Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 25(321)

Рубрика журнала: Безопасность жизнедеятельности

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2

Библиографическое описание:
Танабаева З.Р. ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 25(321). URL: https://sibac.info/journal/student/321/382546 (дата обращения: 16.07.2025).

ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ОҚЫТУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ТИІМДІЛІГІН БАҒАЛАУ

Танабаева Зарина Ренатовна

магистрант, Ғ. Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университеті,

Қазақстан, г. Алматы

ОЦЕНКА ЭФФЕКТИВНОСТИ ПРОГРАММ ОБУЧЕНИЯ СОТРУДНИКОВ ПО ОХРАНЕ ТРУДА И ТЕХНИКЕ БЕЗОПАСНОСТИ

 

Танабаева Зарина Ренатовна,

магистрант, Университет энергетики и связи им. Г. Даукеева,

Казахстан, г. Алматы

 

АҢДАТПА

Мақалада қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау саласындағы білімін жетілдіру және тиімді оқыту бағдарламаларын енгізу туралы әдеби шолу ақпараттары баяндалған. Жұмыстың мақсаты қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту бағдарламаларының тиімділігін бағалау әдістерін әзірлеу және олардың нәтижелілігін арттыру жолдарын анықтау болып табылады. Бұл мақала еңбек қорғау және өмір тіршілік қауіпсіздігі бойынша жұмыс атқаратын қызметкерлер мен осы бағыт бойынша білім алушы санаттарға арналған. Мақалада шет ел мемлекеттерінің еңбек қорғау бойынша оқыту әдістерінің тиімділігі мен ерекшеліктері қарастырылған. Нәтижесінде еңбек қорғау бойынша оқытудың шетелдік әдістерін қолдану арқылы жазатайым оқиғалардың санын азайту, алдын алу шараларын жүзеге асыру әдістері көрсетілген. Мақалада сонымен қатар заманауи цифрлық технологияларды (микролёрнинг, мобильді қосымшалар) қолданудың мүмкіндіктері мен артықшылықтары сипатталған. Тиімді оқыту арқылы еңбек қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастырудың жолдарын ұсынылған.

АННОТАЦИЯ

В статье представлена обзорная информация по литературным источникам, посвящённым повышению знаний сотрудников в области охраны труда и внедрению эффективных обучающих программ. Целью работы является разработка методов оценки эффективности программ обучения сотрудников по охране труда и технике безопасности, а также определение путей повышения их результативности. Статья предназначена для специалистов, работающих в сфере охраны труда и безопасности жизнедеятельности, а также для обучающихся по соответствующим направлениям. В статье рассматриваются особенности и эффективность методов обучения по охране труда, применяемых в зарубежных странах. В результате приведены способы снижения количества несчастных случаев и реализации профилактических мер посредством использования зарубежных методов обучения в области охраны труда. В статье также описаны возможности и преимущества использования современных цифровых технологий (микрообучение, мобильные приложения). Предложены пути формирования культуры охраны труда через эффективное обучение.

 

Кілт сөздер: еңбек қорғау, оқыту бағдарламасы, жазатайым оқиға, еңбек қауіпсіздігі, талаптар, өндірістік факторлар, жарақаттар.

Ключевые слова: охрана труда, обучающая программа, несчастный случай, безопасность труда, требования, производственные факторы, травмы.

 

Кіріспе

Қазіргі таңда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелері өндіріс орындары мен кәсіпорындар үшін аса өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Жұмыс орнында қызметкерлердің денсаулығы мен өміріне төнетін қауіп-қатерлерді азайту, жарақаттану мен кәсіби аурулардың алдын алу үшін жүйелі түрде оқыту бағдарламаларын ұйымдастыру қажет. Бұл бағдарламалар жұмысшылардың қауіпсіздік талаптары мен нормаларын толық меңгеруіне, сонымен қатар өндірістегі тәуекелдерді саналы түрде бағалауға мүмкіндік береді.

Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, еңбек қауіпсіздігіне бағытталған оқыту бағдарламаларын тиімді ұйымдастыру арқылы жазатайым оқиғалар санын едәуір азайтуға болады. Осы әдеби шолу мақаласында қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытудың маңыздылығы, оның тиімділігін бағалау жолдары және халықаралық тәжірибелер талданады.

Еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту бағдарламаларының маңыздылығы

Еңбек қауіпсіздігі – жұмыс берушінің де, жұмысшының да тікелей жауапкершілігінде болатын, өндірістік процеске тікелей әсер ететін фактор. Оқыту – қызметкерлерге қажетті білім мен машықты беретін, олардың қауіпсіз жұмыс істеу дағдысын қалыптастыратын негізгі құрал. Оқыту нәтижесінде қызметкерлер өз қызметінің қауіпті жақтарын жақсы түсініп, олардан сақтану амалдарын меңгереді [1].

Қызметкерлерді оқытудың психологиялық және ұйымдастырушылық аспектілерін ескеру – еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің шешуші факторы. Жоғары мотивация, тиімді оқу құрылымы және басқару жүйесінің сапалы ұйымдастырылуы қызметкерлердің қауіпсіздік ережелерін саналы түрде орындауына ықпал етеді. Бұл өз кезегінде өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Мамандардың пікірінше, еңбек қауіпсіздігі бойынша жүргізілетін оқыту тек формалды емес, нақты тәжірибеге негізделген, өндірістік ерекшеліктерді ескеретін мазмұнда болуы тиіс. Оқыту үдерісі интерактивті тәсілдермен, тренингтер, кейс-талдау, практикалық сабақтар арқылы жүзеге асырылғанда тиімділігі артады.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне сәйкес, оқыту бағдарламаларын жүйелі енгізген кәсіпорындарда өндірістік жарақат деңгейі 18–22% төмендеген. Сонымен қатар, интерактивті оқыту құралдарын пайдаланатын ұйымдарда қызметкерлердің материалды меңгеру деңгейі 30–35% жоғары екені анықталған. Бұл – психологиялық-ұйымдастырушылық әдістердің маңыздылығын дәлелдейтін нақты көрсеткіштер болып табылады, алайда еліміздегі өндірістік жұмыс орындарында болған жазатайым оқиғалар саны еңбек қорғау саласында оқытудың жетіспеушілігі мен растайтын құжаттардың болмауы салдарынан байқалып келеді [2].

2024 жылы өндірістік жазатайым оқиғалардан Қазақстан республикасында 1 408 жұмысшы зардап шегіп, оның ішінде 202 адам қаза тапты. Бұл оқиғалардың бірқатары еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытудың жеткіліксіздігімен байланысты болуы мүмкін. Мысалы, 2024 жылдың қорытындысы бойынша құқық қорғау органдарына жазатайым оқиғалар туралы 1 042 материал жіберіліп, олардың негізінде 215 қылмыстық іс қозғалды [2].

Халықаралық тәжірибелер

Халықаралық еңбек ұйымы (ILO) мен Еуропалық еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау агенттігі (EU-OSHA) тарапынан жасалған зерттеулер еңбек қауіпсіздігіне байланысты оқытудың өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын алуда маңызды рөл атқаратынын көрсетіп отыр. Мысалы, Германия, Швеция, Финляндия секілді елдерде еңбек қауіпсіздігіне қатысты оқыту бағдарламалары үнемі жаңартылып, заманауи технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылады [3, 4].

АҚШ-тағы Еңбекті қорғау және қауіпсіздік жөніндегі басқарма (OSHA) еңбек қауіпсіздігіне байланысты оқыту мен білім беруді міндетті талап ретінде белгілеп, әрбір сала бойынша стандарттар жүйесін жасап шығарған. Бұл елдерде оқыту тек жұмысқа қабылданған кезде ғана емес, сонымен қатар мезгіл-мезгіл қайталанып, кәсіби даму процесінің ажырамас бөлігі ретінде қарастырылады [6].

Төменде халықаралық тәжірибе негізінде еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту жүйелерінің салыстырмалы кестесі көрсетілген [3, 4, 6, 7].

1-кесте.

Еңбек қорғау бойынша оқыту жүйелерінің халықаралық тәжіребиесі

Ел

Оқыту жүйесін басқару органы

Оқыту әдістері

Ерекшеліктері

Нәтиже/ Статистика

Германия

Berufsgenossenschaften (BG)

Классикалық нұсқама, практикалық сабақтар

Заңмен міндеттелген оқыту; салалар бойынша нақты талаптар

1000 адамға шаққанда жарақат деңгейі – < 20 (2023)

Жапония

Қауіпсіздік басқару жүйелері

Виртуалды тренажер, оқыту орталықтары

"Total Safety Management", психологиялық факторларға көңіл бөледі

Оқытудан кейін жарақат саны едәуір азаяды

АҚШ

OSHA

10/30-сағаттық курстар, онлайн платформа

Әр салаға бейімделген модульдер; оқытудың құқықтық маңызы жоғары

Оқытудан өткен қызметкерлер арасында жарақат 40% төмен

Австралия

Safe Work Australia

Онлайн оқыту, видеонұсқаулықтар

Шалғай аймақтар үшін ыңғайлы қашықтан оқыту

Еңбек өлім-жітімі 20 жылда екі есе қысқарған

Финляндия

Työturvallisuuskeskus

Біліктілік курстары, тренингтер

"Zero Accident Forum" арқылы жарақатсыз жұмыс идеясын насихаттайды

Қауіпсіздік деңгейі – ЕО-да ең жоғары деңгейде

 

Қазақстандағы жағдай және нормативтік база

Қазақстан Республикасында еңбек қауіпсіздігі саласында жүргізілетін оқыту мен нұсқама беру еңбек кодексі мен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша нормативтік-құқықтық актілермен реттеледі. ҚР Еңбек кодексіне сәйкес, әрбір жұмыс беруші қызметкерлерге қажетті алғашқы, қайталау және мақсатты нұсқамаларды өткізуге міндетті [5].

Соңғы жылдары елімізде еңбек қауіпсіздігі саласына цифрландыру элементтері енгізіліп, онлайн платформалар мен оқу модульдері кеңінен қолданылуда. Дегенмен, аталған оқыту бағдарламаларының сапасы мен тиімділігі әр кәсіпорында әртүрлі деңгейде жүзеге асырылатыны байқалады.

Оқыту бағдарламаларының тиімділігін бағалау әдістері

Оқыту бағдарламаларының тиімділігін бағалау – олардың шынайы әсерін айқындаудың негізгі құралы. Бұл мақсатта келесі әдістер қолданылады:

  1. Сауалнамалар мен кері байланыс: Қызметкерлерден алынған жауаптар оқу материалының түсініктілігін, оның жұмыс процесіне сәйкестігін бағалауға мүмкіндік береді.
  2. Бақылау және тестілеу: Оқыту аяқталғаннан кейін өткізілетін бақылау тесттері білім деңгейін анықтауға көмектеседі.
  3. Өндірістік жарақаттар мен оқиғалар санының өзгеруі: Бағдарлама енгізілгеннен кейінгі статистиканы салыстыру арқылы нәтижелілік деңгейі анықталады.
  4. KPI жүйесі: Қызметкерлердің қауіпсіздік талаптарын сақтау деңгейін өлшеу үшін тиімді көрсеткіштер қолданылады.

Микролёрнинг - еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуды тиімді жүргізудің заманауи тәсілі ретінде ұсыну

Қазіргі заманғы өндірістік ортада қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша үнемі және тиімді оқыту қажеттілігі артып келеді. Бұл бағытта дәстүрлі дәрістер мен оқу семинарлары көбіне қатысушылардың назарын толық аударуға немесе нақты жұмыс жағдайларына бейімделуге жеткіліксіз болып жатады. Сондықтан да, заманауи цифрлық технологияларға негізделген микролёрнинг әдісі еңбек қауіпсіздігі саласында кеңінен қолданылуда.

Микролёрнинг — шағын әрі нақты мақсатқа бағытталған оқу бірліктері арқылы білім беру әдісі. Бұл форматта материалдар 5–10 минут ішінде игерілетін шағын модульдерден тұрады. Әр модуль бір ғана нақты дағдыны, ережені немесе әрекетті түсіндіреді. Мысалы, «Бірнеше қабатты құрылыс алаңында қауіпсіздік белдігін пайдалану ережесі» немесе «Химиялық заттармен жұмыс кезіндегі алғашқы әрекеттер» сияқты тақырыптар бойынша микромодульдер әзірленуі мүмкін.

Мұндай форматтың артықшылықтары келесідей бола алады:

Қызметкерлер жұмыс процесінен көп қол үзбей, кез келген уақытта мобильді құрылғы арқылы оқи алады;

Ақпаратты тез қабылдап, есте сақтау оңай;

Геймификация және интерактивті тапсырмалар арқылы оқуға деген ынта артады;

Әр модуль аяқталған соң қысқа тестілеу нәтижесінде білімнің меңгерілуі бірден тексеріледі.

Сонымен қатар микролёрнинг еңбек қауіпсіздігін оқытудың тиімділігін арттыруда бірнеше маңызды рөл атқарады:

  1. Жоғары тәуекелді сала қызметкерлері үшін нақты жағдайларға бейімделген контент ұсынуға мүмкіндік береді;
  2. Білімді үнемі жаңартып отыруға қолайлы – жаңа ережелер мен өзгерістерді модуль түрінде бірден таратуға болады;
  3. Постоқыту бақылауын оңай жүргізуге болады, себебі әр модульдің нәтижелері автоматты түрде тіркеледі.

Төменде дәстүрлі оқыту мен микрокерлинг әдісін қолдану барысында еңбек қорғау бойынша оқытудың салыстырмалы тиімділігі көрсетілген.

 

Сурет 1. Дәстүрлі оқыту әдісі мен микробюрлинг әдісін салыстыру

 

Қорытынды

Қызметкерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту – өндірістік тәуекелдерді азайту мен жазатайым оқиғалардың алдын алуда шешуші рөл атқарады. Зерттеу нәтижелері мен 2024–2025 жылдарға қатысты ресми статистикалық деректерге сүйене отырып, оқыту бағдарламаларын жүйелі түрде енгізу кәсіпорындарда жарақаттану деңгейін 18–22%-ға дейін төмендететіні дәлелденді. Сонымен қатар, интерактивті оқыту әдістерін қолданатын ұйымдарда қызметкерлердің білімді меңгеру тиімділігі 30–35%-ға артатыны байқалады.

Халықаралық тәжірибелер көрсеткендей, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру үшін тек техникалық оқыту емес, сонымен қатар психологиялық және мотивациялық факторларды да ескеру маңызды. Германия, АҚШ, Жапония сияқты дамыған елдерде еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту бағдарламалары мемлекеттік бақылауда жүйелендіріліп, практикалық сабақтар, онлайн-курстар және тренажерлер арқылы жүзеге асырылады. Бұл елдерде оқытудан өткен қызметкерлердің арасында жазатайым оқиғалар айтарлықтай азаятыны статистикамен дәлелденген.

Оқу бағдарламаларын жетілдіруде заманауи технологияларды пайдалану, атап айтқанда EdApp секілді микролёрнинг платформаларын енгізу, қызметкерлердің білімін жедел әрі тиімді арттырудың маңызды құралы бола алады. Осындай платформалар арқылы оқу процесі ыңғайлы, икемді әрі интерактивті түрде ұйымдастырылып, нақты өндірістік тәуекелдерге бейімделген оқу модульдері арқылы қызметкерлердің қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, Қазақстанда да еңбек қауіпсіздігі саласындағы оқыту бағдарламаларына баса назар аударып, халықаралық тәжірибелерге негізделген кешенді тәсілдерді енгізу қажет. Бұл қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын сақтау үшін тиімді құрал ғана емес, сонымен қатар өндірістік тиімділікті арттырудың маңызды тетігі болып табылады.

Ал, микролёрнинг технологиясын еңбек қауіпсіздігі бойынша оқытуға енгізу — қызметкерлердің білімін арттырумен қатар, өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алудың тиімді құралы бола алады деген ұсыныс жасаймыз.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қалиев С. Ж., Құсайынов А. С. Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы: оқу құралы. – Алматы: Қазақ университеті, 2021. – 224 б.
  2. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы. Еңбек қауіпсіздігі және еңбек жағдайлары бойынша 2024 жылғы статистикалық жинақ. – Астана: ҰСБ, 2025. – 85 б.
  3.  Occupational Safety and Health Administration (OSHA). Training Requirements in OSHA Standards. – Washington D.C.: U.S. Department of Labor, 2016. – 156 p.
  4. International Labour Organization (ILO). Guidelines on occupational safety and health management systems. – Geneva: ILO, 2001. – 92 p.
  5. Еңбек қауіпсіздігі және оны қамтамасыз ету жүйелері / А. М. Сәрсенбаев, Ж. Е. Төлеуов. – Алматы: Эверо, 2019. – 200 б.
  6. EU-OSHA. The effectiveness of occupational safety and health training. – Luxembourg: Publications Office of the European Union, 2020. – 78 p.
  7. Japan Industrial Safety and Health Association (JISHA). Occupational Safety and Health Training Manual. – Tokyo: JISHA, 2022. – 96 p.

Оставить комментарий