Телефон: 8-800-350-22-65
Напишите нам:
WhatsApp:
Telegram:
MAX:
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9:00 до 21:00 Нск (с 5:00 до 19:00 Мск)

Статья опубликована в рамках: Научного журнала «Студенческий» № 21(359)

Рубрика журнала: Медицина

Скачать книгу(-и): скачать журнал

Библиографическое описание:
Садыкова А.Б. ДИАБЕТТІК РЕТИНОПАТИЯНЫ ЕРТЕ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ КӨРУ ҚАБІЛЕТІН САҚТАУДАҒЫ СКРИНИНГТІҢ РӨЛІ // Студенческий: электрон. научн. журн. 2026. № 21(359). URL: https://sibac.info/journal/student/359/423243 (дата обращения: 03.07.2026).

ДИАБЕТТІК РЕТИНОПАТИЯНЫ ЕРТЕ АНЫҚТАУ ЖӘНЕ КӨРУ ҚАБІЛЕТІН САҚТАУДАҒЫ СКРИНИНГТІҢ РӨЛІ

Садыкова Алтынай Болатовна

офтальмолог-резидент дәрігер, Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институты,

Қазақстан, Алматы қ.

THE ROLE OF SCREENING IN THE EARLY DETECTION OF DIABETIC RETINOPATHY AND VISION PRESERVATION

 

Sadykova Altynay Bolatovna

Ophthalmologist Resident, Kazakh Research Institute of Eye Diseases,

Kazakhstan, Almaty

 

АҢДАТПА

Мақсаты. Диабеттік ретинопатияны ерте анықтау, скрининг жүргізу, қауіп факторларын бақылау және көру қабілетін сақтауға бағытталған заманауи офтальмологиялық тәсілдерді талдау.

Әдісі. 2017–2026 жылдар аралығында жарияланған ғылыми әдебиеттерге нарративті шолу жүргізілді. PubMed, Scopus, Web of Science және Google Scholar дерекқорларында «diabetic retinopathy», «diabetes mellitus», «screening», «fundus photography», «optical coherence tomography», «diabetic macular edema», «anti-VEGF therapy», «laser photocoagulation» және «artificial intelligence» түйін сөздері қолданылды. Клиникалық нұсқаулықтар, консенсус құжаттары, жүйелі және нарративті шолулар, сондай-ақ негізгі клиникалық зерттеулер талданды.

Нәтижесі. Диабеттік ретинопатияның дамуы қант диабетінің ұзақтығымен, гликемиялық бақылаудың жеткіліксіздігімен, артериялық гипертензиямен, дислипидемиямен, диабеттік нефропатиямен және жүктілікпен байланысты. Кеңейтілген қарашық арқылы көз түбін қарау, фундус-фотография, оптикалық когерентті томография және заманауи цифрлық технологиялар торқабықтағы өзгерістерді көру нашарлағанға дейін анықтауға мүмкіндік береді.

Қорытынды. Диабеттік ретинопатия кезінде жүйелі скрининг, қауіп факторларын бақылау және офтальмологтың тұрақты бақылауы көру қабілетін сақтаудың негізгі шарттары болып табылады. Ерте диагностика, эндокринолог пен офтальмологтың пәнаралық жұмысы және пациенттің емге бейілділігі ауыр офтальмологиялық асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.

ABSTRACT

Objective: To analyze current ophthalmological approaches aimed at early detection of diabetic retinopathy, screening, risk factor management, and visual function preservation.

Method: A narrative review of scientific literature published between 2017 and 2026 was conducted. The search included PubMed, Scopus, Web of Science, and Google Scholar using the keywords "diabetic retinopathy," "diabetes mellitus," "screening," "fundus photography," "optical coherence tomography," "diabetic macular edema," "anti-VEGF therapy," "laser photocoagulation," and "artificial intelligence." Clinical guidelines, consensus documents, systematic and narrative reviews, and key clinical trials were analyzed.

Results The development of diabetic retinopathy is associated with the duration of diabetes mellitus, poor glycemic control, hypertension, dyslipidemia, diabetic nephropathy, and pregnancy. Fundus examination with pupil dilation, fundus photography, optical coherence tomography, and modern digital technologies allow for the detection of retinal changes before vision loss develops.

Conclusion. In diabetic retinopathy, systematic screening, risk factor management, and regular ophthalmological follow-up are key to maintaining visual function. Early diagnosis, interdisciplinary collaboration between an endocrinologist and ophthalmologist, and patient adherence to treatment can prevent the development of severe ophthalmic complications.

 

Кілт сөздер: диабеттік ретинопатия, қант диабеті, скрининг, диабеттік макулярлық ісіну, оптикалық когерентті томография, anti-VEGF терапия.

Keywords: diabetic retinopathy, diabetes mellitus, screening, diabetic macular edema, optical coherence tomography, anti-VEGF therapy.

 

Introduction

Диабеттік ретинопатия — қант диабетінің ең жиі кездесетін микротамырлық асқынуларының бірі және еңбекке қабілетті жастағы адамдарда көру қабілетінің төмендеуіне әкелетін маңызды себептердің қатарына жатады. Ауру торқабықтың микроциркуляторлық арнасының ұзақ уақыттық метаболикалық және тамырлық зақымдануы нәтижесінде дамиды. Созылмалы гипергликемия эндотелий дисфункциясына, перициттердің жоғалуына, капилляр қабырғасының зақымдануына, тамыр өткізгіштігінің артуына, торқабық ишемиясына және патологиялық неоваскуляризацияға алып келеді [1, 503-б.; 7, 124-б.; 8, e93751-б.].

Диабеттік ретинопатияның клиникалық маңызы оның ұзақ уақыт симптомсыз өтуімен түсіндіріледі. Аурудың бастапқы кезеңдерінде пациент көрудің төмендеуіне шағымданбауы мүмкін, алайда торқабықта микротамырлық өзгерістер қалыптаса бастайды. Көрудің бұлыңғырлануы, қара дақтардың пайда болуы, бейненің бұрмалануы немесе кенет көрудің төмендеуі көбіне диабеттік макулярлық ісіну, шыны тәрізді денеге қан құйылу немесе пролиферативті ретинопатия дамыған кезде байқалады [2, S261-б.; 3, 1-б.]. Сондықтан диабеттік ретинопатияны симптомдар пайда болғанға дейін анықтау үшін жоспарлы офтальмологиялық скринингтің маңызы жоғары [4, 1608-б.].

Қазіргі таңда диабеттік ретинопатияны тек көз ауруы ретінде емес, жүйелі тамырлық зақымданудың көрінісі ретінде қарастыру қажет. Сондықтан бұл патологияны тиімді басқару офтальмолог, эндокринолог, алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігері және пациент арасындағы тұрақты өзара әрекеттестікті талап етеді [1, 503-б.; 3, 1-б.].

Зерттеу мақсаты

Диабеттік ретинопатияның қауіп факторлары, патогенезі, скрининг әдістері, диагностикасы және көру қабілетін сақтауға бағытталған заманауи емдеу тәсілдері туралы қазіргі ғылыми деректерді жинақтау.

Материалдар мен әдістер

2017–2026 жылдар аралығында жарияланған ғылыми әдебиеттерге нарративті шолу жүргізілді. Іздеу PubMed, Scopus, Web of Science және Google Scholar дерекқорларында жүргізілді. Іздеу барысында «diabetic retinopathy», «diabetes mellitus», «diabetic macular edema», «screening», «fundus photography», «optical coherence tomography», «anti-VEGF therapy», «laser photocoagulation», «vitrectomy» және «artificial intelligence» түйін сөздері қолданылды. Талдауға диабеттік ретинопатияның скринингі, диагностикасы, емі және алдын алу мәселелерін қарастырған клиникалық нұсқаулықтар, консенсус құжаттары, жүйелі шолулар, нарративті шолулар және негізгі клиникалық зерттеулер енгізілді [1, 503-б.; 2, S261-б.; 3, 1-б.; 4, 1608-б.].

Қауіп факторлары және патогенезі

Диабеттік ретинопатияның дамуы ең алдымен қант диабетінің ұзақтығына және гликемиялық бақылаудың сапасына байланысты. Қант диабеті ұзаққа созылған сайын және гликемия деңгейі нашар бақыланған сайын торқабықтың микротамырлық зақымдану қаупі артады. Интенсивті гликемиялық бақылау микротамырлық асқынулардың даму және үдеу ықтималдығын төмендететіні дәлелденген [10, 520-б.; 11, 977-б.]. Сонымен қатар артериялық гипертензия, дислипидемия, диабеттік нефропатия, жүктілік, семіздік және темекі шегу аурудың үдеуіне ықпал ететін маңызды факторлар болып табылады [1, 504-б.; 2, S261-б.; 12, 703-б.].

Диабеттік ретинопатияның патогенезі көпфакторлы. Созылмалы гипергликемия тотығу стрессін, қабынуды, соңғы гликация өнімдерінің түзілуін, эндотелий дисфункциясын және гематоретиналдық тосқауылдың бұзылуын күшейтеді. Бұл өзгерістер капиллярлардың өткізгіштігін арттырып, торқабық ишемиясына және тамырлық өткізгіштіктің жоғарылауына әкеледі [8, e93751-б.; 9, 156-б.]. Ишемияға жауап ретінде тамырлық эндотелий өсу факторының белсенділігі жоғарылап, неоваскуляризация мен диабеттік макулярлық ісінудің дамуына жағдай жасайды [7, 124-б.; 8, e93751-б.].

Диабеттік макулярлық ісіну диабеттік ретинопатия кезіндегі көрудің төмендеуінің басты себептерінің бірі болып табылады. Ол гематоретиналдық тосқауылдың бұзылуы және макула аймағында сұйықтықтың жиналуы нәтижесінде дамиды. Осы жағдайды ерте анықтауда оптикалық когерентті томография ерекше маңызды [1, 506-б.; 3, 3-б.].

Жіктелуі және клиникалық көріністері

Диабеттік ретинопатия пролиферативті емес және пролиферативті түрлерге бөлінеді. Пролиферативті емес ретинопатия жеңіл, орташа және ауыр дәрежеде болуы мүмкін және микроаневризмалармен, торқабық қан құйылуларымен, қатты экссудаттармен, мақта тәрізді ошақтармен және веноздық өзгерістермен сипатталады. Пролиферативті диабеттік ретинопатия кезінде патологиялық неоваскуляризация дамып, шыны тәрізді денеге қан құйылу және тракциялық торқабық ажырауы қаупі артады [3, 2-б.; 4, 1608-б.].

Аурудың ерте кезеңдері көбіне симптомсыз өтеді. Кейін көрудің бұлыңғырлануы, көрудің құбылуы, қара дақтардың пайда болуы, бейненің бұрмалануы немесе кенет көрудің төмендеуі байқалуы мүмкін. Симптомдардың пайда болуы көбіне макула зақымдануын немесе аурудың асқынған сатысын білдіреді, сондықтан скринингті шағымдар пайда болғанға дейін жүргізу қажет [2, S262-б.; 4, 1608-б.].

Скрининг және диагностика

Диабеттік ретинопатияның алдын алуда скрининг негізгі орын алады. Қант диабеті бар пациенттер диабеттің түріне, ауру ұзақтығына, жүктілік жағдайына және бұрын анықталған ретинальды өзгерістерге байланысты тұрақты офтальмологиялық тексеруден өтуі тиіс [2, S261-б.; 4, 1608-б.]. Скрининг кеңейтілген қарашық арқылы көз түбін қарауды, фундус-фотографияны және торқабықты бейнелеудің заманауи әдістерін қамтуы мүмкін [3, 3-б.].

Оптикалық когерентті томография диабеттік макулярлық ісінуді анықтау және бақылау үшін маңызды әдіс болып табылады. Бұл әдіс торқабық қалыңдығын, интраретинальды және субретинальды сұйықтықты, макуланың құрылымдық өзгерістерін бағалауға мүмкіндік береді [1, 506-б.; 3, 4-б.]. Флуоресцеинді ангиография торқабық ишемиясын, тамырлық ағып кетуді және неоваскуляризацияны анықтау үшін қолданылуы мүмкін. Кең өрісті бейнелеу перифериялық зақымдануларды анықтауға және аурудың үдеу қаупін бағалауға көмектеседі [3, 4-б.; 17, 2353-б.].

Соңғы жылдары жасанды интеллект диабеттік ретинопатия скринингінде перспективалы бағыт ретінде қарастырылуда. Терең оқыту жүйелері фундус-суреттерді талдап, жолдауды қажет ететін диабеттік ретинопатияны анықтай алады [18, 2402-б.; 19, 2211-б.]. Алайда мұндай жүйелерді клиникалық тәжірибеге енгізу сапаны бақылауды, алгоритмдерді валидациялауды және офтальмологқа нақты жолдау маршрутын қажет етеді [18, 2402-б.; 19, 2211-б.].

Емдеу қағидалары

Диабеттік ретинопатияны басқару жүйелі қауіп факторларын бақылау мен офтальмологиялық емді біріктіруі тиіс. Гликемияны, артериялық қысымды және липидтік профильді бақылау аурудың үдеуін төмендетудің негізгі шарты болып табылады [2, S263-б.; 11, 977-б.; 12, 703-б.]. Пациентті оқыту және тұрақты бақылауға бейілділікті арттыру ем нәтижесіне тікелей әсер етеді [1, 504-б.; 3, 5-б.].

Anti-VEGF терапиясы орталық аймақты қамтитын диабеттік макулярлық ісіну кезінде және кейбір пролиферативті диабеттік ретинопатия жағдайларында негізгі емдеу әдістерінің бірі болып табылады. Интравитреальды инъекциялар тамырлық өткізгіштікті азайтып, макуланың анатомиялық жағдайын жақсартып, көру өткірлігін арттыруы мүмкін [15, 1193-б.; 16, 278-б.]. Дегенмен бұл ем қайталанатын инъекцияларды және тұрақты бақылауды талап етеді [1, 507-б.].

Лазерлік фотокоагуляция, әсіресе пролиферативті диабеттік ретинопатия кезінде, маңызды емдеу әдісі болып қала береді. Панретинальды фотокоагуляция неоваскуляризацияның кері дамуына ықпал етіп, ауыр көру жоғалту қаупін төмендетеді [13, 1796-б.; 14, 2137-б.]. Асқынған жағдайларда, мысалы, ұзақ сақталатын шыны тәрізді денеге қан құйылу, макулаға қауіп төндіретін тракциялық торқабық ажырауы немесе айқын фиброваскулярлық пролиферация кезінде витрэктомия көрсетілуі мүмкін [3, 6-б.].

Алдын алу және пәнаралық бақылау

Диабеттік ретинопатиядан болатын көру жоғалтудың алдын алу үшін офтальмолог, эндокринолог және алғашқы медициналық-санитариялық көмек дәрігерінің үйлесімді жұмысы қажет. Пациент көру шағымдарының болмауы диабеттік ретинопатия жоқ дегенді білдірмейтінін түсінуі тиіс [2, S261-б.; 4, 1608-б.].

Тұрақты скрининг, қант диабетін тиімді бақылау, артериялық қысымды төмендету, липидтік алмасуды түзету және темекі шегуден бас тарту негізгі профилактикалық шараларға жатады [1, 504-б.; 2, S263-б.; 12, 703-б.]. Жүктілік кезінде диабеттік ретинопатияның үдеу қаупі жоғарылауы мүмкін, сондықтан қант диабеті бар жүкті әйелдерге ерекше офтальмологиялық бақылау қажет [2, S262-б.].

Телемедицина және жасанды интеллектке негізделген скрининг шалғай аймақтарда немесе офтальмологқа қолжетімділік шектеулі жағдайда диабеттік ретинопатияны ерте анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен көру үшін қауіпті ретинопатия анықталған жағдайда пациент міндетті түрде офтальмологқа жолдануы тиіс [18, 2402-б.; 19, 2211-б.].

Қорытынды

Диабеттік ретинопатия — қант диабетінің жиі кездесетін және көру қабілетіне қауіп төндіретін асқынуы. Аурудың бастапқы кезеңдері симптомсыз өтуі мүмкін, сондықтан тұрақты скрининг қайтымсыз көру жоғалтудың алдын алуда шешуші рөл атқарады [1, 503-б.; 2, S261-б.; 4, 1608-б.]. Заманауи диагностика көз түбін қарауға, фундус-фотографияға, оптикалық когерентті томографияға және қажет болған жағдайда ангиографиялық әдістерге негізделеді [3, 3-б.; 17, 2353-б.].

Тиімді басқару жүйелі қауіп факторларын бақылауды, уақытылы офтальмологиялық емді және ұзақ мерзімді бақылауды талап етеді. Anti-VEGF терапиясы, лазерлік фотокоагуляция және витрэктомия ауру сатысына және асқынулардың болуына байланысты негізгі емдеу әдістері болып табылады [1, 507-б.; 13, 1796-б.; 15, 1193-б.]. Пәнаралық өзара әрекеттестік, пациентті оқыту және заманауи скрининг технологияларын қолдану диабеттік ретинопатияның ауыртпалығын төмендетіп, қант диабеті бар пациенттердің көру қабілетін сақтауға мүмкіндік береді [18, 2402-б.; 19, 2211-б.].

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Chong D.D., Das N., Singh R.P. Diabetic retinopathy: Screening, prevention, and treatment. // Cleveland Clinic Journal of Medicine. – 2024. – Vol. 91, № 8. – P. 503–510.
  2. American Diabetes Association Professional Practice Committee. Retinopathy, Neuropathy, and Foot Care: Standards of Care in Diabetes—2026. // Diabetes Care. – 2026. – Vol. 49, Suppl. 1. – P. S261–S276.
  3. Lim J.I., Chiang M.F., Regillo C.D., et al. Diabetic Retinopathy Preferred Practice Pattern®. // Ophthalmology. – 2025.
  4. Wong T.Y., Sun J., Kawasaki R., Ruamviboonsuk P., Gupta N., Lansingh V.C., Maia M., Mathenge W., Moreker S., Muqit M.M.K., Resnikoff S., Verdaguer J., Zhao P., Ferris F., Aiello L.P., Taylor H.R. Guidelines on Diabetic Eye Care: The International Council of Ophthalmology Recommendations for Screening, Follow-up, Referral, and Treatment Based on Resource Settings. // Ophthalmology. – 2018. – Vol. 125, № 10. – P. 1608–1622.
  5. Yau J.W.Y., Rogers S.L., Kawasaki R., Lamoureux E.L., Kowalski J.W., Bek T., Chen S.J., Dekker J.M., Fletcher A., Grauslund J., Haffner S., Hamman R.F., Ikram M.K., Kayama T., Klein B.E.K., Klein R., Krishnaiah S., Mayurasakorn K., O’Hare J.P., Orchard T.J., Porta M., Rema M., Roy M.S., Sharma T., Shaw J., Taylor H., Tielsch J.M., Varma R., Wang J.J., Wang N., West S., Xu L., Yasuda M., Zhang X., Mitchell P., Wong T.Y. Global prevalence and major risk factors of diabetic retinopathy. // Diabetes Care. – 2012. – Vol. 35, № 3. – P. 556–564.
  6. Lee R., Wong T.Y., Sabanayagam C. Epidemiology of diabetic retinopathy, diabetic macular edema and related vision loss. // Eye and Vision. – 2015. – Vol. 2. – Article 17.
  7. Cheung N., Mitchell P., Wong T.Y. Diabetic retinopathy. // The Lancet. – 2010. – Vol. 376, № 9735. – P. 124–136.
  8. Duh E.J., Sun J.K., Stitt A.W. Diabetic retinopathy: Current understanding, mechanisms, and treatment strategies. // JCI Insight. – 2017. – Vol. 2, № 14. – Article e93751.
  9. Stitt A.W., Curtis T.M., Chen M., Medina R.J., McKay G.J., Jenkins A., Gardiner T.A., Lyons T.J., Hammes H.P., Simó R., Lois N. The progress in understanding and treatment of diabetic retinopathy. // Progress in Retinal and Eye Research. – 2016. – Vol. 51. – P. 156–186.
  10. Klein R., Klein B.E.K., Moss S.E., Davis M.D., DeMets D.L. The Wisconsin Epidemiologic Study of Diabetic Retinopathy. II. Prevalence and risk of diabetic retinopathy when age at diagnosis is less than 30 years. // Archives of Ophthalmology. – 1984. – Vol. 102, № 4. – P. 520–526.
  11. Diabetes Control and Complications Trial Research Group. The effect of intensive treatment of diabetes on the development and progression of long-term complications in insulin-dependent diabetes mellitus. // The New England Journal of Medicine. – 1993. – Vol. 329, № 14. – P. 977–986.
  12. UK Prospective Diabetes Study Group. Tight blood pressure control and risk of macrovascular and microvascular complications in type 2 diabetes: UKPDS 38. // BMJ. – 1998. – Vol. 317, № 7160. – P. 703–713.
  13. Early Treatment Diabetic Retinopathy Study Research Group. Photocoagulation for diabetic macular edema. Early Treatment Diabetic Retinopathy Study Report Number 1. // Archives of Ophthalmology. – 1985. – Vol. 103, № 12. – P. 1796–1806.
  14. Writing Committee for the Diabetic Retinopathy Clinical Research Network. Panretinal photocoagulation vs intravitreous ranibizumab for proliferative diabetic retinopathy: A randomized clinical trial. // JAMA. – 2015. – Vol. 314, № 20. – P. 2137–2146.
  15. Wells J.A., Glassman A.R., Ayala A.R., Jampol L.M., Aiello L.P., Antoszyk A.N., Arnold-Bush B., Baker C.W., Bressler N.M., Browning D.J., Elman M.J., Ferris F.L., Friedman S.M., Melia M., Pieramici D.J., Sun J.K., Beck R.W. Aflibercept, bevacizumab, or ranibizumab for diabetic macular edema. // The New England Journal of Medicine. – 2015. – Vol. 372, № 13. – P. 1193–1203.
  16. Bressler N.M., Beaulieu W.T., Glassman A.R., Gross J.G., Melia M., Chen E., DaCruz L., Escoffery R.F., Googe J.M., Kendall C., Kim J.E., Martin D.F., Stone T.W., Sun J.K., Wells J.A., Jampol L.M. Persistent macular thickening after ranibizumab treatment for diabetic macular edema with vision impairment. // JAMA Ophthalmology. – 2016. – Vol. 134, № 3. – P. 278–285.
  17. Sim D.A., Keane P.A., Zarranz-Ventura J., Fung S., Powner M.B., Platteau E., Bunce C.V., Fruttiger M., Patel P.J., Tufail A., Egan C.A. The effects of macular ischemia on visual acuity in diabetic retinopathy. // Investigative Ophthalmology & Visual Science. – 2013. – Vol. 54, № 3. – P. 2353–2360.
  18. Gulshan V., Peng L., Coram M., Stumpe M.C., Wu D., Narayanaswamy A., Venugopalan S., Widner K., Madams T., Cuadros J., Kim R., Raman R., Nelson P.C., Mega J.L., Webster D.R. Development and validation of a deep learning algorithm for detection of diabetic retinopathy in retinal fundus photographs. // JAMA. – 2016. – Vol. 316, № 22. – P. 2402–2410.
  19. Ting D.S.W., Cheung C.Y.L., Lim G., Tan G.S.W., Quang N.D., Gan A., Hamzah H., Garcia-Franco R., San Yeo I.Y., Lee S.Y., Wong E.Y.M., Sabanayagam C., Baskaran M., Ibrahim F., Tan N.C., Finkelstein E.A., Lamoureux E.L., Wong I.Y., Bressler N.M., Sivaprasad S., Varma R., Jonas J.B., He M.G., Cheng C.Y., Cheung G.C.M., Aung T., Hsu W., Lee M.L., Wong T.Y. Development and validation of a deep learning system for diabetic retinopathy and related eye diseases using retinal images from multiethnic populations with diabetes. // JAMA. – 2017. – Vol. 318, № 22. – P. 2211–2223.