Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 16(312)

Рубрика журнала: Юриспруденция

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5, скачать журнал часть 6, скачать журнал часть 7, скачать журнал часть 8, скачать журнал часть 9, скачать журнал часть 10

Библиографическое описание:
Жағыпарова А.Н. СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ БАҚ: ЗАҢ АЯСЫНДАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 16(312). URL: https://sibac.info/journal/student/312/371094 (дата обращения: 25.05.2025).

СӨЗ БОСТАНДЫҒЫ ЖӘНЕ БАҚ: ЗАҢ АЯСЫНДАҒЫ ШЕКТЕУЛЕР

Жағыпарова Айару Нұрлыбекқызы

Құқықтану мамандығының 2 курс студенті, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

Орал қаласы, Қазақстан Республикасы

Есенгазиева Айнур Калимовна

научный руководитель,

ғылыми жетекші, з.ғ.м, аға оқытушы, Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті,

Орал қаласы, Қазақстан Республикасы

АННОТАЦИЯ

Мақалада сөз бостандығы мен бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) қызметінің құқықтық шеңберде реттелу мәселелері қарастырылады. Қазақстан Республикасының Конституциялық нормалары мен халықаралық құқықтық құжаттарға сүйене отырып, сөз және ақпарат тарату еркіндігінің маңыздылығы теориялық және құқықтық тұрғыдан талданады. Сонымен қатар, БАҚ қызметіне қатысты заңнамалық шектеулердің негізгі бағыттарын – ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жеке тұлғалардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, кәмелетке толмағандарды зиянды ақпараттан сақтау, сот әділдігіне кедергі келтірмеу мәселелері де ғылыми тұрғыда зерделенеді. Мақалада сөз бостандығы мен құқықтық жауапкершілік арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажеттігі негізделеді.

 

Кілт сөздер: сөз бостандығы, бұқаралық ақпарат құралдары, заңдық шектеулер, Конституция, ар-намысты қорғау, ақпараттық қауіпсіздік, ұлттық қауіпсіздік, цензура, құқықтық реттеу, халықаралық стандарттар.

 

Сөз бостандығы – кез келген демократиялық қоғамның іргетасы болып табылатын негізгі құқықтардың бірі. Бұл құқық адамға өз пікірін еркін білдіруіне, ақпарат таратуға және алуға мүмкіндік береді. Алайда сөз бостандығы абсолюттік сипатқа ие емес. Ол басқа құқықтар мен бостандықтармен, сондай-ақ қоғамдық тәртіппен, ұлттық қауіпсіздікпен шектелуі мүмкін. Осы тұрғыдан алғанда, БАҚ (бұқаралық ақпарат құралдары) қызметінің заңнамалық реттелуі – сөз бостандығы мен қоғамдық мүдделердің арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз ету құралы болып табылады.

Қазақстан Республикасының Конституциясында сөз бостандығы мен ақпарат алу құқығы тікелей бекітілген. Атап айтқанда, 20-баптың 1-тармағында: «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп көрсетілген. Бұл ереже Қазақстанның халықаралық құқық алдындағы міндеттемелеріне де сәйкес келеді. Атап айтқанда, Қазақстан БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі жалпыға бірдей декларациясына және Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қосылған мемлекет ретінде, сөз бостандығын қорғауға міндетті. Цензура – бұл ақпараттың, идеялардың немесе көркем туындылардың мазмұнын билік немесе өкілетті орган тарапынан бақылау, шектеу немесе тыйым салу процесі. Цензура көбінесе қоғамдық тәртіпті сақтау, ұлттық қауіпсіздікті қорғау, моральдық нормаларды сақтау немесе мемлекеттік құпияларды қорғау мақсатында жүргізіледі.

Құқықтық мемлекеттің қағидаты бойынша, кез келген құқық шексіз бола алмайды. Қазақстанда сөз бостандығы келесі бағыттар бойынша шектелуі мүмкін: мемлекеттiк құпияларды немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәлiметтердi жария eтуге, экстремизмді немесе терроризмдi насихаттауға және ақтауға, есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестер мен прекурсорларды, сондай-ақ қатыгездікті, зорлық-зомбылықты және порнографияны насихаттауға тыйым салынады.

БАҚ өкілдері қоғамға ақпарат таратушы ретінде үлкен жауапкершілікке ие. Журналистің кәсіби этикасы мен объективтілігі – сөз бостандығы мен сенімді ақпарат арасындағы шекараны дұрыс ұстануға көмектесетін негізгі тетік. Ақпараттың нақтылығын тексеру, біржақтылықтан аулақ болу, жала мен арандатудан сақтану – бұл журналистің басты қағидаттары болуы тиіс.

Қазақстандағы сот практикасы сөз бостандығы мен БАҚ қызметінің заңды шектеулерін нақты көрсетеді. Мысалы: «Азаттық радиосы» ақпарат агенттігінің 2019 жылы 20 сәуірде жариялаған мақаласына сүйенсек, 2019 жылы сәуірдің 19-ы күні Қостанай қалалық №2 соты Tobolinfo агенттігінің журналисті Алина Сушконы ақтау туралы үкім шығарды. Сот шағымына 2018 жылы тамыз айында жарияланған мақала негіз болған. Сотқа шағым түсірген полицей мақалада жарияланған деректерді жоққа шығарып, журналисті "жала жапты" деп айыптаған. Соттан мақала авторын қылмыстық жауапкершілікке тартуды өтінген. Бұған дейін елдегі баспасөз қорғау ұйымдары журналистке екі жыл бас бостандығынан айыру қаупі төніп тұрғанын айтып алаңдаған. 19 сәуірде сот үкімін оқыған судья Самат Сатмагамбетов "қылмыстық құрамы жоқ болғандықтан" Сушконы кінәсіз деп таныған. Бұл мысалдар БАҚ қызметінің заңды шектеулерін және журналистердің кәсіби этикасын сақтаудың маңыздылығын көрсетеді. Бір жағынан, журналистер қоғамдық маңызы бар ақпаратты жариялап, қоғамға қызмет етеді. Екінші жағынан, кейбір жағдайларда олардың жариялаған мәліметтері жеке тұлғалардың ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіретін жала деп танылып жатады. Мұндай даулы жағдайларда сот төрелігі мен құқық қолдану тәжірибесі әділдік пен заңдылық қағидаттарын басшылыққа ала отырып, әр істі жеке қарауға тиіс.

Сөз бостандығы мен БАҚ қызметі арасындағы тепе-теңдікті сақтау — бұл тек журналистердің ғана емес, барлық қоғамның өзекті міндеті. Бұл мәселеде заң шығарушы органдардың, құқық қорғау құрылымдарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің рөлі ерекше. Заңдардың нақты әрі әділ қолданылуы, заңдық жүйенің айқындылығы – қоғамда сенімділікті қалыптастырудың және құқықтық мәдениеттің жоғары деңгейге көтерілуінің маңызды факторы. БАҚ өкілдері қоғамдық пікір қалыптастырушы ретінде үлкен күшке ие. Сондықтан олардың қызметі қоғам үшін жауапкершілікті және адалдықты талап етеді. Ақпаратты тарату кезінде журналистер жеке тұлғалардың абыройы мен құқықтарын бұзбауы, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірмеуі керек. Сөз бостандығы мен БАҚ саласындағы құқықтық мәдениетті арттыру тек журналистер мен заңгерлердің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті болып табылады. Бұл мәселеде әрбір адамның белсенді азаматтық ұстаным танытуы, құқықтық сауаттылығын арттыруы, мемлекеттің заңдар мен құқықтарын қорғауды қолдауы қажет. Мұндай шешімдер тек құқықтық тәртіптің сақталуына ғана емес, қоғамның демократиялық дамуына да оң әсер етеді. Осы орайда, болашақта қабылданатын құқықтық актілер мен заңдарға негіз болатын сот практикасында бұл мәселелердің дұрыс шешілуі, қоғам мен мемлекет үшін өте маңызды.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 ж. 30 тамыз).
  2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі (2014 ж. 3 шілде).
  3. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі (2014 ж. 5 шілде).
  4. Азаттық радиосы. Қостанай соты журналист Алина Сушконы жала жабу ісі бойынша ақтады. — azattyq.org (19.04.2019ж.). (Жүгінген күн: 1.05.2025ж.).
  5. БҰҰ. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы (1948ж.).
  6. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулылары.

Оставить комментарий