Телефон: 8-800-350-22-65
Напишите нам:
WhatsApp:
Telegram:
MAX:
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9:00 до 21:00 Нск (с 5:00 до 19:00 Мск)

Статья опубликована в рамках: CV Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 08 апреля 2026 г.)

Наука: Искусствоведение

Секция: Музыкальное искусство

Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции

Библиографическое описание:
Муканов Ж.К. ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ // Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки: сб. ст. по матер. CV междунар. науч.-практ. конф. № 4(91). – Новосибирск: СибАК, 2026. – С. 70-75.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

ҚАЗАҚТЫҢ КҮЙ ӨНЕРІ

Муканов Жанат Канатович

Өнертану ғылымдарының магистрі, «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының оқытушысы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы,

Қазақстан, Алматы

ИСКУССТВО КАЗАХСКИХ КЮЕВ

 

Муканов Жанат Канатович

магистр искусств, преподаватель кафедры «Традиционное музыкальное искусство», Казахская национальная академия искусств  им. Темирбека Жургенова

Казахстан, г. Алматы

 

АҢДАТПА

Қазақ халқының музыкалық мұрасының асылы – күй өнері. Күйдің домбырада орындалатын инструменталды жанр ретіндегі музыкалық-композициялық ерекшеліктері, оның тарихи даму жолы және қазақ қоғамындағы атқаратын көпқырлы рөлі (тарихи оқиғаларды сақтау, әлеуметтік-рухани құндылықтарды насихаттау, философиялық ой-пікірлерді білдіру, адамның ішкі әлемін бейнелеу) қарастырылады. Атақты зерттеушілердің еңбектіріне сүйеніп, күй өнері жайлы айтылған құнды деректерге тоқталамыз. Мақала күйдің қазақтың ұлттық рухы мен мәдени сәулетінің ажырамас бөлігі ретіндегі тарихи және мәдени құндылығын ашып көрсетеді.

АННОТАЦИЯ

Одним из драгоценных наследий музыкальной культуры казахского народа является искусство кюя. В статье рассматриваются музыкально-композиционные особенности кюя как инструментального жанра, исполняемого на домбре, его историческое развитие, а также многогранная роль в казахском обществе (сохранение исторических событий, пропаганда социально-духовных ценностей, выражение философских взглядов, отражение внутреннего мира человека). Опираясь на труды известных исследователей, приводятся ценные сведения об искусстве кюя. В статье раскрывается историко-культурная значимость кюя как неотъемлемой части национального духа и культурного наследия казахского народа.

 

Түйін сөздер. Күй, күй тілі, саз, әуен, көне жанр.

Ключевые слова: кюй, язык кюя, саз, мелодия, древний жанр.

 

Қазақ халқының күйшілік өнері жайлы сөз қозғасақ, оның жазба мәдениетін ХХ  ғасырдың үлесіне жатқызамыз. Себебі, бұл ғасырға дейін өмір сүрген қазақтың сазгер күйшілері мен әншілерінің өмірі мен шығармашылығы жайлы бізге жеткен жазба деректер де, мәліметтерде жоқтың қасында десекте болады.

1925 жылы А.В.Затаевич Орынбор қаласында «Қазақ халқының 1000 әні» атты этнографиялық жинақ шығарған [1]. Бұл қомақты еңбекке негізінен алғанда қазақ әндерінің әуендік нұсқасы, жиырмадан астам күйлер енген еді. Онда қазақ сазының авторлары мен әншілері, күйшілері туралы қысқаша айтылып, әрі мәнді, әрі құнды қосалқы мәліметтерде берілген. Осы бір өнегелі іс бүгінде жалғасын табуда.

Ал, қазақтың күй сазы жөнінде Құдайберген Жұбанов «Қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы жайлы» атты ғылыми еңбегімен [2] қазақ сазының тарихын тектеп, болашағына бағыт – бағдар сілтеді.

Кезінде Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Сапарғали Бегалин және т.б. қазақтың бір туар азаматтары қазақ сазы туралы көп әңгіме қалдырса, қазіргі таңда бұл дәстүр Мұқтар Мағауин, Ілия Жақанов, Ақселеу Сейдімбеков, Мұрат Әбуғазы т.б. еңбектерінде өз жалғасын табуда.

Қазақ сазы бүгінде жиналып та, зерттеліп те, насихатталып та, әрі білім ретінде оқытылып та жүр. Алайда күй сазының зерттелуі мен оқытылу мәселесі төңірегінде әлі де болса шешуін таппай жүрген жайлар жеткілікті. Солардың бірі – күй тарихы.

Күй – көне жанр. Оның сан ғасырлық тарихы бар. Қалыптасқан дәстүрлері мен мектептері бар. Күй тілі – ана тілімен бірдей. Күй мазмұны халықтың өмір айнасы. Сондықтан, күйдің түр – түсінен, тілінен, ұлттық сипатынан айырылып қалмайық деп, сонау ХХ – ғасырдың 30 – жылдары Құдайберген Жұбановтан бастап Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұқтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, Ахмет Жұбанов тағы басқа қазақтың біртуар азаматтары қайта – қайта айтып та, жазып та кетті. Керек десеңіз ғылыми тұрғыдан дәлелдегендері де бар. Өйткені, әр күйдің мазмұны, өзіндік тілі, әуен ырғағына сай екпіні бар екендігін тыңдаушыларымыз терең сезінеді, әрі жақсы түсінеді.

Соған қарамастан кейінгі кезде күйлердің алғашқы бізге жеткен тарихи нұсқаларына біраз өзгерістер енгізіліп, насихатталып келеді. Мұның өзі күй тілінің бұрмалануына әкеліп соқтырары сөзсіз. Себебі, соңғы кездегі жекелеген орындаушылар күйлердің мазмұнына, оның сазындағы ұлттық түр – сипатына онша мән бермей жүр.

Күй тартып жүрген орындаушылар жайлы сөз болғанда жоғарыдағы кемшіліктердің өзі сайып келгенде қазақ күйлерінің тарихына жете мән бермегендіктен, немесе оның мазмұнына түсіне алмағандықтан, кейде тіпті білмегендіктен де болып жататын жай.

Айталық, өзіміз күнде тартып жүрген “Кеңес” атты күйлердің отыз ғасырға жуық тарихы бар екен, “Аққу” күйінің сазы Сақ дәуірінен бастау алатынын, “Бозайғыр” күйінің сазы Ғұндар мен Үйсіндерде жатқанын, “Қаратау шертпесі” мен “Науайы” күйлерінің сазы Қаңлы елінде дүниеге келгенін біреу білсе, біреу білмейді. Тарихқа сындарлы көзбен қарауды заман талап етуде. Мұны жеке адамдардың ой – пікірі деп қарауға әсте болмайды, жалпы елдің көзқарасы да, талап тілегі де солай. Бұған дәлел ретінде, күнделікті өзіміз көріп жүрген, өмірден алынған әңгімелерден мысал келтірейік.

Заманымыздың көрнекті ғалымы академик Әбдуали Хайдаров: – Тәуелсіз ел болғаннан кейін бізге шет елдерден қонақтар ағылып көп келді. Олар ең алдымен “Қазақ деген кім?”, “Домбыра деген не?” деп сұрақ қояды , – дейді [3].

Халқымыздың көрнекті жазушысы Сәкен Жүнісов бір сөзінде домбырашыларға: “Күй тілімен қазақ тілінің мағыналары бірдей деп түсінсеңіздер дұрыс болады” – деген еді [4].

Қазақ салтында тарихты білу, ата – мекенді қастерлеу, туған ел – туған жерді қорғау, тілді, әдет – ғұрыпты ұмытпау, байырғы өнер түрлерін сақтау, дінді құрметтеу – ежелден бері қалыптасқан дәстүр. Мұндай дәстүрлердің өзі ғасырлар бойы ұрпақтардың өмір тәжірибесіне өтіп біздің заманға жетті.

Ерте кезден – ақ қазақ өз тіршілігінің барлық қырларын таңдайдағы әнімен, көкректегі күйімен, көмейдегі жырымен баяндаған. Олар әр дәуірде, әр кезеңде, әр ғасырда туғандықтан; бір жағынан халықтың рухани азығы болса, екінші жағынан өткен өмір шежіресі.

Қазақ халқы Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы, Көк түріктермен аспан түріктері және т.б. ру – тайпалардың тарихи отанында отырған ұрпағы, әрі олардан қалған мәдени мұралардың да, рухани байлықтың да бірден – бір иесі болып табылады. Сан ғасырлар бойы сақталған әуен – саздарды әр ұрпақ жадында сақтап, көздің қарашығындай қорғап, ілгері дамытып келеді. Сондай мұраларымыздың ішіндегі ең көнесі, еі байырғысы – қазақ халқының күй сазы. Сол күйлерді шығарған халық сазгерлері жайлы академик А.Жұбанов: “Не бір әруақты, дарынды дала перзенттерінің аты ұмытылып кетседе, сары алтындай шығармалары тот баспай бізге аман жетті,... Олардың барі де әліпті таяқ деп білмейтін, нота дегеннен тіпті бейхабар болса да, өз халқының өзегін өртеген мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, көптеген тамаша музыкалаық шығармалар қалдырып кеткені және айқын. Олар халық аспаптарына арнап шығармаларын, яғни, домбыра мен қобыз, сыбызғыға арналған музыкалық пьесаларды, “КҮЙ” деген бір – ақ сөзбен атаған” – дейді [5, 10 б.] Осы айтылған қазақтың үш күй аспабы: сыбызғы, қобыз, домбыра жайлы дерек көздері жоғарыда аталған ежелгі тайпалардың тарихында кездеседі. Ал, кейінгі түрік халықтарының әуен – саз мәдениетін зерттеуші ғалымдар да бұл деректерді толықтыра түсуде. Орта Азиядағы археологиялық қазбалардан табылған қазақтың домбырасына ұқсайтын екі шекті саз аспабы жайлы академик Р.Л.Садоков: “Осыған байланысты бейім заттарды енді Орта Азияның солтүстік жағындағы негізінен Арал теңізі маңын мекендеген Сақ тайпаларының музыкалық өмірінен іздеу керек”, – дейді [6]. Сондай – ақ, ерте ғасырладағы сыбызғы жайлы көне деректер Ғұндарда да, Қаңлыларда да жиі кездесіп қалады. Соның бірі – Ғұн сазгері – б.ж.е.д. 36 – жылы Ғұн әскер басымен жерленген сыбызғышының мүрдесі. Ал, Ғұндардағы қобыз аспабының Қытай еліне қалай келгендігі жайлы деректер туралы мәліметтер көне Қытай жазбаларында ұшырасады. Бір таңғаларлығы, осы айтылған үш аспап белгілі бір дәуірлерде өздерінің даму сатысында айрықша даңққа бөленгенін көреміз.

Қазақтың күй сазын сөз еткенде, оның молдығы мен көркемдігі жайлы “Сарынан сөз етсеңіз де, сапасын сөз етсеңіз де, екі шектен ескен күй, мақтауға тұрарлық қымбат дүниеміз”, - деп А.Жұбанов айтқандай, күйлердің санын сөз етсек – сонау ХХ – ғасырдың басындағы қазақтың ән – күйін жинаушы А.Затаевичтен бастап бүгінгі таңға дейінгі бір ғасырға жуық күй жинау тажірибесінде нотаға түскен қазақ күйлері шамамен 4 – 5 мыңдай болып қалады. Солардың ішіндегі 500 – дейі ескі сарынды көне күйлер. Бұларды қазақтың халық күйлері деп атайды. Сонымен қоса, бұл күйлердің 200 – ден астам аңыз – әңгімелері де бар. 2000 – ға тарта күйлер халық сазгерлерінің шығармасы, яғни, аворлары белгілі күйлер. Мың жарымдайы қазіргі заман күйлері, демек соңғы ғасырдың жемісі. Әлі де ел ішінде талай күйлер нотаға түспей жатыр [7, 64 б.].

Ал, сапасын сөз етер болсақ, қазақ күйлерінің мазмұны: халықтың көне шежіресін, тұрмысын – тіршілігін, ерлік істерін, махаббат – сезімін және т.т. жырлайды.

Біздің заманға жеткен көптеген көне күйлермен аңыз – әңгімелердің мазмұны 30 – ғасырға жуық уақытты қамтиды. Мұндай сазды – сарындарды шығарған күйшілердің бірінің өмірбаяны ел ішінде аңызға айналса, енді біреулері эпостық жырлардың кейіпкерлері, немесе, көбінің есімдері ұмыт болып, шығармалары сақталған. Кезінде тыңдаушысын тамсандырған бұл әуендер, әсіресе, қазіргі көне күйлер сазының құрамында жиі кездеседі. бұлардың ішінде әуелгі замандардағы нұсқалардан хабар беретін: “Аққу”, “Сары өзен”, “Ертіс толқыны”, “Боз айғыр”, “Шұбар ат”, “Шыңырау” сияқты халық күйлері жүздеп саналады.

Осындай көне күйлердің әуен – саздары мен мазмұны қазақ даласын мекен еткен ежелгі (Сақ, Ғұн, Үйсін, Қаңлы және Көк түріктер) тайпалардың бәріне ортақ. Бұл туралы деректер мен мәліметтер қазақтың халық ауыз әдебиетінде де, Қытай, Парсы, Грек, Араб т.б. елдердің көне жазбаларында сақталған. Сондай – ақ, қазақ жерінен табылған көне мадениет ескерткіштер де мұны растай түседі.

Қазақ халқының ұлы жазушысы М. Әуезов күймен бірге айтылатын аңыздарға мән бере қарап, оған аса жоғары баға берді. “Күй аңызы” (1948) атты мақаласында: “Барлық Орталық, Шығыс Қазақстан, Алтай, Алатау, Сыр аясындағы қалың қазақ елі тартқан сыбызғыдағы салқын саз, қобыздағы қоңыр күй, домбыраның екі шекте ғана емес, әдейі күйге арналған үш шекті тіліне оралған көп күйлердің ескі – жаңасы тегіс – тарих үшін елеулі бұйым” – дей келіп: “Ноғайлы – Қазақ айрылған күй”, “Қорқыт күй”, “Асанқайғы күйі”, “Ала байрақ”, “Ақсақ құлан”, “Нар идірген”, “Азамат қожа”, “Тепең көк”, “Боз торғай”, “Боз айғыр” сияқты т.б. күйлерді атай отырып “Осы күйлердің көбінде тек өздеріне ғана тән, нақтылы сұлу әңгіме – аңыздар болған”, - дейді [8, 11 б.].

Қазақ күйлерінің тарихына академик А. Жұбанов та үнемі көңіл бөліп, күй тарихы жайлы көптеген деректер, сындарлы ой – пікірлер қалдырды. Олар негізінен “Қазақ композиторларының өмірі мен творчествосы” (1942), “Ғасырлар пернесі” (1975), “Ән – күй сапары” (1976), атты т.б. еңбектерінде баяндалған. Соның бірі 1964 – жылы Москвада болып өткен Антропология және этнография ғалымдарының жетінші Халықаралық конгресінде жасалған “Домбыра – қазақ халқының музыка аспабы”, - атты баяндамасы. Онда: “Көшпелі жұрттың өмір серігі болған осы, көзге қораш көрінетін шағын аспап – қазақ халқының хатқа түспеген тарихының талай беттерін паш етеді. Халық өзінің ата мұрасынан қалған осы гөй – гөй кітабын қастерлеп, артықша бағалайды” делінген.

М. Әуезов айтқан кеңестің бірі – күй аңыздарын жинап, зерттеу еді. Бұған жазушы, этнограф ғалым Т. Ақселеу арнайы көңіл бөліп “Күй шежіре”  [10] атты кітаптарын осы мәселеге арнады. Ғалым бұл еңбегінде күй аңыздарын және қазақтың күйшілік тәжірибесінде кездесетін этнографиялық мол деректерді, көне жазбалардағы мәліметтерді жинап – теріп, талдап зерттеді. Онда: “Қазақ даласында сонау VIII – ғасырдың өзінде – ақ музыкалық мәдениет ән түрінде вокалды музыка және күй түрінде аспапты музыка көрініс тауып, музыкалық жанрлар сараланып үлгерді”, - деп, батыл тұжырым жасай отырып, әрі қарай: “Біздің дәуірімізге дейінгі үшінші мың жылдықтың аясында тасқа түскен бейнелердің ішінде биші адамдар ғана емес, енді музыкалық аспаптар да айқын аңғарыла бастады” , - дейді [ 11, 10-11 б.].

Күй жинаушыларда, күй сазы жайлы этнографиялық деректерді зерттеушілер де және т.б. қазақ күйлерінің тамыры тереңде, ежелгі дәуірлерден бастау алатынын бір кісідей болып айтады.

Шынында да, қазақ күйлерінің сарын – сазы, ауен – ырғағы, композициялық құрылымы, ондағы көріністердің суреттелуі, оқиғалардың баяндалуы – біздің ой – санамызды ежелгі дәуірлерге меңзеп, тарихтың тұңғиық тереңіне жетелейді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Затаевич А. Қазақтың 1000 әні». –Алматы, Дайк пресс. 2004
  2. Жұбанов Қ. Күй жанрының пайда болуы жөнінен. –Алматы, 1936
  3. Хайдаров Ә. Ежелгі хорезмнің музыка мәдениеті. –Алматы, 1976
  4. Антропология және этнография ғалымдары, баяндама.
  5. А. Жұбанов. Ән – күй сапары. –Алматы, 1976
  6. Cадаков Р. Қазақстан тарихы. – Алматы, 1975
  7. А. Жұбанов. “Ғасырлар пернесі” –Алматы, 1975
  8. Т.Мерғалиев. С.Бүркіт. О.Дүйсен.Қазақ күйлерінің тарихы. Алматы, 1980
  9. М. Әуезов.“Күй аңызы” мақала. 1948
  10. М. Әуезов II том, (1969)
  11. Т. Ақселеу Күй шежіре. – Алматы,1992
  12. Әбуғазы М. Қазақтың домбыра өнері. – Алматы: «Нұрсәт», 2016 – 480 б.
  13. Жайымов А., Ысқақов Б., Сахарбаева К., Жайым А. ДОМБЫРА САЗЫ: -Алматы: «Қазақ кітабы» баспасы, 2022. – 474 бет.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов