Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 3(299)

Рубрика журнала: Технические науки

Секция: Архитектура, Строительство

Скачать книгу(-и): скачать журнал часть 1, скачать журнал часть 2, скачать журнал часть 3, скачать журнал часть 4, скачать журнал часть 5, скачать журнал часть 6

Библиографическое описание:
Мұқатай Ә.Қ. ХАЛЫҚТЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙДІ ДАМЫТУДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮРЛЕР // Студенческий: электрон. научн. журн. 2025. № 3(299). URL: https://sibac.info/journal/student/299/359722 (дата обращения: 10.02.2025).

ХАЛЫҚТЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙДІ ДАМЫТУДАҒЫ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮРЛЕР

Мұқатай Әсел Қанатқызы

2 курс магистранты, Өнер факультетінің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті,

Қазақстан, Алматы

ХУДОЖЕСТВЕННЫЕ ТРАДИЦИИ В РАЗВИТИИ НАРОДНОГО ЖИЛИЩА

 

Мукатай Асель Канатовна

магистрант 2 курса, факультет искусств, Казахский национальный педагогический университет имени Абая,

Казахстан, г. Алматы

 

АНДАТПА

Бұл мақалада халықтық тұрғын үйді дамытудағы көркемдік дәстүрлердің ерекшеліктері қарастырылады. Қазақ халқының дәстүрлі тұрғын үйі этномәдениеттің, табиғи ортаға бейімделудің және эстетикалық дүниетанымның көрінісі ретінде сипатталады. Зерттеуде тұрғын үйдің тарихи негіздері, оның көркемдік және функционалдық рөлі талданып, аймақтық ерекшеліктері көрсетілген. Сонымен қатар, халықтық сәулет дәстүрлерінің заманауи архитектурадағы ықпалы мен олардың қолданылу мүмкіндіктері талданады.

АННОТАЦИЯ

В данной статье рассматриваются особенности художественных традиций в развитии народного жилища. Традиционное жилище казахского народа описывается как проявление этнокультурных ценностей, адаптации к природной среде и эстетического мировоззрения. В исследовании анализируются исторические основы жилища, его художественная и функциональная роль, а также региональные особенности. Кроме того, рассматривается влияние народных архитектурных традиций на современную архитектуру и возможности их применения.

 

Кілт сөздер: халықтық тұрғын үй, көркемдік дәстүрлер, киіз үй, мәдени мұра, ұлттық сәулет, этностиль, табиғи құрылыс материалдары, ою-өрнектер.

Ключевые слова: народное жилище, художественные традиции, юрта, культурное наследие, национальная архитектура, этностиль, природные строительные материалы, орнаменты.

 

Кіріспе

Халықтық тұрғын үй – бұл белгілі бір этностың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, табиғи ортаға бейімделуі және әлемді тану ерекшеліктерінің көрінісі. Оның дәстүрлі құрылымдары мен көркемдік элементтері заманауи сәулет пен туризм саласында, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті сақтауда маңызды рөл атқарады. Бұл үйлердің қайта жаңғыруы – тұрақты даму мен ұлттық мәдениеттің үйлесімділігін қамтамасыз етудің тиімді жолы. Халықтық тұрғын үй қазіргі таңда мәдени мұра ретінде ғана емес, экологиялық, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да ерекше маңызды орын алады. Олар ұлттық дәстүрді сақтап, заманауи сәулетте жаңа стильдік шешімдер ұсынады. Сонымен қатар, этнотуризмді дамытуда маңызды орын алады, өйткені халықтық сәулет мәдени мұра ретінде туристердің қызығушылығын арттырады. Халықтық тұрғын үйлер әлеуметтік және экономикалық тиімділігімен де ерекше, себебі олардың құрылыс әдістері қолжетімді және үнемді. Қазіргі қоғамда бұл үйлер ұрпаққа ұлттық бірегейлікті танытып, мәдени сабақтастықты жалғастыруға ықпал етеді.

Халықтық тұрғын үйлердегі көркемдік дәстүрлердің қоғамға ықпал етуіндегі мақсаты – ұлттық мәдениеттің бірегейлігін сақтау және насихаттау, ұрпақтан-ұрпаққа тарихи мұраларды жеткізу, қоғамда эстетикалық талғам мен рухани құндылықтарды қалыптастыру. Сонымен қатар, бұл дәстүрлер табиғатпен үйлесімді өмір салтын насихаттап, экологиялық және экономикалық тұрақты дамуға ықпал етеді. Халықтық көркемдік элементтер қазіргі заманғы сәулет пен дизайнда қолданыла отырып, ұлттық мәдениеттің жандануына және оның заманауи қоғамдағы маңыздылығын арттыруға жағдай жасайды.

Бұл ғылыми зерттеуде халықтық тұрғын үйді дамытудағы көркемдік дәстүрлердің ерекшеліктері, олардың тарихи негіздері және заманауи сәулетке ықпалы талдауға және сол арқылы қоғамның дамуына қосатын үлесін түсінуге мүмкіндік береді.

Негізгі бөлім

«Біздің киіз үйіміз тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды деп айтуға болады. Басқа елдердегідей емес, бұл ағаш, киіз, ши, ішінара күмістен құрастырылып, уақытша (жылжымалы) құрылыс түріне жатады»[1]. киіз үй Оның құрылымы мен әшекейлері қазақ халқының эстетикалық талғамы мен дүниетанымын айқын көрсетеді. Киіз үйдің ішкі кеңістігі де сәндік бұйымдармен толықтырылған. Сырмақ, алаша, текемет сияқты кілемдер еденді, қабырғаларды және төбені әшекейлеу үшін қолданылады. Сандық, кебеже, түскиіз сияқты ағаш бұйымдар да ою-өрнектермен безендіріліп, киіз үйдің ішкі көрінісін толықтырады. Киіз үйдің құрылымы мен әшекейлері қазақ халқының көшпелі өмір салтына бейімделген, табиғи ортаға үйлесімді және экологиялық тұрғыдан тиімді болып келеді.

Қазақ халқының қолөнері тек қазақ халқының ғана емес, сондай-ақ түскен Орта Азия халықтары мен ұлы орыс халқының қолөнерімен де ұштасып жатады. «Қазақстан тарихы — бұл ең алдымен материалдық байлықтарды өндірушілердің тарихы, еңбекші бұқараның тарихы, олардың әлеуметтік және езілушілердің езушілерге қарсы күрестерінің тарихы» [2]. Қазақ халқының тарихы – бұл тек саяси оқиғалар мен ұлы тұлғалардың тарихы ғана емес, сонымен қатар материалдық байлықтарды жасаушылардың, қарапайым еңбекші халықтың, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігінің, мәдениетінің, өнерінің тарихы. Сонымен, қазақ халқының қолөнері – бұл тек өткеннің мұрасы емес, сонымен қатар қазіргі заманда да өзектілігін жоғалтпаған, халықтың рухани және мәдени байлығының көрсеткіші.

Қолөнердің ішінде ең көп таралғаны – ою-өрнек өнері. «Ою» және «өрнек» сөздері мағыналық жағынан ұқсас болғанымен, олардың қолданылуында аздаған айырмашылықтар бар. «Ою» ұғымы бір нәрсені қиып, кесіп алып белгілі бір пішін жасау, немесе екі затты қиыстырып, біріктіру арқылы сән беру мағынасын білдіреді. Ол әртүрлі ою-өрнек түрлерін, бедерлі бейнелерді, түрлі әдістермен жасалған көркемдік элементтерді қамтиды. Өрнек жасау тәсілдері де алуан түрлі: күйдіру, жалату, бояу, батыру, қалыпта жасау сияқты әдістер қолданылады.

«Тарихи мұраларды қарастыру нәтижесінде қазақ оюларының негізін құрайтын 200-ден астам ою элементтерінің атаулары анықталған. Көп жағдайда ою элементтерінің аты материалдық дүниедегі жан-жануарлардың дене мүсіндеріне, өсімдіктердің сабақтары мен жапырақтарының сыртқы бейнелеріне, немесе геометриялық фигуралардың ерекшеліктеріне қарай қойылып келген»[3]. Ежелгі қазақ оюларын мазмұны бойынша топтастырсақ, негізінен үш түрлі мағынаны қамтиды. Олар: біріншіден, мал шаруашылығы мен аңшылықты, екіншіден, жер мен су, көшіп-қону көріністерін, үшіншіден, күнделікті тұрмыста кездесетін түрлі заттардың сыртқы пішінін бейнелейді. Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің ерекшелігі – осы әртүрлі мағыналардың қайсысын суреттесе де, мүйіз оюы, ұлттық ою-өрнектің негізі ретінде, үнемі қолданылып отырады.

«Су» өрнегі – өрнектерді бөліп тұратын ұзын жолақ. Ол ирек сызықтармен дөңгелек немесе төртбұрышты пішіндер жасайды. Ерте заманда су шекара белгісі ретінде қолданылған. Семей өңірінің шебері Бурақанның айтуынша, «Су» өрнегі – өрнек пен ою арасындағы шекараны көрсетеді.

«Қошқармүйіз». Бұл өрнектің формасы қойдың басы мен екі жаққа иірілген мүйізіне ұқсайды, кейде мүйіздің түбінде қойдың құлағына ұқсайтын қысқа мүйіз тәрізді екі бұрылысы көрінеді. Мұқият қарағанда, бұл өрнектен қошқардың тұмсық бейнесі аңғарылады.

«Ағаш конструкция элементтерін жасаудағы негізгі талаптар — материалдың жеңілдігі мен беріктігі»[4]. Қазақ қолөнерінде көптеген заттар ағаштан жасалады. Қазақтың дәстүрлі ұлттық баспанасы – киіз үйдің қаңқасы да ағаштан құралады. Қазақ үйлерінің қаңқасы кереге, уық, шаңырақ, маңдайша, тіреуіш, табалдырық, сықырлауық деп аталатын ағаш бөлшектерден құралады.

Кереге арнайы кесіліп, тезге салып иілген, ішкі жағы бірнеше сызыққа бөлініп, сырмен немесе кейде шеттері күміспен безендірілген ағаштарды тор көздеп біріктіру арқылы жасалады. Керегенің жоғарғы жағымен шаңырақты қосатын ұзын ағаштарды уық деп атайды.

«Уық» сөзі «үйдің қазығы» деген мағынаны білдіреді. Уықтың кереге жақ ұшын уықтың түбі деп атайды. Ол сәл иіліп, шаңыраққа жақын бөлігінде түзу болып жалғасады.

Шаңырақ — киіз үйдің төбе құрылымы. Бұл бөлікті керегенің қанат саны мен өлшеміне байланысты, қайыңнан иіп немесе бірнеше ағашты біріктіріп шеңбер тәрізді етіп жасап, оның үстіне уық қадайтын төртбұрышты саңылаулар қалдырады.

Маңдайша — киіз үйдің есігін құрайтын негізгі бөлшектердің бірі. Ол екі босаганын жоғарғы бөлігін біріктіріп тұратын ағаштан жасалады. Маңдайша есік жүйесінің төбесін құрайды және үйдің жалпы құрылымының тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Табалдырық — киіз үйдің есігін қоршайтын, екі таяныштың арасына көлденең орналастырылған ағаш. Табалдырық есікке кіргенде алғашқы кезеңде қадам басылатын бөлік болып табылады.

«Барлық сәулет ғимараттарының сапаға тән: функционалдық (қолайлылық, пайда), конструктивтік (беріктік, саналы үнемділік), эстетикалық (әдемілік, идеялық мазмұнды көрсететін көркемдік бейне) сияқты үш тобы болады» деп атап көрсетеді[5]. Қазіргі қоғамда экологиялық таза және ұлттық бірегейлікті сақтай отырып, сәулет жобаларын жүзеге асыруға үлкен назар аударылуда. Халықтық сәулет өнерінің, әсіресе киіз үйдің құрылымдық принциптері, заманауи сәулет жобаларында жаңаша түрде қолданылуда. Мысалы, әлемнің әр түкпірінде өткен ЭКСПО-2017 көрмесінде киіз үйдің құрылымдары мен құрылыс техникасы заманауи көрмелер мен павильондардың дизайнында кеңінен пайдаланылады. Бұл сәулет нысандарының эстетикалық әсемдігі мен функционалдығын арттыра отырып, дәстүрлі мәдениеттің заманауи көзқарасқа сай жаңаруын қамтамасыз етеді. Қазіргі архитекторлар дәстүрлі халықтық ою-өрнектерді ғимараттардың қасбеті мен ішкі интерьерлерінде қолдана отырып, ұлттық нақышты заманауи сәулетке енгізуде. Бұл үйлерде қазақтың дәстүрлі ою-өрнектерін, ұлттық символиканы пайдалану олардың халықтық ерекшеліктерін сақтауға мүмкіндік береді. Сәулет саласындағы ұлттық дәстүрлердің ықпалы этнотуризмнің дамуына да септігін тигізуде. Туристерге арналған этноауылдар мен мәдени кешендерде дәстүрлі тұрғын үйлерді жаңаша форматта ұсынып, оларды заманауи талаптарға сай жасау, халықтық мәдениетті тануға мүмкіндік береді.

Қорытынды

Қорыта айтқанда, заманауи сәулет өнері мен халықтық дәстүрлер арасындағы байланыс мәдениеттің үздіксіз дамуына ықпал етуде. Ұлттық нақыш пен халықтық сәулет үлгілері арқылы жаңа әрі болашаққа бағытталған жобалар жүзеге асып, мәдени мұрамызды сақтай отырып, оны заман талабына сай жаңғыртуға мүмкіндік береді. Халықтық тұрғын үйдегі көркемдік дәстүрлер – бұл мәдениеттің, табиғатпен үйлесімді өмір салтының және эстетикалық құндылықтардың айқын көрінісі. Қазақ халқының дәстүрлі сәулеті заманауи сәулет өнеріне шабыт беріп, ұлттық мәдениеттің жаңғыруына ықпал ете алады. Осындай зерттеулер экологиялық және мәдени тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жаңа тәсілдер ұсынуға мүмкіндік береді.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Кенжеахметұлы, С. “Қазақ халқының түрмысы мен мәдениеті.” Алматы, 2012.
  2. Қасиманов, С. “Қазақ халқының қолөнері.” Алматы: Қазақстан, 1969.
  3. Нұрпейісов, Ә. “Қазақ халқының ою-өрнегі. Алматы, 2002.
  4. Муканов, М.С. “Казахская юрта” Алматы: Өнер, 1973.
  5. Бирюкова, Н.В. “Сәулет тарихы” Алматы, 2014.

Оставить комментарий