Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 29(325)
Рубрика журнала: Педагогика
Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3
БАСТАУЫШ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ СӨЙЛЕУ МӘДЕНИЕТІН ДАМЫТУ
АННОТАЦИЯ
Бұл мақалада бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін қалыптастыру мен дамытудың педагогикалық шарттары, әдіс-тәсілдері және маңыздылығы қарастырылады. Зерттеу барысында оқушылардың сөздік қорын кеңейту, сөйлеу икемділіктерін жетілдіру, дұрыс және мәдениетті сөйлеу дағдыларын дамыту бағытында жүргізілген тәжірибелік жұмыстардың нәтижелері сипатталады. Сондай-ақ, бастауыш сынып оқушыларымен жүргізілетін сөйлеу мәдениетін дамыту сабақтарының ерекшеліктері мен әдістемелік ұсыныстар беріледі.
Кілт сөздер: сөйлеу сәдениеті, бастауыш сынып, тілдік даму, сөздік қор, сөйлеу икемділігі
ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында: «Жаңа Қазақстанды құру елді дамыту парадигмаларын өзгертуге бағытталған. Біз әр қадамымызды саралап, таңдаған жолымызбен алға сенімді қадам басамыз» деп атап өтеді [1]. Бұл идея арқылы білім беру жүйесінің өзгеруіне жол ашылады, өйткені кез келген мемлекеттің даму деңгейі оның білім жүйесінің сапасымен өлшенеді. Ал білімнің іргетасы бастауыш сыныпта қаланады. Бастауыш білім берудің Мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында: «бастауыш білім берудің мақсаты – оқушының сын тұрғысынан ойлау, зерттеу жұмыстарын жүргізу, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, түрлі коммуникациялық тәсілдер мен тілдік дағдыларды меңгеру, сондай-ақ жеке және топпен жұмыс істеу сияқты кең ауқымды дағдыларды меңгеру» деп айқындалған [2].
Қазіргі білім беру жүйесінің мақсаты – өз ойын еркін әрі сауатты жеткізе алатын, жан-жақты тұлға тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жетудің бір жолы – оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту. Әсіресе бастауыш сыныпта тілдік қарым-қатынас дағдыларының қалыптасуы тұлғаның рухани дамуы мен әлеуметтік бейімделуіне негіз болады. Себебі тіл – тек қатынас құралы емес, ол ойлау мен мәдени деңгейдің көрінісі. Ал бастауыш сынып – осы қасиеттердің негізі қаланатын кезең.
Сөйлеу мәдениеті – оқушының тіл нормаларын сақтай отырып, ойын жүйелі, нақты, орынды жеткізе білу қабілеті. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін мақсатты дамыту – оқу-тәрбие үдерісінің маңызды бөлігі.
Тіл байлығы – сөз байлығы. Лингвист М. Балақаев: «Ана тілін жақсы білу – әркімнің азаматтық борышы...» деп атап көрсеткен [3]. Бұл ой бастауыш сынып оқушылары үшін өте маңызды. Нақтырақ айтқанда, сөйлеу мәдениетін дамыту – тілдің қарым-қатынастағы рөлін түсіну, сөйлеу әдебін меңгеру және көркем сөз нормаларын игерумен тікелей байланысты. Осыған орай, С. Рахметова тіл дамыту жұмысын үш бағытта қарастырады:
- сөздікпен жұмыс;
- сөз тіркесі мен сөйлем құрауға машықтандыру;
- байланыстыра сөйлеуге үйрету [4].
Бұл бағыттар бір-бірімен тығыз байланыста жүзеге асады. Сөз – сөйлемнің негізі, ал жүйелі ойды мағыналық байланыс арқылы жеткізу сөйлеу мәдениетінің өзегі. Сөйлеу мәдениеті тек сөз мағынасын меңгеру емес, ойды мазмұнды әрі жүйелі жеткізе білу қабілетін де қамтиды.
Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін дамыту бағытында жұмысты тиімді ұйымдастыру мақсатында мұғалімдерге «Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін дамыту мәселелері» тақырыбында сауалнама жүргізілді. Зерттеу нәтижелері сөйлеу мәдениетін қалыптастырудағы негізгі кедергілер мен тәжірибелік жұмыстың деңгейін айқындауға, сондай-ақ әдістемелік ұсыныстар әзірлеуге негіз болды.
Сауалнаманың 1-сұрағы – «Оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту сіздің жұмысыңызда қаншалықты маңызды?» – мұғалімдердің бұл мәселеге деген көзқарасын анықтауға бағытталды. Нәтиже диаграмма түрінде берілген.
Cурет. 1. Мұғалімдердің оқушылардың сөйлеу мәдениетін дамыту жұмысының маңыздылығы туралы пікірлері
Мұғалімдердің 85%-ы бұл жұмысты «өте маңызды», ал 15%-ы «маңызды» деп бағалаған. Бұл көрсеткіш сөйлеу мәдениетін дамыту мұғалімдер үшін оқушының тұлғалық және білім сапасының маңызды бөлігі екенін аңғартады.
«Сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда қандай әдіс-тәсілдерді жиі қолданасыз?» деген 2-сұрақтың нәтижесіне сәйкес, 75% - «ауызша әңгімені» ең тиімді әдіс деп есептейді. «Тіл дамыту ойындарын» – 50%, көркем «әдебиет оқуды» – 45%, «сахналық қойылымдарды» – 30%, «диалогтік оқытуды» – 25%, «оптық жұмысты» – 10%, «сурет бойынша әңгіме құрауды» – 5% мұғалім қолданатынын көрсеткен (сурет 2).
Cурет. 2. Мұғалімдердің сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда жиі қолданатын әдіс-тәсілдері
Бұл мұғалімдердің оқушы деңгейіне сай түрлі әдістерді тиімді пайдаланып жүргенін аңғартады.
Сауалнама нәтижесінен бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін дамытуда негізгі қиындықтар - сөздік қор тапшылығы мен сөйлем құрау дағдыларының әлсіздігі екені анықталды. Мәселені шешу үшін: тілдік белсенділікті арттыратын шығармашылық тапсырмалар мен жүйелі тіл дамыту жұмыстары қажет; ғылыми негізделген әдістемелік құралдар, тәжірибелік нұсқаулықтар мен оқу-әдістемелік материалдар әзірленіп, қолданысқа енгізілуі тиіс; тіл дамыту жұмыстарын пәнаралық негізде ұйымдастыру керек.
Бастауыш сынып оқушыларының сөйлеу мәдениетін дамыту олардың рухани дүниесін байытады, қоғамдық ортадағы мәдниеттілігіне ықпал етеді. Бұл үдеріс оқушыларды өз ойын нақты жеткізуге, сөйлемдегі негізгі ой мен мақсатын ажырата білуге дағдыландыру арқылы жүзеге асады. Сөздің мағынасын меңгеру арқылы оқушының ұғымы кеңейіп, салыстыру қабілеті дамиды, нәтижесінде сөздерді орынды қолдану дағдылары жетіледі. Сондықтан сөйлеу мәдениетін қалыптастыруда тек тілдік нормаларды меңгеру емес, сонымен қатар өз ойын логикалық тұрғыдан жүйелі, мағыналы әрі мәнді жеткізуге үйрету маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстың табысты болуы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне, оқу-тәрбие үдерісін дұрыс ұйымдастыруына және тиімді әдістемені қолдануына тікелей байланысты.
Әдебиеттер тізімі:
- ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен Жаңғыру жолы» атты Жолдауы. 2022 жылғы 16 наурыз. [Электронды ресурс]: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-1622340
- Бастауыш білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Қазақстан Республикасы. Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы №348 бұйрығына 2-қосымша [Электронды ресурс]: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/V2200029031#z140
- Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті. Оқулық-Алматы: «Зият Пресс», 2006. -140 б.
- Рахметқызы С. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесінің негіздері. Жалпы білім беретін бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған. 2-басылым. - Алматы: Атамұра, 2015. -224 б.
Оставить комментарий