Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 16(312)

Рубрика журнала: Юриспруденция

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5, скачать журнал часть 6, скачать журнал часть 7, скачать журнал часть 8, скачать журнал часть 9, скачать журнал часть 10

Библиографическое описание:
Турланова С.Т. АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОНТЕКСТІНДЕГІ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 16(312). URL: https://sibac.info/journal/student/312/371061 (дата обращения: 25.05.2025).

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ КОНТЕКСТІНДЕГІ ТҰРМЫСТЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ

Турланова Сабина Турлановна

Құқықтану мамандығының 2 курс студенті Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

ҚР, Орал қ.

Есенгазиева Айнур Калимовна

научный руководитель,

ғылыми жетекші, з.ғ.м, аға окытушы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті

ҚР ,Орал қ.

АННОТАЦИЯ

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық әйелдер үшін өзекті мәселеге айналды. Қазақстанда жыл сайын мыңдаған әйелдер зорлық-зомбылықтың құрбаны болуда, бұл олардың физикалық, психологиялық денсаулығына және өмір сапасына теріс әсер етеді. Көп жағдайда бұл мәселе отбасылық шекарамен шектеліп, қоғам тарапынан толық назар аударылмайды

 

Кілт сөздер: тұрмыстық зорлық-зомбылық ,адам құқықтары ,әлеуметтік мәселелер, құқық қорғау, отбасындағы зорлық, әйелдерге қатысты зорлық, құқықтық көмек, қоғамдық ұйымдар, психологиялық және физикалық зорлық.

 

Қазіргі таңда тұрмыстық зорлық-зомбылық – қоғамда жиі кездесетін, бірақ көбіне жабық күйде қалатын күрделі мәселе. Бұл көбінесе ер адамның әйелге немесе ата-ананың балаға көрсететін физикалық, психологиялық, жыныстық және экономикалық қысым түрінде көрінеді. Мұндай зорлық адамның ар-намысы мен психикалық жағдайына, өмір сапасына кері әсер етеді. Ол бір реттік емес, ұзақ мерзімді сипатқа ие болып, жәбірленушіні толық бақылауға ұмтылатын агрессормен байланысты. Тұрмыстық зорлықтың себептеріне гендерлік теңсіздік, патриархалдық көзқарастар, экономикалық тәуелділік пен құқықтық сауатсыздық жатады. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде жиі кездеседі, себебі құқықтық көмекке қолжетімділік аз, құқық қорғау органдарына сенім төмен, ал қоғам мұндай жағдайды “отбасының ішкі мәселесі” деп қабылдайды [5].

Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес үшін заңнамалық негіз бар. 2009 жылы қабылданған «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» заңы [1] мен ҚР Қылмыстық кодексінің жекелеген баптары отбасындағы зорлықтың алдын алуға бағытталған. Заңда зорлық-зомбылықтың түрлері, жәбірленушілердің құқығы мен қорғау шаралары көрсетілген. 2024 жылы Қылмыстық кодекске 108-баптың («Ұрып-соғу») қайта енгізілуі [2] – қоғамдағы наразылықтың нәтижесі болды. Себебі бұл бап алынып тасталған соң, жеңіл дене жарақаттары үшін жауапкершілік әлсіреп, тұрмыстық зорлық деректері көбейіп кетті. Бұл жағдай елімізде бұл мәселенің өзектілігін дәлелдейді. Осы салада белсенді жұмыс істеп жүрген ұйымдардың бірі – «Не молчи KZ» қоры. Бұл ұйым тұрмыстық зорлық көрген әйелдер мен балаларға заңдық және психологиялық көмек көрсетеді, қоғамда резонанс тудырған істер бойынша қылмыстық қудалаудың басталуына ықпал етеді. Мысалы, осы қордың көмегімен 239 қылмыстық іс қозғалып, 35 мыңнан астам жәбірленушіге көмек көрсетілген.[3]

Тұрмыстық зорлық-зомбылық әртүрлі түрде көрініс табады. Оның негізгі түрлеріне физикалық, психологиялық, сексуалдық және экономикалық зорлық жатады. Физикалық зорлыққа ұрып-соғу, итеру, буындыру, дене жарақатын салу сияқты әрекеттер кіреді. Психологиялық зорлық қорқыту, тіл тигізу, оқшаулау, еркіндікті шектеу арқылы жүзеге асады. Сексуалдық зорлық адамның еркінен тыс жыныстық қатынасқа мәжбүрлеу мен зорлау. Ал экономикалық зорлық адамның қаржылық еркіндігін шектеу, яғни қаржы құралдарын бақылау, жұмыс істеуге тыйым салу және ақшалай қысым көрсету арқылы байқалады.Бұл түрлер көбіне бір уақытта қатар жүреді. Мысалы, әйелге жұмыс істеуге тыйым салып, оны күйеуінің табысына тәуелді ету – психологиялық әрі экономикалық зорлықтың бір түрі.

Мәселені шешудегі негізгі кедергілер ретінде мыналарды атап өтуге болады: Құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе формалды түрде қарауы;[4] Қоғамдағы «отбасы ішкі мәселе» деген түсініктің сақталуы; жәбірленушінің қорқынышы, ұят сезімі, материалдық тәуелділігі; заңнаманың жетілмеген тұстары;дағдарыс орталықтарының аздығы.Тұрмыстық зорлық-зомбылықты шешу жолдары бірнеше бағытта жүзеге асырылуы тиіс. Ең алдымен, заңнаманы жетілдіру қажет. Бұл үшін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтіп, оған әкімшілік емес, қылмыстық сипат беру керек. Сонымен қатар, қоғамның санасына әсер ету маңызды. БАҚ пен білім беру жүйесі арқылы зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс емес, керісінше, қылмыс ретінде көрсету қажет. Бұдан бөлек, әйелдер мен балаларға арнаулы қауіпсіз баспана, психологиялық және құқықтық көмек көрсететін дағдарыс орталықтарының санын арттыру керек. Құқық қорғау органдарының қызметкерлерін оқытып, агрессорға қатысты формалды көзқарастан арылып, жәбірленушіні қорғауға бағытталған жаңа көзқарас қалыптастыру да аса маңызды. Сондай-ақ әйелдердің құқықтық сауаттылығын арттыру қажет, яғни оларға өз құқықтарын түсіндіріп, қайда және қалай көмекке жүгінуге болатынын үйрету керек.

Қорытындылай келе, тұрмыстық зорлық-зомбылық – жеке адамның ғана емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Онымен күрес құқықтық, әлеуметтік және мәдени деңгейде қатар жүргізілуі тиіс. Әйел қауіпсіздігі – қоғамның қауіпсіздігі, сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарамай, нақты әрекеттер қажет.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы» Заңы, 2009 жыл.
  2. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі.
  3. «НеМолчиKZ» қоғамдық қорының ресми сайты – https://nemolchi.kz
  4. Досқалиева, Л. А. “Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құқықтық аспектілері”, Заң ғылымының өзекті мәселелері, 2022 ж.
  5. Сатыбалдиева, А. “Гендерлік теңдік және тұрмыстық зорлық: әлеуметтік талдау”, Қоғам және Құқық журналы, 2021.

Оставить комментарий