Статья опубликована в рамках: CVI Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 11 мая 2026 г.)
Наука: Искусствоведение
Секция: Музыкальное искусство
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ӨҢІРІНДЕГІ ӘН ӨНЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ
АҢДАТПА
Бұл мақалада қазақтың дәстүрлі ән өнерінің ғылыми жіктелуі қарастырылып, Соның ішінде Батыс Қазақстан әншілік мектебінің қалыптасуы, даму ерекшеліктері, орындаушылық дәстүрі және зерттелу деңгейі талданды. Сонымен қатар, Батыс өңірінің ән мұрасын зерттеу мәселелері мен болашақтағы ғылыми бағыттары айқындалды.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассматривается научная классификация казахского традиционного песенного искусства. В частности, анализируются формирование, особенности развития, исполнительские традиции и степень изученности Западно-Казахстанской певческой школы. Кроме того, определяются проблемы изучения песенного наследия западного региона и перспективные направления дальнейших научных исследований.
ABSTRACT
This article examines the scientific classification of Kazakh traditional singing art. In particular, it analyzes the formation, developmental features, performance traditions, and level of research of the Western Kazakhstan singing school. In addition, the study identifies the issues related to researching the musical heritage of the western region and outlines prospective directions for future scientific research.
Қазақ халқының дәстүрлі ән өнерін саралауда ұзақ уақыт бойы «қазақта үш ән мектебі бар» деген тұжырым қолданылып келгені белгілі. Алайда қазақтың көрнекті фольклортанушы-ғалымы Ақселеу Сейдімбек бұл мәселеге тереңірек үңіліп, ән өнерін ғылыми негізде бес мектепке бөліп қарастыруды ұсынады. Ғалымның пікірінше, қазіргі жинақталған деректерге сүйене отырып, қазақтың әншілік өнерін: Біріншісі – Қазақстанның орталық және солтүстік өңіріне тән әншілік мектебі, екіншісі – Қазақстанның оңтүстің және Жетісу өңірін қамтитын әншілік мектебі, үшіншісі – Қазақстанның Батыс өңірін қамтитын әншілік мектебі, төртінші – Сыр бойының әншілік-термешілік мектебі, бесіншісі – Қазақстанның шығыс өңірін, Баян өлке мен Шығыс Түркістанды қамтитын әншілік мектеп. Бұл жіктеулер музыкалық өлшемді дәлелдермен де, естір құлақтың талғам-танымымен де өзіндік бітім-қасиеттері жеке-жеке әуен-сазын, қайырым-нақысын айқын айғақтай алады. Алайда, осынау бес отау әншілік өнеріміз кең аяда қамтылып, типологиялық ауқыммен сараланғанын қаперде ұстаған жөн» [1, 169], – дейді. Бұл жіктеу әр өңірдің музыкалық-стильдік ерекшеліктерін, әуендік құрылымын, орындаушылық мәнерін және көркемдік табиғатын нақты айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл мектептер қазақ ән өнерінің типологиялық тұрғыдан кең ауқымда дамығанын көрсетеді. Қазіргі таңда бұл ғылыми тұжырым өнертану саласында кеңінен мойындалып отыр. Осы жіктеуге сәйкес, Батыс Қазақстан әншілік мектебі ерекше ауқымды аймақты қамтитын, ішкі құрылымы күрделі, сан-салалы өнер кеңістігі ретінде сипатталады. Бұл мектепке қазіргі Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстары кіреді. Бұл өңірдегі әншілік дәстүрдің дамуына ақын-жыраулар мен әнші-композиторлардың шығармашылық байланыстары айрықша ықпал етті. Батыс ән мектебінің ерекшелігі – орындаушылықтың екі түрлі стилінің қатар дамуы, яғни лирикалық-камералық және эпикалық-дәстүрлі бағыттардың үйлесім табуы.
Батыс Қазақстанның музыкалық мәдениеті ежелден-ақ күй өнері, жыраулық дәстүр және әншілік шығармашылығымен ерекшеленеді. Аймақтағы ақын-жыраулар мен әншілердің көрші халықтар өнерпаздарымен айтысқа түсіп, өнер жарыстыруы туралы тарихи деректер молынан кездеседі. Дегенмен, осы өңірдің бай музыкалық мұрасы ұзақ уақыт бойы жүйелі ғылыми зерттеулерден тыс қалып келгені де жасырын емес.
Батыс Қазақстан жері бұрыннан өзінің музыкалық бай мұрасымен яғни күй өнері және ақындық, әншілік шығармашылымен бүкіл елімізге кеңінен танымал. Бұл аймақтың музыкалық мұраларын нотаға түсіру ісінде А.Затаевич [2] алғашқы ірі еңбек жасаған зерттеушілердің бірі болса, кейін Ахмет Жұбанов [3] бірқатар ән үлгілерін ғылыми айналымға енгізді. Алайда бұл еңбектерде көбінесе әннің әуендік желісі ғана жазылып, толық аспаптық сүйемелдеу мәселесі толық қамтылмаған. А.В.Затаевичтен кейін академик А.Жұбанов Батыс Қазақстан аймақтарында ғұмыр кешкен халық композиторларының әндерін нотаға түсірген. А.В.Затаевичпен А.Жұбановтың батыс әндерінің ноталық үлгілерін тек қана дауысын яғни мелодиясын ғана түсірген. Ал, толық аспап сүйемелдеуімен күні бүгінге дейін әлі толық түспеген.
Зерттеушілердің пікірінше, Батыс Қазақстан өңірінде орындаушылық тұрғыдан екі негізгі стиль қалыптасқан. Біріншісі – лирикалық сипатта орындалатын әндер болса, екіншісі – батырлық-эпикалық мазмұндағы шығармаларды домбыра сүйемелімен орындалатын жыр-терме, толғаулар. Бұл өңірдің әншілік дәстүрін қалыптастырып, дамытқан тұлғалар қатарында Мқхит, Бала Ораз, Қиса, Аманғали, Аухат, Аухат, Сары, Қызыл, Молдабай, Өтеғали, Дәуке, Білек, Ажар, Ғарифолла т.б. көптеген әнші-композиторлары бар.
Батыс Қазақстан ән мұрасын насихаттау Ғарифолла Құрманғалиев ерекше еңбек сіңірді. Оның орындауындағы әндер арқылы Б.Ерзакович, Е.Брусиловский, С.Шабельский, А.Исакова т.б. композиторлар мен зерттеушілер бұл өңірдің музыкалық дәстүрімен танысып, бірқатар шығармаларды нотаға түсірді, әсіресе Мұхит Мералыұлының әндерін фортепианоға лайықтады. Батыс әндерін жинау, зерттеу, нотаға түсіру осы күнге дейін толастаған емес.
Сонымен қатар, соңғы жылдары жүргізілген фольклорлық экспедициялар нәтижесінде жаңа деректер жиналып, ғылыми айналымға енгізілуде. Бұл бағытта қазіргі кезеңде бұл бағытта еңбек етіп жүрген зерттеушілер қатарында Меруерт Құрманғалиева мен Бақыт Тұрмағанбетованы атап өтуге болады. Әсіресе, Б. Тұрмағанбетованың «Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті» [4] атты монографиясы осы саладағы іргелі ғылыми еңбектердің бірі.
Ғылыми-теориялық еңбектердің аздығы, ноталық материалдардың толық жүйеленбеуі бұл мектептің терең зерттелуін тежеп отыр. Көптеген музыка мамандары, музыка зерттеушілері дайын материалдарды ғана яғни нотаға түскен әндерді талдаумен ғана шектелгені жасырын емес, олардың көбісі А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» [2] жинағында жарық көріп, нотаға түсті. Бүгінде Батыс Қазақстан аймақтарының әндерін талдау, анализ жасау істері бүгінде жоғары оқу орындарында жазылып жатқан дипломдық және магистрлік диссертацияларда жазғасын тауып жатыр. Кеңес заманында әр жылдарда аталған аймаққа барған музыкалық фольклорлық экспедициялардың арқасында ғана Батыс Қазақстан әндерін зерттеуге көп мүмкіндіктер туды.
Бүгінгі күні Батыс қазақстан ән дәстүрін ғылыми тұрғыда жинап зерттеп жүрген Меруерт Құрманғалиеваны және өнертану ғылымдарының кандидаты, белгілі музыканушы Бақыт Тұрмағанбетованы атап өткен жөн.
Батыстың қаншама ән-сарындары жиналып, нотаға түсіп жатса да, осы бағытта жазылған ғылыми-теориялық еңбектердің осыншама аз болуы қынжылтады. Әр аймақтың өз орындаушылары білімдерін ұштап, ғылыми ізденіспен өздері айналыспайынша, сол өңірдің ән дәстүрі ғылыми ортаға ене алмайтынын түсінетін уақыт болды. Демек, дәстүрлі әншілердің болашақ бағдары, әр әнші өзі ұстанған ән дәстүрін орындап ғана қоймай жиналуына, нотаға түсуіне, зерттелуіне өз үлестерін қосулары қажет.
Қорыта айтқанда, қазақтың дәстүрлі ән өнері ұлттың рухани болмысы мен мәдени мұрасының аса маңызды құрамдас бөлігі. Қазақ ән өнерін ғылыми тұрғыдан жүйелеуде А.Сейдімбеков [1] ұсынған бес мектепке бөлу тұжырымдамасы бүгінгі таңда өзектілігімен ерекшеленеді және өнертану ғылымында орныққан бағыттардың біріне айналды.
Соның ішінде Батыс Қазақстан әншілік мектебі кең аумақты қамтитын, тарихи-мәдени ықпалдастық негізінде қалыптасқан, өзіндік орындаушылық ерекшеліктері мен бай репертуарымен дараланатын ірі өнер ошағы болып саналады. Батыс Қазақстан әншілік мектебі қазақтың дәстүрлі музыкалық мәдениетінің аса маңызды әрі күрделі саласы. Оның ерекшеліктерін терең зерттеу ұлттық өнердің даму заңдылықтарын түсінуге және болашақ ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Батыс Қазақстанның ән мұрасы толық зерттеліп болды деуге әлі ерте. Көптеген шығармалардың авторлығы мен нұсқалары нақтылауды қажет етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Сейдімбеков А. Сонар. – Алматы, «Жалын» баспасы, 1989. – 169 б.
- Затаевич, А. В. 1000 песен казахского народа = Қазақ халқының 1000 әні [Текст] : (песни и кюйи) / А. В. Затаевич; [редкол.: А. К. Жубанов (отв. ред.)[и др.]]; Ин-т лит. и искусства, Акад. наук КазССР. – 2-е изд. – Москва: Музгиз, 1963. - 606 с.
- Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. – Алматы. «Дайк-Пресс», 2002. – 418 б.
- Тұрмағамбетова, Б. Ж. Қазақстанның Батыс аймағының ән мәдениеті. Монография. – Алматы, 2018. – 293 б.
дипломов

