Статья опубликована в рамках: XCVIII Международной научно-практической конференции «Культурология, филология, искусствоведение: актуальные проблемы современной науки» (Россия, г. Новосибирск, 08 сентября 2025 г.)
Наука: Искусствоведение
Секция: Изобразительное и декоративно- прикладное искусство и архитектура
Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции
дипломов
ҚАЗАҚТЫҢ КӨШПЕЛІ ӨМІРДЕ ҚОЛДАНҒАН АҒАШ БҰЙЫМДАР МЕН КӨНЕ БҰЙЫМДАРЫНЫҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ МЕН СӘНДЕУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ
АҢДАТПА
Мақала - ұсталық өнердің шығармашылықтағы белсенділігінің ерекше көрністерін талдауға арналған. Ұсталық өнердің ішіндегі ершілік өнер – өнертанымдық жағынан алғанда Қазақтың көркемөнер дамуы тарихының ең аз зерттелген тұсы. Оны түсінудің ерекшелігі мен қиындығы осы тарихи мәдени қабаттардың негізгі бастаулары болып, ұлттық мәдени мұраның ежелгі қазынасын құрайды. Бұдан біз халық шығармашылығының қандай түрі болса да, халық өмірімен, күн көрісімен, наным - сенімдеріне байланысты екенін көреміз. Алғаш рет атты қолға үйрету, үзеңгі, ер – тұрманды ойлап табу қазақ даласында жасалғанын ескерсек, ұсталық өнердің тарихы тым тереңде екенін ескеруге болады. Өнердің ерекше көркем түрі – ер тұрман, ерші, ұсталар шеберлігі.
Түйін сөздер: Ұста, ұлттық, технология, тарихи, көн, ерші, қолөнер, сүйектеу, зергер.
Қазақ халқы ертеден-ақ қолөнерді аса жоғары бағалап, қадір тұтқаны, ұсталармен шеберлерге құрметпен қарағаны белгілі. Халқымыздың күн көріс тіршілігінен бастап, көшіпенділік үрдісімен төрт түлік малды ұстау, елін-жерін қорғауға дейінгі мәселесі ұсталармен өте тығыз байланыста болып, қолөнердің қандай түрі болмасын сол халықтың игілігінің қажеттілігін қамтамасыз етуден туындады. Қолөнер түрлерінің әрқайсысының талай ғасырлық тарихы бар. Соның ішінде киіз үй, алғаш жылқыны қолға үйрету, үзеңгі, ер – тұрман, доңғалақты ойлап табу, қазақ даласында жасалғанын ескерсек, қол өнердің сақ заманында үлкен жетістіктерге жеткенін көне грек жиһангері Гередотта (б.з.б. V ғасырдың соңы), көшпелілердің ағаштан жасалып, сүйекпен, күміспен, алтынмен сәнделген киіз үйлерде тұратын көшпелі тайпалардың басын біртұтас етіп құрған, өз өркениетін биікке көтерген сақтардың мықты мемлекеті дәуірлеп тұрғанын мойындай жазды. Қазақтың ою – өрнегінің ғарышымен, әлемінің шын мәнінде ұшы қиыры жоқ. Сонау жазу – сызу болмаған ерте заманда адам өз ойын тасқа, сүйекке, ағашқа ойып, қашап түсіріп отырған. Қазіргі қолөнер саласындағы «сүйек ою өнері», «ағаш ою өнері» деген сөздер – сол ерте заманда қалыптасқан ұғымдар. Демек бұдан қазақ халқының ою – өрнек өнері де ерте кезде басталғанына көзімізді жеткіземіз. Бір кезде тасқа, ағашқа, сүйекке түсірілген ою – таңбалар келе – келе киізге, алаша, кілем, тағы басқа заттарға салынатын болған. Ол таңбалар арқылы халық белгілі ұғым – түсініктерді аңғарып, біліп отырған. Бұдан ою – өрнектердің өмір қажеттігінен туғанын байқауға болады. [1]. Қазақтың көшпелі өмірі атқа арналған жабдықтарды жасалу шеберлігінің артуына ықпал етіп, ерекше мәні бар өнерге айналды. Қазақ халқының күнделікті өмірінде ұсталық өнердің даму барысында жеке – жеке жұмыс жасау немесе қауымдасып жұмыс істеу арқылы тәжірибелік ортада түрлі бұйымдарға талдау жасап, сараптау арқылы жақсы жетістіктерге жетті. Ағашты қолдану арқылы жасалатын қару түрлеріне: садақ қорамсағымен, шоқпар, бос мойын шоқпар, арбалет, найза, айбалта, семсер сабына қолданылды. Көшпелі өмір салтын ұстанған халқымыз түрлі бұйымдармен бірге ат әбзелдерін жасауда үлкен жетістіктерге жетті. Ерді әзірлеу тәсілі екі түрде жасалады: 1) Сүйегі бүтін ағаштан тұтас шабылатын ерді «сом ер», «тұтас ер» деп атайды, бүтін ағаштан шабылып жасалады. 2) Бірнеше бөліктен құралып жасалатын ерді «құранды ер» деп атайды. Бұл ерді ағаштары аз өсетін аймақтарда жасайды. Құранды ер - беріктігі жағынан өте мықты болады. Ат аунағанда, күш түскен кезде сынбайды. Ат әбзелдерін қолдану тәсілдері өзіндік қалыптасқан тәртіппен орналасады. Олар: Терлік, тоқым, желдік, тебінгі, жалпош, үзенгі бау, үзенгі, таралғы, тартпа, айыл (төс айыл, шап айыл), өмілдірік, құйысқан, жүген, ауыздық, қамшы, ноқта, шылбыр, тізгін, арғамшы, арқан, шаужай, аткөрпе, көпшік, атжабу, аттарақ, сабаутіс, таға, шідер, өре, тұсау, тысамыс, кісен, қанжыға, қылқанжыға, көзқағар т.б.тұрмандар жиынтығынан тұрады. Ерші - ер – тұрман жасайтын шебер, ұста. Ершілер ерді үш топқа бөлген. Олар: а) Ашамай – бес жасқа дейінгі балалар мінетін ердің өте жеңіл, ықшам әрі қарапайым түрі. ә) еркектерге арналған ер. Ондай ер жеңіл, ықшам,берік болады, өте көп әшекейленбейді. б) Әйелдерге арналған ерлер сүйегі, қаңқасы ауыр, әрі алтын, күміс, асыл тастармен, сүйекпен, мүйізбен өте шеберлікпен әшекейленеді. Былғары, барқыт, жарғақ, мауыты,шұғамен қапталады [2].

Құранды ер. (Ағаш, тері, метал) Оңтүстік Қазақстан Ә. Қастеев музейі
Қолөнерші жасайтын бұйымдарды басынан аяғына дейін жасап, оны көркемдеп, әшекейлеудің түрлерін өздері жасаған: сүйектеу, күмістеу, асыл тастарды орнату, алтындау, түрлі өрімдер жасау, терімен көмкеру. Осы жиынтықтары өзіндік орналасу маңыздылығы ерекше. Қолөнер бұйымдарының жасалу технологиялары тарихи кезеңдермен салыстырғанда, қазіргі уақыттағы жасалу тәсілдері айтарлықтай өзгере қойған жоқ. Ерді алдын – ала жасалып дайындалған арқалық қалыпқа отырғызып, келтіру арқылы жасау түрі осы уақытқа дейін сақталған. Бұйымдардың сүйегін дайындағаннан кейін, төзімді болу үшін тұзға салып кептірілген ірі қара малдың сіңірін талдап ажыратып, желімге араластырып ердің барлық жеріне жағады, желім кепкеннен кейін зімпарамен тегістеп, түйенің мойын терісімен немесе қайыңның қабығымен қапталып арнайы шегелермен қағылады. Ерді жасайтын ағаш түрлері: киіз терек, тал, қайыңның безі және тораңғы. Арнайы кесіліп дайындалған ағашты кептіру ерте кездегі технологияны пайдалану арқылы орындалады. Ағаштың екі басына батпбақ жағып күн түспейтін жерге қояды. Ағаш бойындағы ылғалы кетіп қолдануға болатын кезде пайдаланады. Көшпелілердің жалпы қолөнер тарихы - уақыт елегінен өтіп, жеңіл, берік, ыңғайлы болуын қатты қадағалады. Көшпелі және жауынгерлік өмірді ұстанған халқымыз ат үстінде түрлі қаруларды ойнатып, қолдану әдісін жетік меңгергеніне, ат үстінде найзамен шаншу, екі қолдағы екі қылышты ойнату, шегініп бара жатып, жауға садақпен жебені артқа бұрылып жаудыру, жаралыларды жау қолына қалдырмай, ат үстінен іліп әкету, шалма лақтыру арқылы тірідей ұстау сияқты соғыс өнерінің өте қиын әрі күрделі әдіс - тәсілдері дәлел. Осы арқылы көшпелілер Европада “Кентавр” деген ұғым қалыптастырған, аттары аңызға айналған. Түрлі дерек көздері, архиолгиялық материалдар сақ тайпаларындағы әскери істің деңгейі, жауынгерлік өнері биік дәрежеде болғанын дәлелдейді [3].

Піспек. (Ағаш, сүйек, ою). ГМЭ
Ағаш бұйымдарға арналған құралдардың бірнеше түрлері мен үлгілерін жасаған. Көшпелі халқымыз сан ғасырлық даму барысында, қолөнер бұйымдарының үлгілері көбейтіліп, жетілдіріліп отырды. Әрине өнер туындысы болғандықтан ою-өрнектің көркемдік функциясында ескеріп отырды. Жасалған бұйымдарды сүйектеу, алтындау, күмістеу, асылтастармен әшекейлеу технологияларын меңгеріп, аңдар мен жануарлар бейнелерін керемет шеберлікпен сәйкестендіріп, қиыстыра білуі - олардың компазициялық дарындылығының айғағы. Халқымыз ат – әбзелдерінің сәнділігіне, киген киіміне, тұтынған бұйымдарымен, қаруларына дейін бір – біріне сай болуына аса көңіл бөлген. Қажет заттарын, ұсалармен, шеберлерге тапсырыс беру арқылы жасатып отырған. Үй жиһаздарының жасалу технологиясындағы ерекшелігі – құралмалы – жиналмалы болуында. Төрт түлік малдың жайымен көшпенділік салтын ұстанған халқымыз өздеріне қажетті заттарды ықшамдап жасады. Ұсталар ағаштан жасалған бұйымдарды ұқсас тәсілдерді қолдану арқылы іске асырды. Оюға жұмсақ әрі алып жүруге жеңіл ағаштар: тал, қайың, тораңғы, терек, үйеңкіден төсек ағаш, кебеже, асадал, сандық, астау, шара, кесе, ожау, қасық, адалбақан, келі, күбі, тағы басқада түрлері жасалды. Қазақ қолөнершілерінің ағаш оятын құралдардың бірнеше түрлері мен үлгілерін жасап оны жетілдіріп отырған. Оларға: шот, қуысқұлақ шот, қашау, ұңғы, қолара, аталғы, бұрғы, қиянқы, балта, пышақ түрлері жатады. Осы құралдармен өздеріне қажетті бұйымдарды жасаған. Олардың түрлі заттарға пайдаланған материалдары мал шаруашылығынан алынған өнімдер және өздерінің мекен еткен аймақтарындағы қазбалы табиғи шикізаттар: қара түсті металдар (алтын, күміс, мыс, жез, қола, қорғасын, мырыш), асыл тастар, ағаш, сүйек, мүйіз, тері, тарамыс. Осы материалдардың қасиеттеріне қарай әр түрлі өңдеу тәсілдері арқылы қару - жарақтың функционалдық, конструктивтік бөліктері мен элементтерін жасауға пайдаланылды [4].

Кесеқап.(Ағаш, өрім, ою). МАЭ
Қазақ даласында әр аймақтың ұстасы, шеберілері ағашпен металлдан өздерінің күнделікті қажеттерімен, тұтынатын бұйымдарды өндірген. Ағаш түрлерінен кереге, уық, сықырлауық есіктер, кебеже сандықтар, ыдыс –аяқ түрлері, өрнектелген піспектер, ердің түрлерін жасау әдіс – тәсілдердің жетілдіріп, ұзақ уақытқа төзімді, сәнді болуына көңіл бөлген. Күмістің түрлі бактерияларға қарсы тұратын қасиеті барын ерте пайымдаған халқымыз ыдыс – аяқтарға, үй жиһаздарына, ат әбзелдерімен бірге сәндік бұйымдарға дейін осы метал түрін өте көп қолданғанын көреміз. Ағаштан жасалған бұйымдардың сүйекпен не металмен көкемделмегені кемде – кем. Қолөнердің жалғасын табуы қажеттіліктен туындасада, өнер жасаушы ұста - шеберлерді құрметтеп, оларды қасиет дарыған, ерекше жан ретінде санаған. Қазақтың ағаш ою өнерінің шығуы, әдіс – тәсілдерінің қалыптасып дамуы сонау сақ заманынан басталып сансыз ғасырлар өткенімен, айтарлықтай өзгеріске ұшырай қоймаған. Тек бағзы замандарда жан – жануарлар көптеп ойылып бейнеленген болса, уақыт өте келе олар ұмыт қалып, аңдардың орнын ою – өрнектер басып, соңғыларының құрылымы мен бейнеленуі тек шыңдала түскенін көреміз. Көпшілік жағдайда қазақ ұсталары жеке – жеке кәсіп еткен.Олар ағаш, темір, күміс, сүйек өңдеу істерін меңгерген. Ағаштан жасалған үй іші жиһаздарының құрамына: төсек ағаш, жастық ағаш, жүкаяқ, кебеже, сандық, әбдіре, жағлан, тостаған, ожау, қасық, күбі, ағаш шелек, келі, келсап және басқада көптеген заттарды жасаған. Қазақта бұл бұйымдардың әр қайсысын жасайтын дербес маманданған шеберлер болмаған. Олай болса, әр шебер өзінің мүмкіндігіне қарай бұйымдардың әрқайсысын жасаған. Аса шебер ұсталар, бұл бұйымдардың бетіне ою ойып, түрлі – түсті бояулармен өрнек салып, әсемдеумен бірге сүйекпен, әр – түрлі металдармен, түрлі – түсті тастармен көркемдей білген. [5]. Қазіргі заманғы қолөнершілер бұрынғы жасалған үлгілерді қалпына келтіру жолында біздерге ұмыт болған технологияны меңгеріп, ұдайы жетілдіріп келеді. Бізге жеткен қолданбалы өнердің тәсілдерін қазіргі ХХ1 ғасырдағы өмірімізге лайықтап қайта жаңғыртып, еліміздің игілігіне айналдыруда, халық арасынан шыққан ұсталардың еңбегі орасан. Ұсталық өнер адамның табанды, ыждақатты, төзімді болуды қажет ететін қасиетті өнер болғандықтан, атадан балаға мирас болып, генетикалық жалғастығын табатындығы сөзсіз. Ағаштан түйін түйген қолөнершілердің шеберлігі - тарихи - этнографиялық маңызы бар сала. Қазақтар үшін мал терісінің орыны ерекше болған және тұрмыс-тіршілікте оның құндылығы жүннен кем түспеген. Тері – шиа өру кі, иленбеген, иленген деп үшке бөлген. шикі теріні ағаш ерді құрсаулуға, таспа тіліп қамшы өруге, керегенің көзін тігуге жұмсаған. Иленбеген теріні көн деп атап, одан торсық, кесеқап, көнек, қауға- шелек секілді заттарды жасаған.Ал енді иленген, түгі алынбаған теріден сеңсең тон, түрлі бөрік, тымақ, шалбар менішіктер тігіп, иленген тақыр теріні аяққап, төсеніш,қаршын, жағлан, мәсі, етіктің қонышына, т.б. заттарға жаратқан.[6]. Қазақ қолөнерінде таспа өру өнері тұрмыстық қажеттілікпен байланысты өте жақсы дамыған. Зерттеушілер таспа өрудің оннан асқан түрін анықтаған. Қолөнер шеберлері таспадан белбеу, ноқта, жүген, божы, өмілдірік, құйысқан, шылбыр, шідер, бұғалық, таралғы, арқан, торсық, сабаға дейін өрген. Шикі теріні илеу біраз уақытты қажет етеді. Терінің ішкі жағына ашыған айран ды жағып жылы жерде ұстайды. Біраз уақыт өткен соң, қағылған қадаға керіп тартып қойып кептіреді. Одан соң теріні керегінше кесіп алып, сіңір жіппен жөрмеп жобалаған ыдысты тігеді. Содан кейін торсықты отқа ыстап қажетті пішінді береді. Теріні ысқа ұзақ ыстаған сайын суға төзімділігі артып иістен арылады. Төзімділігі жоғары теріден ат әбзелдері, қорамса, семсер, пышақ, қылыш қыны, т.б.көптеген заттарға қолданған. Сол сияқты тері бас киімнен бастап, шапан түрлері, етіктер, шалбар түрлері теріден иленіп тігілген.
Тарих елегінен өткен асыл мұрамызды музейлеріміздің архивтерінде сақтап ғана қоймай, әрбірін жеке - жеке талдап, зерттеп, қағаз бетіне түсіріп, келер ұрпаққа үлгі, мұра ретінде халқымыздың төл өнерін дәріптеп жүрген некен-саяқ ұсталарымызды мемлекттік деңгейде насихаттасақ, ұста – шеберлерімізді қолдап, жасалу жолдарын, техналогиясын үйренсек, тәуелсіз еліміздің тарихының кеңінен танылуына зор үлес болып қосылып, өскелең ұрпақтарымыз, тарихымыздың және өнерлі бабаларымыздың рухын сезіп өсері сөзсіз.
Әдебиеттер:
- Ағаш өңдеу технологиясы. Н.Адамқұлов. «Фолиант» баспасы. Астана -2010ж. 94 б.
- Қазақтың қол өнері. Дәркембай Шоқпарұлы Алматы «Өнер» баспасы. 2005 ж. 113б.
- Қазақ өнерінің тарихы. -3томдық. (Ежелгі өнер,1 том) – Алматы, «Өнер», 2007.35б.
- Берістен.Ж. Алтын адам киімі. Жұлдыз. 2007№4. 200-208б.
- Х.Арғынбаев. Қазақ халқының қолөнері. Алматы «Өнер» 1987 ж. 34 б.
- Ералы Оспанұлы. Қазақ халқының қолөнері. «Қошетер» Шымкент – 2021ж. 273 бет.
дипломов


Оставить комментарий