Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 14(352)
Рубрика журнала: Педагогика
Скачать книгу(-и): скачать журнал
АҒЫЛШЫН ТІЛІН ОҚЫТУ ҮДЕРІСІНДЕ ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ТЕХНОЛОГИЯЛАРЫН ҚОЛДАНУ
АННОТАЦИЯ
Бұл мақалада ағылшын тілін оқыту үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың ерекшеліктері қарастырылады. Зерттеудің мақсаты – жасанды интеллект құралдарының ағылшын тілін үйрену үдерісіне әсерін анықтау және олардың оқу тиімділігіне ықпалын талдау. Зерттеу барысында студенттер арасында онлайн сауалнама жүргізіліп, алынған деректер талданды. Нәтижелер жасанды интеллект құралдарының оқу материалын тез меңгеруге, сөздік қорды дамытуға және оқу мотивациясын арттыруға ықпал ететінін көрсетті. Сонымен қатар жасанды интеллект технологияларын тиімді пайдалану үшін цифрлық сауаттылық пен сыни ойлау дағдыларын дамыту қажеттілігі анықталды.
Кілт сөздер: Жасанды интеллект, ағылшын тілін оқыту, цифрлық технологиялар, тіл үйрену, ChatGPT, білім беру технологиялары.
1. Кіріспе
Қазіргі таңда білім беру жүйесі цифрлық технологиялармен тығыз байланысты дамуда. Соның ішінде жасанды интеллект (ЖИ) технологиялары оқыту үдерісін жаңартудың маңызды құралына айналып отыр. Әсіресе шетел тілдерін, оның ішінде ағылшын тілін оқыту барысында ЖИ құралдарының рөлі ерекше. Себебі бұл технологиялар студенттердің жеке ерекшеліктерін ескеріп, оқу материалын бейімдеп ұсынуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күні жоғары оқу орындарында ағылшын тілін меңгеру кәсіби бәсекеге қабілеттіліктің негізгі шарттарының бірі болып табылады. Сондықтан оқыту тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект мүмкіндіктерін педагогикалық тұрғыдан қарастыру өзекті мәселе болып отыр.Осыған орай Қазақстан Республикасында білім беру жүйесін цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазақстан Республикасының Білім туралы заңы және білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламалары аясында оқу үдерісіне заманауи цифрлық технологияларды енгізу, білім алушылардың цифрлық құзыреттілігін дамыту және инновациялық оқыту әдістерін қолдану негізгі бағыттардың бірі ретінде айқындалған [1]. Аталған құжаттарда білім беру жүйесін жаңғырту, оның ішінде жасанды интеллект элементтерін енгізу арқылы оқыту сапасын арттыру қажеттілігі көрсетілген.Осы зерттеудің нысаны – жоғары оқу орнындағы ағылшын тілін оқыту үдерісі болып табылады.
2. Теориялық бөлім.
2.1 Жасанды интеллект ұғымы және оның білім берудегі маңызы
А.Ш. Смаилова, С.А. Рахымберлина, Б.О. Рахимбаева -лардың зерттеулері бойынша жасанды интеллект (ЖИ)- адам мен машина арасындағы интерактивтілікті жақсартуға, автоматизациялауға және тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді және адамдық интеллектінің кейбір аспектілерін модельдеу арқылы әртүрлі салаларда қолданылып жатқаны айтылған.[2] Ол деректерді талдау, шешім қабылдау, тілдік ақпаратты өңдеу сияқты қызметтерді жүзеге асырады. Білім беру саласында ЖИ оқыту үдерісін автоматтандыру, оқу материалын жекелендіру және нәтижені бағалау мақсатында қолданылады [2]. Қазіргі зерттеулерге сәйкес, жасанды интеллект негізіндегі жүйелер студенттің оқу қарқыны мен білім деңгейіне сәйкес оқу мазмұнын бейімдеп, оқу тиімділігін арттырады. Бұл тұрғыда Кристиаван (Kristiawan),Башар (Bashar) және Прадана (Pradana) (2024) өз зерттеулерінде жасанды интеллект құралдары оқыту үдерісін жекелендіруге мүмкіндік беріп, білім алушылардың белсенділігін арттыратынын және тілдік құзыреттілігін жақсартатынын атап көрсетеді. Авторлардың пікірінше, AI технологиялары студенттерге жекелендірілген оқу тәжірибесін ұсынып, оқу нәтижелерін жақсартуға ықпал етеді. Мұндай тәсіл адаптивті оқыту деп аталады [3].
2.2. ЖИ құралдарының тіл үйретудегі мүмкіндіктері
Жасанды интеллект технологиялары ағылшын тілін оқыту үдерісінде бірнеше бағытта тиімді қолданылады. Атап айтқанда, сөйлеуді автоматты түрде тану және дыбыстауды түзету, грамматикалық қателерді анықтау, жазылымды автоматты тексеру, адаптивті жаттығулар ұсыну және білім алушының жеке оқу траекториясын қалыптастыру сияқты мүмкіндіктерді қамтиды. Мұндай құралдар студенттердің тілдік дағдыларын кешенді түрде дамытуға, жедел кері байланыс алуға және оқу үдерісін жекелендіруге мүмкіндік береді.Жасанды интеллект негізіндегі жүйелер білім алушылардың деңгейіне сәйкес тапсырмалар ұсынып, олардың әлсіз тұстарын анықтап, нақты бағытталған жаттығулармен толықтыруға жағдай жасайды. Соның нәтижесінде оқу үдерісі анағұрлым тиімді, икемді және нәтижеге бағытталған сипатқа ие болады. Сотомайор (Sotomayor) және әріптестері (2023) жүргізген зерттеуде жасанды интеллект құралдарын қолдану студенттердің грамматикалық дәлдігін арттырып, жазбаша жұмыс сапасын жақсартатыны анықталған. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері ЖИ технологияларын пайдалану білім алушылардың оқу мотивациясына оң әсер ететінін және олардың оқу белсенділігін арттыратынын көрсетеді [4].
2.4. Ғылыми жаңалығы
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы жоғары оқу орнында ағылшын тілін оқыту үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың кешенді теориялық негізін ұсынуымен сипатталады. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік зерттеулерге салыстырмалы талдау жүргізіліп, олардың нәтижелері жүйеленді. ЖИ технологияларының педагогикалық интеграциясы талданып, оны оқу үдерісіне енгізудің тиімді бағыттары айқындалды. Зерттеу нәтижелері жасанды интеллект құралдарын оқу мазмұнымен үйлестіре қолданудың маңыздылығын көрсетеді. Жүргізілген теориялық талдау мен зерттеу нәтижелері негізінде жасанды интеллект технологияларының ағылшын тілін оқыту үдерісін жетілдіруде маңызды рөл атқаратыны анықталды. ЖИ құралдары оқу мазмұнын жекелендіріп, студенттердің тілдік дағдыларын дамытуға және олардың оқу белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
3.Эксперименттік жұмыс
Ағылшын тілін оқыту үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың тиімділігін анықтау мақсатында эксперименттік зерттеу жүргізілді. Зерттеудің негізгі мақсаты – респонденттердің ағылшын тілін үйрену барысында жасанды интеллект құралдарын қолдану тәжірибесін, олардың оқу процесіне әсері туралы көзқарасын және бұл технологиялардың білім беру үдерісіндегі мүмкіндіктерін анықтау.
Зерттеу барысында деректер жинау үшін онлайн сауалнама әдісі қолданылды. Сауалнама Google Forms платформасы арқылы ұйымдастырылып, оған жалпы 42 респондент қатысты. Сауалнама сұрақтары қатысушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейін, жасанды интеллект құралдарын қолдану жиілігін, сондай-ақ бұл технологиялардың оқу үдерісіне әсері туралы пікірлерін анықтауға бағытталды. Сауалнамаға әртүрлі білім беру бағыттарында білім алып жатқан студенттер қатысты. Олардың қатарында ағылшын тілі мұғалімі, екі шет тілі, бастауыш білім беру, IT және менеджмент мамандықтары бойынша оқитын студенттер бар. Бұл зерттеуге қатысушылардың академиялық бағыттарының әртүрлі екенін көрсетеді. Сауалнаманың толық нұсқасы келесі сілтеме арқылы қолжетімді: https://docs.google.com/forms/d/1mu8kKaPz3e1m4uI-7I0oNaOVS4_6DAnpLB1Ft8aGV0o/viewform. Жүргізілген сауалнама нәтижелері негізінде алынған мәліметтер талданып, ағылшын тілін оқыту барысында жасанды интеллект технологияларын қолданудың тиімділігі бағаланды.

Диаграмма 1. Қолданылатын жасанды интеллект құралдары
Нәтижелерге сәйкес: ChatGPT – 85,7%, басқа AI құралдары – 35,7%, Google Translate – 26,2%, Grammarly – 4,8%. Бұл көрсеткіштер ChatGPT платформасының ең жиі қолданылатын жасанды интеллект құралдарының бірі екенін көрсетеді.
3.3 Жасанды интеллекттің оқу процесіне әсері
Сауалнама барысында респонденттердің жасанды интеллект технологияларының оқу үдерісіне әсері туралы пікірлері де зерттелді.

Диаграмма 2. Жасанды интеллекттің оқу процесіне әсері
Көптеген респонденттердің пікірінше, жасанды интеллект технологиялары: оқу материалын тез меңгеруге көмектеседі , сөздік қор мен жазу дағдыларын дамытуға ықпал етеді , ақпаратты жылдам табуға мүмкіндік береді , сабақтың қызықты әрі тиімді өтуіне әсер етеді. Сонымен қатар кейбір қатысушылар жасанды интеллектті дұрыс пайдаланбаған жағдайда ол тәуелділікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
3.4. Жасанды интеллектті тиімді пайдалану жолдары
Сауалнама нәтижелері бойынша респонденттер жасанды интеллектті тиімді пайдалану үшін келесі дағдыларды дамыту қажет деп санайды:цифрлық сауаттылықты арттыру, дұрыс сұрақ қою (prompt) дағдыларын дамыту, сыни ойлау қабілетін жетілдіру, сөздік қорды және грамматикалық білімді арттыру.
Бұл ұсыныстар жасанды интеллект технологияларын оқу процесінде тиімді қолдану үшін маңызды екенін көрсетеді.
3.5. Қорытынды
Жүргізілген зерттеу нәтижелері ағылшын тілін оқыту үдерісінде жасанды интеллект технологияларын қолданудың тиімді екенін көрсетті. Зерттеу барысында алынған деректер жасанды интеллект құралдарының оқу материалын меңгеруді жеделдетуге, студенттердің сөздік қорын кеңейтуге, грамматикалық дағдыларын жетілдіруге және оқу мотивациясын арттыруға оң әсер ететінін дәлелдеді. Сонымен қатар зерттеу нәтижелері жасанды интеллект технологияларын қолдану білім алушыларға ақпаратты жылдам іздеуге, тапсырмаларды тиімді орындауға және оқу үдерісін жекелендіруге мүмкіндік беретінін көрсетті. Алайда кейбір респонденттердің пікірінше, жасанды интеллектке шамадан тыс тәуелділік сыни ойлау қабілетінің төмендеуіне әкелуі мүмкін. Осыған байланысты жасанды интеллект құралдарын білім беру үдерісінде тиімді пайдалану үшін оларды педагогикалық мақсатта дұрыс ұйымдастырып, білім алушылардың цифрлық сауаттылығы мен сыни ойлау дағдыларын дамыту қажет. Қорытындылай келе, жасанды интеллект технологияларын ағылшын тілін оқыту үдерісіне жүйелі түрде енгізу білім беру сапасын арттырудың және заманауи тіл оқыту әдістерін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі болып табылады.
Әдебиеттер тізімі:
- Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңы. – 2007 жылғы 27 шілде (өзгерістер мен толықтырулармен).–URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z070000319_ (дата обращения: 15.03.2026).
- Смаилова А. Ш., Рахымберлина С. А., Рахимбаева Б. О. Тіл үйренудегі ЖИ: артықшылықтары мен кемшіліктері // Құтты білік. – 2025. – № 2(3). – Б. 140–149. – DOI: https://doi.org/10.71078/aytybp84
- Kristiawan D. Y., Bashar K., Pradana D. A. Artificial intelligence in English language learning: A systematic review of AI tools, applications, and pedagogical outcomes // The Art of Teaching English as a Foreign Language. – 2024. – Vol. 5, No. 2. – P. 207–218. – DOI: https://doi.org/10.36663/tatefl.v5i2.912
- Sotomayor K. F. C., Varas Giler R. C., Castro Magayanes I. E. Artificial intelligence in language teaching and learning // Journal of Educational Technology Development and Exchange. – 2023. – Vol. 16, No. 1. – URL: https://aquila.usm.edu/cgi/viewcontent.cgi?article=1234&context=jetde (дата обращения: 15.03.2026).
- Білім берудегі цифрлық технологиялардың рөлі // QazaqJournal. – 2023. – URL: https://qazaqjournal.kz/qjys/article/download/325/286 (дата обращения: 15.03.2026).
- Жасанды интеллект және инновациялық оқыту // Bulletin of Science. – 2023. –URL:https://journals.nauka-nanrk.kz/bulletin-science/article/download/8023/5328 (дата обращения: 15.03.2026).
- Тіл үйретудегі заманауи технологиялар // Quttybilik Journal. – 2022. – URL: https://quttybilik.com/index.php/journal/article/download/72/67 (дата обращения: 15.03.2026).
- Білім беру үдерісіндегі инновациялар // Dulaty University Bulletin. – 2022. – URL: https://dub.dulaty.kz/Bulletin/article/download/579/370 (дата обращения: 15.03.2026).

