Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 6(92)
Рубрика журнала: История
Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2
БІРІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС ҚАРСАҢЫНДАҒЫ ОСМАНДЫҚ ТҮРКИЯНЫҢ ІШКІ САЯСИ ЖАҒДАЙЫНЫҢ ШИЕЛЕНІСУІ ЖӘНЕ ОНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТҚА ӘСЕРІ
Соғыс қарсаңында Осман империясының территориясы 1,8 млн. км. аумақты қамтып, оның сегіз миллион халқының әрбір төртіншісі империяның еуропалық бөлігінде тұрды. ХХ ғасырдың басында ғана түрік ұлты қалыптаса бастап, Осман империясына бұрын кірген балқан халықтарынан осы тұрғыдан артта қалды. Империяның саяси құрылымы тұрғысынан конституциялық монархия болды, бірақ барлық билік "Бірлік және Прогресс" ("Иттихад ве теракки") жас түріктер партиясының үш көшбасшысының қолында шоғырланған еді: Энвер паша - әскери министр және Бас штаб бастығы, Талат паша – партия төрағасы және ішкі істер министрі, Джемаль паша - теңіз министрі, Ыстамбұлдың полиция басшысы және әскери губернаторы. Жастүріктер билігі кезіндегі 10 жылда 14 үкімет ауысқан болатын. Түркия тарихы үшін бұл рекордтық сан "Бірлік пен Прогресс" басқарушы партиясының елде саяси тұрақтылықты құруға қабілетсіздігін көрсетті. Жастүріктер өз басқару жылдарында елдегі әлеуметтік проблемаларды шешу үшін неғұрлым тиімді шаралар қабылдаған жоқ.
Жастүріктердің сыртқы саясат мәселелерінде бірлік көрінген болатын, ал шын мәнінде олардың арасында неміс, француз және ағылшын бағдарының жақтастары болған түрлі топтар болған еді.
Осман империясында бастапқыда артықшылық Антантада болып, Англия мен Франция ел экономикасы мен қаржысына үлкен қызығушылық танытты. Эрнест Кассел Түркияның Ұлттық банкін құрды және оның директоры мұнай магнаты Гүлбенкиан (1902 ж. бастап ағылшындардың құзырында болған) болды [1, 57-б.]. Ағылшын концерндері Смирна - Айдын темір жолын және оның тармақтарын, аса көрнекті шетелдік сауда фирмаларын (Витал энд компани) және Константинопольдегі "Телефон компаниді" пайдаланды. Олар Мерсиндегі ірі мақта тазалау фабрикасын, Бейруттағы техникалық құралдар мен машина жабдықтарын сату дүкендерін және т. б. иеленеді [1, 57-58-бб.].
Француздарға келетін болсақ, "Крезо" концерні екі су асты қайықтарын салуға Портадан тапсырыс алса, ал "Шантье де ла Медитэранэ" - алты эскадрленген миноносшылар салуға тапсырыс алады. Басқа компаниялар толығымен немесе едәуір бөлігінде кемежайларды, доктар мен тауар қоймаларын, су құбырларын, электр және Константинополдегі телефондарды, маяктарды, Гераклеадағы көмір кен орындарын, "Балиа-Карайдин" қорғасын және көмір кеніштерін, "Арган және Ақ Даг" синдикаттарын, "Карвал майнз", "Пайлот", "Тагбоут энд сэлвэйдж компани", "Сосьете иммобилиер Оттоман" және т.б. иемденді [2, 29-б.]. Пандерма - Сома - Магнезия, Смирна - Кассаба - Эйфиум Карахиссар, Муданья - Бурса, Бейрут - Раяк - Дамаск, Раяк - Хомс - Хама - Алеппо, Триполи - Хомс және Яфа - Иерусалим темір жол желісі, Бейруттың ірі сауда үйлері Француз кәсіпкерлерінің тіректері болды. Жалпы соммасы 143,2 млн. түрік лирін (бір түрік лирасы = шамамен 18 шиллинг) құрайтын Оттоман империясының мемлекеттік борышының 62,9%-ы Франция және 22,3%-ы Англияға қарызын құрады [2, 29-б.]. Оттоман банкінің директорлары әдетте үшінші республиканың саяси қайраткерлері немесе "Банк де Франс" басқармасының мүшелері болды.
Бұл Түркияның мемлекеттік аппаратында да көрініс тапты. Әлдебір Жоли қаржының бас инспекторы болды. Оның отандасы полицияны, екіншісі - "Табакко монополи" концернін басқарды. Ричард Кроуфорд кедендік тиімді басқаруды жүзеге асырып, X. Вудз экономикалық кеңесші болды. Басқа ағылшындар ішкі істер, әділет, қоғамдық жұмыстар және мемлекеттік азаматтық қызмет министрліктерінің жанындағы кеңесшілер ретінде әрекет етті. Уинсент Кейлард, "Виккерс" компаниясының басқарма мүшесі, Оттоман мемлекеттік қарыз кеңесінің төрағасы болды. Ағылшын теңіз миссиясы адмирал Лимпустың басшылығымен флоттағы негізгі позицияларды жаулап алды [3, 71-б.].
Алайда, 1889 жылы кайзер Абдул-Хамид II-ке жолыққаннан кейін, Германия Түркияға бұрын келген мемлекеттерден басымдық ала бастады. 1887 жылдан 1910 жылға дейін оның түрік импортындағы үлесі 6-дан 21% - ға дейін, ал Австро-Венгрия-13-тен 21% - ға дейін өсті [4, 61-б.]. Сол кезеңде ағылшын тауарларын әкелу 60 - тан 35% - ға дейін, француз тауарларын әкелу 18-ден 11% - ға дейін қысқарды. Түрік кәсіпорындарына Француз капитал салымы ("Оттоман мемлекеттік борышын" есептемегенде) 25,9% - ды құраса, ағылшын инвестициялары барлық шетелдік инвестициялардың 16,9% - ын құрады, ал тек бір ғана Германияның капитал салымы 45,4% - ға жетті. Оның саудасын "Дейче Палестинабанк", "Левант-Контор" және әсіресе "Дрезднер банк", "Дискон-тогезельшафт", "Шаафхаусеншер банкферейн" және "Фюр Дейчланд Ұлттық Банкі" банктерімен бірлесіп құрған "Дейче Ориентбанк" қаржыландырды. Германияның Оттоман мемлекеттік қарызындағы акциялары 1881 жылы 4,7% - дан, (ол Түркия кредиторлары арасында алтыншы орынды иеленген кезде) 1912 жылы 20% - ға дейін өсіп,тек Франциядан кейінгі екінші орында тұрды [5, 112-б.].
Берлин банктері "Винер банкферейнмен" бірге Константинополді Орталық Еуропамен байланыстыратын Шығыс темір жолына билік етті. Бұдан басқа," Дейче банк "Хайдар-паша - Измит - Ангора (Анкара), Хамидие - Болу және Эскишехир - Конья желілерін қоса алғанда Анатолий темір жолын, Шығыс темір жол желілерін пайдалану жөніндегі компанияны, сондай-ақ, "Банк оф ориентал рэйлвейс" банкін және империялық Оттоман темір жол компаниясын басқарды, ол (түрік, австриялық, швед, француз және итальян фирмаларымен бірлесіп) Коньядан Бағдатқа және Басраға дейін темір жол ұзарту үшін құрылды. 1914 ж. Жаңа тармақ Алеппо, Александреттаға дейін және Евфратқа қарай созылды [4, 63-б.].
Берлин-Бағдад темір жолы - Орта Шығысқа енуге ұмтылыстың көрінісі - Таурус мысын, Киркук мұнайын, Месопотамия мен Күрдістанның темекі, жүн, мақта, дәндері мен жемістерін шығару мақсатында, сондай-ақ Герман тауарлары үшін әлемнің ең бай нарықтарының бірін сатып алу мақсатында салынған. Жолдың мақсаты оны Парсы шығанағына жеткізу арқасында Таяу Шығыс, Үнді және Қиыр Шығыс саудасын теңіз бойынша Лондонмен саудадан аландатып, оны құрлық бойынша - Германияға бағыттау. Багдад темір жолының компаниясы электр, құрылыс ("Сименс Бау А. Г. "), Германия өнеркәсібінің ауыр және экспорттық салаларымен тығыз байланысты болды [2, 31-32-бб.].
Түркияда бірінші дүниежүзілік соғыстың басында маңызды әлеуметтік мәселелер бойынша партияның орталық комитетінің белгісіз ұстанымына наразылығын білдірген басқарушы партияның оппозициясы қалыптасты. Бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында басқарушы партияның өзінде, әсіресе оның парламенттік фракциясында дағдарыстың шиеленісуі басталды.
Жастүріктердің қарсыластары олардың әскери сәтсіздіктерін пайдалана білді. "Еркіндік пен келісім” партиясы “Бірлік пен прогресс" партиясы айналасындағы оппозициялық ұйымдар мен наразы топтарды өз айналасына біріктіріп, ағылшын және француз үкіметінен қолдау тапты. Жастүріктер үкіметі таратылып,1912 жылда "Үлкен кабинет" аталған үкімет құрылды. Бұл кабинеттің қалыптасуы "Еркіндік пен келісім" партиясының жеңісі мен жастүріктердің жеңілісін көрсетті. Ахмед Мұхтар паша басқаруындағы антижастүріктер үкіметі мен жастүріктер көп бөлігін алып отырған парламенттің арасында шиеленіс орнады. Осы жанжал барысында жастүріктер парламенті таратылды. Алайда жастүріктер оралуға қолайлы сәтті күтті [6, 211-б.].
1911 жылдың күзінде басталған италия - түрік соғысы және оның кейбір дипломатиялық аспектілері бірінші дүниежүзілік соғыс қарсаңында Осман империясының реакциясын күшейтуде шешу рөл атқарды. Сонымен бірге, 1911-1912 жылғы Триполитан соғысы Түркияның әлсіздігін айқын көрсетіп, материалистік державалардың күресін күшейтті. Оған қоса Балқан халықтарының ұлт – азаттық қозғалысы күшейе түсті. Антантаның билеуші элитасы Балқан халықтарының ұлттық - азаттық қозғалысын өз мақсатына пайдалануды ойластырды.
1912 жылы Түркияға қарсы Балқан одағы құрылып, Черногория, Сербия, Болгария және Грекия Түркияға қарсы әскери іс-қимылдарды бастады. Түрік үкіметі Англия мен Германияға қолдау көрсетулері үшін өтініш жасады, бірақ екі жағдайда да бас тартылып, түрік дипломатиясы үшін барлық есіктер жабық болды. Әскери іс-қимылдар Түркия пайдасында емес еді. Ұлы державалар әлі әлемдік соғысқа дайын емес еді, сондықтан өздері де соғысты тоқтатуға қол жеткізуге тырысты. 1912 жылдың желтоқсанның басында түрік-болгар келісімі жасалды. 1913 жылдың 17 қаңтарында Англия, Франция, Германия, Италия, Ресей және Австро-Венгрияның 6 державаларының өкілдері ұжымдық нотаны портқа ұсынып, онда Адрианопольді Болгарияға беруіне табанды "кеңес берген". Адрианопольді беруге үкіметтің дайын екендігі туралы хабар үлкен наразылыққа алып келіп, "Бірлік пен прогресс" партиясының басшылығы әскери төңкеріс жасады. Жаңа үкімет қайтадан жастүріктерден құрылды. Билікті басып алып, жастүріктер Болгарияға қарсы әскери іс-қимылдарды жалғастыруды шешті, бірақ табысқа жете алмай, 1913 жылдың мамыр айының соңында Лондондық бейбіт келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр болып, Осман империясының еуропалық аумағының барлығы дерлік жеңімпаз елдер арасында бөлінді.
1913 жылы 11 маусымда жастүріктер оппозициясы ұйымдастырған қастандықтың нәтижесінде ұлы уәзір Махмуд Шевкет паша өлтірілді. Бұл қылмыс "Бірлік пен прогресс" партиясының ашық террор саясатын бастауына себеп болды. Елдегі барлық оппозициялық партиялар бірінші дүниежүзілік соғыстың соңына дейін заңсыз болып жарияланып, "Бірлік пен прогресс" елдегі жалғыз партия болды.
Ұлы уәзір – мысыр ханзадасы Саид Халим паша болды. Стамбулда Египет Англияның басқаруында уақытша болған Осман империясының ажырамас бөлігі деп есептейтінін атап өткен жөн. Бұл жағдайды жастүріктердің прогермандық таңдау себептерін анықтау кезінде болғанын ескеру керек.
Жастүріктер саяси билік жүйесі ретінде қандай блокты қолдау керектігін ойлап, күтуді және таңдауды жалғастырды. Жастүріктер үкіметі қарсы блоктар арасында теңгерім саясатын жүргізді. Жастүріктер комитеті де, оның көшбасшыларының өздері де, 1914 жылдың 2 тамызына дейін түпкілікті таңдау жасамады.
Түркияның Германияны одақтастық таңдау себептерін анықтағанда, біз жоғарыда атап өткен жанама себептерден басқа, тағы екі - негізгі себептерді атап өтеміз. Бірінші себеп – Германия түріктердің османизм идеологиясын қолдап, жастүріктер доктриналарының жиынтығын сәтті пайдаланды. Тағы бір себеп – Германияның түрік армиясы мен флотын нығайтудағы жедел көмегі болды.
Жастүріктер диктатурасы Түркияның экономикалық жағдайының одан әрі нашарлауына алып келіп, Осман империясын кайзерлік Германиямен байланыстырды. Елдің империалистік державаларға экономикалық тәуелділігі күрт өсті. Мемлекеттік бюджеттің және сыртқы сауда теңгерімінің үлкен тапшылығы сақталды. Ауыл шаруашылығын, сауда мен өнеркәсіпті дамытуды шетелдік капиталдың күшеюі, ішкі саяси жағдайдың тұрақсыздығы тежеді.
Әдебиеттер тізімі:
- Полетика Н.П. Возникновение первой мировой войны. М.: Наука, 1964. - 348 с.
- Готлиб В.В. Тайная дипломатия во время первой мировой войны. - М.: Соцэкгиз, 1960. - 603 с.
- Первая мировая война и международные отношения. - СПб, 1995. - 608 с.
- Нотович Ф.И. Захватническая политика германского империализма на Востоке в 1914 - 1918 г. - М.: Соцэкгиз, 1947. - 274 с.
- Ерусалимский А.С. Внешняя политика и дипломатия германского империализма в конце XIX века. - М.: Соцэкгиз, 1963. - 357 с.
- Г.З. Алиев. Турция в период правления младотурок, М.: 1972 г.
- В.И. Шеремет. Босфор: Россия и Турция в эпоху первой мировой войны, М.: 1995 г.
Оставить комментарий