Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: XCIV Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 12 мая 2025 г.)

Наука: Искусствоведение

Секция: Музыкальное искусство

Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции

Библиографическое описание:
Жампейісов Н.Қ. ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРІНІҢ – АҚБЕРЕНІ // Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки: сб. ст. по матер. XCIV междунар. науч.-практ. конф. № 5(80). – Новосибирск: СибАК, 2025. – С. 86-90.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

ҚАЗАҚ ӘН ӨНЕРІНІҢ – АҚБЕРЕНІ

Жампейісов Нұржан Қабымолдайұлы

Дәстүрлі музыкалық өнер кафедрасының доценті, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,

Қазақстан, Алматы

АНДАТПА

Мақалада автор Қазақстанның Халық әртісі, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Дәнеш Рақышевтің орынадаушылық, композиторлық шығармашылығы, сондай-ақ ұстаздық, қоғамдық қызметтеріне тоқталады. Сонымен қатар қазіргі таңда Д.Рақышев шығармашылығының насихатталу мәселесі жайлы айтылып, оның кейіннен анықталған тың әндері мен авторлық күйі, олардың баспа бетін көріп, қайта жаңғыруы жайлы деректер берілді.

АННОТАЦИЯ

В статье автор рассмотрит исполнительское и композиторское творчество, а также преподавательскую и общественную деятельность Народного артиста Казахстана, выдающегося представителя казахского традиционного песенного искусства Данеша Ракишева. Кроме того, затрагиваются вопросы пропаганды его творчества, песен и авторских кюев, их публикации и актуализации.

ABSTRACT

In the article, the author will consider the performing and composing works, as well as the teaching and public activities of the People's Artist of Kazakhstan, an outstanding representative of the Kazakh traditional song art, Danesh Rakishev. In addition, the issues of promoting his work, songs and author's kuys, their publication and updating are touched upon.

 

Халықтық өнердің інжу-маржанын бойына терең дарытқан өр талант иесі — бұлбұл үнді, жезтаңдай өнші Дәнеш РАҚЫШЕВ есімі барша қазақ халқына, өнер сүйер қауымға кеңінен танымал.

Жетісудың бұлбұлы атанған Қазақстанның халық әртісі әнші-композитор Дәнеш Рақышев 1926-жылы Жаркент өңірінде (Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Талды ауылы) дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен Қытайдағы Шығыс Түркістан өңірінде балалық, жастық шағын өткізген Дәнеш Рақышев алғашқы өнер жолын да осы өлкеде бастайды.

Арғы аталары батырлықтан, серіліктен бой үзбеген. Өз әкесі Рақыш домбыра тартып, ән салатын серілігімен ерекшеленсе, Тәжіхан шешесі суырып салма ақындығымен аймағына танымал болған адамдар. Отбасынан өнерге құлағы қанық өскен Дәнеш 12-13 жасынан қолына алғаш гармон, кейіннен домбыра ұстап ән салған.

Ән өнеріне құлай ынта қойған бала Дәнеш 15 жасында әнші-күйші, өнерпаздармен етене араласты. Осы тұста 1916-жылдың дүрбелеңімен туған жерден жырақ кеткен атақты әнші, ақын Әсет Найманбайұлының Қадрихан Итжанұлы, Мәмет Қошқарбайұлы сынды шәкірттерінің қасына еріп, Әсеттің «Қысмет», «Мақпал», «Қоңыр қаз», «Кіші Ардақ», «Ақырғы сөз» сияқты асқақта сырлы әндерін зейін қоя үйреніп, оны мәнеріне келтіре орындайтын мұрагерлерінің бірі болып қалыптасты. Қайыпбек Байтасұлы, Байбазар Үстемірұлы сынды ел ішіндегі асқан әншілермен бірге Құлжа қаласындағы театрда қызмет жасайды. Дәнеш 1950-ші жылы 24 жасында аталмыш театрдың қазақ бөлімін басқарып, ұлт өнерін өркендетуге, дамытуға, насихаттауға көп еңбек сіңіреді. Дәнеш Рақышевтың композиторлық жолы осы кезден басталды. Ол тұңыш рет «Мақтанышты елім бар» әнін жазды, іле-шала «Шалқы Сайрам» әнін шығарып, бұл әндер сахнада орындала бастады. Дарынды әншіге 1955 жылдан бастап, «Ұлтшыл», «Көнені қоздырушы», «Көнені дәріптеуші»,-деген жалалар тағылып, қысым жасала берді. Шығарамшылығын дамытуға шек қойылды. Осыдан кейін Дәнеш Рақышев аты-жөнін өзгертіп, 1959 жылы маусым айында елге оралды. Алғашқы еңбек жолы «Талды» ауылынан басталды. Атамекеннің салқын самалын жұтып, саялы бағын аралай жүріп, шалқар шабытты кезде «Саясында алманың» әні дүниеге келді.

Шығармашылық жолында кемеліне келе бастаған Дәнеш Рақышев ендігі жерде жаңа әндер шығаруға бір жола бетбұрыс жасады. «Жетісу», «Талдықорған жастарының маршы», «Көкталым», «Гүл», «Бел жайлау», «Соға кет», «Қарақат көз қалқаш-ау», «Балжан ай», «Бақытым бол», «Туған ел», «Сауықшыл елім», «Аңсаған аяулым», «Арманым-Аққуым», «Қалқаш-ау», «Айнабұлақ» әндерін шығарды.

Дәнеш Рақышев 1960 жылдан 1972 жылға дейін Жаркент жеріндегі Үшарал ауылында қызмет етіп, «Үшарал» халық театрының негізін қалады.

Дәкең осындай шығармашылық жақтан кемелденген кезінде 1972 жылы Талдықорған қаласындағы облыстық филармонияға шақырылып, алғаш ұйымдастырылған «Шұғыла», «Арай»  ансамблдерін басқарды. Осы филармонияда зейнетке шыққанша, тіпті, өмірінің соңына дейін қызмет етіп, туған елін әсем әнмен сусындатты.

Дәнеш Рақышевтың ән өнеріндегі ерен еңбегі жоғары бағаланып, 1976 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген артисі»,  1986 жылы «Қазақстанның Халық артисі» құрметті атағы берілді.

Дәнеш Рақышев 60 жасқа толып, зейнетке шыққаннан кейін де шығармашылықтан қол үзген жоқ. Біріншіден ұстаздық етуді мақсат тұтып, қазіргі Жетісу Университетінде (Талдықарған педагогикалық институты) шәкірттер дайындаса, өнерлі балаларды тәрбиелейтін арнаулы мектеп-интернатында жас өрендерді өнерге баулыды. Осы кездің өзінде де, көптеген әндерді дүниеге келтірді. Ол әндер: «Аққулар қош болыңдар», «Санаулы менің сағатым», «Туған жер», «Бикешім», «Шаттық толқыны», «Соқ жүрек», «Ауырмаңдар, жігіттер», «Мұқағалиге арнау», «Ән салайын», «Ең қызық жастық», «Жан-жақтағы бауырлар», «Наурыз тойы», «Сағыныш», «Аяулы менің арайлым»,-деген әндер еді. Бұл әндерді өз шәкірттеріне мұра етіп, тастап кетті.

Дәнеш Рақышевтың таза өз мәнерімен айтатын әнші шәкірттері көп емес – алғашқы шәкірттері Зарықбек Рақыжанұлы, Мырзахмет Мұқамановтар болса, оларға оқып, білім алу керектігін алдыға тартып, Алматыға жіберген. Мұнда ол кісілер әншілер дайындайтын Республикалық эстрада-цирк студиясына түсіп, Жүсіпбек Елебековтен сабақ алған. Осы оқу орнын бітірген әнші Жақсылық Мырқаев Дәнеш Рақышевпен Талдықорған облыстық филармониясында қызметтес болып, жақын шәкірті атанады. Негізгі мамандығы суретші болса да, кейін деп біржола әншілікке бет бұрған Абылайхан Қармысов та Дәнештің төл шәкірті болып саналады. Дәнеш Рақышевтың өнері мен мол мұрасын дәріптеуде сүбелі үлес қосып жүрген тағы бір шәкірті Серікбол Шыныбаев, қазіргі кезде Жетісу университтетінде ұстаздық қызмет жасайды. Өкінішке қарай, Зарықбек Рақыжанов пен Жақсылық Мырқаев ертерек өмірден озып кетті. Айтқан әндері мен дауыстары бұл күнде радионың алтын қорында сақтаулы.

***

Дәнеш Рақышұлының алғашқы әндер жинағы 1984 жылы «Өнер» баспасынан «Мақтанышым - елім» деген атпен, жиырма екі әнінің басын құрап, шағын кітапша болып шыққан. Одан кейін араға 33 жыл салып, 2017 жылы Дәнеш Рақышевтың төл туындылары – алпыс әні «Мерей» баспасынан «Саясында алманың» деген атпен жарық көрді.

Жақында ғана жарыққа шыққан «Ән салайын» атты жинаққа Дәнеш Рақышұлының шығарған төл әндері қайта толықтырылып, өзінің орындауында жеткен, бұрын-соңды айтылмаған көптеген халық әндері мен халық композиторларының әндері де қоса енгізілді. Жинақтағы үлкен олжаның бірі – ел ішінен Дәнеш Рақышевтың  «Үшарал» атты күйінің табылып, жарияланып отырғаны деп білеміз. Бұл күй Жаркент өңіріндегі Қырыққұдық ауылының тұрғыны Несіпбеков Жаңабай Күнболатұлының орындауында нотаға түсірілді.

Жинақтың кіріспе бөліміне Дәнеш Рақышевтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы сыр шерткен өз қолжазбасы беріліп отыр. Одан кейін «Халық әндері», «Халық композиторлар әндері» және «Дәнеш Рақышев әндері» болып жіктеліп, жалпы 115 ән мен «Үшарал» күйі нотасы мен қатар үнтаспасы QR код арқылы енгізілген.

Дәнеш Рақышев шығармашылығын жинастыруда біз білмейтін, үнтаспаға жазылмаған, нотаға түспеген бірнеше әндеріне жолықтық. Сонымен қатар ұстазымыздың қағаз бетіне түскенмен, әлі ешкім орындап үлгермеген әндері де табылып жатқанын еске сала кеткен артық болмас. Бұл тараптағы жұмыс әлі де жалғасып жатыр.

Дәнеш Рақышев шырқаған халық әндері, халық композиторларының әндері мен өзінің төл әндері де иірімге бай, ырғағы сан құбылып келетінімен ерекше. Ал ол әндерді нотаға түсіруге әрине, асқан қабілет пен мол тәжірбие керек-ақ. Бұл тұрғыда Дәнеш Рақышевтың орындауындағы барлық әндерді нотаға түсірген әріптесім, өнерзерттеуші, күйші Мұрат Әбуғазының еңбегін де айрықша атап өтуіміз керек.

Мемлекеттік мұрағаттың музыка қоры мен Қазақ радиосының алтын қорында Дәнеш Рақышевтың орындауында 1960 жылдардан бастап жазылған үн және бейне таспалар (аудио, видео) сақтаулы. Осыдан-ақ Дәнештің өз уақытында өнерге жанашырлық пен қамқорлық танытып, ізденіс пен еңбекқорлықтың зор үлгісін көрсеткенін аңғаруға болады.

Күміс көмей, жезтаңдай, бұлбұл үнді әншінің әрбір дерегі біз үшін алтыннан қымбат болған соң, қолдағы барды жарыққа шығарып, көпшілікке ұсынуды жөн деп таптық. Бұл жинақ өнерге талпынып, әншілікке ден қойған өнерпаздар мен қазіргі таңда кәсіби білім алып жүрген шәкірттерге таптырмас оқу құралы болары да хақ. Ендеше қасиетті өнеріміз төрден орын алып, әуезді, асқақ әніміз тәуелсіз еліміздің аспанын мәңгі жаңғыртып шырқала берсін дегіміз келеді.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Рақышев, Д. «Мақтанышым - елім» әндер жинағы  «Өнер» баспасы   1984 жыл
  2. Жанпейісов Н.Қ. «Ән салайын» хрестоматия -Алматы 2024-306 бет «Әдебиет» баспасы.
  3. Рақышев, Д. «Саясында алманың»: әндер жинағы  Дәнеш Рақышев; Жанпейісов Н., Әбуғазы М. - Алматы: Мерей, 2017.- 140 б.
  4. «Алатау әуендері» Хрестоматия, Шолпан Даржанова.- Алматы: 2017.- 208 б.
  5. «Назқоңыр» : Қазақтың дәстүрлі әндері Рамазан. Стамғазиев, Мұрат   Әбуғазы.- Алматы: ОНОН баспасы, 2016.- 424 б.
  6. «Жетісу ақындарының жыр сарындары» Әбдуали А., Әбуғазы М. Алматы: Атамұра, 2008.
  7. «Ағажай-Алтай» Оқу құралы – Мұрат Әбуғазы, Талғат Әбуғазы. – Мерей 2019.-144 б.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

Оставить комментарий