Статья опубликована в рамках: CI Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 08 декабря 2025 г.)
Наука: Искусствоведение
Секция: Хореографическое искусство
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
«АЛТЫНАЙ» АНСАМБЛІНІҢ ҚОЙЫЛЫМДАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТЫҢ САЛТТЫҚ БИЛЕРІНІҢ НЕГІЗДЕРІ
ОСНОВЫ КАЗАХСКОГО РИТУАЛЬНОГО ТАНЦА В ПОСТАНОВКАХ АНСАМБЛЯ «АЛТЫНАЙ»
Исаева Маржан Жақсыбекқыз
магистрант 2-курса 6М040900 - «Хореография» Южно-Казахстанского университета имени М.Ауэзова,
Казахстан, г. Шымкент
Тлеубаева Балжан Сейдрамановна
канд. пед. наук, доцент кафедры «Искусство» Южно-Казахстанского университета имени М.Ауэзова,
Казахстан г. Шымкент
АННОТАЦИЯ
Бұл мақалада қазақтың салттық билеріндегі мифологиялық және ритуалдық элементтердің мәні мен көркемдік ерекшеліктері қарастырылады.
Зерттеу “Алтынай” мемлекеттік халық би ансамблінің шығармашылығы негізінде жүргізіліп, көне ғұрыптық қимылдар мен мифологиялық бейнелердің қазіргі сахнадағы жаңғыру үлгілері талданады.
Мақаланың мақсаты — салттық билердің халық дүниетанымындағы орнын анықтап, олардың заманауи хореографиядағы көрінісін айқындау.
Нәтижесінде “Алтынай” халық би ансамблінің сахналық қойылымдарындағы ритуалдық элементтердің ұлттық би мәдениетін жаңғыртудағы маңызы көрсетілді.
АННОТАЦИЯ
В данной статье рассматриваются значение и художественные особенности мифологических и ритуальных элементов в казахских обрядовых танцах.
Исследование выполнено на основе творческого наследия Государственного ансамбля народного танца «Алтынай», где анализируются формы современного сценического возрождения древних обрядовых движений и мифологических образов.
Цель статьи — определить место обрядовых танцев в народном мировоззрении и выявить их отражение в современной хореографии.
В результате показано значение ритуальных элементов в сценических постановках ансамбля народного танца «Алтынай» в контексте возрождения национальной танцевальной культуры.
ABSTRACT
This article explores the mythological and ritual elements preserved in the structure of traditional Kazakh dances.
The study is based on the creative work of the «Altynai» State Folk Dance Ensemble, which plays a key role in reviving ancient ritual movements and mythological images on the modern stage.
The main objective of the research is to identify the cultural and symbolic meanings of ritual dances and to analyze their contemporary interpretations in Kazakh choreography.
The findings highlight the ensemble’s significant contribution to preserving and revitalizing Kazakhstan’s spiritual and choreographic heritage.
Түйін сөздер: қазақ биі, салттық би, мифология, ғұрыптық, дәстүр.
Ключевые слова: казахский танец, обрядовый танец, мифология, ритуальность, ансамбль Алтынай, традиция.
Keywords: Kazakh dance, ritual dance, mythology, ritual, Altynai ensemble, choreography, tradition.
Кіріспе. Қазақ халық билерінің бастауы терең көне дәуірлерге ұласады. Әлем халықтарының барлығындағыдай, қазақтарда да би мен би қимылдары ежелден-ақ халықтың түрлі салт-жоралғыларына, маусымдық ойындарына, мерекелеріне және басқа да дәстүрлі ойын-сауықтарына табиғи әрі үйлесімді түрде енген. Қазақ биі ұлт руханиятының көркем көрінісі, халық жанының айнасы. Би өнері арқылы қазақ халқының көне наным-сенімдері, мифологиялық түсініктері мен салт-дәстүрлері бейнеленіп, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ежелгі батырлық эпостарда, аңыздарда, ертегілер мен шежірелерде қазақ халқының би қимылдарының өзіндік ерекшеліктері туралы көптеген мәліметтер сақталған. Бұл деректер ұлттық хореографиядағы би бейнелерінің негізін құрайды. Қазақ тілінің бейнелілігі мен көркемдік қуатының арқасында батырлық жырларда қазақ би қимылдарына тән айқын сипаттар мен көркем қимылдардың бейнелері айшықтала түсті. Салттық билердің құрылымында сақталған мифологиялық және ғұрыптық элементтер қазақтың дүниетанымын, рухани мәдениетін, күнделікті салт – дәстүрлерде айқын көрсетілген [3, 78 б].
Би өнері туралы сөз қозғағанда қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін айналып өту мүмкін емес. Қазақтың менталитеті, сұлулыққа деген талғамы, өткен дәуір өнер иелерінің шығармашылық психологиясы — барлығы да көркемдік шығармашылықтың барлық салаларында өз көрінісін тапқан. Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетіне жүгінуіміздің басты себебі — көшпелі мәдениетке тән құндылықтар жүйесін тереңірек ашуға деген ұмтылыс. Дүниетаным мен көркемдік қабылдау ерекшеліктерін айқындай отырып, біз қазақ би қимылдарының өзіндік сипатын көркемдік белгілермен өзара байланысын анықтаймыз.
Осы зерттеу жұмысында аталған элементтер «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің шығармашылығына негізделіп қарастырылады. Себебі, бұл ансамбль ұлттық би дәстүрін сақтап, қазақтың көне салттық билерін сахналық формада қайта жаңғыртып келе жатқан жетекші ұжымдардың бірі болып табылады [2, 12 б].
1. Қазақ биінің тарихи бастаулары мен салттық сипаты
Қазақ би өнерінің тарихы өте көне дәуірлерден бастау алады. Археологиялық деректер мен этнографиялық жазбаларда Орта Азия мен Дешті Қыпшақ аумағындағы тайпалардың діни және ғұрыптық билерді орындағаны туралы мәліметтер кездескен.
Мысалы, көне бақсылар мен шамандардың емдік рәсімдерінде би негізгі құралдардың бірі болған. Олар қимыл арқылы рухтармен байланыс орнатуға, табиғат күштерін шақыруға немесе ауруды «қуып шығуға» сенген. Бұл билердің қимыл пластикасы мен ырғақтары символдық сипатта болды: қол көтеру – аспанмен байланыс, жерге еңкею – табиғатқа тағзым, айналу – ғарыштық қозғалысты бейнелеу.
Қазақ би өнері өзінің бастауын шамандық, бақсылық рәсімдерден алады. Бақсылардың биі — рухпен тілдесу, табиғатқа үн қату және ғарыштық тепе-теңдік орнату рәсімі болған.
Сол кезеңдегі ғұрыптық қимылдар кейіннен тұрмыстық және мерекелік билерге ұласты. «Наурыз биі», «Жар-жар», «Тойбастар», сияқты билер халық өмірінің маңызды кезеңдерін бейнеледі.
Қазақтың ұлттық би мәдениетін сақтап, дамытуда «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің шығармашылығы ерекше орын алады. Ансамбльдің қойылымдарында қазақ халқының көне дүниетанымы мен мифологиялық санасы терең бейнеленген. Мифологиялық билер арқылы орындаушылар ежелгі рухани сенімдер мен табиғат құбылыстарына табынудың көрінісін сахна тілімен жеткізе білді.
2. Мифологиялық элементтердің көрінісі
Қазақ халқының мифологиясы оның тұрмыс-тіршілігі, салт-санасы мен символдарымен тығыз байланысты болып, ұлттық дүниетаным мен көшпелі өмір салтының айнасы іспетті. Мифологиялық түсініктер көбіне мал шаруашылығына, көшпелі тіршілікке, жыл мезгілдерін белгілеу мен ауа райын болжауға негізделген, яғни халықтың күнделікті өмірімен тығыз байланыста болған. Мифтер халықтың рухани мәдениетінде, адамгершілік пен эстетикалық тәрбиесінде маңызды орын алады. Дәстүрлі ұлттық сипаты бірінші кезекте фольклордан көрініс табады. Ежелгі мифтерден эпостық жырларға, наным-сенім элементтерінен қазіргі әңгімелерге дейін халықтың уақыт пен кеңістік туралы түсініктері дамып, сан қырлы кезеңдерден өткен. Яғни қазақ халқы ауыз екі аңыздардан таралып, көптеген жыр,эпосторы осы күнге диін өзінің құндылығын сақтап келді [1, 19 б]. Сонымен қатар аңыздардың арқасында мифтік билердің туындылары да пайда болды. Бидегі айналу қозғалысы — әлемнің айналымын, жоғарыға көтерілу — рухани тазаруды, жерге еңкею — табиғатқа тағзым етуді білдіреді.
Бұл мифтік образдар қазіргі сахнада да көрініс табады. Әсіресе «Алтынай» халық би ансамблінің орындауындағы «Бастау» биінде жер мен күнге табыну іс -қыймылдары көрінеді және «ҒасырларҮні» қойылымында Алтын адам мен сақ дәуіріндегі байланысын айқын көрсете білді . Ансамбль репертуарындағы мифологиялық бағыттағы билерде табиғат пен адам арасындағы үйлесім, рухани тазару, қасиетті күштерге сыйыну сияқты ежелгі нанымдар көрініс табады. Би қозғалыстары мен пластикасында қазақ халқының ежелгі мифтерінде жиі кездесетін жер мен көк, күн мен ай, жануарлар мен рухтар әлемі сынды бейнелер символдық түрде өрнектеледі [3, 84 б].
Осылайша, «Алтынай» ансамбліндегі мифологиялық билер — бұл дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысы, ежелгі наным-сенімдердің заманауи сахналық интерпретациясына айналды. Олар би арқылы қазақ халқының рухани мұрасы мен көркемдік дүниетанымын жаңаша бағытта, бүгінгі ұрпаққа эстетикалық және тәрбиелік мәнде жеткізілді.
3. Ғұрыптық элементтер және олардың хореографиялық интерпретациясы.
Ғұрыптық би – адамның табиғат пен қоғам арасындағы үйлесімін сақтауға бағытталған көркем әрекет. «Алтынай» ансамбілі осы ғұрыптық элементтерді сақтап қана қоймай, оларды заманауи сахналық композициямен үйлестіре білді.
Мысалы: «Жар-жар» биінде — үйлену рәсімінің символдық бейнелері; «Наурыз» биінде —қазақ халқының көне дүниетанымынан бастау алатын ритуалдық сипаттағы салттық би түрі. Бұл би халқымыздың жыл басын қарсы алу дәстүрімен тығыз байланысты болып, табиғаттың жаңаруын, жаратылыстың қайта түлеуін бейнелеуге арналған. Ежелгі түркі қоғамында би тек ойын-сауық емес, белгілі бір наным-сенімдері, ғұрыптық әрекеттердің бір бөлігі ретінде мифологиялық мазмұны көрініс табады [1, 28 б].
«Алтынай» халық би ансамблінің хореографиялық шешімдерінде бақсылық дәстүрдің элементтері де кездеседі: дөңгелек қимылдар, ырғақтық қайталанулар, қол мен иықтың динамикалық қозғалыстары, киім мен музыканың үйлесімі арқылы көрерменге рухани әсер беруі мақсат етіледі. Мұндай билер көрерменді тек эстетикалық емес, сонымен бірге рухани қабылдауға бағыттайды.
«Алтынай» ұжымының сахналық шешімдерінде әрбір қимыл – ежелгі ғұрыптың жаңаша интерпретациясы көрініс табады. Рухани-медени саланын баюымен байланысты халық шығармашылығы өзіне белгілі бір тәрбиелеуші міндетінде қосып алған. Ишарамен айту әдісін, халыктык дәстүрлер мен салттарды кең қолдана отырып, театрлық қимылдың алғашқы элементтерін пайдаланып, жастарға мінез-құлықтың нақты мөлшерлерін үйрете білді. Бұл ретте қызды ұзатуға байланысты салттың тәлімдік үлгісі өте мол. Музыкамен, қалыңдық өзі қосыла билейтін қимыл-әрекеттер - «Қыз таныстыру», «Сыңсу», «Жар-жар», «Қоштасу», «Беташар» тәрізді салттық ғұрыптық іс-әрекеттері көрініс табады. Бұл дәстүрлердің әрқайсысының өзінің орындалу уақыты, өз мақсаты бар және ақыл айту, тәрбиелеу, тілек тілеу тәрізді ұлттың ғұрыптық дәстүрлерін көрсетеді.
4. «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің ұлттық би мұрасының жаңғыру орталығы
Қазақтың халықтық би өнерінің дамуы мен сақталуына зор үлес қосқан ұжымдардың бірі – «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі. Ансамбль 1985 жылы Алматы облыстық филармониясының жанынан құрылды. Оның негізін қалаушы әрі рухани жетекшісі – белгілі өнертанушы, этнограф, мәдениеттанушы Ө. Д. Жәнібеков болды. Ұжымның алғашқы бас балетмейстері қызметін МХАТ мектебінің педагогы, кәсіби хореограф О. Всеволодская-Голушкевич атқарды. Ансамбль құрамына сол жылы А. Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің халық биі бөлімін бітірген жас түлектер қабылданды.
Ансамбльдің шығармашылық жұмысы басталған алғашқы жылдары О. Всеволодская-Голушкевич Қазақстанның түрлі өңірлеріне этнографиялық экспедициялар ұйымдастырып, зерттеу барысында көне тастарға қашалған суреттерді, халықтың тұрмыстық салт-дәстүрлерін, ғұрыптық және мифологиялық элементтерді терең зерттеп . «Бастау», «Ғасырлар үні», «Бақсы биі», «Көкпар», «Күй» - тәрізді қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігі мен рухани мәдениетін бейнелейтін сахналық қойылымдары дүниеге келді.
Сонымен қатар балетмейстер шығармашылық ізденісінің арқасында тұтас бір би бағдарламасы жасалынды. Бағдарламаға «Бастау», «Жезтырнақ», «Сайыс», «Бақсы», «Кербез», «Алқа-қотан», «Шалқыма», «Өрмек», «Айда былпым», «Киіз басу», «Келіншек», «Қылышпен би» «Буын биі» «Ақат биі» сияқты хореографиялық туындылар енді.
Бұл билердің барлығы халық шығармашылығын терең білетін көнекөз қариялардан алынған материалдарға сүйеніп жасалынды . О. Всеволодская-Голушкевич Торғай, Алматы және Шымкент облыстарында жинақталған фольклорлық-би мұраларын зерттеп, солардың негізінде дәстүрлі би элементтерін сахнада көркемдік тұрғыда жаңғырта білді.
Ансамбльдің басты ерекшелігі – халықтық және салттық билердің түпкі мазмұнын бұзбай, оларды сахналық көркем формада ұсынуы.
«Алтынай» ұжымы орындаған билерде ғұрыптық және мифологиялық элементтері айқын байқалады.
Бұлар – көне салттық мазмұн мен заманауи сахналық эстетиканың үйлескен үлгісі болып табылады.
Сонымен қатар ансамбль репертуарында түркі халықтарының ортақ мифологиялық мотивтері мен архетиптері көрініс табады. Бұл — қазақ биінің түркі өркениетімен рухани сабақтастығын айқындайтын маңызды фактор.
Ансамбльдің қойылымдарында қазақ халқының этикалық және ерлік тақырыптағы дастандары мен аңыздарының бейнелік мазмұны айқын көрініс тапты. «Алтынай» ансамблінің шығармашылығы ұлттық би мәдениетін сақтауда және оны кәсіби сахна өнеріне енгізуде маңызды тарихи рөл атқарды.
Қорытынды
«Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблінің шығармашылығы қазақ би өнерінің ұлттық болмысын сақтаумен қатар, оның кәсіби сахнадағы жаңа даму кезеңін айқындады. Ансамбльдің қызметі тек орындаушылық шеберлікті арттырумен шектелмей, халықтың мәдени мұрасын зерттеу, жинақтау және қайта жаңғырту ісімен тығыз байланысты болды.
О. Всеволодская-Голушкевич пен Ө. Жәнібековтің шығармашылық ынтымақтастығы нәтижесінде қазақтың дәстүрлі билері этнографиялық нақтылық пен сахналық көркемдік тұрғыда үйлестіріліп көрсетілді. Бұл тәжірибе фольклорды заманауи сахна тілінде бейнелеудің жаңа үлгісін қалыптастырды.
Ансамбльдің репертуарындағы билер — мифологиялық, ғұрыптық және тұрмыстық мазмұндағы көріністер арқылы халық дүниетанымының көркем бейнесін ашты. Әсіресе «Бастау», «Жезтырнақ», «Киіз басу» сияқты қойылымдарда қазақ халқының мифтік сана белгілері мен дәстүрлі наным-сенім жүйесі айқын бейнеленген. Бұл билердің композициялық құрылымында көне ғұрыптар мен әйел-ана культі, табиғатқа табыну, магиялық қимылдар көрініс тапқан.
Қорытындылай келе, «Алтынай» мемлекеттік халық би ансамблі қазақтың дәстүрлі билеріндегі мифологиялық және ғұрыптық элементтерді сақтап, оларды кәсіби сахналық өнердің биік деңгейіне көтере алды. Ансамбльдің шығармашылық мұрасы — ұлттық рухани мәдениеттің айрықша құндылығы болып табылады және ол болашақ ұрпақ үшін этнохореографиялық зерттеулердің маңызды дереккөзі болып қала береді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ғабитов Т.Х Қазақ мәдениетінің тарихы. -Алматы 2018.
- Қуанышбекова А. «Алтынай» ансамблінің сахналық дәстүрлері. – Алматы, 2017.
- Қышқашбаев Т., Шаңқыбаева Ә., Жұмасейітова Г., Мамбетова Л., Мусина Ф. «Қазақстан хореографиясының тарихы». – Алматы: ИздатМаркет, 2005, 269 б.
дипломов


Оставить комментарий