Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 3(173)
Рубрика журнала: Педагогика
Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4
ЖАЗБА ҒЫЛЫМИ ЖАНРЛАРДЫҢ МӘНІ МЕН МАҒЫНАСЫ
THE ESSENSE AND MEANING OF WRITTEN SCIENTIFIC GENRES
Mamyrbaeva Asel
master student, Kazakh UIR and WL named after Ablai khan,
Kazakhstan, Almaty
Kunakova Klara
scientific adviser, Doctor of pedagogical science, Professor, Kazakh UIR and WL named after Ablai khan,
Kazakhstan, Almaty
ТҮЙIНДЕМЕ
Берілген мaқaлaдa педагогикалық шеберліктің жазба ғылыми стильге қатынасы баяндалады. Жазба ғылыми мәтін және оның ерекшеліктері талданады. Сонымен қатар жазба ғылыми мәтін жанрларының түрлері ажыратылады. Aвтoр «педагогикалық шеберлік» және «жазба ғылыми жанр» ұғымын бірлікте қарастырып, болашақ педагогтың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда мән мазмұнын айқындайды.
ABSTRACT
This article discusses the relationship between pedagogical skills and written scientific style. The written scientific text and its features are analyzed. There are also genres of written scientific texts. The author considers the concepts of "pedagogical skill" and "written scientific genre" in unison and determines the content of the formation of the professional competence of the future teacher.
Тiрек сөздер: жазба ғылыми жанр, кәсiби құзыреттiлiк, ғылыми стиль т.б.
Ключевые слова: written scientific genre, professional competence, scientific style, etc.
Қазіргі уақытта мемлекетіміздегі әлеуметтік-экономикалық және мәдени сфералардағы өзгерістер болашақ мұғалім тұлғасына көптеген кәсіби құзыреттіліктерді игеруін талап етеді. Білім беру процесінде туындайтын көкейкесті мәселелерін шешу үшін біліктілігі жоғары, психологиялық-педагогикалық салада және өзінің пәні аумағында жоғары құзіреттіліктерге ие, шығармашылық өнімді еңбекке қабілетті, педагогикалық еңбектің шебер мамандары қажет. Болашақ мұғалімнің педагогикалық қабілеттіліктері олардың педагогикалық еңбек ету қабілеттілігін «жетістікті педагогикалық қызметтің индивидуалды-психологиялық алғышарты, мұғалімнің кәсіби өсуінің стимуляторы» ретінде қарастырылады. Мұғалімнің педагогикалық шеберлігінің құрамы оның кәсіби жарамдылығымен; мұғалімнің қабылдай алу және іске асыруының кешенділігімен, жүйелілігімен, субъектілігімен сипатталатын кәсіби білімділігімен; мұғалім тұлғасының кәсіби-педагогикалық бағыттылығымен; дамыған педагогикалық қабілеттіліктерімен және ұшталған педагогикалық техникасымен сипатталады. Кәсіби шеберлігі жоғары педагог маманнан жазба ғылыми жанрлардың түрлерін ажыратып қана қоймай, ғылыми жұмыстар орындауда жоғары деңгейде сауатты жазба ғылыми мәтіндер дайындау жұмыстары күтіледі.
Жазба ғылыми жанр мәтіндері педагогтың ғылыми стильді терең меңгеруіне тікелей байланысты. Ғылыми стиль – зат не құбылыс ғылыми негізде сипатталып, дәлелдеуді қажет ететін стильдің бір түрі. Ал, пікір дұрыстығын дәлелдеу үшін ғылыми стильге нақтылық, логикалық, мазмұн дәлелділігі қажет. Ғылыми стильде сөйлемдегі сөздердің қалыпты орны, тіл нормасы қатаң сақталады. Яғни ғылыми стильде сөз көп мағыналы болып келмейді.Тек сөздің белгілі бір анықтамасы арқылы қолданылады. Сонымен қатар ол сөздің мағынасын ашу үшін де ғылыми стиль қолданылады. Ғылыми-стильдегі еңбектерге монография, оқулық, мақала, ғылыми есеп, диссертация, реферат, баяндама, тезистер, патенттер, т.б. жатады [1]
Орыс тіл білімінде ғылыми стиль тудыратын ғылыми мәтінді жанрлық түрлерге бөлу туралы көзқарастар бір арнаға тоғыспайды. Жанрлық топтастыру әрбір зерттеушінің қандай принциптерді негізге алатынына байланысты әрқалай топтастырылып жүр. Зерттеуші Т.Н. Мальчевская ғылыми мәтінді жанрға ажыратуда мынадай мәселелерге назар аударады: мазмұндау тәсілдері, мазмұнның нақтылығы мен абстрактілігі, мазмұндаудың ықшамдығы мен кеңдігі толықтығы, жинақтау деңгейлері, интеллектуалдық ақпараттың мақсаты мен міндеттері [2,106].
Ал Н.М. Разинкина жанрға қатысты үш факторды алға тартады. Олар: 1) құрылым формасы; 2) ақпараттың сипаты; 3) ақпараттың эмоционалдық бояуы. Осы факторларға сүйене отырып, ғылыми прозаның мынадай түрлерін ажыратады: 1) монография; 2) журнал мақалалары; 3) рецензия; 4) оқулық (оқу құралы); 5) лекция; 6) баяндама; 7) ақпараттық хабарлар (конференция, симпозиум, конгресс.т.б. туралы); 8) жарыссөз; 9) анықтамалық материалдар [3, 85].
Жоғарыда көрсетілген жазба ғылыми стильдің жанрларын саралай отырып, білікті педагог маман өз тәжірибиесінде өз саласына қатысты ғылыми мәтіннің барлық түрінен хабардар болуы қажет деп санаймыз. Тек маңызды жайт, болашақ педагог жазба ғылыми мәтін дайындауда оның адресатын ескеруі қажет. Ғылыми мәтін де өз қабылдаушысын (адресатын) тапқанда ғана жұртшылықпен (социум) қабылданады. Сөйтіп қана ғылыми мәтін өзінің зерттеу сипаты жағынан генетикалық байланыстағы көптеген тұтас мәтіндермен қоян-қолтық араласады, солармен бір мәнмәтінге (контекске) енеді, соның бір элементі ретінде қалыптасады [4, 32].
М.Сералиев жанр табиғатын белгілі бір функционалдық стильдің шағын түрлерімен бірлікте қарастыра отырып, таза ғылыми шағын стиль, оқулық-ғылыми шағын стиль және көпшілік ғылыми шағын стиль деп ажыратады [5,96]. Мұндай ғылыми тұжырымдар мәтіндерді әртүрлі белгілері бойынша жіктеуге мүмкіндік береді. Олар: 1) шығарманың көлемі; 2) мәтіндегі баяндау типтері; 3) мәтіннің кімге арналғандығы (адресат сипаты). Қазіргі зерттеулерде мәтін көлеміне орай бірнеше түрлері ажыратылады: ірі топ (монография, оқулық, лекциялар курсы т.т.), орта топ (баяндама, мақала, лекция т.т.), кіші топ (баяндама тезистері, аннотация, резюме, рецензия т.т.).
Ғылыми тілдің негізгі басты принциптері – ықшамдылық, дерексіздік, дәлдік болып табылады. Бұлар ойлаудың ғылыми типіне және мәтінді оны қабылдаушымен байланысына тән белгілер. Ғылыми мәтін авторы әрқашан өзі тақырып етіп алып отырған мәселені, яғни сөйлеу тақырыбын толық баяндап шығуға ұмтылады, алайда осы орайда авторлардың үддеден шығуы әр түрлі болып келеді. Ғылыми мәтінде рационалды бағыт үстем тұрады, ол өзінің кең көлемділігімен, талдап қорытушылығымен, логикалық құрылымымен ерекшеленеді.
Болашақ педагог маман үшін жазба ғылыми мәтіннің жанрларын ажырата білу және оқушысын ғылыми стильде жаздырып үйрете білу қабілеті аса маңызды. Себебі, бүгінгі заманның талабы техникалық прогресстің қарқынды дамуына байланысты сын тұрғысынан ойлай білетін, саналы, зерделі ғылыми ізденіске бейім тұлғаларды тәрбиелеу сынды маңызды міндеттерді алға тартады.
Әсіресе қазіргі таңда мұғалім мен оқушының ең бір жақсы меңгерген жазба ғылыми жанрларының бірі – ғылыми мақала. Ғылыми тілдің ең бір дамыған және еркін жанры – ғылыми мақала. Мақаланың еркіндік сипаты онда қамтылатын материал мазмұнының құрылымынан, мәтіннің логикалық ұйымдасу, коммуникативтік мүшеленуі тәртібінен, тақырыпты тандаудан көрінеді. Е.С. Троянская мақаланың жеті түрін көрсетеді: деректерді ықшам баяндау, ғылыми нәтижелерді кең баяндау, ғылыми-әдістемелік мақала, тарихи-ғылыми мақала, теориялық мақала, пікірталастық мақала, жарнамалық мақалалар [7, 115]. Р.С.Аликаев ғылыми мақалалардың аталған барлық түрлерін екіге бөліп қарайды: ақпараттық және концептуалдық [8, 82].
Соңғы жылдарда білікті педагог мамандардың бағыттауымен оқушылардың ғылыми зерттеу жұмыстарына қызығушылықтары артып, жас ізденушілердің ғылыми көпшілік қауымға біршама тұшымды ғылыми мақалалар жариялап жүргендігі байқалады.
Қазақ тілінде оқу-ғылыми шағын стилі жақсы дамыған. Ғылыми стильдің бұл түрінің негізгі жанрлары — оқулық, оқу құралдары, оқу мақалалары. Бұл үшеуі бір-бірімен тығыз байланыста, өйткені прагматикалық максаттары ортақ. Олардың басты бағдарлары оқу процесінің немесе оқу коммуникациясының мақсаты “үйретумен” (оқытумен) байланысты. Бұл жалпы мақсат өз кезегінде көптеген шағын міндеттерді құрайды: ақпаратты жеткізу мен бекіту, игеру, яғни қабылдаушыны оқу процесінің белгілі бір әрекетіне тарту, қабылдауды неғұрлым жеңілдету.
Ғылыми мәтінде сөз желісі логикалық жүйеге бағынады, өзара бірімен бірі байланысты арнаулы ақпараттар баяндалады, сөз сипаттау түрінде болып, дәлдікке ерекше мән берілді. Мұның өзі ғылыми мәтіннің мамандандырылған ақпарат беру//қабылдау жағынан өзге де коммуникацияның түрінен (көркем дискурс, публицистикалық дискурстан) ерекше екенін көрсетеді.
Тілші мамандар ғылыми мәтіннің маңызы жайында: «ғылыми мәтін түрлі авторлармен жасалады, әр түрлі мәселелерге арналады және ғылыми танымның түрлі деңгейінде көрініс табады. Ол тілдік жүйенің белгілі бір лексикалық және лексика-грамматикалық бірліктерінің жиынтығы. Кез-келген әдеби шығарма тәрізді ғылыми мәтін де оқырман үшін жазылады, сондықтан оқушы қауымның нәтижелі білім алуы - оның негізгі мақсаты. Мәтін үзіктерінің синтаксистік жағынан ұйымдасуы оның коммуникативтік мақсат-мүддесіне астарлас келіп, семантикалық-синтаксистік ұйымдасқан тұтас мәтін ретінде көрінуіне қызмет атқарады. Ғылым мазмұнының негізі – оқырман сезіміне емес, миға әсер ету және де ақпаратты нақты объект бейнесінде жеткізу. Бұған қарап ғылыми мәтіннің ғылыми қарым-қатынас аясындағы негізгі тілдік өнім екенін көреміз. Мәтінді тек автор туғызбайды, мәтін автормен адресаттың тілдік ойлауының өзара әрекеті. Сондықтан да, кез-келген мәтін коммуникацияның нәтижесі, әрі коммуникациялық бірлік болып табылады».
Ғалымдар педагогикалық шеберліктің құрамдастарын зерттей отырып, оның іргелі негізі мен маңызды компоненті мұғалімнің кәсіби білімділігі деген тоқтамға келген. Педагогтың кәсіби шеберлігі құрамындағы білімділік компоненті пән бойынша терең біліммен; психология мен педагогиканы жете меңгерумен; жалпы мәдени-танымдық білімдермен сипатталады. Мұғалім-шебердің кәсіби білімділігі ең алғашқы кезекте оның өз пәнін жақсы білуімен және сабақ берудің әдістемесін меңгеруімен тікелей байланысты. Қорыта келе, болашақ педагог маманның кәсіби құзыреттілігі жазба ғылыми жанр мәтіндерін игеруімен, оны кәсіби деңгейде қолдана алуымен бірлікте деп санаймыз.
Пaйдaлaнылғaн әдебиеттер:
- «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 б.
- Мальчевская Т.Н. Специфика научных текстов и принципы их классификации (на материале биологические текстов) // особенности: Методические пособие. Ч.І. - М.: Всесоюзный центр переводов, 1984.
- Разинкина Н.М. Некоторые общие проблемы изучения функциональнога стиля// Особенности стиля научного изложения. - М., 1976.
- Әлісжанов С. Ғылыми прозаның синтаксисі. – Алматы: Арыс, 2007.
- Серғалиев М. Стилистика негіздері: Оқулық. - Астана: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, 2006.
- Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. д-ры... дисс. автореф. –Алматы, 2007.
- Троянская Е.С. Жанры и жанровые разновидности научного стиля. - М.: Наука, 1989
- Аликаев Р.С. Язык науки как обьект лингвистического описания.-М.: 1998.
Оставить комментарий