Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 19(315)
Рубрика журнала: Педагогика
Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5, скачать журнал часть 6, скачать журнал часть 7, скачать журнал часть 8, скачать журнал часть 9, скачать журнал часть 10, скачать журнал часть 11
ҮЙДЕ ОҚУ ЖҰМЫСЫ АРҚЫЛЫ СТУДЕНТТЕРДІҢ СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУ ҚАБІЛЕТТЕРІН ДАМЫТУ
АҢДАТПА
Мақалада шет тілін оқитын студенттердің сыни тұрғыдан ойлауын дамытудың тиімді құралы ретінде үйде оқудың мүмкіндіктері қарастырылады. Көркем әдебиет пен бейімделген мәтіндерді оқу аналитикалық қабілеттерді, дәлелдеу және түсіндіру дағдыларын дамытуға ықпал ететіні атап өтіледі. Сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға бағытталған түрлі тиімді әдістер сипатталады. Мәтінге мағыналы көзқарас қалыптастыруға, сонымен қатар студенттердің тілін, танымдық қабілеттерін дамытуға көмектесетін тапсырмалар мысалдары келтірілген.
ABSTRACT
The article examines the possibilities of home reading as an effective tool for developing critical thinking in students studying a foreign language. It is noted that reading fiction and adapted texts contributes to the development of analytical abilities, reasoning and explanation skills. Various effective methods aimed at developing critical thinking are described. Examples of tasks are given that help to form a meaningful approach to the text, as well as develop students' linguistic and cognitive abilities.
Кілтті сөздер: сыни тұрғыдан ойлау, үйде оқу, танымдық дағдылар, мәтінді талдау, пікірталас, коммуникативтік құзыреттілік.
Keywords: critical thinking, home reading, cognitive skills, text analysis, discussion, communicative competence.
КІРІСПЕ
Үйде оқу жұмысы деп біз барлық білім алушылар үшін міндетті, оқулыққа қосымша, мазмұнды ақпарат алу мақсатында тұрақты оқуды түсінеміз және ол міндетті болуы үшін оның орындалуы мүмкін болуы керек. Сондықтан мәтіндер негізінен студенттерге таныс лексикалық және грамматикалық материалды қамтитын көркем, қоғамдық, саяси және ғылыми-көпшілік әдебиеттерден жеңіл бейімделген болуы маңызды.
Оқылатынды түсіну сипаты бойынша үйдегі оқу синтетикалық оқуға жатқызылады, өйткені бұл жағдайда мәтіндердің тілдік формасы оны ашу үшін оқырманнан айтарлықтай ақыл-ой және ерікті күш-жігерді қажет етпейді. Оқырманның басты назары мәтінде шифрланған ақпаратты алу болып табылады. Оқылым әдісі бойынша бұл өз-өзіне оқу немесе оның идеалды түрінде көрнекі оқу «ең жетілген әрі жетілген оқу ретінде оқу орны мен уақыты бойынша сыныптан тыс, үйде оқу. Сонымен, үйде оқудың негізгі мақсаты – шет тіліндегі мәтіндерден ақпарат алу. Ол мектептегі оқушыларға шет тілінде оқуды нақты сөйлеу әрекеті ретінде меңгеруге мүмкіндік береді.
Үйде оқудың негізгі мақсаты – шет тіліндегі мәтіндерден ақпарат алу. Сонымен қатар, үйде оқу – білім алушылардың ауызша сөйлеуінің сөздік қорын молайтудың маңызды көзі және құралы. Лексикалық материалдың көлемін арттырудың ең жақын және тиімді жолы - үйдегі оқу материалын пайдалану, өйткені көркем мәтін ішінара бейімделген болса да, студенттің сөздік қорын байытудың тұрақты көзі болып табылады.
Я.М.Колкер сөздік қорды белсендіру тәсілдерінің бірі ретінде үйде оқуды қарастырады. Ол эксперименталды түрде «үйде оқуға негізделген жұмыстың рецептивті түрлеріне білім алушылардың мақсатты тәжірибесі» арқылы лексикалық дағдыларды қалыптастыру мыналарды қамтамасыз етеді: лексикалық бірліктерді қолданудың неғұрлым дұрыстығы, олардың жадта сақталуының ұзақ мерзімділігі» - деп көрсеткен [1].
Үйде оқу шетел тілі пәнінің құрамдас бөлігі ретінде сөйлеу әрекетінің барлық дағдыларының неғұрлым берік қалыптасуын қамтамасыз ете алады, яғни оқу, тыңдау, жазу және сөйлеуге үйрету құралы ретінде қызмет етеді. Білім берудің жоғары сатысында шет тілін оқытудың негізгі мақсаты коммуникативтік құзыреттілікті арттыру болып табылады, ол білім алушылардың мәдениетаралық деңгейде шет тілін пайдалана отырып қарым-қатынас жасау қабілеті мен дайындығынан көрінеді.
Профессор Н.А.Селиванова үйде оқудың келесі функцияларына анықтама берген, олар:
1. Үйде оқудың тәрбиелік қызметі мәдени шығармашылық болып табылады, өйткені шығарманың мазмұнын өзінің жеке тәжірибесімен салыстыра отырып, «интеллектуалдық және коммуникативтік оқу» деп аталатын дағдыларды дамыту және көркем шығармада көтерілген мәселелерді өз түсінігімен дәлелді түрде жеткізе білуге ұмтылысы студенттердің гуманитарлық білім деңгейін арттыруға елеулі үлес қосуға мүмкіндік береді.
2. Үйде оқудың дамытушылық қызметі – шет ел әдебиетінің үздік әдеби шығармаларымен танысу барысында сыни, шығармашылық ойлауды, гуманистік құндылық бағдарларды қалыптастыруды көздейді [2].
Сыни тұрғыдан ойлау – студенттерге ақпаратты есте сақтаумен қатар, оны мазмұнды талдауға, салыстыруға, қорытынды жасауға және дәлелді шешім қабылдауға көмектесетін ХХІ ғасырдағы ең маңызды әмбебап дағдылардың бірі. Шетел тілін оқыту жағдайында үйде оқу осы танымдық қабілеттерді дамытудың тиімді құралына айналады. Мәтіндерді талдау, кейіпкерлердің мінез-құлқын түсіндіру, оқығандарын талқылау арқылы білім алушылар тереңірек ойлауға, сұрақ қоюға, шет тілінде өз ұстанымын айтуға үйренеді.
Сыни тұрғыдан ойлауды дамытуда шет тілінде үйде оқудың рөлі басымырақ және бірқатар артықшылықтары бар, атап айтсақ: үй тапсырмасындағы мәтінде студенттер көп деңгейлі жағдайлармен, моральдық дилеммалармен және әлеуметтік мәселелермен бетпе-бет келеді, ол кейіпкерлердің әрекеттерін түсіндіруді қажет етеді, ойлауды ынталандырады, талқылауды, дәлелдеуді және салыстырмалы талдауды көздейді.
Олай болса, оқу тек тілді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар студенттердің интеллектуалды дамуына да ықпал етеді. Ол үнемі жаңартылатын ақпарат ағынымен жұмыс істей білу сияқты білім беру нәтижелеріне қол жеткізуге, яғни өз ойын анық, сенімді және дұрыс жеткізе білуі, әртүрлі идеяларды түсініп, қабылдауымен қатар өз пікірін дамыту қабілеті, мәселені шешу дағдылары, өз бетінше оқумен айналысу, басқа адамдармен сындарлы қарым-қатынас құру мүмкіндіктеріне жол ашады.
ТАЛҚЫЛАУ
Ақпараттық кеңістіктің кеңею кезеңінде сыни тұрғыдан ойлауды дамыту ерекше өзекті болып отыр. Оқу іс-әрекетіндегі сыни тұрғыдан ойлау деп студенттер мен оқытушылардың зерттеу мәдениетінің жоғары деңгейін анықтайтын қасиеттер мен дағдылардың жиынтығы және жеке тәжірибе мен фактілерге негізделген дәлелді және логикалық ойлау ретінде түсініледі.
Үйде оқу жұмысында студенттерді ауызекі сөйлеуге үйрету үдерісін табысты ұйымдастыру үшін мәтіндерді таңдау критерийлері мен оларға қойылатын талаптарды ескерген жөн [3].
Мәтіндерді таңдаған кезде мазмұны студенттердің танымдық қызығушылықтарына сәйкес келуі назарда ұсталуы маңызды. Әрбір мәтінмен жұмыс екі негізгі элементті қамтиды: түсініп оқуды тексеру және оқылған материал негізінде ауызша сөйлеуді дамыту (монолог, диалог, пікірталас). Оқылған мәтінді талқылау ауызша сөйлеуді дамытудың маңызды түрі болып табылады, өйткені ауызша сөйлеудің даму дәрежесі өтілетін тілдік материал кездесетін әртүрлі сөйлеу жағдаяттарының санына тікелей байланысты және оқылған мәтін туралы әңгіме талқылауға негіз болады. Бұл оқығандары туралы ой бөлісуге ұмтылуға, өз пікірін білдіруге, оқығанын логикалық және эмоционалды түрде бағалауға, тірек сөз тіркесіне, сөйлемге, сызбаға, таңбаға, дәйексөзге негізделген ойды дамытуға бағытталған дағдыларды қамтуға мүмкіндік береді, Үйде оқу жұмысы әдеби шығармалар мен жаттығуларды ұтымды таңдай отырып, көркем әдебиетті пайдалану негізінде ауызша қарым-қатынасқа күшті ынталандыру бола алады.
Студенттерге шет тілін оқытуда үйде оқу арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту оқытушылардың алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі болып табылады. Себебі сыни тұрғыдан ойлау студенттерге оқыған мәтінді тереңірек түсінуге ғана емес, сонымен қатар өмірде пайдалы аналитикалық, дәлелдеу, танымдық дағдыларын дамытуға көмектеседі. Үйде оқу бұл үдерісте басты рөл атқарады, студенттерге оңай түсінуге арналған мәтіндер ғана емес, сонымен қатар олардың материалға сыни көзқарасын дамытуға көмектесетін тапсырмалар да ұсынылуы маңызды. Үйде оқу арқылы сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға арналған тапсырмаларда, мәселен, сұрақтар арқылы мәтінді талдау, мақаланы, әңгімені немесе кітап үзіндісін оқып, содан кейін бірнеше ашық сұрақтарға жауап беру ұсынылады, мысалы: автор мәтінде қандай негізгі ойды білдіреді, автордың көзқарасын растау үшін қандай дәлелдер келтірілген, оның көзқарасымен келісесіз бе, неліктен немесе неге жоқ т.б.? Бұл сұрақтар студенттерді мәтінді мұқият оқып, негізгі ойларды табуға мәжбүрлейді, оларда ақпаратты талдау және түсіндіру қабілетін дамытады.
Көркем әдебиеттен алынған оқу мәтіндері көбінесе күрделі құрылым мен баяндау формасына ие болады, бұл мәтін мазмұнын түсінуде қосымша қиындықтар туғызады, өйткені ондағы баяндауда образдылық және жалпы сипаттамалар бар. Сондықтан мұндай мәтіндерді оқығанда қиялдың рөлі ерекше орын алады. Оқытудың практикалық бағыты мәтіннен пайдалы ақпаратты алу міндетіне назар аударуды талап етеді. Сондай-ақ лингвистикалық тұрғыдан қол жетімді мәтіндерді оқығанда түсіну бірден бола бермейді, ол кейбір ойлауды және семантикалық талдауды қажет етеді. Күрделі мәтіндерді оқығанда мәтіннің басым бөлігін тікелей түсінумен қатар жеке тілдік құбылыстарды талдауға және таңдамалы аудармаға жүгінуге тура келеді.
Үйде оқу шет тілін үйренудің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, өйткені ол студенттердің сөздік қорын кеңейтіп қана қоймай, сонымен қатар сөйлеу дағдыларын дамыта отырып, тілдік материалмен белсенді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Төменде студенттердің оқыған мәтіндері негізінде сөйлеу дағдыларын дамытуға көмектесетін бірнеше жаттығуларға мысал келтірейік:
1. Мәтінді талдау элементтері арқылы қайталау
Мақсаты: оқылған мәтінді қайталап әңгімелеу, мазмұнын талдап, өз көзқарасын білдіру қабілеттерін дамыту. Осы мақсатта студенттерге үйде оқуға мәтін беріледі. Оқып болғаннан кейін олар негізгі оқиғаларды, мәселелерді немесе идеяларды бөліп көрсете отырып, оны қайта айтуы керек. Содан кейін кейіпкерлердің әрекетін талдап, олардың мотивтерін түсіндіру немесе олардың мінез-құлқын сыни бағалау тапсырылады. Соңында студент мәтінде болған оқиға туралы өз пікірін білдіріп, кейіпкерлерге балама шешімдер немесе әрекеттерді ұсынуы қажет.
Мысалы: "The Gift of the Magi" (O. Henry).әңгімесін оқу, мәтіндегі батырлардың орнында не істер едіңіз деген тапсырмаға түсіндірме беру және олардың жағдайына қандай балама шешімдер ұсынатынын дәлелдеу.
Сондай-ақ, коммуникативті дағдыларды дамыту, студенттерді нақты жағдаят жағдайында тілді қолдана білуге үйретуде диалог элементтері бар рөлдік ойындардың да маңызы зор. Студенттер мәтінді оқиды, содан кейін олар рөлдердің бірін таңдайды және мәтіндегі көріністі көрсетуі керек немесе оқығандары негізінде оны жалғастыруы керек. Студенттер кейіпкерлердің жолын қайталап қана қоймай, олардың жеке ерекшеліктеріне негізделген жаңа жауаптар мен реакцияларды ойлап табуы маңызды.
Мысалы: "Romeo and Juliet" (W. Shakespeare). кітабының үзіндісін оқу тапсырылады. Ромео мен Джульеттаның алғашқы кездесуі сахнасын қоя отырып, кейіпкерлердің жолын заманауи немесе ойдан шығарып, өзгертіп көрсетуге бағыттау.
Оқыған нәрсеге қатысты студенттердің өз көзқарасын білдіру және дәлелдеу қабілетін дамытуда пікірталас-дискуссияның орны ерекше. Бұл кезде оларға өзекті мәселелерді қарастыратын мәтінді оқу ұсынылады. Мысалы:
Экологиялық мәселелер туралы мақаланы оқыңыз. Жағдайды жақсарту үшін қандай қадамдар жасау керек деп ойлайсыз. Автордың қай идеясын нанымды, қайсысы даулы деп санайсыз? –деген тапсырмаға студенттердің жауаптары мәтіндегі дәлелдер арқылы нақты факталар болуы қажет.
Сөйлеу дағдыларын жетілдіре отырып, оқылған мәтінге сұрақтар құрастыру және оларға жауап беру қабілеттерін дамыту жаттығулардың да әсері мол. Мәтінді оқығаннан кейін мәтіннің мазмұнына, кейіпкерлердің уәжіне, оқиғалардың ықтимал салдарына қатысты сұрақтар құрастырады. Содан кейін олар өз сұрақтарына жауап береді, жауаптарын топта талқылайды.
Мысалы: The Happy Prince" (O. Wilde) әңгімесін оқу ұсынылады және басты кейіпкерлердің іс-әрекетіне, олардың мотивтері мен әрекеттерінің салдарына бес сұрақ құрастыру ұсынылады. Сұрақтарға топта жауап береді.
Жаңа сөздік қорын тиянақтау, байланыстырып сөйлеу дағдыларын дамыту мақсатында диалогты қолдануда студенттерге жаңа сөздер немесе сөз тіркестері беріледі. Саяхат туралы мәтінді оқы, саяхатқа қатысты 10 жаңа сөздер мен сөз тіркестерін белгіле, осы өрнектерді пайдаланып соңғы сапар туралы диалог құру тапсырылады.
Шығармашылық ойлауды дамыту, студенттерді қисынды баяндауға үйретуде аяқталмаған әңгімесі бар мәтін ұсынылады. Олар сюжеттің қалай дамуы мүмкін екенін елестетіп, оны жалғастыруы керек. Бұл тапсырма шығармашылық пен логикалық ойлау қабілеттерін дамытады, сонымен қатар өз ойын шет тілінде жеткізе білуге дағдыландырады. Мысалы: Harry Potter and the Sorcerer's Stone" (J.K. Rowling) кітабының бірінші тарауын оқып шық, содан кейін егер Гермиона алғашқы кездесуде Рон мен Гарримен болмағанда оқиға қалай жалғасар еді деген сұраққа өз ойын айту ұсынылады.
Үйде оқылған мәтін бойынша презентация дайындау тапсырмасы студенттерді қызықтырады және олар белсенділік таныта біледі. Сонымен, оқуға байланысты үй тапсырмасын пайдалану студенттердің сөйлеу дағдыларын айтарлықтай жақсартады. Оқу сөздік қорын молайтуға көмектеседі және оқушыларды мол материалмен қамтамасыз етеді. Үйде оқытуда сыни-аналитикалық тапсырмаларды жүйелі орындайтын студенттердің бағалауға және дәлелдеуге қатысты сөздік қорын тез есте сақтауы, пікірталастар мен диалогтарда сенімді сезінуі, сабаққа белсенділік танытуы, көркем мәтінді де, көркем әдебиетті де мағыналы қабылдауы жоғары деңгейді көрсетеді.
Сонымен, шетел тілін оқытуда үйде оқу арқылы сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту тілді терең меңгеруге ықпал етіп қана қоймай, студенттің жеке тұлғасын дамытады. Оқу тек ақпарат алу құралы емес, ойлау, талдау және өзін-өзі көрсету құралына айналады. Бұл әсіресе ойлаудың дербестігі мен икемділігін дамытуға бағытталған заманауи білім беру жағдайында маңызды.
НӘТИЖЕ
Үйде оқу негізінде сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған жаттығулар кешені: мәтінге дейінгі кезең, мәтін кезеңі, мәтіннен кейінгі кезең болып бөлінеді. Жаттығулар тірек сөздер, сөз тіркестері, мәтін мазмұны бойынша сұрақтар және студенттерге қарым-қатынас мәселелерін шешуге арналған нұсқаулар түрінде тірек пункттерін береді. Жаттығулар лингвистикалық және мәдени сипаттағы мәтін мазмұнына байланысты студенттердің жеке тұлғаға бағытталған шет тілінде сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған. Студенттерге оқу процесінде алынған ақпаратқа қатысты дәлелді тұжырымдар жасауға, өздерінің жеке пікірлерін айтуға ынталандыратын жағдайлар жасалған.
Жаттығулар жүйесі студенттерге оқылған мәтіндердің мазмұнына байланысты тұлғалық-бағдарлы шет тілінде сөйлеуді жеткілікті деңгейде жүзеге асыруға көмектеседі. Олардың тұжырымдары мәтіндерге берген тапсырмаларға сай белгілі бір дәрежеде дәлелді, пайымдау элементтері логикалық сәйкес келеді және лингвистикалық терминдерді дұрыс қолдануларын қалыптастырады.
Сонымен, Үйде оқу арқылы студенттердің сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту жұмысының нәтижесі келесідей:
-Үйде оқуға негізделген арнайы таңдалған жаттығулардың арқасында студенттердің монологтық және диалогтік сөйлеу дағдылары жетілдіріледі;
- Шет тілін ауызша қолдануда сенімділігі артады;
- Студенттер оқыған материалды талдап, өзіндік пікірін білдіріп, өз көзқарасын дәлелдеп, логикалық қорытынды жасауға үйренеді, бұл сыни тұрғыдан ойлауға негіз болады;
- Мәтіндерде кездесетін жаңа сөздер мен сөз тіркестері диалог, рөлдік ойындар, пікірталас арқылы ауызша сөйлеуде белсенді қолданылады;
- Қызықты және өзекті мәтіндерді оқу, оларды талқылау және өз пікірлерін білдіру мүмкіндігі студенттер үшін оқу процесін мазмұнды етеді;
- Күрделі жаттығулармен жұмыс оқу, сөйлеу, тыңдау және жазуды біріктіреді, бұл түр аралық тілдік құзыреттілікті дамытуға ықпал етеді.
- Жаттығулар коммуникативті және әлеуметтік дағдыларды дамыта отырып, студенттердің өз бетімен жұмыс істеу қабілетін дамытады.
Осылайша, оқу процесіне үйде оқуға негізделген жаттығулар кешенін енгізу шет тілін оқытудың төменгі курстарында студенттердің толыққанды сөйлеу және сыни құзыреттілігін қалыптастыруға ықпал етеді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Үйде оқу студенттердің тілін және танымдық қабілеттерін дамытудың тиімді құралы болып табылады, өйткені ол талдау, түсіндіру және талқылау үшін бай тілдік материал береді. Сыни тұрғыдан ойлау дағдылары мәтінмен жүйелі жұмыс, оның ішінде кейіпкерлердің іс-әрекетін талдау, проблемалық жағдайларды талқылау, өз ұстанымын тұжырымдау және дәлелдеу арқылы белсенді түрде дамиды.
Үйде оқуға негізделген жаттығулар кешені сөйлеу әрекетінің барлық түрлерін, әсіресе монологтық және диалогтық сөйлеуді біріктіруге ықпал етеді, бұл студенттердің табиғи коммуникативті жағдайларда сөйлеуін жетілдіруге мүмкіндік береді. Сыни тұрғыдан ойлаудың негізгі құрамдас бөліктері - рөлдік ойындарды, пікірталастарды және аналитикалық тапсырмаларды пайдалану шешім қабылдау, пайымдауларды негіздеу және жеке пікірін айту қабілеттерін дамытады.
Үйде оқуды әдістемелік ұйымдастыру студенттердің тіл және қызығушылық ерекшеліктеріне сәйкес келетін әдеби және шынайы материалды мазмұнды таңдауды талап етеді. Сонымен, үйде оқу сыныптан тыс жұмыс түрі ретінде шет тілін оқытуда маңызды рөл атқарады. Ол сөздік қорын кеңейтіп, грамматикалық дағдыларды жетілдіруге көмектесіп қана қоймайды, сонымен қатар сыни ойлауды дамытудың қуатты құралына айналады. Оқылғанды талқылауға, талдауға және түсіндіруге бағытталған жаттығуларды әзірлеу және жүзеге асыру студенттердің оқу процесіне белсенді қатысуына, өз бетінше ойлауын дамытуға және шет тілін қолданудағы сенімділікке мүмкіндік береді. Мұндай тапсырмаларды оқыту жүйесіне енгізу мәдениетаралық контексте ойлауға, талдауға және өзара әрекеттесуге қабілетті тілдік тұлғаны дамытуға көмектеседі.
Үйде оқу шет тілін оқыту процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және студенттердің сөздік қорын және лингвистикалық құзыреттілігін кеңейту үшін білім берудің барлық кезеңдерінде болуы керек. Оқытылатын тілде әдебиетті оқу ауызша сөйлеуді дамытуға, сөздік қорын байытуға, оқытылатын тілдің мәдениеті мен әдебиетімен таныстыруға, аналитикалық ойлауды дамытуға көмектеседі. Үйде оқуды дұрыс ұйымдастыру студенттердің мәтіннен тілдік-семантикалық ақпаратты алу үшін дербес қабылдау әрекеттерін және оны ауызша сөйлеуде қолдана білуге үйрететін тапсырмалар түріндегі психологиялық және әдістемелік тұрғыдан негізделген бағдарлама болуы керектігін байқатты. Түпнұсқа мәтіндерді үйде оқу және оларға берілген тапсырмаларды орындау, презентациялар құрастыру оқудың коммуникативті және когнитивтік мотивациясын арттыруға көмектесетіні және тіл мен мәдениетке бір уақытта қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сондықтан оқу процесінде үйде оқу сабақтары өте қажет. Оның мәдени-тәрбиелік мәні: біріншіден, студент шартты түрде білім беретін тілмен емес, қазіргі тірі тілмен байланыста болады, екіншіден, шығармаға, кейіпкерлерге, жағдаяттарға өз пікірін білдіріп, баға беруге мүмкіндігі бар.
Әдебиеттер тізімі:
- Колкер Я.М. Практическая методика обучения иностранному языку / Я.М. Колкер, Е.С. Устинова, Т.М. Еналиева. //М.: Изд.центр «Academia», 2001. - С. 161-162.
- Селиванова, Н.А. Домашнее чтение – важный компонент содержания обучения иностранным языкам в средней школе // Иностранные языки в школе. 2004. - №4. 21с.
- Щукин А.Н. Обучение иностранным языкам: теория и практика: учебное пособие для преподавателей и студентов //М: Филоматис, 2006. - 476 с.
- Бухбиндер В.А. О системе упражнений.Общая методика обучения иностранным языкам. // М.: Русский язык. 1991. – 95с.
- Контроль в обучении иностранному языку: учебное пособие / ред. Е. И. Пассов, Е.С. Кузнецова. //Воронеж: Интерлингва, 2002. - 40 с.
- Чекалина Т.А. Формирование критического мышления средствами чтения на иностранном языке. // Вестник МГПУ, 2019. - 77 с.
- Гальскова Н.Д. Теория обучения иностранным языкам. Лингводидактика и методика //М.: Изд.центр «Academia», 2004. - С. 158-159.
- Левицкий Ю.А. Лингвистика текста: Учеб. пособие // М.: Высшая школа, 2006. - 207 с.
- Колесник Л.И. Проблематизация учебного текста и заданий к нему (на материале обучения чтению на иностранном языке).// Нижневартовск, 2004. -187 с.
- Прокуророва О.В. Обучение английским фразеологизмам студентов П-Ш курсов языковых факультетов на материале домашнего чтения: // Владимир, 2006. -194 с.
Оставить комментарий