Телефон: 8-800-350-22-65
Напишите нам:
MAX:
WhatsApp:
Telegram:
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9:00 до 23:00 Нск (с 5:00 до 19:00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 33(371)

Рубрика журнала: Искусствоведение

Скачать книгу(-и): Скачать книгу

Библиографическое описание:
Аубакирова Д.А. ЦИРК ӨНЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕКТЕРІНЕ АНАЛИТИКАЛЫҚ ШОЛУ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2026. № 33(371). URL: https://sibac.info/journal/student/371/432757 (дата обращения: 22.11.2026).

ЦИРК ӨНЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ЕҢБЕКТЕРІНЕ АНАЛИТИКАЛЫҚ ШОЛУ

Аубакирова Диана Армановна

магистрант, хореография кафедрасы, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Қазақстан, Астана қ.

Молдахметова Алима Талгатовна

научный руководитель, ғылыми жетекші, философия ғылымының (PhD) докторы, Қазақ ұлттық хореография академиясы, Қазақстан, Астана қ.

A STUDY OF SCIENTIFIC RESEARCH IN THE FIELD OF CIRCUS ARTS

Мақалада цирк өнері бойынша отандық және шетелдік ғылыми-зерттеу жұмыстарына аналитикалық шолу жасалады. Зерттеудің мақсаты – циркті зерделеудің негізгі бағыттарын жүйелеп, қарастырылған еңбектердің тақырыбын, ғылыми ұстанымдарын және қазақ циркін зерттеудегі маңызын көрсету. Тақырыптық топтастыру, салыстырмалы талдау және жинақтау әдістері арқылы тарихи, мәдениеттанулық және этнографиялық бағыттар сипатталады. Цирк тарихына арналған еңбектерде кәсіби өнердің қалыптасуы мен дамуы қарастырылса, мәдениеттанулық зерттеулерде цирктің көркем тілі, мәдени байланыстары және көрермен қарым-қатынасы ашылады. Қазақстандық жарияланымдарда халықтық ойын-сауық, ат өнері мен дәстүрлі орындаушылық мәдениетке басымдық беріледі. Цирк пен хореографияның өзара байланысы дәстүрлі синкретизм, сахналық қозғалыс және көркемдік синтез мәселелері аясында қарастырылады. Шолу нәтижесінде аталған бағыттардың бірін-бірі толықтыратыны және этнографиялық тәсілдің қазақ циркінің ұлттық ерекшеліктерін зерделеудегі маңызы айқындалады.

The article presents an analytical review of domestic and international scholarly research on circus arts. The aim of the study is to systematize the main approaches to circus studies and identify the thematic focus, scholarly perspectives, and significance of the reviewed works for the study of Kazakh circus arts. Thematic classification, comparative analysis, and synthesis are employed to examine historical, cultural, and ethnographic approaches. Studies on circus history explore the formation and development of professional circus arts, while cultural studies examine the artistic language of the circus, its cultural connections, and its relationship with audiences. Kazakhstani publications place particular emphasis on folk entertainment, equestrian arts, and traditional performance culture. The relationship between circus arts and choreography is considered in the context of traditional syncretism, stage movement, and artistic synthesis. The review demonstrates that these approaches complement one another and highlights the importance of the ethnographic approach in exploring the national characteristics of Kazakh circus arts.

1. Цирк өнерін зерттеудің тарихи бағыты

Е.М. Кузнецовтың «Цирк: происхождение, развитие, перспективы» еңбегі цирктің қалыптасуы мен дамуын тарихи тұрғыдан қарастырады [1]. Шолуда кітаптың 1971 жылғы екінші басылымына сілтеме жасалады. Еңбектің тақырыптық өзегін кәсіби цирктің қалыптасуы, өнер орталықтарының ықпалы және көркемдік үлгілердің таралуы құрайды. Осы мәселелерді байланыстыра қарастыру цирк тарихын орындаушылық тәжірибе мен мәдени ортаның өзара қатынасы арқылы түсіндіруге жол ашады.

Петербург циркіне қатысты мына үзінді осы тәсілдің сипатын ашады: «Петербург астаналық деңгейдегі циркпен алғаш рет танысып қана қоймай, одан да маңыздысы, роман мектебінің ең ірі жетістіктерін, Париж стационары көркемдік стилінің үздік үлгілерін алғаш рет көрді. Оның нәзік эстетизмі ақсүйек-дворяндық және шенеуніктік орта өкілдерінің талғамына барынша сәйкес келді: бір жарым-екі онжылдыққа кешігіп, Ресей астанасы ақырында жәрмеңке алаңымен байланыстан толық арылған және астаналық стационардың көркемдік үрдістерін барынша таза түрде танытқан циркке ие болды» [1, 109-б.]. (аударма автордікі)

Бұл үзіндіде кәсіби цирктің қалыптасуы көрермен ортасымен және стационарлық қойылымның көркемдік сипатымен байланыстырылған. Кузнецовтың баяндауында цирк белгілі бір қаланың мәдени өміріне енетін өнер ретінде көрінеді. Осы тұрғыдан еңбек цирктің кәсібиленуін, қойылым кеңістігін және көрермен талғамын өзара байланыстыра қарастыруымен шолудың тарихи бағытын толықтырады.

Ю.А. Дмитриевтің еңбектері цирк тарихының бірнеше кезеңін қамтиды. «Цирк в России: от истоков до 1917 г.» кітабы революцияға дейінгі кезеңге арналса [3], «Советский цирк: очерки истории 1917 – 1941» кеңестік цирктің алғашқы онжылдықтарын қарастырады [4]. «Советский цирк сегодня: очерки» сол дәуірдегі цирк туралы очерктерді ұсынады [5]. «Цирк в России: от истоков до 2000 года» басылымының хронологиялық ауқымы 2000 жылға дейін кеңейтілген [2]. Аталған еңбектерді қатар қарастыру цирк тарихын кезеңдер бойынша жүйелеуге және кәсіби өнердің өзгерістерін уақыт аясында сипаттауға мүмкіндік береді.

Тарихи әдебиетті А.Я. Шнеер мен Р.Е. Славский құрастырған, Ю.А. Дмитриев бас редактор болған «Цирк: маленькая энциклопедия» анықтамалық басылымы толықтырады [9]. Энциклопедия цирк қайраткерлері мен кәсіби терминдер туралы мәліметтерді жүйелеуге арналған. Тарихи зерттеулер оқиғалар мен шығармашылық үдерістерді бірізді баяндаса, анықтамалық басылым осы кеңістіктегі есімдер мен ұғымдарды нақтылауға көмектеседі. Екеуі бірге цирк тарихын зерттеуге қажетті тарихи және терминологиялық негіз қалыптастырады.

2. Цирктің мәдени қызметі мен көркем тілін зерттеу

О.Д. Буренина-Петрованың «Цирк в пространстве культуры» монографиясында цирктің мәдени кеңістіктегі орны мен әртүрлі өнер тілдерімен байланысы қарастырылады [7]. Авторлық аудармада цирк «әртүрлі мәдениеттер арасындағы тепе-теңдіктің әмбебап үлгісі» ретінде сипатталады [7, алғысөз] (аударма автордікі). Бұл тұжырым циркті мәдени байланыстар мен таңбалық жүйелердің өзара әрекеті арқылы түсіндіруге бағытталған. Монография цирк өнерінің мәдени мағынасын талқылайтын еңбектер қатарында орын алады.

Мәдениеттанулық және семиотикалық тәсілдер цирк нөміріндегі қимылдың, трюктің, музыканың және көркем образдың байланысын қарастыруға мүмкіндік береді. Қазақ циркі мен хореографияны зерттегенде бұл байланыс ұлттық қозғалыс, әуен, киім және сахналық шешімнің біртұтас қойылымға қатысуынан көрінеді. Шолу тұрғысынан осы тәсілдің маңызы цирктің көркемдік құралдарын мәдени мазмұнмен байланыстыра сипаттауында.

Д. Жандоның «История мирового цирка» кітабы цирк тарихын халықаралық ауқымда таныстырады [8]. Еңбектегі цирктің көрерменмен байланысы туралы пікірлер мәдениеттанулық мәселелермен де сабақтасады. Жандо цирк өнерін сипаттай отырып: «Цирк – көзбен қабылданатын әрі әмбебап өнер, ол кез келген көрерменге қолжетімді» деп жазады [8, 6-б.]. (аударма автордікі)

Бұл пікір цирк өнеріндегі көрнекті әрекет пен дене қимылының қарым-қатынас құралы ретіндегі орнын айқындайды. Осы тұрғыдан Жандо еңбегі цирктің халықаралық таралуы мен көрерменге бағытталған көркем тілін бірге қарастыруға негіз береді. Буренина-Петрова мәдени кеңістіктегі байланыстарға назар аударса, Жандо тарихи панорама арқылы цирктің әртүрлі ортадағы көріністерін таныстырады. Екі еңбекті қатар қарастыру шолудың тарихи және мәдениеттанулық бағыттарын байланыстырады.

Ә. Ө. Өмірбекова мен Б. Ә. Бөкебаевтың «Цирк өнері мәдениеттанудың зерттеу нысаны ретінде» мақаласында цирк халықтық күлкі мәдениетімен, мерекелік өмірмен және көрерменге әсер ету қызметімен байланыста қарастырылады [11]. Зерттеуде цирктің мәдени құбылыс ретіндегі сипаты алдыңғы қатарға шығады. Бұл еңбек цирктегі ойын, күлкі және көрерменмен қатынас мәселелерін қазақстандық мәдениеттану аясында талқылауымен шолуды толықтырады. Оның тақырыбы цирк өнерінің қоғамдық ортадағы қызметін түсіндіруге бағытталған.

3. Қазақстандық зерттеулердегі этнографиялық бағыт

Қазақстандық цирк туралы әдебиет қатарында Қ. Бегеновтың «Казахский цирк» кітабы аталады [10]. Кітапта қазақ циркінің кәсіби қалыптасуы мен даму жолы қарастырылады. Атап айтқанда, 134-бетте цирк әртістерін даярлау, цирк училищесіндегі оқу үдерісі және акробатика, гимнастика, жонглерлік сияқты пәндерді меңгерудің маңызы сөз болады [10, 134-б.]. Бұл мәліметтер кәсіби цирк өнерінің дамуын ғана емес, орындаушыларды даярлау жүйесінің қалыптасуын да сипаттайды.

А.О. Омирбекова мен Б.А. Бокебаевтың «Предпосылки развития циркового искусства в степной культуре» мақаласы цирк өнерінің мәдени алғышарттарын дала өркениетімен байланыстыра қарастырады [6]. Авторлар ат ойындарына, халықтық ойын-сауыққа және ғұрыптық әрекеттерге назар аударады. Мақалада дәстүрлі ортадағы дене шеберлігі мен көріністік әрекет ұлттық орындаушылық мәдениеттің құрамында сипатталады. Осы арқылы еңбек қазақ циркін зерттеудің этнографиялық бағытын таныстырады.

Зерттеудегі Құйрықтөбе қалашығынан табылған маска туралы мәлімет IX-XI ғасырлардағы орындаушылық мәдениетке қатысты мысал ретінде келтіріледі [6, 112-б.]. Авторлардың баяндауында археологиялық материал халықтық ойын-сауық пен көріністік дәстүрлер тақырыбымен ұштасады. Бұл мысал мақалада дәстүрлі өнерді қарастыру үшін әртүрлі мәдени деректерге жүгінілетінін көрсетеді.

Н. Бокыбаев, М. Масаели және А. Өмірбекованың «From domestication to performance: the culturogenesis of horse art in the Kazakh steppe» мақаласы ат мәдениетін орындаушылық тәжірибе тұрғысынан қарастырады [12]. Авторлар ұлттық ат ойындарын «тарихи оқиғаларды, әлеуметтік құндылықтар мен қауымдастық байланыстарын қамтитын перформативтік рәсімдер» деп сипаттайды [12, 65-б.]. (аударма автордікі) Мақаладағы перформативтік тәсіл ат үстіндегі әрекетті мәдени мағына мен қоғамдық қарым-қатынас аясында түсіндіруге арналған.

Зерттеу қорытындысында авторлар ат өнерінің «батыстық үлгілерден туындаған емес, өзіндік әрі іргелі сипатқа ие» екенін атап өтеді [12, 68-б.]. (аударма автордікі) Бұл тұжырым олардың жергілікті орындаушылық дәстүрдің өзіндік сипатына басымдық беретін ұстанымын білдіреді. Мақаладағы «Nomad Stunts» туралы материал ат үстіндегі шеберліктің қазірге каскадерлік тәжірибеде қолданылуын таныстырады [12, 66-67-бб.]. Осылайша зерттеу дәстүрлі ат ойындары мен заманауи орындаушылықтың байланысын талқылайтын жұмыстар қатарын толықтырады.

Қазақстандық жарияланымдарды біріктіретін тақырып – халықтық орындаушылықтың ұлттық мәдениеттегі орны. Бұл аталған еңбектерді қатар оқу ат ойындары, дене машығы, ғұрыптық әрекет және көрерменмен қатынас сияқты ортақ мәселелерді бөліп көрсетуге мүмкіндік береді. Этнографиялық бағыттың қазақ циркін зерттеудегі маңызы осы ұлттық материалды ғылыми талқылауға енгізуімен айқындалады.

4. Дәстүрлі синкретизм және цирк пен хореографияның байланысы

Д. Қ. Досбатыровтың «Синкретизм традиционной казахской культуры в свете инновации режиссуры циркового и хореографического искусства Казахстана и его интеграции в мировую цивилизацию» диссертациясының тақырыбы дәстүрлі мәдениет, цирк және хореография режиссурасының байланысына арналған [13]. Қазақ ұлттық өнер академиясының каталогында ол 2013 жылғы, 6D040600 «Режиссура» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесіне ұсынылған жұмыс ретінде тіркелген. Зерттеу тақырыбы дәстүрлі мәдениеттің синкреттік сипатын қазіргі режиссура мәселелерімен сабақтастыру бағытын көрсетеді.

Досбатыровтың дәстүрлі мәдениет туралы пікірі Ф.Б. Досбатырованың «Неизвестные материалы о создании циркового спектакля “Земля чудес”» мақаласында диссертацияға сілтемемен берілген. Қазақша аударма: «Көшпенділердің халықтық цирк өнері елеулі орын алған көпғасырлық бірегей дәстүрлі мәдениеті болмаса, мұндай құбылыстың болуы екіталай еді» [16 бойынша дәйексөз, 181-б.; онда 13-дереккөздің 144-бетіне сілтеме берілген]. (аударма автордікі) Бұл пікір дәстүрлі мәдениетті қазақ циркінің қалыптасуын түсіндіретін негіздердің бірі ретінде қарастыруға бағыттайды. Ф.Б. Досбатырованың жарияланымы аталған тақырыпты нақты цирк спектаклінің жасалу тарихымен байланыстырады [16].

Сун Чаоның «Акробатика и сценография как выразительные средства современного китайского акробатического театра» мақаласы акробатика мен сахналық кеңістіктің көркемдік қызметіне арналған [14]. Жарияланымның тақырыбы циркке жақын орындаушылық түрлерді сахналық тұтастық аясында зерделеу бағытын таныстырады. Шолу үшін бұл жұмыс акробатикалық әрекет пен сценографияның байланысына назар аударуымен маңызды. Осы мәселе цирк пен хореографияны зерттеудегі қимыл, кеңістік және көркем образ ұғымдарымен сабақтасады.

Х.Б. Жанмырзаеваның «Симбиоз циркового и хореографического искусства как феномен развития жанра “цирковой балет”» атты магистрлік диссертациясының 1- тарауындағы 1.1-бөлім цирк және хореография өнерлерінің тарихи-мәдени байланысын қарастыруға арналған [15]. 17-23-беттердегі мәтінде автор екі өнер түрінің шығу тегін еңбек үдерісімен, халықтық мерекелермен, ғұрыптармен, діни рәсімдермен және ойын-сауық дәстүрлерімен байланыстыратын көзқарастарды талдайды. Сонымен бірге би өнерінің пайда болуын түсіндіретін теологиялық, космологиялық, социологиялық, биологиялық және психологиялық тұжырымдарды салыстыра сипаттайды. Бұл бөлімде цирк өнері тарихи даму барысында өзара ықпалдасып, бірін-бірі толықтырған әртүрлі көркемдік тәжірибелердің жиынтығы ретінде қарастырылады.

Қорытынды

Цирк өнері бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына жасалған шолу қарастырылған әдебиеттің негізгі тақырыптарын жүйелеуге мүмкіндік берді. Кузнецов пен Дмитриев еңбектері цирктің тарихи дамуын, Жандо кітабы оның халықаралық ауқымын таныстырады. Буренина-Петрова монографиясы мен қазақстандық мәдениеттанулық мақалалар цирктің мәдени қызметі мен көркем тіліне назар аударады. Қазақстандық зерттеулерде халықтық өнер, ат ойындары және дәстүрлі орындаушылық мәселелері маңызды орын алады.

Қазақ циркін зерделеу үшін этнографиялық бағыттың мәні ұлттық дәстүрлер мен орындаушылық тәжірибені өзара байланыстыра қарастыруында. Досбатыровтың зерттеу тақырыбы дәстүрлі синкретизмді цирк пен хореография режиссурасымен байланыстырады. Цирк пен бидің тоғысуына арналған жұмыстар ұлттық материалдың сахналық көрінісін қарастыруға жол ашады.

Шолудың негізгі нәтижесі – цирк туралы еңбектердің тақырыптық байланысын және олардың қазақ циркін зерттеудегі орнын көрсету. Тарихи, мәдениеттанулық және этнографиялық тәсілдері сабақтастыра қолдану ұлттық циркті оның қалыптасуы, мәдени мазмұны және көркемдік тәжірибесі тұрғысынан зерделеуге мүмкіндік береді. Цирк пен хореографияның өзара байланысын зерттеу осы бағыттарды біріктіретін әрі қарайғы ғылыми жұмыстың тақырыбы ретінде айқындалады.

Сілтемелер тізімі

  1. Кузнецов Е.М. Цирк: происхождение, развитие, перспективы / послесл. Б. Бялика. — 2-е изд. — М.: Искусство, 1971. — 415 с., 41 л. ил.
  2. Дмитриев Ю.А. Цирк в России: от истоков до 2000 года. — М.: РОССПЭН, 2004. — 654 с. — ISBN 5-8243-0616-8.
  3. Дмитриев Ю.А. Цирк в России: от истоков до 1917 г. — М.: Искусство, 1977. — 415 с.
  4. Дмитриев Ю.А. Советский цирк: очерки истории 1917⁠–⁠1941. — М.: Искусство, 1963. — 399 с.
  5. Дмитриев Ю.А. Советский цирк сегодня: очерки. — М.: Искусство, 1968. — 142, [2] с.
  6. Омирбекова А.О., Бокебаев Б.А. Предпосылки развития цирковского искусства в степной культуре // Культура народов Причерноморья с древнейших времён до наших дней: материалы XLVIII Междунар. науч. чтений (Симферополь, 16 дек. 2020 г.). — Симферополь: Крым. федер. ун-т, 2021. — С. 110⁠–⁠118. — URL: https://pps.kaznu.kz/en/Main/FileShow2/190211/47/3/1658/0// (дата обращения: 09.10.2026).
  7. Буренина-Петрова О.Д. Цирк в пространстве культуры. — М.: Новое литер. обозрение, 2014. — 432 с. — ISBN 978-5-4448-0181-9.
  8. Жандо Д. История мирового цирка / пер. с фр. О. Гринберг, В. Мильчиной. — М.: Искусство, 1984. — 191 с.
  9. Цирк: маленькая энциклопедия / авт.-сост. А.Я. Шнеер, Р.Е. Славский; гл. ред. Ю.А. Дмитриев. — 2-е изд., доп. и испр. — М.: Сов. энцикл., 1979. — 447 с., 20 л. ил.
  10. Бегенов К. Казахский цирк. — Алматы, 1997. — ISBN 9965-9002-4-8.
  11. Өмірбекова Ә. Ө., Бокебаев Б. Ә. Цирк өнері мәдениеттанудың зерттеу нысаны ретінде // ҚазҰУ хабаршысы. Философия, мәдениеттану, саясаттану сериясы. — 2019. — № 2 (68). — Б. 180⁠–⁠193. — DOI: https://doi.org/10.26577/jpcp.2019.v68.i2.020.
  12. Bokybayev N., Masaeli M., Omirbekova A. From domestication to performance: the culturogenesis of horse art in the Kazakh steppe // Journal of Philosophy, Culture and Political Science. — 2025. — Vol. 94, No. 4. — P. 61⁠–⁠70. — DOI: https://doi.org/10.26577/jpcp6942025.
  13. Досбатыров Д.К. Синкретизм традиционной казахской культуры в свете инноваций режиссуры циркового и хореографического искусства Казахстана и его интеграции в мировую цивилизацию: дис. … д-ра философии (PhD): спец. 6D040600 «Режиссура». — Алматы, 2013. — 201 с.
  14. Сун Чао. Акробатика и сценография как выразительные средства современного китайского акробатического театра // Искусство и культура. — 2023. — № 2 (50). — С. 16⁠–⁠20. — URL: https://rep.vsu.by/items/12e03322-bee6-4809-ace7-0466e20fd9c9 (дата обращения: 09.10.2026).
  15. Жанмырзаева Х.Б. Симбиоз циркового и хореографического искусства как феномен развития жанра «цирковой балет»: магистерская диссертация. — Астана: Казахская национальная академия хореографии, 2017.
  16. Досбатырова Ф.Б. Неизвестные материалы о создании циркового спектакля «Земля чудес» // Вопросы хореографического искусства и образования конца XX — начала XXI вв.: материалы междунар. науч.-практ. конф. (Алматы, 3⁠–⁠7 апр. 2017 г.). — Алматы: КазНАИ им. Т.К. Жургенова, 2017. — С. 181⁠–⁠187. — URL: https://kaznai.kz/wp-content/uploads/2021/09/03.pdf (дата обращения: 09.10.2026).