеді.
Халқымыз «Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді» деген. Ана тілін жетік меңгерген балада ұлттық психологияның қалыптасуы сөзсіз.
Қазіргі таңда төменгі сынып оқу бағдарламасы бойынша Ы.Алтынсариннің әңгіме шығармаларының бір шамасы оқу құралдарына енгізілген. Мысал келтіріп талдайтын болсақ:
Бастауыш сыныптағы оқулығындағы «Кел, балалар оқылық!» өлеңі жастарды оқуға, білім алуға шақыру үлгісінде жазылған. Өмірдегі сарқылмайтын мол байлық - білім екендігін айта келіп, білімге адамның қолы жету үшін, ерінбей оқу, қажымай еңбек ету керектігін түсіндіреді. Есті бала мен ессіз баланы қарама-қарсы қойып, жастарға кімнен үлгі алып, кімнен безу қажеттігін көрсетеді.
«Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш» әңгімесінде ең кішкентай жәндіктердің өзі тіршілік үшін тыным таппай еңбек етіп жүргендігін көрсете келіп оларды балаларға үлгі етеді. Қарлығаш, өрмекші құрлы жоқпысың, сен де еңбек ет, босқа жатпа! дейді.
Әдебиеттік оқу пәніндегі «Өнер-білім бар жұрттар» атты өлеңінде оқу, білім алудағы мақсат неде екенін кеңінен аша түседі. Өлеңнің негізгі ойы-қараңғы қазақ қауымына озық мәдениетті елдердің үлгі өнегесін көрсету. Оқудағы мақсат - ел билейтін әкім болу деп ұғатын ескішіл замандастарына қарама-қарсы Ыбырай жастардың білімді адам болғандағы мақсаты өз халқының бір керегіне жарау, оның игерілуіне жетекшілік жасау, өз елін «тастан сарай салдырып, айшылық алыс жерлерден көзіңді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» елдердің қатарына жеткізу деп білді [4, 240 б]. Келешекке сенімі мол Ыбырай арманын өзі орындай алмаса, жастар орындайды деп үміттенді. «Таза бұлақ» әңгімесінде адамның үш рухани дәрежесін көрсетеді. Өмірде ақылдылықты, парасаттылықты мақсат етуді үйретеді. Ыбырай Алтынсариннің “Өнер, білім бар жұрттар”, “Өзен”, “Әке мен бала”, “Өрмекші мен құмырсқа”, “Бай баласы мен жарлы баласы”, “Атымтай Жомарт” т.б .шығармалары бастауыш сынып оқушыларының адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға мол септігін тигізеді. Асқан ақыл мен үлкен парасат иесі болу үшін бұл дүниелік тар ой шеңберінен шығып шексіз әлемнің шетін көруге құштар көңілмен шындықты іздеу керек [3, 46 б].
Оқушылардың адамгершілігін қалыптастыруда оқулық материалдарын пайдаланудың маңызы зор. Адамгершілікке тәрбиелеу, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларына байланысты бұл мәселені шешуде оқулықтарда берілген материалдардың мазмұнының мәні айрықша. Ана тілі оқулығын саралау барысында адамдық пен адамгершілікке қатысты көптеген материалдар Отанға, елге, жерге арналған.
Бастауыш сынып оқушыларына Ыбырай Алтынсарин шығармалары арқылы адамгершілікке тәрбиелеуде осы аталған дәстүрлі оқыту әдістерінен басқа проблемалық әдіс, эвристикалық, зерттеу, монологтік әдіс, видео әдісін пайдаланудың маңызы ерекше.
Қорытындылай келе, балаларға арналған көркем әдебиет Ыбырай Алтынсарин жазғандай жасөспірімдерді өскелең мәдениетке жетелейтіндей өмір оқулығы Отаны үшін алысқан күрес құралы болуға тиіс. Бастауыш сыныптан бастап Ыбырай Алтынсариннің шығармаларының тәрбиелік жағын оқушыға баса түсіндіру ұстаздың міндеті деп білемін. Кеменгер ойшыл Ы.Алтынсарин «Халық үшін қызмет ететін білімді адамдардың көбейту арқылы қазақ қоғамының мешеулігін жоюға болады. Сондықтан жастардын жан дүниесіне үніле отырып оқытып, тәрбиелеу ісінен артық еш нәрсе жоқ» деген ұлағатты өсиетін жас ұрпаққа қалдырды.
Әдебиеттер тізімі:
- Алтынсарин Ы. «Екі томдық шығармалар жинағы» Алматы,2003 ж, 18 б.
- Алтынсарин Ыбырай «Қазақ хрестоматиясы» Алматы, 2003 ж, 146 б.
- Алтынсарин Ы. Таза бұлақ: Өлеңдер, әңгімелер, хаттар, очерктер, Алматы, “Жазушы”- 1988 ж, 46 б.
- Ы.Алтынсарин: Өнер-білім бар жұрттар, Құрастырған: С.Мақпыров, С.Мәмбетов, Алматы, 1991, 240 б.
- Дербісәлин Ә, «Ы.Алтынсариннің жазушылық қызметі туралы», Алматы 1958 ж, 76 б.
Оставить комментарий