Статья опубликована в рамках: CCXXVII Международной научно-практической конференции «Научное сообщество студентов: МЕЖДИСЦИПЛИНАРНЫЕ ИССЛЕДОВАНИЯ» (Россия, г. Новосибирск, 25 декабря 2025 г.)
Наука: Педагогика
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
ОРТА БУЫН ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ КАЛЬКА ҚАТЕЛЕРІ: ПАЙДА БОЛУ СЕБЕПТЕРІ МЕН АЗАЙТУ ЖОЛДАРЫ
АННОТАЦИЯ
Мақалада орта буын оқушыларының ағылшын тілін меңгеру барысында жіберетін типтік калька қателері қарастырылады. Тілдік интерференцияның пайда болу себептері талданып, лексикалық және грамматикалық калькаларға мысалдар келтіріледі. Зерттеудің негізгі мақсаты – онлайн платформаларды (Quizlet, Grammarly, ChatGPT) қолдану арқылы қателерді түзетудің тиімділігін анықтау. Тәжірибелік зерттеу нәтижелері цифрлық ресурстардың оқушылардың тілдік құзыреттілігін арттырудағы рөлін дәлелдейді.
Кілт сөздер: ағылшын тілі; орта буын; калька; тілдік интерференция; онлайн платформалар; лексикалық қателер; цифрлық білім беру.
Шетел тілін оқыту үдерісінде оқушылардың сөйлеу дағдысын қалыптастыру оқытушының маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Шет тілін үйрену – бұл жай ғана жаңа сөздерді жаттау емес, жаңа ойлау жүйесін қалыптастыруды талап ететін күрделі когнитивтік үдеріс. Алайда оқушының санасында ана тілінің жүйесі (қазақ тілі) басым болғандықтан, ол жаңа тілдік ақпаратты ана тілінің сүзгісінен өткізеді. Дегенмен аталған үдерісте түрлі тілдік қателердің орын алуы заңды құбылыс ретінде танылған. Шетел тілін меңгерудегі өзіндік қиындыққа айналған бұл құбылыс ғылымда «интерференция» деп аталады. Ғалым У. Вайнрайхтың анықтамасы бойынша, интерференция – екі тілдің түйісуі нәтижесінде пайда болатын тілдік нормадан ауытқу [1, 148 б.]. Бұл мәселенің өзектілігі – оқушылардың ана тіліндегі ойлау жүйесінің шет тіліне механикалық түрде көшірілуінде. Бұл тек стильдік қателерге ғана емес, сонымен қатар коммуникативтік түсініспеушіліктерге әкеледі [2, 624 б.]. Осы орайда, заманауи онлайн платформаларды оқу процесіне интеграциялау – қателерді түзетудің ең тиімді әрі қызықты жолы болып табылады.
Тілдік интерференция – бұл екі тілдің жанасуы нәтижесінде бір тілдің заңдылықтарының екінші тілге әсер етуі. Л.С. Выготскийдің пікірінше, ой мен сөздің байланысы тікелей емес, ол белгілі бір ішкі мағыналық құрылымдар арқылы жүзеге асады [3, 352 б.]. Оқушылар ағылшын тілінде сөйлем құрау кезінде өздеріне таныс ана тілінің моделін пайдаланады. Калькаларды төмендегідей тереңдетіп жіктеуге болады:
Лексикалық калька қателері: Бұл – сөз мағынасын қабылдаудағы ауытқулар. Осы секілді қателер оқушының ана тілінен сөздердің мағынасын тура аударуынан туындайды. О.С. Ахманованың еңбектерінде көрсетілгендей, оқушы жаңа тілдің лексикалық бірлігін таңдағанда өз ана тіліндегі көп мағыналы сөздің тек бір мағынасына сүйеніп, қате қолданыс жасауы мүмкін [4, 608 б.]. Мысалы, қазақ тіліндегі бір сөз ағылшын тілінде әртүрлі контекстте түрлі сөздермен берілсе (мысалы, «істеу» – do, make), оқушы тікелей аударманы таңдап, «make a photo» (дұрысы: take a photo) немесе «do a decision» (дұрысы: make a decision) сияқты қате лексикалық калькаларға жол береді.
Синтаксистік калька қателері: Бұл оқушының ана тіліндегі сөйлем құрылымын, оның ішінде сөз тіркестерінің ретін шет тілінің синтаксистік нормаларын елемей, тікелей көшіруінен туындайды. Аталған қателер оқушы күрделі сөйлемдерді құрастыруға тырысқанда жиі байқалады. Мысалы, «Мен кітап оқимын, өйткені сабаққа дайындалуым керек» деген сөйлемді «I read a book because I must prepare to the lesson» деп аударуды синтаксистік калька қатесіне мысал ретінде қарастыра аламыз. Мұнда оқушы ағылшын тіліндегі нақ осы шақ немесе препозициялық қолданыстарды ескермейді.
Стилистикалық калькалар – бұл тілдік ойлау жүйесі мен функционалдық стильдердің өзара қақтығысы. Ағылшын тілінің аналитикалық құрылымы қазақ тілінің нормаларына тікелей көшірілгенде, мәтіннің табиғилығы жойылады [5, 144 б.]. Бұл құбылыстың ең айқын көрінісі – төл сөзді жеткізудегі калькалар. Ағылшын тіліндегі ғылыми еңбектерде автордың өзін «I» (мен) деп атауы қалыпты жағдай. Мысалы, «I have concluded that...» дегенді қазақ тіліне «Мен мынадай қорытындыға келдім» деп сөзбе-сөз аудару – стилистикалық калька. Қазақ академиялық тілінде авторлық «мен» мүмкіндігінше тасада қалып, «зерттеу барысында анықталды» деген сияқты пассивті конструкциялар қолданылуы тиіс.
Лингводидактикалық тұрғыдан алғанда, калька қателерін толық жою мақсат емес, басты міндет – олардың санын азайту және тілдік сенімділікті арттыру [6, 416 б.]. Қазіргі заманғы әдістемелерде цифрлық білім беру ресурстары маңызды рөл атқарады. Quizlet платформасы Flashcards режимі арқылы оқушыларға сөздерді тіркесімен (collocation) жаттауға мүмкіндік береді. Мысалы, «make a decision» тіркесін тұтас жаттаған оқушы «do a decision» деген калька жасамайды. Е.С. Полаттың пікірінше, компьютерлік технологиялар оқушының өзіндік рефлексиясын дамытуға септігін тигізеді [7, 272 б.]. Мұғалім арнайы «Spot the сalque» викториналарын Kahoot платформасында ұйымдастыру арқылы оқушыларды «How old are you?» мен «How many years for you?» сияқты тіркестерді ажыратуға дағдыландырады.
Grammarly сервисі орта буын оқушыларына жазбаша жұмыстардағы қателерді түзетуге көмектессе, ChatGPT секілді ЖИ құралдарын «Explain why this sentence sounds unnatural» деген сұранымдар арқылы пайдалану оқушының лингвистикалық талдау қабілетін арттырады.
Зерттеу жұмысының практикалық бөлімі жалпы білім беретін орта мектептің 8-сынып оқушылары арасында жүргізілген педагогикалық экспериментке негізделді. Эксперименттің мақсаты – онлайн платформаларды жүйелі қолданудың калька қателерін азайтудағы нақты тиімділігін эмпирикалық деректермен дәлелдеу. Зерттеу үш кезеңнен тұрды: диагностикалық, қалыптастырушы және бақылау кезеңі.
Эксперимент басында оқушылардың тілдік кедергілерін анықтау мақсатында арнайы тест пен сауалнама жүргізілді. Тест нәтижесі көрсеткендей, оқушылардың жазбаша жұмыстарында әрбір 10 сөйлемнің 6-сы калькалық құрылымдардан тұрады. Сауалнама барысында оқушыларға қойылған «Ағылшын тілінде сөйлегенде немесе жазғанда ең бірінші ойыңызға қай тіл келеді?» деген сұраққа қатысушылардың 78%-ы «қазақ тілі» деп жауап берді. Бұл - С. С. Құнанбаева атап өткен «тіларалық трансференция» құбылысының айқын көрінісі. [8, 344 б.] Аталған көрсеткіш оқушының когнитивтік деңгейінде «ішкі аударма» механизмінің басымдығын, яғни лингвистикалық терминологиямен айтқанда, L1 интерференциясының жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар, оқушылардың 65%-ы ағылшын тіліндегі сөздерді жеке-жеке, контекстке сай емес жаттайтынын айтты. Бұл әдіс оқушының жадында сөздердің арасындағы семантикалық байланыстардың орнына, ана тіліндегі баламасымен механикалық байланыс орнауына әкеледі. Нәтижесінде «қабылдау – аудару – өндіру» тізбегінде калька қатесі пайда болады.
Эксперименттік топта (20 оқушы) ағылшын тілі сабақтарының 25-30%-ы онлайн платформалармен интеграцияланды.
Quizlet платформасында «Common Collocations vs Direct Translation» атты арнайы карталар жинағы құрылды. Мұнда оқушыларға «do a mistake» (қате) және «make a mistake» (дұрыс) сияқты жұптар салыстырмалы түрде берілді. Оқушылар «Match» ойыны арқылы дұрыс тіркестерді жылдам табуға машықтанды.
Grammarly қолдану барысында оқушылар өздерінің эсселерін тексеріп, бағдарламаның «clarity» (айқындық) және «correctness» (дұрыстық) бойынша берген ескертулерін талдады. Мысалы, бағдарлама «I feel myself good» сөйлеміндегі «myself» есімдігін артық деп көрсеткенде, оқушы ағылшын тіліндегі «feel» етістігінің рефлексивті емес табиғатын түсіне бастады. Эксперимент соңында жүргізілген қайталау тестілеуі айтарлықтай өзгерістерді көрсетті. Зерттеу нәтижесінде эксперименталды топта лексикалық калькалар екі еседен астам азайған. Бұл Quizlet арқылы сөздерді контекстте жаттаудың тікелей нәтижесі. Оқушылардың сөйлеу жылдамдығы артып, олардың өз қателерін өз бетінше түзету (self-correction) деңгейі 12%-дан 45%-ға дейін көтерілді.
Жүргізілген зерттеу жұмысы орта буын оқушыларының ағылшын тіліндегі калька қателерін азайту мәселесінің кешенді екенін және оны шешуде дәстүрлі әдістер мен заманауи технологияларды ұштастыру қажеттілігін айқындап берді. Калька – бұл тек білімсіздіктің белгісі емес, бұл оқушының жаңа тілді игеру жолындағы табиғи когнитивтік стратегиясы. Оқушы өзіне беймәлім құрылымдарды түсіну үшін бұрыннан таныс ана тілінің моделіне сүйенеді. Сондықтан, мұғалімнің міндеті – бұл стратегияны жоққа шығару емес, оны «тілдік сезім» арқылы сапалы деңгейге көтеру. Онлайн платформалар бұл үдерісте көрнекілік пен интерактивтілік арқылы оқушының назарын қате мен дұрыс нұсқаның арасындағы айырмашылыққа аударудың таптырмас құралы болып табылады.
Эксперимент барысында Quizlet, Kahoot және Grammarly сияқты платформалардың әрқайсысының өзіндік функционалдық рөлі бар екені анықталды. Quizlet сөздік қорды жүйелесе, Kahoot бәсекелестік ортада жылдам шешім қабылдауға үйретеді, ал Grammarly мен ЖИ құралдары аналитикалық ойлауды дамытады. Бұл құралдарды жүйелі қолдану оқушының «ішкі аударма» уақытын қысқартып, ойды тікелей ағылшын тілінде қалыптастыруға бағыттайды.
Тіл үйрену – бұл ұзақ үдеріс, ал калька қателерін азайту – сол үдерістің сапалық көрсеткіші. Зерттеу барысында қолданылған цифрлық әдіс-тәсілдер орта буын оқушыларының тілдік құзыреттілігін арттырып қана қоймай, олардың шет тілін үйренуге деген мотивациясын айтарлықтай көтерді. Болашақта бұл зерттеуді жасанды интеллекттің жекелеген оқушының қателік жасау мүмкіндіктерімен терең зерделеуге болады.
Әдебиеттер тізімі:
- Weinreich U. Languages in Contact: Findings and Problems. – New York: Linguistic Circle of New York, 1953. – 148 p.
- Тер-Минасова С. Г. Язык и межкультурная коммуникация. – М.: Слово, 2000. – 624 с.
- Выготский Л. С. Мышление и речь. – М.: Лабиринт, 1999. – 352 с.
- Ахманова О. С. Словарь лингвистических терминов. – М.: Советская энциклопедия, 1966. – 608 с.
- Гальперин И. Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М.: КомКнига, 2007. – 144 с.
- Scrivener J. Learning Teaching: The Essential Guide to English Language Teaching. – Macmillan Education, 2011. – 416 p.
- Полат Е. С. Новые педагогические и информационные технологии в системе образования. – М.: Академия, 2008. – 272 с.
- Кунанбаева С. С. Теория и практика современного иноязычного образования. – Алматы, 2010. – 344 с.
дипломов


Оставить комментарий