Телефон: 8-800-350-22-65
WhatsApp: 8-800-350-22-65
Telegram: sibac
Прием заявок круглосуточно
График работы офиса: с 9.00 до 18.00 Нск (5.00 - 14.00 Мск)

Статья опубликована в рамках: LXXIV Международной научно-практической конференции «История, политология, социология, философия: теоретические и практические аспекты» (Россия, г. Новосибирск, 01 ноября 2023 г.)

Наука: История

Секция: Историография, источниковедение и специальные исторические дисциплины

Скачать книгу(-и): Сборник статей конференции

Библиографическое описание:
Сисекешева А.М., Жолахова Г.Т. ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ДӘРІГЕР ҚЫЗЫ МҮБИНӘ НИЯЗОВА // История, политология, социология, философия: теоретические и практические аспекты: сб. ст. по матер. LXXIV междунар. науч.-практ. конф. № 11(56). – Новосибирск: СибАК, 2023. – С. 42-49.
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

ҚАЗАҚТЫҢ ТҰҢҒЫШ ДӘРІГЕР ҚЫЗЫ МҮБИНӘ НИЯЗОВА

Сисекешева Айгерим Мергалиевна

Педагогика ғылымдарының магистрі, №42 «Ақ ниет» гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі,

Қазақстан, Орал

Жолахова Гульшат Таубаевна

№42 «Ақ ниет» гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі

Қазақстан, Орал

THE FIRST DOCTOR'S DAUGHTER OF KAZAKH MUBINA NIAZOVA

 

Aigerim Sisekesheva

Master of Pedagogical Sciences, history teacher of "Ak nyet" Gymnasium No. 42

Kazakhstan, Uralsk

Gulshat Zholakhova

History teacher of "Ak nyet" Gymnasium No. 42,

Kazakhstan, Uralsk

 

АННОТАЦИЯ

Научно-исследовательская работа рассказывает о жизни Мубины Ниязовой, одной из первопроходцев казахской медицины. Мы постарались собрать исторические документальные и архивные данные, связанные с историей и судьбами личностей. Были собраны материалы, опубликованные в средствах массовой информации, и документы из областного историко-краеведческого музея и фонда Западно-Казахстанского областного государственного архива, связанные с историей семьи Ниязова. Ценность и важность нашей исследовательской работы очень высока, и мы представляем обществу данные, еще не полностью освещенные на страницах истории.

ABSTRACT

The research work tells the story of the life of Mubina Niyazova, one of the pioneers of Kazakh medicine. We tried to collect historical documentary and archival data related to the history and destinies of individuals. Materials published in the media and documents from the regional historical museum and the West Kazakhstan Regional State Archives related to the history of the Niyazov family were collected. The value and importance of our research work is very high, and we present to the public data that has not yet been fully covered in the pages of history.

 

Ключевые слова: врач, права женщин, репрессия, поколение.

Keywords: doctor, women's rights, repression, generation.

 

Қазақтың тұңғыш дәрігер қыздары туралы айтқанда ойымызға бірден Гүлсім Асфендиярова мен Аққағаз Досжанова оралады. Анығында медициналық оқу орнын бітіру реті бойынша Жанкүміс Байғозина (1885 жыл, Омбы әскери акушерлік мектебі), Гүлсім Асфендиярова (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Зейнеп Садыққызы (1908 жыл, Петербордағы әйелдер медицина институты), Мүбинә Ниязова (1917 жыл, Саратовтағы тіс дәрігерлері мектебі), Аққағаз Досжанова (1922 жыл, Ташкент университетінің медицина факультеті) болып жалғасады. Осы тізімдегі ел біле бермейтін қазақтың дәрігер қыздарының бірі – Мүбинә Ниязова.

2021 жылы қазақтың алғашқы дәрігер қыздарының бірі Мүбинә Ниязованың туғанына 126 жыл толды. Қазақ медицинасының қалыптасуына ерен еңбегі сіңген, қазіргі Республикалық медицина колледжін құрған тұлғаны былайғы жұрт біле бермеуі мүмкін.

Алғашқы қазақ дәрігер қызы туралы мәліметтерде Мүбинә 1895 жылы қазіргі Атырау облысы Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында (бұрынғы Ганюшкино селосы) дүниеге келді деп жазылады. Шыққан тегін зерделесек, Батыс Алашорда қайраткері Уәлитхан Танашевтің қарындасы болғаны анықталды. Мүбинә есімі орысша құжаттарда Мубина деп көрсетілудің орнына, бірқатар құжаттарда Мобина деп жазылған.

Елтай Танашев «Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында» еңбегінде Мүбинә Ибрагимқызы бастауыш білімді Хұсни-Жамал Нұрлыханова басқарған қазақ қыздарына арналған бастауыш училищеден алғанын айтып өтеді [1]. Бұл туралы Сайфулла Сүйінов: «Қазақ қыздарының оқуға қабілеті, ынта-зейіні, үлгерімі керемет болды. Қазан төңкерісіне дейін жабылып қалмай жұмысын атқарып келген бұл мектептен қоғам қайраткерлері Аққағаз Досжанова, Алма Оразбаева, қазақ қыздарынан тұңғыш металлургия инженері Мәдина Бегалиева, тұңғыш жоғары дәрежелі дәрігер Мүбинә Ниязова сияқты озық ойлы қазақ қыздары шығып, халқына қалтқысыз қызмет еткен»-деп жазады [2].

Мүбинә Ниязованың туғанына 90 жыл толуына орай «Алғашқылардың бірі» атты мақаласында Е.Нығметов: «1905 жылы Мүбинә кезік (жұқпалы сүзек ауруының  қазақша аты) ауруымен қатты ауырған. Ауылдағы дәрігерлер қызуды түсіре алмаған. Мүбинәнің әкесі Ибрагим қолы ұзын, бай шаруа болғандықтан қызын Астрахан қаласындағы ауруханаға тездетіп жеткізуге мәжбүр болады. Емделіп жазылып шыққан жас қыздың медицинаға қызығушылығы осылай пайда болған»- деп атап өтеді.

Бастауыш училищеден соң Мүбинә 1907-1913 жылдары Астрахан қаласындағы қыздар оқитын гимназияны аяқтайды.

Елтай Танашевтің жеке отбасылық қорындағы құжаттарға тоқталсақ: «Халық ағарту министрлігінің куәлігін көрсетуші З.М. Подковскаяның Астрахан қаласындағы жеке меншік қыздар гимназиясының 7-ші сынып оқушысы Мобина Таначеваның құжаттарында көрініп тұрғанындай, мұсылмандық ислам дінін тұтып ұстаушы, Ішкі Орданың 2-ші Примор округінің қазағының 1895 жылы 12 желтоқсанда туған қызы, 1907 жылы емтихан бойынша Астрахан қаласындағы І дәрежелі Н.А.Вучетичтің жеке меншік оқу орнына, қазіргі З.А.Подковскаяның жеке меншік қыздар гимназиясының екінші сыныбына түсіп, оқу курсын толық аяқтап болғанға дейін оқу мекемесінде болып, үздік тәртіп-тәрбиелілігін көрсете білген.

Аса жоғары қабылданған Халық Ағарту министрлігінің қыздар гимназиялары мен прогимназиялары туралы 1870 жылғы заңының 45 бабында көрсетілгеніндей, оған қойылған құқықтары мен басымдықтары бойынша, қыздар гимназиясының толық курсын бітірген деп саналатын, осылардың барлығын куәландыру үшін Мобина Таначеваға 1906 жылдың 14 қаңтарындағы жарлығымен оқушы дәрежесін растаушы куәлігі берілген  [3].

Мүбинә Ниязованың өміріне қатысты келесі деректерге жүгінсек, Асылбек Әлжанов «Алғашқы қарлығаштар» еңбегінде бұл жайлы: «...1912 жылы Саратов тіс дәрігерлері мектебіне түседі. Студенттік жылдары өзінің Саратов университетінің медициналық факультетінде оқитын жолдасы М.Ниязовпен бірге студенттердің революциялық қозғалысына қатысады. Өкінішке орай, Ханқаласындағы мұрағаттың өртке шалдығуынан оның студенттік жылдарынан мәлімет беретін көп материалдар жойылып кеткен» -дейді [4].

Елтай Танашев: «Мүбинә апамыз 1914 жылы Саратов қаласында орысша оқып жүрген Ахмет Ниязов деген азаматқа өз қалауымен тұрмысқа шығады. Саратов қаласында ерімен бірге пәтерге тұрады да, тіс дәрігерлерін даярлайтын аталған университеттің жоғары дәрежедегі оқуын оқиды» - деп жазады [5].

Ерлі-зайыпты Ниязовтардың қоғамдық-саяси өмірге араласып, Батыс Алашорда қызметіне қатысты белсенді әрекеттері осы Саратовта оқуда жүрген кезінде басталған болуы мүмкін. Оған дәлел, біздер қарап шыққан материалдарда Ниязовтар студенттік жиындарға белсене қатысып, сол кездегі социал-демократиялық партиямен тығыз байланыста болып, саясатпен де айналысады деген мәліметтер кездеседі. Және бір деректерде: «Алайда мұның соңы қуғын-сүргінге ұласты. 1916 жылы патша үкіметі сотталған студенттерді параходқа тиеп, Сібірге жер аударды. Полицейлер студенттерді қоршап, бірқатарын тұтқындаған. Олардың ішінде Мүбинә да тұтқынға алынған. Аяғы ауыр болғандықтан, бір күннен кейін тұтқыннан босатылған. 1916 жылы үлкен ұлы Ғинаят дүниеге келген» - деп жазылады.

Біз қарастырып шыққан барлық бұқаралық ақпарат құралдарының деректерінде Мірахмет Ниязов пен Мүбинә Ниязованың Алаш партиясы мен Алашорда қызметімен байланысты қызметін айғақтайтын деректерді кездестіре алмадық. Біздің ойымызша, ерлі-зайыпты Ниязовтардың Алаш қозғалысыныңқызметіне араласуы осы 1916 жылы немесе 1917 жылдан кейін тоқтатылған болуы мүмкін. Олай дейтін себебіміз, 1917 жылдан бастап Батыс Қазақстанда Кеңес өкіметін орнатуға қатысты қызметтерге араласа бастауын айғақтайтын құжаттардың болуы.

1917 жылдан бастап қолына «тіс дәрігері» деген диплом алған Мүбинә Ниязова мен Мірахмет Ниязовтар елге оралып, Ордада қызмет жолын бастайды. Мүбинә Ниязованың өмірінің осы кезеңіне қатысты мәліметтерде қазақ қыздары арасынан шыққан тұңғыш инженер Алма Оразбаевамен достығы ерекше аталады. Жастар арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, әйел құқығы мен теңдігі мәселесін көтеріп қоғамдық жұмыстарға араласады.

Осы орайда тағы бір айтып өтетін жайт, 1917 жылдан кейінгі Мүбинә Ниязованың қызметі мен қоғамдық-саяси жұмыстарына қатысты ақпараттардың қарама-қайшылығы. Біздер танысып шыққан материалдарда Қазан революциясынан кейінгі алғашқы жылдарда Кеңес өкіметін орнатуға атсалысқан қызметтерін айғақтайтын деректердің нақты жазылып отырылуы.

Бірқатар деректерге зер салып өтсек, Асылбек Әлжанов: «Батыс Қазақстанда Кеңес өкіметінің орнауына белсенді атсалысады. 1918-1920 жылдары Қазақ атты әскер үлгілі полкінің алғашқы дәрігері болады. Кейіннен кеңес органдары жұмысына араласады»- деп жазады [6]. «Орал өңірі» газетінің №18 (20942) 06.03.2021 жылғы санында жарық көрген «Ақ халатты абзал жандар» деген мақалада Мүбинә Ниязова туралы мынадай деректер кездеседі: «Архив қойнауында сақталған сарғайған плакатта шашын екіге жарып тараған қазақ әйелі бір қырындап отыр. Оның қайсар көзқарасы, аппақ жағалы киімі оның өзіне сенімділігін, ақсүйек бітімін көрсетіп тұрғандай. Суреттің айналасындағы араб жазулы мәтінге көз салсақ: «Нияз келіні Мүбина. Жоғарғы соттың қазақ бөлімінде мүше» деп жазылыпты.

Мүбинә 1924 жылға дейін Орал губерниясы Бөкей уезінде тіс дәрігері болып қызмет еткен. 1925 жылы Оралдың губернелік прокурорына жәрдемші болады. 1927 жылы Оралдың губернелік сотының мүшесі, көшпелі сессияның бастығы болып істейді. 1928 жылдың қазан айынан бері РКФСР-дің Жоғары сотының қазақ бөлімінде алқа мүшесі болып қызмет етеді. Мүбина жолдас 1928 жылдан бері партия мүшесі» делінген плакатта.

Иә, бұл байырғы бөкейліктің белгілі билеушілерінің бірі – әйгілі Танашевтар әулетінен шыққан Мүбина Ибрагимқызы Танашева болатын» [7]. «Денсаулық» журналының 2022 жылғы сәуір айындағы №0868-4782 санында жарық көрген «Қазақтың алғашқы дәрігер қыздары» мақаласында: «... 1925 жылдан бастап қызметін заң саласына бұрды. Әсіресе әйелдер құқығының бұзылуына қатысты істерді қарады» - деп жазылған [8].

Мүбинә Ниязоваға қатысты Батыс Қазақстан облыстық мұрағатынан тапқан ізденіс жұмыстарымызға тоқталсақ: Мұрағаттағы №309 қор, №2 тізбе, №5 істе Мүбинә Ниязованың есімі жазылған тізімді анықтадық. Құжаттың аты: «Губерниялық денсаулық сақтау бөлімі мен оның пункттерінің қызметкерлері». Уақыты: 1920 жыл. Сарғайған қағазда Ниязова Мобина – тіс дәрігері деген деректер кездеседі [9]. Аталған деректер Ниязованың 1917 жылдың Қазан төңкерісінен кейінгі өмір жолы Кеңестік өкіметке қызмет етуге арналғанын аңғарамыз.

Бөкей губерниясындағы жұмысында Мүбинә Ниязова болашағынан зор үміт күттіретін талай тамаша талантты тұлғалармен әріптес болды. Ол еліміздің денсаулық сақтау қызметіне еңбек сіңірген көрнекті тұлға Мәжит Шомбаловпен бірге жұмыс істеді. (Мәжит Шомбалов есімі біздер қарап шыққан барлық мұрағат құжаттарында кездесті-авт.). Бөкей Ордасы өңірінен шыққан білікті дәрігерлер Н.Ипмағамбетов, М.Шолтыровтан көп тәжірибе жинақтаған.

Ниязова өмірінің келесі кезеңіне көз жүгіртсек, 1927 жылдан бастап КПСС мүшесі, 1928-1932 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Сотының мүшелігіне кеңесші болып сайланған. 1929 жылы Қызылордаға шақыртылып, Жоғарғы Сотқа мүшелікке сайланады. 1930 жылдан бастап республика астанасы Алматыға көшуіне байланысты ол жер Қызылорда қалалық Халық соты деп өзгерген. 1930-1931 жылдары Шымкент қаласына келіп, денсаулық сақтау жұмысында болып, қорғансыз балаларды балалар үйіне орналастырды, партия ұйымы хатшысы болып істеп жас дәрігерлерді тәрбиеледі. Сонымен қатар 1931 жылдан бастап Шымкент қаласының қорғасын зауытының бас дәрігері қызметін атқарады. Бұл кезең қазақ халқының басына қара бұлт үйірген ұжымдастыру кезеңімен тұспа-тұс келген болатын. Ниязова дәл осы шақта ана мен баланы қорғау жұмыстарымен айналысқан. 1934-1936 жылғы кезең Мүбинә Ниязованың қызметіндегі табысты жылдар болды. 1937 жылы республикадағы медициналық оқу орны Алматы медициналық училищесін ұйымдастыруға жіберіледі және аталған оқу орнының алғашқы директоры қызметін атқарған. Бұл білім ордасы елімізде тұңғыш акушерлер дайындайтын оқу орны болған еді. Біздер хронологиялық тәртіппен жинақтап көрсеткен деректер Елтай Танашевтің «Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында» еңбегінен және сұхбатымыздан алынды.

1937 жылғы жаппай саясиқуғын-сүргін науқаны алдыңғы қатарлы, көзі ашық, оқыған зиялы тұлғаларды қуғын-сүргінге ұшыратты. Жазықсыз жапа шекті. 1937 жылғы басталған жаппай қуғындаудың салдары Ниязовтар отбасын да айналып өтпеді. Алдымен осы ойранда 1937 жылы маусымда Мірахмет Ниязов тұтқындалады. Осы жылдың қыркүйегінде Денсаулық сақтау халық комиссариатының бастауыш партия ұйымы Ниязованы партиядан шығарды. Бір айдан соң, яғни 1937 жылдың 17 қазанында оны қамауға алып, «Отанын сатқан опасыздардың отбасы мүшесі» деген желеумен 8 жылға бас бостандығынан айырды. Алғаш ол Ақмоладағы әйелдер лагерінде қамауда болса, бір жылдан соң оны Орта Азия лагеріне жер аударады.

Мүбинәнің еңбек жолы 1937 жылдан 1944 жылға дейін кеңестік империяның репрессиясына ұшырауына байланысты үзіледі.

«1937 жылғы репрессия кезінде Мірахмет пен Мүбинә Ниязовтардың да басына бұлт төнді. Туыстардың айтуынша, Алматыдағы қазіргі Сайран автобекеті тұрған жерде түрме болған. Мүбина апамыз сол түрмеге қамалған. Қамауда отырған кезінде апамыз майдандағы балаларына жылы киімдер тоқып, жолдаған. Мірахмет Ташкенттегі түрмеде отырды. Сол жылы ату жазасына кесілді. Ал Мүбина ұзақ жылын түрмеде өткізіп, босап шықты. Ниязовтардың ұрпақтары ауыр жағдайды бастан кешті. Екеуінен Ғинаят, Әубәкір деген ұл, София деген қыз тарады. София Ахметқызы нәубет жылдарында алтын тісін өткізіп, жан сақтағанын айтып отыратын. Ғинаят пен Әубәкірді майданға алып кетті. Әубәкір соғыстан қайтып келмеді, Ғинаят мүгедек болып оралды» - деп баяндайды Елтай Танашев [3].

Деректерде Мүбинә Ибрагимқызы Сайрамдағы Орта Азия лагерінде жүріп 1944 жылы мамыр айында мерзімінен бұрын түрмеден босатылады. 1937 жылы 29 желтоқсандағы және 1944 жылғы 20 мамырдағы қаулылары қылмыстық құрамының болмауына байланысты жойылып, істері тоқтатылады. Біз келтіріп отырған Ниязовтар отбасы өмірінің беймәлім тұстарына қатысты деректер Елтай Танашевтың жеке отбасылық мұрағатынан алынған [3].

Қызы – Софья Ахметқызының өмірбаянындағы деректе: «1944 жылы мерзімінен бұрын түрмеден босатылды, қазіргі кезде ақталған, партияға алдыңғы стажымен, яғни 1927 жылдан бастап мүшелікке кірген кезінен қайта тіркеліп, Республикалық көлемдегі дербес зейнеткер дәрежесінде»- деп көрсетіледі.

Мүбина Ниязованың 1944-1955 жылдары Алматыдағы түрлі медициналық мекемелерде қызмет еткені айтылады. 1956 жылы ақталған, партия қатарына бұрынғы еңек өтілімен қайта қабылданған. Сондай-ақ 1966-1969 жылдары Жоғары Совет Президиумының мүшесі болған көрінеді.

Мүбинә Ниязованың еткен еңбегінің тәрбиелік маңызы бар. Оның өмірі келер ұрпақ үшін өнеге. Мүбинә ұзақ сырқаттың салдарынан Алматы қаласында 1981 жылы дүниеден озды. Ол Кеңсай қорымында жерленген, ескерткіш тақтасы бар.

Мүбинә Ибрагимқызы Ниязова (Танашева) өмірінің көп бөлігін адам денсаулығын қорғау мен сақтау саласына жұмсады. Ол Қазақстандағы Республикалық медициналық колледжін құрып, ұйымдастыруға бүкіл ғұмырын арнады, әрі бірінші директоры. Мүбинә Ибрагимқызы Ниязова туралы жарқын естелік пен оның еңбектері болашақ ұрпақтың жадында мәңгілік сақталады деген сенімдеміз.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Елтай Танашев Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2022 жыл. – 30б.
  2. Сайфулла Сүйінов Бөкей Ордасы.- Алматы: «Өлке баспасы», 2000 жыл.
  3. Елтай Танашевтің жеке отбасылық қорындағы құжаттар мен естеліктер
  4. Асылбек Әлжанов. Алғашқы қарлығаштар. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007 жыл. – 102б.
  5. Елтай Танашев Мүбинә Ниязова: Алаш азаттығы жолында. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2022 жыл. – 35б.
  6. Асылбек Әлжанов Алғашқы қарлығаштар. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2007 жыл. – 102б.
  7. Орал өңірі газеті «Ақ халатты абзал жандар». №18 (20942) 06.03.2021 ж.
  8. «Денсаулық» журналы «Қазақтың алғашқы дәрігер қыздары». 2022 жыл сәуір айы №0868-4782 саны
  9. БҚО мұрағаты №309 қор, №2 тізбе, №5 іс
Удалить статью(вывести сообщение вместо статьи): 
Проголосовать за статью
Дипломы участников
У данной статьи нет
дипломов

Оставить комментарий

Форма обратной связи о взаимодействии с сайтом
CAPTCHA
Этот вопрос задается для того, чтобы выяснить, являетесь ли Вы человеком или представляете из себя автоматическую спам-рассылку.