Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 34(372)
Рубрика журнала: Искусствоведение
Скачать книгу(-и): Скачать книгу
ХОРЕОГРАФИЯЛЫҚ ӨНЕРДІ ЗЕРТТЕУДЕГІ «БИОМЕХАНИКА» ҰҒЫМЫНЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ПАЙЫМДАЛУЫ
АННОТАЦИЯ
Мақалада «биомеханика» ұғымының тарихи қалыптасуы мен даму ерекшеліктері, оның адам қозғалысын зерттеуден хореографиялық өнерді зерттеу саласына ену үдерісі қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – биомеханика ұғымының теориялық мазмұнын ашу және оның би қимылдарын зерттеудегі ғылыми-әдіснамалық мүмкіндіктерін айқындау. Жұмыста теориялық, компаративистикалық талдау және ғылыми әдебиетті жүйелеу әдістері қолданылды. Биомеханиканың хореографияда қолданылуы қозғалыстың физикалық, кинематикалық, кинетикалық, функционалдық және көркемдік сипаттарын зерттеу бағыттары тұрғысынан талданады. Сонымен қатар биомеханикалық тәсілдің орындаушылық техникасы, қозғалысты басқару, дене механикасы және би қимылдарының кеңістіктік ұйымдастырылуын зерттеудегі рөлі қарастырылады. XXI ғасырдың заманауи зерттеушілерінің осы бағыттағы әдебиеттерін талдау нәтижесінде биомеханика хореографиялық өнерді зерттеуде қозғалыстың техникалық және көркемдік ерекшеліктерін кешенді қарастыруға мүмкіндік беретін пәнаралық ғылыми бағыт деген қорытынды жасалды.
ABSTRACT
This article examines the historical formation and development of the concept of «biomechanics,» as well as its integration into the field of human movement research. The objective of the study is to explore the theoretical content of the concept of biomechanics and to define its scientific-methodological potential in the analysis of dance movements. The study employs methods of theoretical-comparative analysis and the systematization of scientific literature. The application of biomechanics in choreography is analyzed through the lens of investigating the kinetic, physical, kinematic, functional, and artistic characteristics of movement. Furthermore, the role of the biomechanical approach in examining performance technique, movement control, body mechanics, and the spatial organization of dance movements is explored. An analysis of literature by contemporary 21st-century researchers in this field leads to the conclusion that biomechanics is an interdisciplinary scientific approach; it enables a comprehensive examination of both the technical and artistic aspects of movement within the study of choreographic art.
Кілт сөздер: биомеханика; хореография; би өнері; би қозғалысы; қозғалысты талдау; кинематика; кинетика; қозғалыс механикасы; орындаушылық техника.
Keywords: biomechanics; choreography; dance; dance movement; movement analysis; kinematics; kinetics; movement mechanics; performance technique.
Кіріспе
Қазіргі гуманитарлық және өнертану ғылымдарында қозғалыс құбылысын пәнаралық тұрғыдан зерттеу бағыты күшейіп келеді. Хореография өнері бұл тұрғыдан ерекше орын алады, себебі би қимылы бір мезгілде көркем бейне де, күрделі биомеханикалық процесс те болып табылады. Осыған байланысты «биомеханика» ұғымы хореографиялық өнерді зерттеуде жаңа ғылыми мәнге ие болып отыр.
Биомеханиканың іргелі негіздері XX ғасырда, ең алдымен қозғалыстарды құрылымдық тұрғыдан түсіндірген Н.А. Бернштейннің еңбектерінде қалыптасты. Алайда дәстүрлі өнертануда бұл ұғым ұзақ уақыт бойы спорт, медицина және физиология саласының терминіне жатқызылып, би өнерін зерттеуде арнайы ғылыми категория ретінде қарастырылмады. Хореография туралы зерттеулерде басым болған тарихи-мәдени, эстетикалық және педагогикалық тәсілдер қимылдың механикалық табиғатын екінші жоспарда қалдырды.
Би өнеріндегі биомеханиканы заманауи көзқараспен жүйелі әрі мақсатты түрде зерттеу XXI ғасырда қарқын алды. Бұл кезеңде Wilson мен Kwon, Koutedakis, Krasnow, Mattiussi және басқа да авторлардың еңбектерінде би қимылының кинематикалық және кинетикалық параметрлері, орындаушылық техника мен денсаулық мәселелері ғылыми талдау нысанына айналды. Lott «Би биомеханикасы: классикалық механиканы қолдану» («Biomechanics of Dance Application of Classical Mechanics. Berlin, De Gruyter») еңбегінде классикалық механика заңдарын би өнеріне қолдану мүмкіндіктерін көрсетті.
Биомеханиканың қалыптасу және даму тарихы Аристотель (б.з.д. 384 – 322 жж.), Гален (шамамен 129 – 216 жж.) және Леонардо да Винчи (1452 – 1519 жж.) сияқты ғалымдардың еңбектерімен тығыз байланысты. Аристотель мен Гален жануарлар мен адам ағзасының қозғалысын зерттеуге көңіл бөлсе, Леонардо да Винчи адам денесінің құрылымын және оның қозғалыспен байланысын қарастырды. Бұл зерттеулер қайта өрлеу дәуірінде биомеханикалық түсініктердің дамуына елеулі ықпал етті.
Француз философы, математигі әрі жаратылыстанушысы Рене Декарт (1596 – 1650) қозғалыстың пайда болуын сыртқы ортаның белгілі бір әсерлерімен байланыстыратын рефлекстік теорияны дамытты. Ал итальян ғалымы, дәрігер, математик және физик Джованни Альфонсо Борелли (1608 – 1679) өзінің «Жануарлардың қозғалысы туралы» («De Motu Animalium») еңбегінде адам ағзасын механикалық жүйе ретінде қарастырды. Ол тыныс алу, қан айналымы және бұлшықеттердің қызмет ету ерекшеліктерін механика заңдылықтары тұрғысынан түсіндіруге тырысты. Осы еңбектер биомеханиканың дербес ғылыми бағыт ретінде қалыптасуына негіз болған маңызды зерттеулердің қатарына жатады.
Кейін биомеханика дене жаттығулары мен дене қозғалысын зерттеу саласында дами түсті. П.Ф. Лесгафт (1837 – 1909) динамикалық анатомия қағидаларына сүйене отырып, дене жаттығуларының биомеханикасын ғылыми тұрғыдан негіздеді және «Дене жаттығуларының биомеханикасы» атты арнайы курстың қалыптасуына ықпал етті.
Адам ағзасының қозғалыс механизмдерін зерттеуге И.М. Сеченов (1829 – 1905), Н.А. Бернштейн (1896 – 1966) және басқа да ғалымдар елеулі үлес қосты. Олардың зерттеулерінде адамның қозғалыс әрекетінің табиғаты, дене механизмдерінің қызметі және қозғалысты басқару мәселелері қарастырылып, биомеханика жүйесін дамытуға ерекше мән берілді [1].
Би өнеріндегі қозғалыс адамның дене құрылымы мен оның қозғалыс мүмкіндіктеріне негізделеді. Сондықтан хореографиялық қозғалысты зерттеу тек эстетикалық және көркемдік тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар қозғалыстың физикалық және механикалық заңдылықтарын қарастыруды да қажет етеді. Биомеханиканың би өнеріне енуі қозғалысты объективті өлшеу және талдау әдістерінің дамуымен айқындалады.
Биомеханикалық тәсілдің хореографиядағы алғашқы маңызды қызметі – би қозғалысын объективті зерттеу мүмкіндігін қалыптастыру. Дәстүрлі хореографиялық талдауда қозғалыстың формасы, пластикасы, орындау мәнері және көркемдік сипаты көбіне визуалды бақылау арқылы сипатталады. Алайда мұндай сипаттама қозғалыстың қандай күштердің әсерінен орындалатынын, дене сегменттерінің қалай әрекеттесетінін немесе қозғалысты басқарудың қандай ерекшеліктері бар екенін толық түсіндіре алмайды.
Осы мәселе Wilson мен Kwon жазған «The Role of Biomechanics in Understanding Dance Movement: A Review» еңбегінде нақты көрсетіледі. Авторлар биомеханикалық талдаудың көмегімен қозғалыстың бұлшықеттік, күштік және моторлық сипаттарын зерттеуге болатындығын негіздейді [2]. Биомеханиканың бұл мүмкіндігі оның хореографиялық білім беру мен орындаушылық тәжірибедегі қолданылу аясын да кеңейтеді. Қозғалыстың орындалу механизмдерін анықтау арқылы орындаушылық техниканың ерекшеліктерін түсіндіруге, қозғалыс дағдыларын жетілдіруге және жарақаттардың алдын алуға мүмкіндік туады. Демек, биомеханика қозғалысты жәй ғана бақылау нысанынан өлшенетін және талданатын ғылыми нысанға айналдырады.
Осы бағыт Y. Koutedakis, E.O. Owolabi және M.Apostolos зерттеулерінде практикалық тұрғыдан нақтыланады. Зерттеушілер биомеханикалық тәсілдің заманауи қозғалысты түсіру технологияларымен, бұлшықет қызметі мен күшін бағалау әдістерімен байланысын қарастырады. Атап айтқанда, авторлар бишілердің қажеттіліктеріне сәйкес ақпарат беру үшін «advanced motion-capture, muscle-function and muscle-strength techniques» (озық қозғалысты тіркеу, бұлшықет қызметі мен күшін бағалау) әдістерін қолданады. Мұндай әдістер бишінің қозғалысы туралы объективті мәлімет алуға, жеке қозғалыстық ерекшеліктерін анықтауға, орындаушылық техниканы жетілдіруге, дене дайындығын бағалауға, жаттығу үдерісін жоспарлауға мүмкіндік береді [3]. Осы зерттеулерді салыстыру биомеханиканың би өнеріндегі мазмұны тек «қозғалыстың механикасын зерттеу» ұғымымен шектелмейтінін көрсетеді. Ол қозғалысты объективтендіру, оның орындалу механизмдерін түсіндіру және алынған нәтижелерді орындаушылық тәжірибеде қолдану мүмкіндіктерін қамтиды.
Биомеханикалық зерттеулердің даму жолы қозғалысты теориялық зерттеуден нақты хореографиялық қимылдарды талдауға көшуімен байқалады. Бұл кезеңде зерттеу белгілі бір қозғалыс элементтерінің кинематикалық және кинетикалық параметрлерін, бұлшықет белсенділігін, дене салмағының алмасуын, қозғалыс стратегияларын және орындаушылар арасындағы айырмашылықтарды анықтауға бағытталды.
Бұл бағыттың ауқымын D.Krasnow, M.V. Wilmerding, S. Stecyk, M. Wyon және Y. Koutedakis жүргізген «Biomechanical Research in Dance: A Literature Review» атты шолу еңбегі айқын көрсетеді. Авторлар 1970 жылдан 2009 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңдегі биомеханикалық зерттеулерді талдап, барлығы 89 ғылыми (мақалалар, диссертациялар және конференция тезистері) жүйелеген. Зерттеулерде электромиография, күш платформалары, фотосурет, кинематография, бейнетүсірілім және физикалық талдау сияқты әдістер қолданылған. Аталған зерттеулер дененің теңестіру, plié, relevé, passé, dégagé, développé, rond de jambe, grand battement, қол және қадамдық қозғалыстар, бұрылыстар, секірулер, құлау және қозғалыстық стратегиялаар сияқты нақты би қимылдарын қамтыған [3]. Krasnow және әріптестері зерттеген еңбектердің нәтижелері «…қозғалыстың тәжірибеге байланысты өзгеретінін» көрсетеді [4].
Біріншіден, олардың тұжырымы бойынша «elite dancers demonstrate different and superior motor strategies than novices or nondancers» элиталық бишілер бастаушылар мен биші еместерге қарағанда өзгеше әрі тиімді моторлық стратегияларды көрсетеді). Атап айтқанда, кәсіби және тәжірибелі бишілердің қозғалыс стратегиялары жаңадан бастаушылар мен би тәжірибесі жоқ адамдардың стратегияларынан ерекшеленеді. Сонымен қатар «…бұлшықет белсенділігі мен дене салмағын ауыстыру ерекшеліктерінде жеке орындаушылар арасында да вариативтілік байқалады» деп саралаған [4]. Екіншіден, станокты пайдалану немесе пайдаланбау бұлшықет белсенділігінің үлгілері мен дене салмағын ауыстыру стратегияларына әсер етеді. Үшіншіден, білікті бишілер қимылды бірнеше рет қайталағанда тұрақтырақ орындағанымен, дайындық жылдары, дене бітімі және басқа көрсеткіштері сәйкес келетін орындаушылардың арасында да айтарлықтай вариативтілік сақталады. Бұл тұжырым биомеханикалық зерттеудің маңызды ерекшелігін айқындайды: оның мақсаты қозғалысты тек «дұрыс» немесе «бұрыс» деп бағалау емес, қозғалыстың қандай механизмдер арқылы орындалатынын, әртүрлі орындаушылардың қандай стратегияларды қолданатынын және белгілі бір қозғалыстың тиімді орындалуына қандай факторлар әсер ететінін анықтау.
Физиотерапевт J. Ahonen-нің бидегі табан биомеханикасына арналған зерттеуінде - табан мен аяқтың механикалық қызметін, тірек пен тұрақтылықты, сондай-ақ қозғалыстың орындалу ерекшеліктерін қарастырады. Автор атап өткендей, - «…A large percentage of injuries to dancers involve the foot and ankle» (бишілер жарақаттарының едәуір бөлігі табан мен тобыққа тиеді) [5]. Бұл зерттеу биомеханикалық талдауды дененің белгілі бір аймағына бағытталып, оның нақты хореографиялық қозғалысты орындаудағы қызметін анықтауға мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Биомеханикалық зерттеулердің нақты қимылдарға бағытталуы қазіргі кезеңде де жалғасып отыр. Мысалы, A.Mattiussi және әріптестері балеттегі секірулердің кинематикалық және кинетикалық параметрлерін жүйелі түрде талдап, секірудің серпілу (take off) және қону (landinq) кезеңдеріндегі қозғалыс ерекшеліктерін қарастырған [6]. Авторлар шолудың мақсатын,- «summarize research investigating kinetics and kinematics of jumping in ballet dancers» (балет бишілеріндегі секірудің кинетикасы мен кинематикасын зерттейтін еңбектерді жинақтау) деп анықтайды. Бұл зерттеулер би қимылының құрылымын нақты өлшемдер арқылы сипаттауға және қозғалыстың денеге түсіретін механикалық жүктемесін анықтауға мүмкіндік береді.
Биомеханикалық зерттеулердің дамуы қозғалыстың жекелеген физикалық параметрлерін анықтаумен шектелмей, оның тұтас функционалдық ұйымдастырылуын зерттеуге алып келді. Бұл бағытта M. Liederbach бишінің тұтас дене механикасы мен қозғалысты моторлық басқару қағидаларын қарастырып, қозғалыстың тиімді әрі қауіпсіз орындалуы мәселесіне назар аударады [7]. Мақала медицина мен реабилитация тұрғысынан «evaluation, treatment, and reconditioning of dancers during and following injury» (жарақат кезінде және одан кейін бишілерді бақылау, емдеу және қалпына келтіру) мәселелерін қарастырады. Осы бағыттағы зерттеулер би қозғалысын жеке дене сегменттерінің жиынтығы ретінде емес, өзара байланысқан тұтас қозғалыстың жүйе ретінде қарастырудың қажеттігін көрсетеді. Бұл әсіресе күрделі хореографиялық қимылдарды зерттеу кезінде маңызды, себебі қозғалыстың бір элементіндегі өзгеріс басқа қозғалыстық компонеттердің орындалуына әсер етуі мүмкін.
A. Scharli «Functional Movement Analisys in Dance» тарауында биде эстетикалық әсер мен моторлық орындаудың жиі өте тығыз байланысты екенін атап өтеді. Автордың пікірінше бастапқыда спортқа қолданылған функционалдық қозғалыс талдауы биді зерттеуде де пайдалы құрал бола алады [8]. Бұл тұжырым биомеханикалық талдауды хореографиялық зерттеуге енгізудің ғылыми негізі болып табылады. Мұндай көзқарасты М.М. Габович те қолдайды. Ол «Принципы биомеханики в методике преподавания классического танца» (1986) еңбегінде биомеханикалық заңдылықтарға сай орындалған қимыл эстетикалық талаптарға да жақсы сәйкес келеді деген қорытынды жасайды [9]. Бұл қимылдың көркемдігі мен оның механикалық тиімділігін бір-біріне қарсы қоймай, өзара байланысты қарастыру қажеттігін көрсетеді.
Біздің ойымызша, мұнда пәндік айырмашылық сақталады: спортта нәтиже көбіне өлшенетін көрсеткіштермен бағаланса, биде қозғалыстың көркемдік мазмұны шешуші рөл атқарады. Дегенмен бұл айырмашылық екі саланың биомеханикалық негіздерінің ортақтығын жоққа шығармайды.
Яғни би қозғалысының эстетикалық көрінісі оның физикалық және көркемдік табиғатының бірлігінен көрінеді. Кез келген би қимылы адам денесінің анатомиялық және механикалық мүмкіндіктеріне сүйенеді, бірақ хореографиялық өнерде сол қимыл белгілі бір стильді, образды, эмоциялық мазмұнды және ұлттық ерекшелікті жеткізудің құралына айналады.
Осы тұрғыдан Рудольф Лабанның қозғалыс теорииясы еңбегі биомеханикалық зерттеулер үшін маңызды әдіснамалық мүмкіндік береді. Лабан қозғалысты кеңістік, уақыт, салмақ және қозғалыс ағыны сияқты параметрлер арқылы талдауға мүмкіндік беретін жүйе қалыптастырды. Оның қозғалыс теориясы қимылдың кеңістіктегі бағытын, диинамикалық сипатын және ұйымдастырылуын жүйелі түрде сипаттауға жағдай жасайды [10]. N. Salazar Stuli Лабанның хореософиялық моделін қозғалысты визуализациялау және графикалық түрде талдау мүмкіндіктерімен байланыстырады. Автордың пікірінше, Лабанның графикалық тәсілі «movement can be captured graphically for its analysis» (қозғалысты талдау үшін оны графикалық түрде тіркеуге болады) деген идеяға негізделген [11], сондықтан Лабан теориясын бейне мен сияқты технологиялар арқылы қайта пайымдауға болады. Қозғалысты графикалық модельдер, сызбалар, кеңістіктік құрылымдар және визуалды құралдар арқылы көрсету хореографиялық қозғалыстың кеңістіктік ұйымдастырылуын объективті сипаттауға мүмкіндік береді.
Лабан тоериясының хореографиялық қозғалысты зерттеудегі қолданылуы корей биі мысалында да көрініс тапқан. K.E. Shim Лабанның қозғалыс талдауы теориясын корей биі мен балеттегі айналу қозғалыстарын салыстыра зерттеуде қолданған. Ол корей биі мен балеттегі осьтік бұрылысты (pivot turn) «three perspectives of the Laban movement theory» (Лабан қозғалыс теориясының үш қыры) – хореутика, эффорт (күш) және кинетография – тұрғысынан салыстырған [12]. Нәтижесінде екі биде бұрылыстың реңкі уақыт пен салмақ элементтері бойынша өзгеше екені, ал балетте аяқ ұшына, корей биінде табанға немесе өкшеге сүйену тән екені анықталды. Ал M.-A. Lee және H.-J. Lee корей биінің қозғалыс әдістерін Лабан қозғалыс талдауы арқылы сипаттап, қозғалысты жүйелеу және оның ерекшеліктерін анықтау мүмкіндігін көрсетеді [13]. Олар Bae Jung-hye -нің «Bar Gidon» жаттығу әдісіндегі төменгі дене қимылдарын «LMA four categories: Body, Effort, Shape and Space» (LMA-ның төрт санаты: дене, эффорт, пішін және кеңістік) бойынша талдап, нәтижені Effort-Shape нотациясымен сипаттайды.
Жоғарыда қарастырылған зерттеулер биомеханиканың хореографиядағы қолданылу аясының біртіндеп кеңейгенін көрсетеді. Алғашқы кезеңде биомеханика қозғалыстың физикалық және механикалық заңдылықтарын анықтау құралы ретінде қолданылса, кейін нақты би қимылдарының параметрлерін өлшей мен салыстыруға бағытталды. Кейінгі зерттеулерде қозғалыстың функционалдық ұйымдастырылуы, моторлық басқару және көркемдік сипаты назарға алына бастады. Осы эволюцияны шартты түрде үш деңгей арқылы көрсетуге болады.
Бірінші деңгей – биомеханика қозғалысты ғылыми тұрғыдан түсіндіру құралы ретінде. Бұл деңгеде қозғалыстың күштік, бұлшықеттік, кинематикалық және моторлық механизмдері зерттеледі.
Екінші деңгей – биомеханика нақты би қимылдарын талдау құралы ретінде. Бұл бағытта қозғалыстың параметрлері өлшеніп, әртүрлі орындаушылардың қозғалыстық стратегиялары салыстырылады және қозғалыстың тиімді орындалу ерекшеліктері анықталады.
Үшінші деңгей – биомеханика мен хореорафиялық қозғалыстың көркемдік ұйымдастырылуының байланысы. Бұл жерде қозғалыстың физикалық негіздері оның кеңістіктік, динамикалық, эстетикалық және мәдени сипаттарымен сабақтастырылады.
Осы тұрғыдан «биомеханика» ұғымының хореографиялық өнердегі теориялық мазмұны оның бастапқы физикалық-механикалық мағынасынан әлдеқайда кең екенін байқауға болады. Хореографиялық қозғалыс бір уақытта физикалық, функционалдық, кеңістіктік және көркемдік құбылыс болғандықтан, оның биомеханикалық табиғатын зерттеу осы сипаттардың өзара байланысын ескертуді талап етеді.
Қорытынды
Жүргізілген теориялық талдау «биомеханика» ұғымының хореографиялық өнердегі мазмұнының біртіндеп кеңейгенін көрсетеді. Биомеханикалық тәсіл алғашында қозғалыстың физикалық және механикалық заңдылықтарын түсіндіру құралы ретінде көрінсе, кейін нақты би қимылдарын өлшеу, салыстыру қозғалыстық стратегияларды анықтау және орындаушылық техниканы жетілдіру әдісіне айналды. Заманауи зерттеулер оның функционалдық және көркемдік ұйымдастырылуын да қарастыру қажеттігін көрсетеді. Осыған байланысты биомеханиканы хореографиялық өнерде тек техникалық немесе медициналық бағыт ретінде түсіндіру жеткіліксіз. Оның маңызы қозғалыстың механикалық құрылымын, кинематикалық және кинетикалық параметрлерін, функционалдық ұйымдастырылуын және кеңістіктік-көркемдік сипаттарын өзара байланыста қарастыруға мүмкіндік беретін пәнаралық тәсіл ретінде сипаттайды.
Әдебиеттер тізімі:
- Нейматов, Э.М. прикладная биомеханика в спортивной медицины и остеопатии/Э.М. Нейматов, С.Л. Сабинин. – Москва: ООО «Издательство «Медицинское информационное агенство», 2016. – 448 с.
- Wilson, M. & Kwon, Y.-H. The Role of Biomechanics in Understanding Dance Movement: A Review // Journal of Dance Medicine & Science. – 2008. – Т. 12, № 3. – P. 109–116. – DOI: 10.1177/1089313X0801200306.
- Koutedakis, Y., Owolabi, E.O. & Apostolos, M. Dance Biomechanics: A Tool for Controlling Health, Fitness, and Training // Journal of Dance Medicine & Science, 12(3). – 2008. – DOI: 10.1177/1089313X0801200303.
- Krasnow D., Wilmerding M.V., Stecyk S., Wyon M., Koutedakis Y. Biomechanical Research in Dance: A Literature Review // «Medical Problems of Performing Artists». – 2011. – Т. 26, № 1. – P. 3–23. – DOI: 10.21091/mppa.2011.1002.
- Ahonen, J. Biomechanics of the Foot in Dance: A Literature Review // Journal of Dance Medicine & Science. – 2008. – Т. 12, № 3. – P. 99–108.
- Mattiussi A., Shaw J.W., Brown D.D., Price P., Cohen D.D., Pedlar C.R., Tallent J. Jumping in Ballet: A Systematic Review of Kinetic and Kinematic Parameters // «Medical Problems of Performing Artists». – 2021. – Т. 36, № 2. – P. 108–128. – DOI: 10.21091/mppa.2021.2011.
- Liederbach M. Perspectives on Dance Science Rehabilitation: Understanding Whole Body Mechanics and Four Key Principles of Motor Control as a Basis for Healthy Movement // «Journal of Dance Medicine & Science». – 2010. – Т. 14, № 3. – P. 114–124. – DOI: 10.1177/1089313X1001400306.
- Schärli A. Functional Movement Analysis in Dance // Handbook of Human Motion Springer, Cham. – 2018. – P. 1875–1888. – DOI: 10.1007/978-3-319-14418-4_112.
- Габович «Принципы биомеханики в методике преподавания классического танца» (1986).
- Лабан Р., Лоуренс Ф.К. «Laban R., Lawrence F.C. Effort. ». – London: Macdonald & Evans, 1947.
- Salazar Sutil, N. Laban's Choreosophical Model: Movement Visualisation Analysis and the Graphic Media Approach to Dance Studies. Dance Research. Т. 30. – 2012. – DOI: 10.3366/drs.2012.0044.
- Shim, K. The Study on Pivot Turn of Korean Dance and Ballet that the Theory of Laban Movement Analysis is Applied // Journal of Korean Dance. – 2016. – Т. 74, № 2. – P. 93–110.
- Lee, M.-A. & Lee, H.-J. A Study on Korean Dance Methods through Laban Movement Analysis: Focused on Bae Jung-hye's ‘Bar Gibon’ Breath of Lower Body Movements. The Korean Journal of Physical Education. Т. 56. – 2017.

