Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 16(312)

Рубрика журнала: Юриспруденция

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5, скачать журнал часть 6, скачать журнал часть 7, скачать журнал часть 8, скачать журнал часть 9, скачать журнал часть 10

Библиографическое описание:
Қадырбаев А.М. СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ: ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 16(312). URL: https://sibac.info/journal/student/312/371126 (дата обращения: 25.05.2025).

СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚСЫЗ БОЛАШАҚ: ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Қадырбаев Аманжан Миржанұлы

Құқықтану мамандығының 2 курс студенті, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

Орал қаласы, Қазақстан Республикасы

Есенгазиева Айнур Калимовна

научный руководитель,

ғылыми жетекші, з.ғ.м, аға оқытушы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

Орал қаласы, Қазақстан Республикасы

АННОТАЦИЯ

Бұл мақалада сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі Қазақстанның қазіргі жағдайы мен атқарылып жатқан іс-шаралары талданады. Сонымен қатар, бірқатар шет мемлекеттердің тиімді тәжірибелері сараланып, оларды қазақстандық модельмен салыстыру арқылы оңтайлы тәсілдер ұсынылады. Сыбайлас жемқорлықтың әлеуметтік-экономикалық дамуға тигізетін әсерін сипаттай отырып, оның алдын алу мен жою жолдары анықталады. Мақаланың мақсаты — халықаралық тәжірибені ескере отырып, Қазақстанда тиімді және ашық қоғам құруға бағытталған ұсыныстар жасау.

 

Кілт сөздер: сыбайлас жемқорлық, жемқорлыққа қарсы күрес, Қазақстан тәжірибесі, халықаралық тәжірибе, мемлекеттік басқару, құқықтық саясат, транспаренттік, әлеуметтік әділеттік, ашық қоғам.

 

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның тұрақты дамуына кедергі келтіретін, мемлекет ішіндегі әлеуметтік және экономикалық үдерістерге теріс әсер ететін құбылыс. Ол мемлекеттік басқару сапасын төмендетіп, халықтың билікке деген сенімін әлсіретеді, инвестициялық тартымдылықты тежейді және әлеуметтік теңсіздікті арттырады. Сондықтан әлемнің көптеген елдері үшін жемқорлықпен күрес – басты ұлттық басымдықтардың бірі. Қазақстан да бұл бағыттағы саясатты күшейтіп келеді. Бұл мақалада Қазақстандағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекеттердің ерекшеліктері мен тиімділігі сараланып, шетелдік үлгілермен салыстырмалы талдау жасалады. Сонымен қатар, еліміз үшін қолайлы және жүзеге асыруға болатын тиімді тетіктер ұсынылады.

Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан кейін мемлекеттік басқару жүйесін реформалау барысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру мәселесі үнемі күн тәртібінде тұрды. Елде 2015 жылы қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң бұл күресті құқықтық деңгейге көтерді. Аталған заңда жемқорлыққа жол берген тұлғаларға жауапкершілік жүктеу ғана емес, сонымен қатар құқықбұзушылықтың алдын алу және мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдіру мақсаттары да қамтылған. Қазіргі таңда Қазақстанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жемқорлыққа қарсы саясатты үйлестіруші орган ретінде белсенді жұмыс атқаруда. Агенттік азаматтық қоғаммен әріптестікті дамыту, мемлекеттік органдарда ашықтық пен есеп берушілікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамдық бақылау жүйесін жетілдіру бағыттарында жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлықпен күресте стратегиялық бағыттарды анықтап, олардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын айқындап отыр. Бұл саясаттың негізінде 2022-2026 жылдар аралығында іске асырылатын тұжырымдама қабылданған. Бұл құжатта сыбайлас жемқорлықты жою, алдын алу және оған қарсы тұру бойынша нақты мақсаттар мен міндеттер қойылған. Соңғы жылдары елімізде "Ашық бюджет", "Электрондық үкімет", "Адалдық алаңы" жобалары іске қосылып, мемлекеттік қызметтердің барынша цифрлануына жол ашылды. Бұл бастамалар мемлекеттік шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету арқылы жемқорлыққа бейімділікті төмендетуге бағытталған. 2021 жылы мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген тұлғалар, сондай-ақ олардың жұбайлары жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде өздерінің барлық активтерін тіркеп, "кіріс" декларацияларын ұсынды. 2022 жылдан бастап кірістер мен шығыстарды салыстыру жүзеге асырыла бастады. Сонымен қатар, пенитенциарлық мекемелерде және полицияның қызметтік үй-жайларында, сондай-ақ құқық қорғау органдарының барлық жедел-тергеу бөлімшелерінде жаппай бейне-байқау енгізілуде. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдар үшін мемлекеттік қызметке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуға өмір бойына тыйым салу қолданылады. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, судьяларға, пара берушілер мен парақорлықтағы делдалдарға сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін санкциялар қатаңдатылды. Атап айтсақ, ҚР Қылмыстық Кодексінің 366 және 367-баптарында пара алу, пара беру қылмыстары үшін он бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Халықаралық тәжірибеге шолу жасайтын болсақ, халықаралық ұйымының құрастырған көрсеткіштеріне сәйкес, сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша Қазақстан 180 елдің арасында 88-орынды иеленіп тұр. Бұл көрсеткіш 100 балдық шкала бойынша есептеледі. Қазақстанның индексі 40 балды көрсеткендіктен, еліміз сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары елдер қатарына жатады. Сингапур — жемқорлықты түбегейлі төмендеткен елдердің бірі ретінде жиі мысалға алынады. Бұл елде 1952 жылы құрылған Жемқорлықпен күрес жөніндегі тергеу бюросы (CPIB) тәуелсіз құрылым ретінде қызмет етеді. Бюроның тергеу жүргізуге толық құқығы бар және ол тікелей премьер-министрге есеп береді. Сингапур билігі мемлекеттік қызметкерлерге жоғары жалақы тағайындау арқылы оларды пара алудан бас тартуға ынталандырған. Сонымен қатар, мемлекеттік секторда адалдық пен кәсібилікке ерекше мән берілген. Сингапур тәжірибесі жемқорлықты тек жазалау арқылы емес, оның алғышарттарын жою арқылы алдын алуға болатынын дәлелдеді. Швеция, Норвегия және Финляндия сияқты елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі өте төмен. Бұл елдерде қоғам мен үкімет арасындағы сенім жоғары. Барлық мемлекеттік шешімдер ашық түрде қабылданады және халыққа толық ақпарат беріледі. Мемлекеттік органдардың қызметі ашық порталдар арқылы бақыланады, азаматтар кез келген мемлекеттік шешімге пікір білдіруге құқылы. Бұған қоса, бұл елдерде құқықтық мәдениет өте жоғары деңгейде дамыған, яғни азаматтар заңға бағынуға және заңсыз әрекеттерге қарсы тұруға бейімделген.

Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресте белгілі бір жетістіктерге жеткені байқалады. Дегенмен бұл бағыттағы күресті тоқтатуға болмайды, себебі сыбайлас жемқорлық үнемі бейімделіп отыратын құбылыс. Әлем елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып, елімізде ашықтық, әділеттілік және заң үстемдігі қағидаларын нығайту арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын одан әрі күшейту қажет. Сыбайлас жемқорлықсыз болашақ – бұл тек мемлекеттік саясаттың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ мақсаты болуы тиіс.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы (18.11.2015ж.)
  2. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж. 30 тамыз).
  3. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (2014 ж. 3 шілде).
  4. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (2014 ж. 5 шілде).
  5. Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022 – 2026 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту және Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер енгізу туралы Жарлығы.
  6. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми сайты — https://www.gov.kz/memleket/entities/anticor

Оставить комментарий